Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
30 декабря 2020 21:25

Партиялар пікірсайыста бір-біріне қандай сұрақ қойды?

ПОДЕЛИТЬСЯ

"Хабар" телеарнасының эфирінен кадр "Хабар" телеарнасының эфирінен кадр

Саяси партиялар "Хабар" телеарнасы эфирінде өткен сайлауалды пікірсайыста жоғары білімді тегін қылу мәселесі, ресейлік саясаткерлердің Қазақстан жері туралы мәлімдемелері айтылды. Tengrinews.kz тілшісі партиялардың пікірталасындағы сұрақтар мен жауаптар туралы баяндайды.  


Саяси партиялар "Хабар" телеарнасы эфирінде өткен сайлауалды пікірсайыста жоғары білімді тегін қылу мәселесі, ресейлік саясаткерлердің Қазақстан жері туралы мәлімдемелері айтылды. Tengrinews.kz тілшісі партиялардың пікірталасындағы сұрақтар мен жауаптар туралы баяндайды.  

"Жоғары білім тегін болса, сауатсыздар пайда болады"

Пікірсайысқа қатысушылар арасындағы сұрақ-жауап кезінде Қазақстан халқы партиясы Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбекке сұрақ қойды. Ол Nur Otan мүшесінен жоғары білімді неге тегін қылмайтынын сұрады.

"Мен сіздердің бағдарламаларыңызды естідім. Ол орындалмайтын уәделер арқылы жалпылама, популистік түрде жасалған. Экономикаға, әлеуметке сай емес. Мысалы, жоғары оқуды тегін қылу. Алматыда болғанымда "Партиялар таланттыларды қолдауы керек, қалғандары өздері-ақ жоғарыға өрмелеп шығады" дегенді естідім. Егер жоғары білімді тегін қылсақ, бұл жоғары білім сапасының төмендеуіне әкеледі, елден кететіндер көбейеді. Сонымен қатар, сауатсыз дәрігерлер, мұғалімдер пайда болады. Коммуникациялық партия ретінде білетін шығарсыздар, кеңес кезінде де мұндай болмады.

Nur Otan партиясы атынан жыл сайын 75 мың грант береміз, грант санын 50 пайызға, шәкіртақыны екі есе, магистранттар мен докторанттарға 1,5 есе көбейтеміз. Түлектердің 10 пайызы ғана шет елге оқуға кетеді. Бірақ біздің елімізде демократия бар. Әрқайсы қайда оқығысы келетінін өзі шешіп, елімізге оралуы керек. Сондықтан, бұл уәде ештеңе әкелмейтінін айтқым келеді", - деп жауап берді Бауыржан Байбек.

Шағын және орта бизнестегі салық туралы

ADAL саяси партиясының өкілі Елдар Жұмағазиев та сұрағын Nur Otan партиясына қойды. Ол шағын және орта бизнестегі салықты азайту мәселесін көтерді.

"Сіздің ұсынысыңыз дұрыс емес. Елбасымыздың арқасында экономиканың 30 пайызы шағын және орта бизнеске байланысты. Бізде 1 миллион 300 шағын және орта бизнес болса, тек 300 үлкен компания салықтың 93 пайызын төлейді. Елбасы саясатының арқасында, осы жылдар ішінде рұқсат құжаттарын төрт есе, тексерулерді үш есе азайттық.

Қазірдің өзінде үлкен қолдау болып жатыр. Қазіргі таңда біз жүйелі түрде халықтың 40 пайызы жұмыс істейтін саланы қолдаймыз. Сондықтан, салықты азайтқан кезде көптеген әлеуметтік мәселе шешілмей қалады. Халықтың әл-ауқаты өспейді. Сіздер жеке кәсіпкерлерді медициналық еңбекқорға ақша төлеуден босатамыз дедіңіздер, енді қарапайым халық оны өз табысынан төлей мә? Халықтың табысын көбейтпесек, шағын және орта бизнеске ешқандай қолдау болмайды деп ойлаймын", - деді Nur Otan өкілі.

"Заң жобаларына 7 мыңнан аса ұсыныс жасадық"

Ал "Ауыл" партиясының төрағасы Әли Бектаев "Ақ жол" партиясына сұрақ қойды.

"Дамыған елдерде орта және шағын бизнестің экономикалық үлесі 60-70 пайыздан кем емес. Ал біздің елімізде қанша қаражат бөлінсе де, 30 пайыздан асқан жоқ. Бизнес партиясы деп есептелетін "Ақ жол" партиясы сайлауалды бағдарламасында үйіп-төгіп уәде берді. 15 жылда істемеген нәрсені 5 жылда істей аласыздар ма?", - деп сұрады Бектаев.

"Ақ жол" партиясының төрағасы Азат Перуашев бұған партия атқарған жұмыстар арқылы жауап берді. 

"Парламентке "Ақ жол" депуттары атынан түрлі заң жобаларына 7 мыңнан аса ұсыныс жасадық. Үкіметке халықты алаңдататын проблемалар бойынша 426 сауал жолдадық. Салыстыру үшін, 5-шақырылымда "Ақ жолдың" әр депутаты орта есеппен 35 сауал, Nur Otan депутаттары алты сауалдан қойған.

Нәтижелерге келсек. "Ақжол" талабы бойынша 2012 жылы үкімет заңды тұлғалардың қылмыстық жауапкершілігі туралы заң жобасын парламенттен қайтаруға мәжбүр болды. 2017 жылы онжылдық күрестен кейін Қылмыстық кодекстен "Жалған кәсіпкерлік" деген бап алып тасталды. Талай кәсіпкер түрмеден босатылды, мыңдаған бизнеске қылмыстық істер жабылды. 2018 жылы "Ақ жолдың" бесжылдық күресі нәтижесінде салықты тексеру мерзімі бес жылдан үш жылға дейін қысқарды.

Шағын бизнес көлеміне келсек. Диқандық, фермерлік шаруашылық шағын бизнеске жатады. "Ауыл" партиясының төрағасы парламентте отырып, ауылдағы шағын бизнес үшін не істегені маған жұмбақ", - деді Азат Перуашев.

"Ақ жол" партиясы: "Ауыл" неге үнсіз қалды?"

Перуашев өз кезегінде сауалын Бектаевқа жолдады. Ол "Ресей саясаткерлері қазақ жеріне көз алартқан кезінде "Ауыл" партиясы неге үнсіз қалғанын" сұрады.

"Сұрағыңыздың негізі жоқ. Осы сұрақты қояр алдында "Ауыл" партиясының әлеуметтік желідегі парақшаларын қарауыңыз керек еді. 15 желтоқсанда партиядан ұсынылған депутаттардың депутаттық кандидаттары атынан Зейін Әліпбек, кейін партияның атынан оның төрағасы ретінде мен арнайы үндеу жасадым.

Қазіргі уақытта Қазақстандағы жер мәселесі туралы айтатындар мен жазатындар көбейіп жатқанын жақсы білеміз. Сіз де саясаткер ретінде басқа елдердің саясаткерлері оны не үшін жасап отырғанын жақсы білесіз. Соның ішінде халқымыз арасында іріткі салу, арамызға от тастау әрекеттері екенін жақсы білесіз. Сондықтан халыққа істеген тірлікті еш уақытта міндет қылмау керек. Мұндай кезде саяси ұпай жинаудың қажеті жоқ", - деп жауап берді Бектаев.

"Парламентте отырып, бюджеттен қаражат алдыңыздар"

Кезек бойынша соңғы сұрақты Бауыржан Байбек қойды. Ол Қазақстан халқы партиясының төрағасы Айқын Қоңыровқа бағытталды.

"Сіздер насихаттардың 30 пайызына тізім ұсындыңыздар. Көп ауданда мүлдем жоқсыздар. Сегіз жыл бойы Парламентте отырып, бюджеттен қаражат алдыңыздар. Соның өзінде өңірлермен ешқандай жұмыс істемеген партия қалайша "Халықтық кеңес" құрмақ?", - деп сұрады Nur Otan төрағасының бірінші орынбасары.

Айқын Қоңыров бұған жауап ретінде "Халықтық кеңес" қалай құрылғанын айтып берді.

"Партиямыздың әр филиалында қоғамдық қабылдау бар. Қоғамдық кеңес ашылған кезде біздің қоғамдық қабылдауымызға жүктеме азаятынына қуандық. Өкінішке қарай, уақыт өткен соң, халық Nur Otan партиясының бірнеше мүшесі кіретін Қоғамдық кеңеспен байланыспайтынын түсіндік. Неге? Себебі кері байланыс жоқ. Қоғамдық қабылдауда азаматтардың ұсынысы бойынша "Халықтық кеңесі" деген арнайы жоба ашып, қосымша көпір салуды жөн көрдік. Себебі еліміздің жоғары билігі мемлекет естуі, әрекет етуі керек деп санайды. Төмендегі ақпарат жоғарыға жетпейді деп ойлаймыз. Жергілікті билік "Халықтық кеңесті" ашу бойынша дұрыс жұмыс істеп, бізді қолдаса екен деп сұраймыз. Себебі құлақ асатын мемлекет әрекет ете білуі де керек", - деді Қоңыров.

"Шетелден неге мамандар келеді?"

Сұрақ-жауап кезінде "Ауыл" төрағасы Әли Бектаев ADAL партиясының өкілі Елдар Жұмағазиевке сауал жолдап, шетелдік мамандарды тарту мәселесін көтерді. 

"Шетелдік сарапшыларды тарта отырып, әр ауданда агробілікті арттыру жөнінде мекемелер құрып, фермерлер оқытсақ дейсіздер. Біз шетелдіктерсіз бір нәрсе істей аламыз ба? Әлде фермерлерді сауатсыз деп ойлайсыздар ма?", - деп сұрады ол.

"Бұл сұрақты өзіңіздің орынбасарыңыз Төлеутай Сатайұлына қойғанда дұрыс болар еді. Ол Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығында қызмет еткен кезінде 12 шетелдік сарапшыны Қазақстанға әкелуге септік еткен. Оның да себебі болар. Бұл орталық - Ауыл шаруашылығы министрлігінің фермерлерді оқытуға бағытталған құрылымы. Менің ойымша, қазір жаһандану заманы, сондықтан "мен бәрін білемін" деп көрпені жамылып жату артық.

Өзіңіз білетіндей, Farm Frites деген компания бізге келді де кетті. Қазақстаннан "картошка фри" жасай алатын компания таба алмады. Қанша инвестиция келуі мүмкін еді, ол да технология жетіспеуінен. Екіншіден, Tyson Foods келді деп айтып жатырмыз. Ол дүние жүзінде мал бордақылау, мал етін сату бойынша бірінші компания. Жанымыздағы "Гормолзавод", Украинадан үш-төрт маман әкеліп, бұрын сиырдан 2,5 мың литр сүт алса, қазір украиналықтар арқасында 3 мың литр сүт алып отыр. Компанияның табысы 98 миллионға көбейген. Сондықтан, қазір жабылудың керегі жоқ", - деді Жұмағазиев. 

Еске салайық, Қазақстан Мәжіліс депуттары мен мәслихаттар сайлауы 2021 жылы 10 қаңтарға жоспарланған.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 446.77   483   4.85 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети