Желіде Қазақстан халқы саны 19 миллионға жетті деген ақпарат тарады. Бұл дерекке сүйенсек, кеше елдің 19 миллионыншы тұрғыны дүниеге келген. Бірақ Ұлттық статистика бюросы бұл ақпарат жалған екенін айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Қазақстан тұрғындары 19 миллионға жетті деген ақпаратты Естай Жайлыбай есімді қолданушы Facebook желісіндегі парақшасында жариялаған. Кейін бұл ақпарат әлеуметтік желілер мен БАҚ-та тараған.
"Сүйінші, Қазақ Елі! Тап қазір еліміздегі халық саны 19 миллионға жетті. Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы халық саны және әлеуметтік департаменті, дүние жүзі және әрбір елдің халқы санын секундына дейін бақылап, арнаулы Countrymeters.info сайты арқылы жария етіп отырады. Біздің елдің осы санға жетуін таңертеңнен бері қадағалап, түсіріп алдым. 19 миллионыншы болып дүниеге келген қыз бала екен", - деп жазды желі қолданушысы.
Ұлттық статистика бюросы Қазақстан халқы 19 миллионға жетпегенін мәлімдеді.
"Қазіргі уақытта Қазақстан халқының саны 19 миллионға жеткен жоқ. Жыл басындағы дерек бойынша, Қазақстанда 18 877 128 адам болды. Қазір ақпандағы көрсеткіш есептеліп жатыр, онда да 19 миллионға жетпейді. Бұл сайтта (Countrymeters.info сайты - авт. еск.) күн сайын бүкіл мемлекеттегі халық санағы есептеледі, бірақ дұрыс болмауы да мүмкін. Ал біз ай сайын дәл қазіргі халық санын санап отырамыз", - деді бюро баспасөз қызметіндегілер.