Ежелде қазақ халқы өзіне тән әртүрлі әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлерді ұстанған. Олардың кейбірі ұмытылып, кейбірі әлі күнге дейін сақталаған. Tengrinews.kz тілшісі ежелгі кезде қазақ халқының қаншалықты жомарт болғанын анықтап көрді. Желідегі ақпараттар мен тарихи деректерге сүйене отырып және этнографтан жомарттыққа байланысты салт-дәстүрлер жайлы ақпарат жинадық.
Ежелде қазақ халқы өзіне тән әртүрлі әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлерді ұстанған. Олардың кейбірі ұмытылып, кейбірі әлі күнге дейін сақталаған. Tengrinews.kz тілшісі ежелгі кезде қазақ халқының қаншалықты жомарт болғанын анықтап көрді. Желідегі ақпараттар мен тарихи деректерге сүйене отырып және этнографтан жомарттыққа байланысты салт-дәстүрлер жайлы ақпарат жинадық.
Бұл тұрғыда анықтағанымыз көгендік, кеусен, шүлен тарату деген дәстүрлер. Бұл дәстүрлердің мән-мағынасы жомарттықты, кедей-кепшіктерге көмектесу, кедейлерге жәрдем беру дегенді білдіреді. Осы дәстүрлер жайлы толық мағлұмат жинау үшін этнограф Болат Бопаймен сұхбаттастық.
Көгендік
Көгендік қазақтың ежелгі тарихында ата-бабаларымыздан жалғасып келе жатқан тамаша малшылар қауымына тән үлкен дәстүр.
© islam.kz
Этнографтың айтуынша, көгендік жасап қазақ малшылары өз туыстарына, ілік-шатыс жұрағаттарына, жас отау құрғандарға ырымдап мал берген екен.
"Көгендікпен берілген малды жайдан-жай беретін мал ретінде қарауға болмайды. Оны алған адам да көгендікпен берілді деп ырымдап, малдың басын көгенге соғып, оны аузына ақ тамызып алады. Оны көгендік мал, мал басы деп қарайды. Қазақтың көгендік салтына малшылар енші бөлгенде, жоқ-жітікке, кембағалға, қолы қысқа адамдарға жәрдемдескенде қорасындағы, яғни көгеніндегі малын береді", - дейді Болат Бопай.
Маманның айтуынша, көгендіктегі малды құты бар мал дейді екен. Оны иемденгендер "көгендік мал алдық" деп ризашылықпен қайтады. Бұл өте маңызды және жақсы салт-дәстүрлердің бірі.
Кеусен
Кеусен дегеніміз егіннен жиналған дәнді-дақылмен бөлісу. Этнографтың айтуынша, кеусенге бірнеше адам атсалысады.
© alashainasy.kz
"Кеусен қазақ егіншілерінің күзде егін жинағанда, қырманға егін бастырғанда, басқа да дақылдардан өнім алғанда ет-жақын туыстарымен, көрші-қолаңды, ауылдастарын егін орып жинасуға, қырман басы соғысуға, картоп, сәбіз, пияз қазып жинасуға көмекке шақырады. Әуелі жұмыс бастамай тұрып қырман қасында көмекке келген адамдарға арнап бір ақсарбас қойын атап сойып, даланың жер ошақтай қазанына, дала дастарханын молынан жаяды. Тамаққа тойып жайран қаққан көмекші адамдар "аш келгеннің аузы жұмсақ" деп, білекке сыбанып, жұмысқа кірісіп кетеді", - дейді ол.
Кеусенге жиналған адамдар жұмыстарын аяқтамай орындарынан тапжылмайды екен. Барлық дәнді-дақыл жиналғаннан кейін ғана қайтады.
"Егін иесі жұмыс істесуге келген адамдарды құр қол қайтармайды. Оларға алғаш өнімінен ұшыр қол үзік дән бөліп береді. Оны қазақ ғұрпында, қазақ салтында, дәстүрінде кеусен немесе кексен деп атайды. Ал күздік өнімді мол алған байлар, дихандар, қырман соғып, астық жинағанда, ұйып қойған дәннің астық ұшыры деп, алғаш күрекпен шетінен кесіп, бөледі, мұны егін бауыздау деп те атайды. Оны бөлек деп жеке алып қояды. Әбден қырманы соғылып, астығы жиналып қапталып болған соң, алғашқы бөлініп қойған астық ұшыры деп аталатын дәмді тұрмысы нашар, жоқ-жітік, кәрі-құртаң, жетім-жесір, кедей, мүсәпір, мүгедек адамдарға үлестіреді" - дейді тарихшы.
Оның айтуынша, егіншілер қырман басынан, егіннен шыққан дәнді-дақылдарды қаптап бөледі. Дәл осыны қазақ халқы оны кеусен немесе қазақ ұшыры деп атаған. Кеусен алған адамдар қуанып, кеусен үлестерген диханға разылығын білдіреді. Ондай кезде қария адамдар болса мынадай бата берген екен:
"Астырсын да, састырсын, алпыс атпен бастырсын,
Ұраға тығып, ұралап көк шыққанда аштырсын,
Қырманыңда тас болмай, зиянды жәндік қас болмай,
Үйің толған бас болғай, қамбаң толы дән болғай, өміріңде мән болғай,
Алтың дәнің асылдап, молдығынан бір басып қап, алпыс атпен тарта алмай,
Ауыл жеп тауыса алмай, жоқшылық көрмей қауса алмай,
Жылға да қосылсын дәніңіз, ырығыңыз тасып өзендей, жақсылығыңыз мол болғай,
Дәнің шалқып көл болғай, төбе-төбе ұйылып, дәнің өсіп тау болғай,
Ат-ізіңде тас болмай, ала бөтен қас болмай,
Адалдан жиған асыл дән, адал бір сіңіп ас болғай".
Шүлен тарату
Тарихи деректерге сүйенсек, шүлен тарату дегеніміз көшпелі қазақ халқының бай адамдары, билер, батырларының кедейлерді жинап оларға материалдық жағынан көмек көрсетуі. Бұл дәстүр қыстың алдында өткізілген екен. Шүлен тарату мейірімділік көрсету үшін жасалған.
© massaget.kz
"Шүлен таратуды басқаша шүлендік, шүлен байқату деп те атайды. Кейбір адамдарға шүлен адам деп те атаған. Шүлен дегеніміз жомарттық, байлық, бақыт дегенді білдіреді. Оны тағы бір атауы - шүлен тарту. Қазақ малшыларының мал басы артып, қорасы қойға, табыны сиырға, өрісі жылқыға толғанда, байлар мал басына құрбан береміз деп, ақсарбас қой сойған, қасқа тай атаған, ақ түйенің қарнын жарған. Осындай жомарттық танытқан адамдарды қазақ шүлен адам екен деп атаған", - дейді этнограф.
Оның айтуынша, бұл дәстүр атам-заманнан келе жатыр. Ол бұл дәстүрдің ислам діні жерімізге тарамай жатып болғандығын айтты.
"Жомарттың қолын жоқ байлайды" деген қазақ. Сәйкесінше малшылардың мал басының артуына байланысты жоқ-жітіктерге, кедей-кембағалдарға, жетім-жесірге, туыс-туғандарға, қиындық көріп және ауырып жүрген адамдарға шүлендік таратылған, яғни көмек көрсетілген. Қорасына қой салып, басында панасы болмағандарға үй салып беретін жомарт адамдар болған", - дейді Болат Бопай.
Аталған дәстүрлердің бәрін этнограф берекеге, бірлікке, көмекке, жәрдемге, қайырымдылыққа, адамдыққа және ар мен иманға құрылған дәстүрлер екенін айтты. Сондықтан бұл дәстүрлердің көне заманнан атадан балаға, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып отыратын ұлы ұғым екенін айтты.
"Олар асылдығын, құнын жоймай, құнын өзгертпей, береке-бірлікке шақырады. Қайырымды, мейірімді, береке-бірлікті дәріптейтін ең жақсы және тамаша, көне, бірақ көгермеген, бұдан кейін де жалғасын тауып, ізгілігін бойына сақтап отыратын дәстүрлеріміз" - дейді ол.
Дайындаған: Мақсат Мамбетжан