ПОДЕЛИТЬСЯ
17 мая 2019 | 08:40
"Осынша шақырту аламын деп күтпедім" - Әлемнің 8 оқу орны грант ұсынған түлек
Амина Көбенова Нұр-Сұлтан қаласында Республикалық физика-математика мектебінің 11-сыныбында оқып жатыр. "Алтын белгіге" үміткер қыз биыл әлемнің 8 университетінен грант жеңіп алған. Тengrinews.kz тілшісі Аминамен тілдесіп, оған шақырту жіберген жоғары оқу орындары туралы сұрады.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Амина Көбенова Нұр-Сұлтан қаласында Республикалық физика-математика мектебінің 11-сыныбында оқып жатыр. "Алтын белгіге" үміткер қыз биыл әлемнің 8 университетінен грант жеңіп алған. Тengrinews.kz тілшісі Аминамен тілдесіп, оған шақырту жіберген жоғары оқу орындары туралы сұрады.
"2018 жылдың желтоқсанынан бастап түрлі университеттер жартылай және толық шәкіртақы ұсынып, өздеріне шақыра бастады. Олардың бәрі америкалық білім жүйесіне негізделген. Бесеуі АҚШ-та орналасқан, қалған үшеуінің кампус-филиалдары Франция, Қытай және Біріккен Араб Әмірліктері. Гранттардың көлемі жылына 20000 мен 75000 доллардың арасында. Haverford College, Duke University-дің Қытайдағы филиалы мен New York University-дің Әбу-Дабидегі филиалы толық грант ұсынып отыр", - дейді Амина Көбенова.
Толық грант ұсынған осы үш университеттен бөлек, оған Bentley University, American University of Paris, Adelphi University, Rochester Institute of Technology және University of Oregon оқу орындары жартылай грант берген.
Америкалық оқу орындарының талабы бойынша, құжаттарды бір жыл бұрын, яғни соңғы сыныптың күзінде беріп қою қажет.
"Шақыртулар желтоқсаннан бастап келгенімен, ең ұзақ күткенім биыл 28 наурызда келді. Нью-Йорк университетінен хат келгенде, шешімін білу үшін отбасыммен бірге аштық. Қатты қуандым. Шынымды айтсам, көп университет мені грантқа қабылдауға келіседі деп күтпеген едім. Әрине, грантқа түсу көп күш-қуатты қажет етеді, бірақ оған қол жеткізуге болады. Мен қазақстандық оқушылар АҚШ университеттеріне толық грантқа түсе алмайды деген аңызды жоққа шығара алдым", - дейді жас түлек.
Амина New York University-дің Әбу-Дабидегі филиалын таңдап отыр. Қолданбалы математика факультетіне құжаттарын өткізіп қойған.
"Жыл сайын ол жаққа бүкіл әлемнен 12000-нан аса түлек құжаттарын тапсырады, бірақ тек 400-і ғана оқуға шақырту алады. Бұл университетті таңдаған себебім - ол академиялық терең білім мен алдыңғы қатарлы зерттеу мүмкіндіктерін беріп қана қоймай, әлемнің түкпір-түкпірінде оқып, саяхаттауға (Нью-Йорк, Шанхай, Сидней, Париж) жол ашады. Ол жақта Liberal Arts жүйесі бойынша оқытады. Яғни, студенттер нені оқысы келетінін өздері таңдайды және техникалық және гуманитарлық пәндерді қатар оқи береді. Бұл - менің таңдауыма әсер еткен басты фактор", - деді түлек.
Әлемді таңдай қақтырған қазақстандық вундеркинд балалар
Оның айтуынша, америкалық университеттерге түсу кезінде олар SAT және IELTS секілді тесттердің нәтижесіне ғана емес, түлектің ұмтылысы, көшбасшылық қабілеті мен мектептен тыс қызметтері ескеріледі.
Қазір Амина Италия астанасы Римде философиядан XXVII халықаралық Олимпиадаға қатысып жатыр.
"Қазақстан құрамасында екі адамбыз, екеуіміз де іріктеуден өттік. Олимпиаданың негізгі тілі - ағылшын, бірақ жұмысыңды француз, неміс және испан тілдерінде жазуға болады. Мұнда философия, социология бойы білімдеріңді және сыни ойлау мен дәлелдеу қабілеттеріңді көрсетуің керек", - дейді ол.
Алдағы бірнеше жылын америкалық университетте өткізуді жоспарлап отырған Амина шетелдік гранттарды иелену үшін істеу қажет екенін айтты.
"Ең бастысы - ертерек қамдану керек. Мен 9-сыныпта қандай емтихан тапсыруым керек, орташа ұпайым қанша болуы керек және әр университетке қандай портфолио дайындауым керек екенін білдім. Мысалы, грант алуға өтінім жібергенімде оқу үлгерімім жоғары болуы ғана емес, халықаралық олимпиадаларға қатысқаным, іс-шараларды өткізудегі тәжірибем мен мектептен тыс белсенді өмірім үлкен рөл атқарды", - дейді Амина.
Еске салайық, Tengrinews.kz редакциясы "Қазақстанның талантты балалары" жобасын бастаған еді, оның мақсаты - біздің, қазақстандықтардың жас дарындарымыз жайлы білсін деген ниет. Елімізде ең ақылды, өнерлі, алғыр балалар бар деп сенеміз. Егер сіздің балаңыз қандай да бір дарынымен таңғалдырса, ол жайлы оқиғаңызды бізге kids@tn.kz поштасына жіберіңіз. Сондай-ақ, сайтта көрсетілген телефондар арқылы редакцияға хабарласып, әңгімелеп бере аласыз.
"Қазақстанның талантты балалары" жобасы ERG компаниясының қолдауымен өтіп жатыр. Сондай-ақ, ERG компаниясымен бірлесіп "Батырлар арамызда", "Жеңімпаздар" арнайы жобалары қолға алынған.
Показать комментарии
Читайте также