Бүгін Қазақстанда 35 адамның коронавирус жұқтырғаны белгілі болды. Олар туралы мәліметтер аз. Белгілісі - бәрі де коронавирус тараған елдерден келген. Tengrinews.kz тілшісі коронавиурс жұқтырған қазақстандықтар туралы бүгінге дейін не белгілі екенін баяндайды.
Бүгін Қазақстанда 35 адамның коронавирус жұқтырғаны белгілі болды. Олар туралы мәліметтер аз. Белгілісі - бәрі де коронавирус тараған елдерден келген. Tengrinews.kz тілшісі коронавиурс жұқтырған қазақстандықтар туралы бүгінге дейін не белгілі екенін баяндайды.
13 наурызда - 4 қазақстандық
Қазақстанда коронавирус жұқтыру дерегі алғаш рет 13 наурызда хабарланған. Басында екі адамнан вирус табылды деген, кейін оның саны артты.
"Біз жеке ақпаратты жариялай алмаймыз. Коронавирус жұқтырған әйел адам мен ер адам. Алғашқы науқас 9 наурызда Германиядан, екіншісі 12 наурызда кешке келген", - деген еді денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.
Коронавирус табылған алғашқы екі қазақстандық Германиядан келген - 1974 жылы туған ер адам мен 1984 жылы туған әйел.
© Тұрар Қазанғапов
Сол күні Нұр-Сұлтанда тағы бір коронавирус жұқтыру дерегі тіркелген. Ол елге Миланнан Мәскеу арқылы 12 наурызда келген.
13 наурызда кешке қарай тағы бір алматылық коронавирус жұқтырғаны хабарланды. Ол - Алматы қаласының 1976 жылы туған тұрғыны. Елге 13 наурызда Германиядан жолаушылар ұшағымен келген.
13 наурыздағы көрсеткіш:
Коронавирус жұқтырған - 4 қазақстандық, Алматыда - үшеу, Нұр-Сұлтанда - біреу
14 наурызда - 2 қазақстандық
14 наурызда коронавирус жұқтырғандар саны артты. Олардың бірі - 1958 жылы туған ер адам қазір Алматыда. Жеке кәсіпкер болып жұмыс істейтін ол елге 10 наурызда Мәскеуден келген. Ол Ресейден келген соң ұлы коронавирус жұқтырған. Артынша кәсіпкер ауруханаға өзі барып, анализ тапсырған.
Ал Нұр-Сұлтанда бір әйелдер коронавирус анықталды. Ол елге польшалық Варшавадан оралған.
14 наурыздағы көрсеткіш:
Коронавирус жұқтырған - 6 қазақстандық, Алматыда - төртеу, Нұр-Сұлтанда - екеу
15 наурызда - 2 қазақстандық
15 наурызда түске қарай Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 8-ге жетті.
"1959 жылы туған әйел Алматыда инфекциялық ауруханада жатыр. Ол бұрын ауруханаға түскен науқастың әйелі, яғни жақын байланыстар санатынан. Олар Мәскеуден келуімен дер кезінде оқшауланды. Барлық жақын байланыс орнатылды және оқшауланды, жақындарынан әзірге әйелінен ғана анықталды", - деген еді Біртанов.
Фото Тұрар Қазанғапов©
Ал екінші науқас Қазақстанда Сеулден келген. 1995 жылы туған ер адам Алматыға Оңтүстік Кореядан 14 наурызда оралған.
15 наурыздағы көрсеткіш:
Коронавирус жұқтырған - 8 қазақстандық, Алматыда - алтау, Нұр-Сұлтанда - екеу
16 наурызда - 2 қазақстандық
16 наурызда түстен кейін Қазақстандағы коронавирус жағдайы туралы жаңа деректер шықты. Сол кезде елде вирус жұқтырғандар саны тоғызға жеткені хабарланған. Ол да Алматыдан анықталған. Бірақ желіде ол туралы мәлімет табылған жоқ.
Көп ұзамай Денсаулық сақтау министрлігі елде оныншы коронавирус дерегі тіркелгенін мәлімдеді. Бұл жолы вирус жұқтырған - 1986 жылы туған әйел. Ол елге 15 наурызда Ыстамбұл – Алматы рейсімен ұшып келген.
16 наурыздағы көрсеткіш:
Коронавирус жұқтырған - 10 қазақстандық, Алматыда - 8, Нұр-Сұлтанда - екеу
17 наурызда - 23 қазақстандық
Ал кеше, 17 наурызда таңға таман жаңа мәліметтер шықты. Министрлік Алматыдан коронавирус жұқтырған тағы үш адамды анықтағанын хабарлады. Біріншісі - 2018 жылы туған бала. 2 жастағы қыз 13 наурызда Берлин - Минск - Алматы рейсімен ұшып келген. Алматыдағы балалар инфекциялық ауруханасы жатқызылған.
Фото Тұрар Қазанғапов©
Ал екінші - 1966 жылы туған ер адам. Ол Қазақстанға 10 наурызда Мәскеуден ұшып келген. Коронавирус табылған үшінші адам да елге Мәскеуден оралған. Ол 1956 жылы туған ер адам екені белгілі болды.
Сол күні түске қарай елордада коронавирус жұқтырған 14 адамның анықталғанын хабарланды.
"Бүгін, 17 наурызда Нұр-Сұлтанда 14 қазақстандықтың коронавирус инфекциясын жұқтыру дерегі тіркелді. Оның ішінде 5 адам қалалық ауруханада, жұқпалы аурулар бөлімінде болды. 4-уі Италия мен Оңтүстік Кореядан рейстен түсірілді. (...) Олардың жағдайы қанағаттанарлық. Бір науқас ЖРВИ диагнозымен инфекциялық блокта болған, тексеру барысында коронавирус анықталған. Жағдайы орташа ауыр", - деді Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Кисикова.
Ал қалған 9 адамның вирус жұқтырғаны мониторинг жүргізу барысында анықталған.
17 наурызда вирус жұқтырғандар саны түстен кейін тағы артты. Алматыдан төрт, Нұр-Сұлтаннан бір адамнан вирус анықталған. Сол күні кешке қарай Нұр-Сұлтаннан тағы бір адамның вирус жұқтырғаны белгілі болды. Ол 1983 жылы туған әйел, дәрігерлердің көмегіне өзі жүгінген.
Осылайша, бір күннің ішінде Қазақстанда 23 адамнан коронавирус анықталды. Бұл бір тәулікте коронавирус дерегі бойынша Қазақстан рекорды саналады.
17 наурыздағы көрсеткіш:
Коронавирус жұқтырған - 33 қазақстандық, Алматыда - 15, Нұр-Сұлтанда - 18
18 наурыз түске дейін - 2 қазақстандық
Ал бүгін ертеңгісін тағы екі адамнан коронавирус анықталғаны хабарланды. Екеуі де Алматыда.
"Бірінші жағдай - қыз бала, 1998 жылғы. 15 наурызда Қазақстанға Ыстамбұл-Алматы рейсімен келді. Екінші жағдай - 1974 жылғы әйел, ол 10 наурызда Мәскеуден ұшып келді. Олардың барлығы стационарда карантинде жатыр. Жағдайлары қанағаттанарлық", - деді денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Диас Ахметшәріп.
Осылайша, 18 наурыз 12-00-дегі көрсеткіш бойынша, Қазақстанда 35 адамнан коронавирус табылған. Олардан бөлек, қазір Германия мен Венгрияда жүрген екі қазақстандықтан коронавирус анықталған. Олар қазір сол елдерде ауруханада жатыр.
Коронавирус жұқтырған - 35 қазақстандық, Алматыда - 17, Нұр-Сұлтанда - 18