Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
11 мая 2019 13:07

Өмірінің соңғы күніне дейін зерттеулерін тоқтатпаған - Әлкей Марғұлан

ПОДЕЛИТЬСЯ

11 мамыр - еліміздің біртуар ғалымы Әлкей Марғұланның туған күні. 80 жылдық ғұмырын қазақ халқының болмысын ашып, тарихын зерттеуге арнаған ғалымның биыл 115 жылдығы. Осы орайда Tengrinews.kz тілшісі ғалымның өмірі мен еңбек жолын еске түсіреді.


11 мамыр - еліміздің біртуар ғалымы Әлкей Марғұланның туған күні. 80 жылдық ғұмырын қазақ халқының болмысын ашып, тарихын зерттеуге арнаған ғалымның биыл 115 жылдығы. Осы орайда Tengrinews.kz тілшісі ғалымның өмірі мен еңбек жолын еске түсіреді.

Абай өлеңін тыңдап өскен

Әлкей Марғұлан 1904 жылы 11 мамырда Павлодар облысы Екібастұз ауданының маңындағы Көктөбе ауылында дүниеге келген. Болашақ ғалымның ата-анасы да өз уақытындағы білімді адамдар болған. Сондықтан бала Әлкейдің үйінде қазақ ақындары, зиялылары жиі қонақта болған екен. Әлкей бала кезінен Абай, Жаяу Мұса, Ақан Сері мен Тәттімбеттің өлеңдерін, әндерін естіп өскен. 

Зиялы отбасында тәрбие алған Әлкей Марғұлан да сол ізбен кетті. Басында ауыл мектебінде оқыған ол 11 жасында үшсыныптық орыс мектебіне ауысады. 1919 жылы ол бір жыл мұғалім курсында тәлім алып, ауылында сабақ береді. 1921 жылы Семейдегі педагогикалық техникумға түседі. Ал 1928 жылы Мұхтар Әуезовтің ұсынысымен Ленинградқа аттанады. Жас Әлкейдің академиялық қызметі сол қалада басталады. Ол кезде студенттерге бірнеше оқу орнында тәлім алуға рұқсат берілген. Сондықтан, Әлкей Марғұлан Ленинградта бір уақытта үш институтқа түседі. Сөйтіп, ол шығыстану, археология (басында материалдық мәдениет болған) және өнер институттарын тәмамдады. 

Әлкей Ленинградта жүріп түрлі ғалымдармен танысқан. Солардың бірі Александр Затаевичпен бірге Қазақстанға келіп, қазақ әндерін нотаға түсіруге көмектескен.

Қазақ кімге қарыздар. Ән өнерін алғаш нотаға түсірген аңыз адам

Қазақстанда мәдениет болғанын дәлелдеген ғалым

Ленинградта оқып жүргенінде Әлкей әдебиетші болған. Оның арқасында әлем әдебиетінің классикалары қазақ тіліне аударылды. Ал оның әдебиеттен археологияға ауысуына Ленинградтағы музейлер себеп болған.  Сол қызығушылығының арқасында Қазақстанның археологиялық және мәдени мұрасы сақталып қалды. Мысалы, Марғұлан ежелгі мәдениет, сәулет, қолданбалы шығарма, халық эпостары, жазбалары, антропологияны зерттеген. Әлкей Марғұланның филология факультетінде оқуы оның ғылыми жазбаларына көп көмектесті. Себебі ол түрлі эпитеттер қолданып, оқырманға өте түсінікті стильде жазатын.

Ғалым бір Қазақстаннан он жерасты қала тапқан. Тіпті, түгел бір мемлекетті де ашқан. Қола дәуіріндегі Беғазы-Дәндібай мәдениетін ашқан осы Әлкей Марғұлан болатын.

Жалпы, бұрын Қазақстанның солтүстігі мен шығысында мәдениет болған жоқ деген пікір қалыптасқан еді. Оны Әлкей Марғұлан жоққа шығара алды. Ол сол аймақтарды түгел зерттеп шығып, он шақты археологиялық ескерткіштер тапқан. Сол арқылы ғалым елімізде б.з.д. ІІ мыңжылдықта мәдениет болғанын дәлелдеді. Оған сол кездегі қорымдар, мәдени ескерткіштер, үйлер, керамикалық заттар дәлел болған.

Әлкей Марғұланның "Қазақ халқының қолданбалы өнері" атты туындысы нағыз энциклопедияға айналды. Мұнда қазақ халқының тұрмысы мен өнері туралы толығырақ баяндаған.

Сонымен қатар, Әлкей Марғұлан қазақ ғалымы Шоқан Уәлиханов туралы ақпараттар жинап, ол туралы кітап жазып шыққан.

Ғалымның қазақ даласын зерттеп жүргені бәріне ұнай қоймады. Газет беттерінде "ол қазақ тарихын бұрмалап жатыр" деп жала жабылып, түрлі сыни мақалалар шықты. Сондықтан, Мұхтар Әуезов, Мағжан Жұмабаев секілді қазақ ағартушыларымен жақын араласатын ол да 1934 жылы абақтыға қамалды. Салдарынан ол Ленинградта үш жыл түрмеде отырып шықты.

Бірақ саяси қуғын-сүргін ғалымның қазақ тұрмысы мен өнерін зерттеуіне бөгет бола алмады. Ғалым өмірінің соңғы күніне дейін зерттеулерін тоқтатпаған. Нәтижесінде ол келер ұрпаққа 14 томдық негізгі еңбектерінен тұратын мұра қалдырып кетті. Ғалым 1985 жылы 11 қаңтарда 80 жасында қайтыс болды.

"Оның еңбегі ғылым шеңберінен шығып кетеді"

Негізі, ғалымның еңбектері еленбей қалмады. Оның кеудесіне Ленин, Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы ордендерi мен медальдары тағылды.


2004 жылы шыққан пошта маркасы

2008 жылы қаңтарда Алматыда Әлкей Марғұланның ескерткіші салынды. Ал ғалымның 100 жылдың мерейтойын ЮНЕСКО-ның өзі атап өтті.

Елімізде Әлкей Марғұланның есімі берілген көшелер мен ғимараттар көп. Мысалы, Павлодар, Астана, Алматы мен Екібастұзда Марғұлан көшелері бар. Сондай-ақ, Қазақстан ғылым академиясының археология институтына танымал ғалымның есімі берілген. Елімізде Әлкей Марғұлан атында мектептер мен музейлер де бар. Сонымен қатар, оның атымен халықыралық қор ашылған.


Әлкей Марғұланның Алматыдағы ескерткіші

Әлкей Марғұлан мен оның жары, медицина ғылымдарының докторы Раушан екеуі Данель есімді қызды дүниеге алып келген. Бүгінде Данель Әлкейқызы да әкесінің жолын жалғастырып, ғылым кандидаты атанды.

Марғұланның қандай ғалым болғанын 1960 жылдары Қазақстан ғылым академиясын басқарған Шафик Чокин өз кітабында жақсы баяндап берді: "Оның халықтың рухани мұрасын жаңғырту үшін жасағаны ғылымның шектеуінен шығып, адамзатқа маңызды дүниеге айналады".

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 443.2   490.7   4.82 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети