Бүгінде ас мәзірінің біраз түрленгені рас. Бала дүниеге келгеннен бастап өлім-жітім жөнелту салттарында ас мәзірінің бірдей бола бермейтінін барлығы біле бермес. Tengrinews.kz тілшісі тарихшы Жұлдыз Ормановадан қазақтың ас мәзірі несімен ерекшеленгенін және қазіргі дәстүрлер кезіндегі ас мәзіріне қатысты деректер сұрап білді.
Бүгінде ас мәзірінің біраз түрленгені рас. Бала дүниеге келгеннен бастап өлім-жітім жөнелту салттарында ас мәзірінің бірдей бола бермейтінін барлығы біле бермес. Tengrinews.kz тілшісі тарихшы Жұлдыз Ормановадан қазақтың ас мәзірі несімен ерекшеленгенін және қазіргі дәстүрлер кезіндегі ас мәзіріне қатысты деректер сұрап білді.
Орманованың айтуынша, дәстүр сақталсын-сақталмасын қазақтың ас мәзірінде ұлттық тағамдар болуы керек - сірне, сырбаз, қазақша ет қуырдақ және шыртылдақ.
Ал салт-дәстүрлердегі ас мәзірлеріне тоқталатын болсақ, тарихшының айтуынша, мысалы, құда күткен кезде қазақ міндетті түрде табаққа бас, жамбас, қазы-қарта, құйрық-бауыр (жылқы, қой немесе сиыр етінің) салған. Бұдан бөлек, құдағи табақ деген ұғым бар екен. Ол табаққа бастың орнына жақ, қазы-қарта, қарын және тоқ ішек салынған.
"Құдағи табақты жолдасы қайтыс болған немесе жалғыз келген құдағиға "құданың жолы" деп береді. Ал жолдасы тірі әйелге бас берілмейді. Мұны ұмытпау қажет. Сондай-ақ, дастарқанға бас салынған ыдысты ер адам әкеледі. Оны ешқашан әйел адам әкелген емес, олай болмайды", - дейді Орманова.
© e-history.kz
Сондай-ақ, тарихшы бүгінде өткізіліп жүрген жаназалардағы дастарқанның мүлде түрленіп кеткенін айтады. Айтуынша, ондағы дастарқан тойдағы дастарқаннан кем түспейді.
"Негізі ертеде қазақ жақынын жоғалтса, дастарқанға бірінші кезекте су мен қақталған жемістер қоятын. Кейіннен барып ет асатын. Бірақ бүгінгі жаназалардың дастарқаны бір-бірінен асып түседі. Онда жеміс-жидек те, ет тағамдары, балық сияқты тағам түрлерінің барлығы тұрады. Біреулер құдай тамақ беріп, жаназа өткізетіндер дастарқан басына сүт тағамдарын немесе ақ түсті тағам өнімдерін қоймауы керек десе, тағы біреулер онда кептірілген жемістер мен кәуаптың болмауы керектігін айтып жатады. Ол айтылғандардың бірде-бірі шындыққа жанаспайды. (...) Той жасаған сияқты дастарқан жаю міндет емес. Тек ас берсе болғаны", - дейді Орманова.
© pushkinlibrary.kz
Сейіт Кенжеахметұлының "Қазақтың дарқан дастарханы" кітабындағы мәліметтерге сүйенсек, қазақтың ас мәзірі тек ет тағамдарынан тұрған. Олардың ішінде, әрине, асылған ет, қазы-қарта, жал-жая, қарын бөртпе (жаңа сойылған малдың етінен, майынан, бауырынан қосып, ұнмен араластырып, қарынға салып пісіреді), қуырдақ пен сірне бар. Қандай жиын болса да бірінші кезекте осы тағамдар қойылған екен.
***
Сейіт Кенжеахметұлының "Қазақтың дарқан дастарханы" атты еңбегінен асқа байланысты ырымдар мен тыйымдарды беруді жөн көрдік:
Асты жамандамайды.
Тамақты сол қолмен жемейді.
Дастарқан үстінде әдепсіз сөз сөйлемейді, жаман сөз айтпайды.
Дастарқан қайырылмай ешкім орнынан тұрмайды.
Аузында тамақ тұрғанда сөйлемейді.
Көшеде, түрегеп тұрып, жүріп келе жатып немесе жатып тамақ ішпейді.
Арам өлген малдың, арам аң мен құстың етін жемейді.
Тамақ үстінен аттамайды.
Түнде тамақтың бетін жауып қояды.
Ересек адамдар жалаңаш немесе жалаңаяқ отырып тамақ ішпейді.
Малды құбылаға қаратып бауыздайды.
Төлін туа алмай өлген малдың етін жемейді.
Келіндер дастарханнан қайтқан, төрден қайтқан табаққа сәлем жасайды.
Үй иесі қонақтан бұрын "тамақтанып болдым" демейді.
Үйге келген адамға дәм таттырмай шығармайды.
Қонаққа шақырылатын адамды сол кісінің өз баласы арқылы шақыру сыйлағандық емес.
Әкесі бар адам бас ұстамайды.
Ми жесе бала бос, былжырақ болып өседі деп ырымдайды.
Қыз балаға оң жақта отырып қалады деп кәрі жілік ұстатапайды.
Екіқабат келіншекке мезгілінен кеш босанады деп, түйе етін жегізбейді.
Әйел екіқабат кезінде жерігі қанбаса одан туған бала әлжуаз болады, әрі аузынан су ағып жүреді.
Қыз балаға шашы ұзын болсын деп желке жегізеді.
Суды қарызға сұрамайды.
Ауылдан шықпайтын болады деп балаға айналшық жегізбейді.
Асық етін мүжімейді. Бұл туралы "Алты жыл аш болсаң да асық етін мүжіме" деген мақал бар.
Тобық етін тастамайды. "Тоғыз жыл тоқ болсаң да тобық етін тастама".
Шеміршек жесе нағашысы өліп қалады деп ырымдайды.
Ұрысқақ болады деп балаға көмекей жегізбейді.
Балаға шешен болсын деп таңдай жегізеді.
Келіншегің жалаңаш келеді немесе жалаңаш күйеуге барасың деп жастарға кеңірдек жегізбейді.
Сәби тоқтық тартса - тоқшылық болады.
Жеңілтек болады деп қызға құйыршық жегізбейді.
Жастар қаспақ жесе үйленгенде жазда жаңбыр жауады немесе қыста боран болады деп ырымдайды.
Бала ортан жіліктің майын жесе, ата-анаға мейірімсіз болады.
Екіқабат әйел қоян етін жесе немесе қоян етіне талғаса баласы қоянжырық болып туады.
Мінген аты сүріншек болады деп балаға төстің сүріншегін жегізбейді.