Бизнесмен десе көз алдымызға қырлы шалбар мен костюмін шырттай киген, галстук таққан, даусы үнемі төмен жиілікте шығатын адам көз алдымызға келеді. Ал шынтуайтында кәсіпкер нағыз шаруа адамы, өз ісінің дәл ортасында жүреді. Өз саласының қыр-сырын жазбай танып алған, бос уақыты жоқ, көбіне ой үстінде. Бұл сипаттауды біз Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Нұра ауылында тұратын кәсіпкер Жұмабай Молдажановқа қарап отырып жасадық.
Бизнесмен десе көз алдымызға қырлы шалбар мен костюмін шырттай киген, галстук таққан, даусы үнемі төмен жиілікте шығатын адам көз алдымызға келеді. Ал шынтуайтында кәсіпкер нағыз шаруа адамы, өз ісінің дәл ортасында жүреді. Өз саласының қыр-сырын жазбай танып алған, бос уақыты жоқ, көбіне ой үстінде. Бұл сипаттауды біз Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Нұра ауылында тұратын кәсіпкер Жұмабай Молдажановқа қарап отырып жасадық.
Айналысып отырғаны - ата кәсіп - ет бизнесі. Жұрт жаппай, соғым сойып, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ болып, алдағы Жаңа жылға дайындық үстінде. Осы сәттерде әсіресе Жұмабай ағамыздың кәсібі қазандай қайнап жатады. Ендеше кәсіп иесі ауылда ет бизнесімен айналысып, даму мүмкіншілігі, істі дөңгелетіп әкетудің амалдары, ет саудасының қыр-сыры жайлы әңгімелеп берсін.
***
TN: Жұмабай аға, қазір соғымның қызған шағы. Бұл кезде ата кәсіппен айналысып отырған бизнес иелері аса белсенді. Кәсібіңіз қалай жүріп жатыр? Сұхбатымыздың басында өзіңіз жайлы аз-кем ақпарат берсеңіз.
Ж.Молдажанов: Кәсіп туралы айтпас бұрын кері шегініс жасайын. Соғым деген береке ғой. 1970 жылы дүниеге келдім. Әкеден 13 бала болғанымызбен, мені алты айлығымда атам Молдажан бағып алған. Сол кісіге тәнмін. Бәріміз Тәте дейтінбіз. Тәтемнің 3 үйір жылқысы болған, әр үйірде 25-30-ға тарта жылқысы бар. Шалдың баласы болғандықтан, ешкім бетімнен қақпады. Аттың жақсысын міндім, еттің дәмдісін жедім. Үнемі қасына ертіп жүретін. Ол кезде ауыл берекелі, адамдардың пейілі кең еді ғой. Бір үй соғым сойса, бүкіл ауыл барып күндіз қуырдақ, кешке ет жейтін едік. Тәтем әулеттің үлкені болғандықтан, ондай жерге бірінші шақырылып, төрдегі ақсақалдардың жанына жайғасатын.
Ортаға ет келгенде үлкендер бата жасап, төс қалтасынан саптары мүйізден, сүйектен жасалған бәкілерін шығарып, бір-бір жілікті алып мүжитін. Артында тығылып отырған бізге қара кесектен, табан қазыдан бір-бір тіліп қолымызға ұстататын. Ел жұрт қауқылдасып, хал сұрасып, әңгіме-дүкен құратын. Арагідік ән, терме айтылады. Аузымыз бал татыған етте, құлағамыз сол аталарымыздың әңгімесінде болатын. Аталарды білмеймін, біз үшін бұл үлкен мереке еді.
Қазір сол үрдіс, амал не, бәсеңдеп қалды. Сананы тұрмыс билеп, отбасылық деңгейден әрі аса алмай қалды. Десе де, ағайынның басын қосып, бір табақ ет тартатын қазақтар әлі де бар. Дәл қазір кәсібімді жүргізіп тұрған да солар. Негізі жыл он екі ай, Алматыға ет тасымалдаймын. Бірақ, қараша, желтоқсан айларында сұраныс артады. Дәл қазір жақсы жүріп жатыр. Аптасына, 3-5 малдың етін әкелемін, шүкір. Ет кәсібіне келгендегі мақсатым тек пайда табу емес. Ағайын-туыс арасындағы береке-бірлігін нығайтуға тиіттей де болса үлес қоссам деймін. Не арқылы? Өзім бағып, семіртіп дайындаған соғым арқылы. Мүмкін, бұл балалық шақтағы берекелі күндерге деген сағынышыммен байланысты шығар.
TN: Қазақтың төл шаруашылығы ет дайындаумен айналысу кез келгеннің қолынан келе бермейді. Бұл кәсіппен айналысуға қалай келдіңіз, қалай бастадыңыз?
Ж.Молдажанов: Шынымды айтсам, болашақта ет кәсібімен айналысамын деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Тәтемнің көп жылқысынан бөлек, тек өзі мінетін күрең жорға аты, қыран бүркіті, екі тазысы, білте мылтығы бар еді. Айтсам сенбейсіздер, тоқсаннан асқан шағында да "бес қаруын сайлап" атқа мініп үйден шығып кететін. Қанжыға майланбаса, далада түнеп, 2-3 күн жоқ боп кететін. Бір жерде аттан құлап қалмады ма екен деп бәріміз шарқ ұрып іздейтінбіз. Жарықтық, кәрілікті мойындағысы келмейді екен ғой сонда…
Есесіне, үйдегі қара жұмыстың бәрін шешем Күләрхан істеді. Тезек те теретін, шөп те таситын. Өзі бір сезімтал қызық кісі еді. Баламен бала боп торғай қуалап, бізбен ойнап кететін. Сол байғұс шешем, 11 жасымда жарық дүниемен қоштасты. Мен үшін өте ауыр қаза болды. Бұл шалдың ерке баласын есейткен алғашқы оқиға еді. Тәтем әйелім қаза болды деп, серілігін тоқтатқан жоқ. Сол жерде мектеп бітірдік. Жоғары оқуға түсе алмай, ауылда екі жыл тақтай кесетін зауытта жұмыс істедім. Содан 1989 жылы әскерге шақырылдым. Ленинград маңындағы Львов елдімекенінде алты ай оқу-жаттығудан өтіп, екі жыл Сібірде болдым. Әскердегі жылдар мені есейткен екінші кезең еді. Дене шынығып, ой өрісім кеңіп, 1991 жылы аға-сержант болып оралдым. Өз бетіммен оқуға түспейтінімді білгесін тәтем 2 жылқысын сатып, сол кездегі Қазақ мемлекеттік университетінің Биология факультетіне оқуға түсірді. Ол жерден өмірлік серігімді кездестіріп, отау құрдық. Тұңғышымыз дүниеге келді. Бұл 1993 жыл еді.
Заманның қиын кезі… Теңге ауысып, быт-шыт боп жатыр. Менде таңдау тұрды. Не мен, не жарым оқуын тастауы керек болды. Мектепті "алтынға" бітірген әйелімнің ертең дипломсыз қалып, еден жуғанын қаламадым. Оқуды тастадым. Шемішке, кәуап саттым. Аз-маз ақшаның басын құрап, 3 курстас бірігіп бизнес бастамақшы болдық. Қолым енді жүргенде, денсаулығыма байланысты ауылға кеттім. Қалаға келеміз дегенде, тәтем ат үстінде отырғанда жайылып жүрген бір айғыр теуіп, аяғын сындырып алды. Төсек тартып қалған соң, әйелім екеуміз қасында болып, үлкен кісінің батасын алайық деп шештік. Ортасында екінші ұлым дүниеге келді. Ауылға сіңісіп, ел қатарлы тіршілік еттік. 97-жылдары ауыл болып темекімен айналыстық. Темекіні егіп, өсіріп, кептіріп, сорттап "Филип Морис" компаниясына өткізетінбіз. Қырғыз ағайындар келіп жалданып жұмыс істейтін. Кәсібім дүркіреген шағында 40 шақты шаруа маған жұмыс істеді. 2 трактор, 2 жүк көлігі мен 1 жеңіл мәшинем осы кәсібіме қызмет етті. Кейін бұл компания жабылып, кәсіп тоқтады. 2007 жылдары темірдің дәурені басталды. Ауыл-аймақтан темір жинап, Алматыға әкеліп өткізіп пұл жасап жүрдім. Дәуренінде жақсы пайда әкелгенімен, бұл кәсіп те ұзаққа бармады. Бұл кезде араға 3-4 жыл салып, арты-артынан 3 қызым дүниеге келді. Осы ауылда тұрғалы бері қолдан мал үзілген емес. Қысы-жазы, ет жеп, сүт, айранын ішіп үйренген қазақтың баласы болғандықтан, басқаша болуы мүмкін емес еді. Көпшіл болуға тырыстым, үйден қонақ үзілмейтін. Міндетті түрде ет асылатын.
Ағайын-туыстың ортасында "Жұмабайдың еті мен Бақытгүлдің айраны-ай" деген сөз қалыптасты. Содан болса керек, қалада тұратын туыстарым, қайынжұртым алдын ала ақшасын беріп, қысқа соғым дайындап берсең дейтінді шығарды. Содан туыстардан үйінен таныстары дәм татпай ма?! Ет ұнатқандары хабарласып, тапсырыс берді. Осылай ақырындап ет сұрайтындар саны көбейді. Бір күні бұл іспен тыңғылықты айналыссам, жап-жақсы кәсіп болатынын түсіндім. Оның үстіне мал бағу, семірту қолдан келеді. "Сарафанное радионың" арқасы деп ойлаймын. Бірте-бірте тұрақты алушылар қалыптасты. Содан қораны кеңейтіп, семіртетін мал санын көбейттім. Алушылар алдын ала хабарласып тапсырыс береді. Біреуге 20, біреуге 50 келі керек. Дәптеріме түртіп қоямын. Етке тапсырыс бір малдың салмағына толғанда сойып, ертесіне қалаға жеткізіп беремін. Осылай тіршілік етіп келе жатқаныма 5 жылдан асты. Қысқаша айтқанда, ет кәсібін осылай бастадым.
TN: Қазаққа өзге кәсіп түріне қарағанда осы жолда тез аяққа тұрып кету жеңілірек пе деген ой келеді. Осы бизнес түрінің қыр-сырын айтып берсеңіз. Еттен таза профит қандай?
Ж.Молдажанов: Мен қазаққа жеңіл емес, жақын дер едім. Малды бағу, ала жаздай оның жем шөбін дайындау оңай шаруа емес. Жақын дейтін себебім, ауыл қазағы көзін ашқалы мал көріп, ана қоңыр қозы менікі, ала бұзау сенікі деп өседі ғой. Молдажан тәтем малдың, жалпы жануардың киесі болады, обалына қалмаңдар дейтін. Өзінің аяғын айғыр теуіп сындырып кеткенін аңмен болған бір оқиғамен байланыстыратын. Тау басындағы маралды атып алғаннан кейін бірақ буаз екенін біліпті. Соның киесі ұрды мені деп отыратын. Марқұм, 2001 жылы тоқсан сегізге қараған шағында дүниеден озды. Молда үш жыл қосып, 101 жас деп шығарды. Ал әкеден он үшпіз дедім ғой: тоғыз ұл, төрт қыз. Өкен әкем кезінде белгілі шопан болған. Жүз қойдан екі жүз қозы алып, медаль тағып Мәскеу көрген шопандардың бірі. Советтің солақай саясаты ол кісілердің адал еңбегін әбден пайдаланғанын есейе келе түсіндік қой. Ойы ұшқыр, сөзге шешен еді. Ара-тұра өлең құрайтын. Білетінім, ел-жұрт арасында сыйлы болды. Үлкен қызметте отырғандар үйге іздеп келетін. Сол қадірлі қонақтардың көшін Дінмұхаммед Қонаев бастап тұр. 1972 жылы 2-3 жапонды ертіп, біздің шаңырақта қонақ болған екен. Сарқыт анама (туған) сыйлаған радио-сағаты сандығында сақтаулы.
Айтпағым, шопан әкеден тараған 13 бала да малдың қыр-сырын жете біледі. Бірақ, сол әкеміздің көрегендігі болса керек, бәрін оқытуға тырысты. Жазмыштан озмыш жоқ, 1989 жылы қайтыс болып кетті. Сарқыт анам мен үлкен ағаларым көмектесіп, қалғандары бір-бірін сүйреп, бәрі де жоғары білім алды. Көбі қалада қызметте, шағын бизнестері бар. Ауылда қалған мен және 3 ағам да осы малмен айналысамыз. Қыр-сыры дегенде мен мынаны айтар едім. Бордақыға кіргізетін ірі-қараның қоңдылығына назар аудару керек. Жем-шөбін, суын уақытылы беріп семірту керек.
Табысқа келсек, орташа деуге болады. Себебі, менің етімнің бағасы салыстырмалы түрде базардың, қаланың бағасынан арзан. Бүгінге дейін жылқы еті 1600, сиыр еті 1500 теңге болып келді. Жем-шөпті өзім дайындайтындықтан, пайда жаман емес. Табысты арттыруға екі нәрсе кем болып тұр. Бірі клиент санын тез өсіруі немесе үлкен мейрамханаларға ет тасымалдау, екіншісі "маркетинг". Соңғы сөзді балам айта берген соң жаттап алдым. Екеуі бір-бірімен байланысты екен.
TN: Бұл бизнес түрімен айналысу үшін қандай ньюанстар ескерілуі тиіс? Қазақстандықтардың (клиенттеріңіздің) талап-тілектері мен қызығушылығы қандай?
Ж.Молдажанов: Бұл бизнес түрімен айналысу үшін тауарыңа сенімді болуың керек. Етің семіз, дәмді болса, сұраныссыз қалмайсың. Содан кейін сервис. Алушылардың көбі қалада тұрады. Қала тұрғындары жұмысбасты болғандықтан, олардың уақытын бағалап жеткізуді тегін қылдым. Үйді-үйге таратып береміз. Кейде етті әкелсең, үйде ер адам болмайды. Бұл кәсіппен айналысатын адам 30 келі етті бесінші қабатқа көтеріп апарып беруге арланбау керек. Клиенттердің дені 2-4 жас аралығындағы жас малдың етін сұрайды. Жас малдың еті жұмсақ болады. Сондықтан, тек жас мал семіртемін.
Бәрі дәмді ет жегісі келгенімен олардың ұғымындағы дәмді ет әр түрлі. Біріне майлы ет ұнаса, бірі майдың аз болғанын қалайды. Біреуі қазыны айналдырып беріңіз десе, біреуі ішек берсеңіз болды, өзіміз дайындаймыз дейді. Қазының майы мен етінің ара қатынасы 70 те 30 болса дейді немесе керісінше. Осындай әр қилылық кейде қинайды. Бірақ, бес жылда тұрақты клиенттерім қалыптасты. Бәрін танимын және әр қайсына не керек екенін білемін. Олар маған әбден сеніп алды. Алушылармен достай жақындасып кетсең де шатақ екен. Соңғы кездері жалақыға дейін деп қарызға сұрайтынды шығарып жүр. Етті қайдан әкелесіз, қазының бағасы қанша деп сұрақ қоятындар ол жаңа клиенттер. Оларға "Алматыдан 150 шақырым жердегі ауылда табиғи жем-шөппен жылқы, сиыр бағамын, жылқы етінінің бір жілігіне екі қазы беріледі. Қазыны еттің бағасымен сатамын" деп мән-жайды түсіндіремін. Бір қуанатыным, бір рет ет алып, кейін хабарласпай кеткендер өте сирек, тіпті жоқ та шығар. Себебі, есімде қалмапты.
"Клиенттікі әрқашан дұрыс" деп, талап-тілегін барынша орындауға тырысатынымды алушыларым сезетін шығар. Кейде асыра сілтейтіндері де бар, ондайда өзімді сабырға шақырамын. Қаланың кептелісі ұнамайды, у-шудан басым ауырып кетеді. Кейде клиенттерім қоңырау шалып, "Жұмабай, етің дәмді екен. Бала-шағамыз бен мәре-сәре болып отырмыз. Қонаққа келген кісілер де мақтап кетті. Саған рақмет!" дейді. Ондайда марқайып қаламын. Бір отбасыға болса да, қуаныш сыйлағанымды ойлап қуанамын. Қалада ет таратып келіп, үйге шаршап-шалдығып келгеніңді де еріксіз ұмытасың.
TN: Соғым союдың жаңа әдіс-тәсілдері бар ма? Ертеде қалай сойған, ал қазір қалай?
Ж.Молдажанов: Бұрында соғымның екі түрі болған: күздік және қыста сойылатын соғым. Күздік соғымға сүт еміп жүрген жабағыны соятын. Ал қысқа биені дайындайтын. Соғымның біздің кезімізде мереке екенін жоғарыда айттым ғой. Қуырдақ, ет, қазы-қарта, жал-жая, шіркін... "Өле жегенше, бөле же" деген сөз сол заманға тән бе деймін. Соғым басына келе алмаған қадірлі қонақтарға сыбағасын алып қоятын.
Айтқандай, осы соғымнан ет алып сүрлеп, Наурыз көжеге, Ұзынсарыға (Ұзынсары дегеніміз жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін мезгілі, наурыз-сәуір аралығы) сақтайды. Кәрі жілікті Наурыз көжеге арнап, бүтіндей сақтайды. Кейін сүйегін қораға іліп қояды.
Әкемнен мәнісін сұрағанда, "Кәрі жілікті қораңа байласаң, малыңа қорған болады" деген еді. Өз басым соғым союдың жаңа немесе ертедегі тәсілі деп бөлмейді екенмін. Мен ет дайындау барысында өз әке, аталарымнан көрген мүшелеп бөлу әдісін қолданамын. Қандай мал болсын, жіліктеу барысында әр жілікке тиесілі етті дұрыс танып ажырата білу, бөлшектеуге назар аударамын. Сою барысында бауыздалғаннан кейін, қанның толық ағуы еттің сапасының дұрыс болуына әсері мол. Тұтынушыларымның сұранысының артуына себеп болған, бұл еттің сапасы мен әр омыртқаны жеке-жеке бөлшектеп, табаққа тартуға ыңғайлы болуында деп ойлаймын. Оған қоса қазы-қартаның дайындалу сапасы өте жоғары болуы тиіс.
TN: Ет алғанда неге назар аудару қажет? Маман ретіндегі кеңестеріңізді естісек. Малдың жем-шөбі, оны семірту технологиясы қандай?
Ж.Молдажанов: Тұтынушы етті алғанда еттің таза сойылуына назар аудару керек, сапалы дайындалған еттің тамырларында ұйыған қан қалдықтары болмайды, қанның ұюы еттің қараюына әкеп соқтырады. Егер бордақыланған мал болса, жас малдың майы ақ түсті, сүйегі аса ірі емес болып келеді де, кәрі малдың майы түсі сарғыш тартып тұрады. Жаздыгүні көк шөппен семірген малдың да еті сарғыштау болады. Ол кезде сүйектің ірілігіне назар аудару керек.
Жем-шөп дегенде жылқының да, сиырдың да сүйсініп жейтіні - жоңышқа мен жүгері. Жылқыға жүгеріні бітеу күйінде, сиырға тартып береміз. Жоңышқа мен жүгері екеуін араластырып, жүйелі беріп отыру керек. Жүгеріні алғашында мал үйренгенше аздан, кейінірек бойына сіңген соң, жегенінше күн-түн демей алдына тастаймыз. Бұл менің әдіс-тәсілім.
Көктемде қар суымен беде, жоңышқа, жүгері егеміз. Бұлар енді үш жылдық өнім ғой. Бұрындары бес жылдық деген түрлері болатын. Қазір мұндай жоқ, тек үш жылдық қана. Әр жыл сайын гектарды көбейтіп отырамыз. Кейде бедеден босаған жерге жүгері егеміз. Біреулер соя да егеді. Бірақ соя еккен жерде жүгері өте жақсы өсіп шығады, себебі тыңайтқышы жүгеріге пайдалы болып келеді. Ал бидай өсе алмайды. Жалпы, жаз бойы 4-5 рет суарамыз. Қыркүйектің аяғында комбайнмен жинап аламыз. Беде үш көс шабылады: мамыр аяғында бір, шілденің ортасында, қыркүйектің басында. Осы жем-шөп бордақыланатын малдың таптырмас азығы.
Арпа, сұлы араластырып, бұқтырып беретіндері де бар. Мал сүйсініп жесе, табиғи жем-шөптің бәрі жақсы. Тек дәрі егуден аулақ болу керек. Бірінші кезекте қалтаны ойлайтындар, малдың шамадан тыс салмақ қосуы үшін укол салады екен. Мен солардан қорқамын…
TN: Кәсіпті ары қарай дамыту ойда бар ма? Қандай жоспар құрдыңыз?
Ж.Молдажанов: Мен кәсіп дегенде бір нәрсені түсіндім: өз ісіңнің шебері болуың керек. Бұған дейін әр түрлі іспен шұғылданғанымды білдіңіздер ғой. Мысалы, осы 5 жылдық тәжірибемде мен малды таңдау, тануды жақсы меңгердім. Тірі тұрған малға бір қарап, семіз не арық екенін, сойсаң қанша келі таза ет беретінін біле аламын. Кәсіпті дамыту ойда бар. Кәсіпкерлік білім жетпейтіні рас. Малдың қыр-сырын білгенімізбен, маркетинг-саркетинг дегенді білмейміз ғой. Балаларым ара-тұра өз ойларын айтады. Алдында бір видео тарап кетті ғой, уатсапта… Соны жапатармағай таратқан жұртты көріп, "упаковканың" маңызды екенін түсіндім. Қазір сол қорапқа кететін шығынды есептеп жүрмін. Бұған дейін де ойыма келген, еттің бағасын өсірмеу үшін кейінге шегерген едім. Жазда қораны кеңейтіп, жем-шөпті көбейту керек.
Балам айтады, арасында бір үлкен ресторандарды тауып алсаңызшы. Үйді-үйге таратып, жүргеннен жеңілірек қой дейді. Олай істеуге тұрақты клиенттерімнің көңілін қимаймын. Мен ет апармасам, олар тамақ ішпей қалатын сияқты боп тұрады. Бірақ, үлкен мейрамхана, асханалардан ұсыныс болса, біразын қамтамасыз етуге шама бар. Мен жалғыз емеспін. Мен сияқты он-оннан ірі қара семіртіп отырған Қанайбек, Жайырбек деген екі ағам бар. Керек болса, күш біріктіреміз. Қазақ үшін мал тек тағам, көлік қана емес. Мысалы, мен бала кезде құлақ жедім, жар сүйіп, төстің дәмін таттым. Былтыр тұңғышым үйленіп, құдалы болып, құйрық-бауыр асадым. Ет тағамдарының өмір салтымызға сіңіп кеткенін осыдан-ақ аңғаруға болады.
Айтпақшы, жазда немерем дүниеге келді. Атын Мағжан қойдық, тегі Жұмабай. Тәтемнен алған тәрбиені осы немереме берсем деймін. Молдажан мені қалай ақ маймен асыраса, мен дәл солай Мағжанды бал қазымен баққым келеді. Тек немерем емес, қолым жеткен жерге дейін таратсам, сапалы еттің қызығын ел-жұрт көрсе деймін. Сол үшін болашақта бір "ИП" ашуды жоспарлап жүрмін. Жан аман болса, ол күнге де жетерміз.
TN: Әңгімеңізге көп рақмет, ісіңіз алға бассын!