ОЦЕНИТЕ РАБОТУ АКИМА
19 августа 2021 | 13:33

Қазақ тілін дамыту бағдарламасы ойдағыдай нәтиже бермеді. Неге?

Камила Долаева Корреспондент

ПОДЕЛИТЬСЯ

Қазақстанда қазір тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы іске асып жатыр. Оған дейін тағы бір он жылдық бағдарлама мәресіне жеткен еді. Алайда нәтижесі айтарлықтай ойдағыдай болмады, дейді халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының вице-президенті, филология ғылымдарының кандидаты Бижомарт Қапалбек. Тіл маманы Tengrinews.kz тілшісіне қазақ тілінің кең өріс алуына не кедергі болып отырғанын, бағдарламалардағы қателік пен тіл саясатының тетіктерін айтты. 


Қазақстанда қазір тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы іске асып жатыр. Оған дейін тағы бір он жылдық бағдарлама мәресіне жеткен еді. Алайда нәтижесі айтарлықтай ойдағыдай болмады, дейді халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының вице-президенті, филология ғылымдарының кандидаты Бижомарт Қапалбек. Тіл маманы Tengrinews.kz тілшісіне қазақ тілінің кең өріс алуына не кедергі болып отырғанын, бағдарламалардағы қателік пен тіл саясатының тетіктерін айтты. 

Бижомарт Қапалбектің сөзінше, еліміз мемлекеттік тілді қорғай алмай отар. 

"Тіл туралы бағдарлама 2010 жылға дейін бір қабылданды, 2020 жылға дейін тағы бір қабылданды. Енді 2025-ке дейінгі бағдарлама бар. Үш бағдарлама қабылданды, бірақ нәтиже айтарлықтай ойдағыдай болмады. 

Бұл мемлекеттік тілді, қазақ тілін дамыту емес, Қазақстандағы тілдерді дамыту бағдарламасы деп аталады. Осының өзінен-ақ қазақ тіліне қатысты шаралардың бәсең екені көрінеді. Барлық бағдарламаның мақсаты - қазақ тілінің қолданыс өрісін кеңейту. Еліміз өзінің аумағында мемлекеттік шекараны, мемлекеттік қауіпсіздікті барлық пәрменін салып қорғайды. Ал мемлекеттік тілді қорғай алмай отар. Қазақстан аумағында мемлекеттік тіл бұзылса оны қорғайтын құқықтық негіз жоқ болып тұр", - дейді маман. 

Ол Кеңес Одағынан бөлініп шыққан елдердің ішінде тіл жөнінен ең артта қалған біз - Қазақстан екенін айтты. Мұны тіл саясаты реттейтінін де қосты. 

"Бұған, әрине, орыстармен көрші болған үлкен геосаяси жағдайдың әсері бар. Дегенмен біздің үкімет осы мемлекеттік тілдің дамуына қатты пәрмен беріп, саясат жүргізіп отырған жоқ. Бұл тіл саясаты арқылы реттеледі. 

Тіл саясаты дегеніміз - Қазақстан аумағына қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту. Ал соның кеңеюіне кедергі келтіретін тілдер тізгінді тежейді. Бізде орыс тілі қатар қолданылады. Сондықтан қазақ тілі өзіне тиесілі аумағында толық кеңеймей тұр", - дейді "Қазақ тілі" қоғамының вице-президенті. 

Тіл саясаты қандай үш негізге сүйенеді? 

Бижомарт Қапалбектің айтуынша, тіл саясаты үш негізге сүйенеді. Ең алғашқысы - құқықтық негізі, яғни заңдар болуы керек. 

Екіншісі - саясат. Мемлекеттік тілді Қазақстанда тұратын барлық азаматқа, оның мемлекеттік тіл екенін, оны Қазақстанның барлық азаматы білуі керек екенін және мелекеттік тіл Қазақстанда еркін тыныстауы керегін айтып насихат жұмыстар жүргізілуі тиіс.  

Үшіншісі - сол шараларды жүзеге асыратын қаржының бөлінуі.

Маманның сөзінше, бізде осының үшеуі де бар, бірақ әлсіз, жұмыс істелмейді. Нәтижесі көрінбейді. 

Тіл саясатының тетіктері

Филология ғылымдарының кандидаты тіл саясатын жүргізудің бірнеше тетігін айтты.

"Насихат жұмысына келсек, бізде медиа мен қауым қазақ және орыс тілді болып бөлінеді. Орыс тілді медиада қазақ тілінің жағдайы, оның мемлекеттік тіл екені, міндетті екені туралы айтылмайды. Олар көбіне конституцияға сүйеніп, орыс тілі де ресми тіл, оны да қолдануға болады, қазақ тілін білу міндетті емес деген көзқараста. Яғни насихат аз. Ал қазақ тіліндегі насихат тек жылаңқылық. Неге болмай жатыр, қазақ тіліміз дамымай жатыр. Сынағаннан кейін оның жолын да айту керек, ұсыныс айту керек", - дейді тіл маманы. 

Ол тіл бағдарламаларын жүзеге асыруға қаржы жеткілікті деңгейде бөлініп жатыр деуге болатынын айтты.

"Тіл комитеті, өңірлердегі тіл басқармалары арқылы азын-аулақ бөлінеді. Қазақ тілі кафедраларына да Ғылым комитеті арқылы қазақ тілін зерттеуге ақша бөлінеді. Осылардың бәрін бір бағытқа, бір нүктеге жұмсап, жұмыс істесе, қаржы жеткілікті деп ойлаймын. Әрине одан көбірек бөлінсе тіптен жақсы болар еді", - дейді ол. 

Алайда, маманның сөзінше, тіл саясатының құқықтық негізі нашарлау. Тәуелсіздік жылдары жағдай өзгеше болғанымен, қазір қазақ тілін төрге шығаратын кез келді. Оны қоғам да талап ете бастағанын айтып отыр. Дегенмен осы процесті тежейтін адамдар бар.  

"Біздің тіл туралы заңда орыс тілін ресми тілдің орнына жүреді деп жазып қойған, олардың бәрі тәуелсіздіктің алғашқы жылдары бізде демографиялық жағдай өзгеше кезде жазылған. Қазір жағдай басқа, тәуелсіздігімізге 30 жыл болады. Қазақ тілін мелекеттік тіл ретінде төрге шығаратын кез келді.

Соған қазір парламетке жақсы ұлтшыл жігіттер келді, азаматтық қоғам да төменнен қатты талап етіп жатыр. Мәселен, Қазақстанның аумағында қазақ тілінде қызмет көрсетіңіздер дейді. Бұның бәрі заңды

Сондықтан тіл саясатының үш негізі бойынша да жұмыстар әлі жүргізілуі тиіс. Заң қатаңдау керек. Мысалы мемлекеттік қызметтегі азамат мемлекеттік тілді білуі керек. Бізде мемлекеттік тілді білмейтін мемлекеттік қызметшілер әлі күнге дейін бар. Олар көп. Біз осыны жоймайынша мемлекеттік тілдің өрісі кеңейеді деп айта алмаймын", - дейді ол. 

Әдістеме нашар ма, әлде тіл меңгермеудің басқа себебі бар ма? 

Елімізде мемлекеттік тілді оқытатын орталықтардың саны бүгінде артып отыр. Соның ішінде мемлекеттік қызметшілерге де қазақ тілін жүргізетін бағдарламалар бар. Алайда Бижомарт Қапалбектің сөзінше, қазір мемлекеттік тілге қажеттілік жоқ, адамдар онсыз-ақ өмір сүре алады. Содан барлық мәселе шығып отыр. 

"Қазақ тілі орыс сыныптарында жүреді. Өңірлерде тіл басқармаларының қасында тіл орталықтары бар. Солар мемқызметшілерге тіл үйретеді. Оны үйрететін мұғалімдерге қаржы бөлінеді. Бірақ нәтиже болмай отыр. Көп адам қазақ тілінің әдістемесі нашар, ағылшын тіліндей үйретсе деп, соған жабады. Өзіміздің қаракөз азаматтар да орыс тілін жетік меңгеріп, қазақ тілін жақсы деңгейде білмейді. Сөйтіп қазақ тілінің табиғатын өзінің деңгейіндей деп ойлайды. Сондықтан қазақ тілін дамыту керек, ол орыс тілінің деңгейіне жеткенше орыс тілі жүре тұрсын деген ниетте", - дейді ол.

Бижомарт Қапалбек халыққа қазақ тілін үйретудің, оның мәртебесін көтерудің жолып айтты. 

"Тілді үйрену - мемлекеттік тіл екен-ау, бұл менің ана тілім екен-ау деген сезіммен келмейді, ол қажеттіліктен туады. Кез келген Қазақстан азаматы мемлекеттік тілге қажеттілікті сезінсе, оған ешқандай әдістеменің керегі жоқ. Ол өзі үйреніп алады.

Біз ақша шашып, әдістеме жасап үйетіп жатқанымызға 10-20 жыл болды. Бірақ нәтиже жоқ, себебі үйреніп жатқан адамға қазақ тілінің қажеті жоқ. Қазақ тілсіз-ақ өмір сүре алады. Мемлекеттік тілсіз Қазақстан аумағында өмір сүру, тіршілік ету мүмкін болмаған жағдайда ғана үйрену басталады. Кез келген ТМД мемлекетінде солай. Бізде ғана жалпақшешейлік, шегіне беру, 10-20 жылдық бағдарламаларды қайта-қайта қабылдай беру", - деп ашынды маман. 

Тілден тілдің кемдігі болмайды, тілден тілдің кеңдігі болады. Қазақ тілін тиесілі аумағына толық жаятын болса, оның мүмкіндігі шексіз, дейді филология ғылымдарының кандидаты.

"Ол кез келген салада, кез келген стильде, жанрда қызмет ете алады. Тек оның барлық жерге таралуына мүмкіндік жасайтын - тіл саясаты. Оны мемлекет міндетіне алуы керек", - деді ол. 

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 491.74   530.25   5.02 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети