Бүгін қазақстандықтар желіде Сәтбаев қаласы мен Шорнақ аулындағы жағдайды қызу талқылап жатыр. Одан бөлек, елімізде тағы 1687 адамнан коронавирус табылды. Tengrinews.kz тілшісі 24 шілдедегі басты жаңалықтарға шолу жасайды.
Бүгін қазақстандықтар желіде Сәтбаев қаласы мен Шорнақ аулындағы жағдайды қызу талқылап жатыр. Одан бөлек, елімізде тағы 1687 адамнан коронавирус табылды. Tengrinews.kz тілшісі 24 шілдедегі басты жаңалықтарға шолу жасайды.
Тағы 1687 адам COVID-19 жұқтырған
Қазақстанда соңғы тәулікте 1687 адамнан коронавирус табылды. Оның ішінде 776 адам клиникалық белгілері жоқ тасымалдаушы ретінде тіркелді.
Аймақтар бойынша (жалпы/симптомсыз):
Нұр-Сұлтан қаласы - 175 / 98
Алматы қаласы - 247 / 113
Шымкент қаласы - 22 / 6
Ақмола облысы - 49 / 23
Ақтөбе облысы - 32 / 11
Алматы облысы - 78 / 56
Атырау облысы - 180 / 119
Шығыс Қазақстан облысы - 216 / 88
Жамбыл облысы - 75 / 53
Батыс Қазақстан облысы - 89 / 47
Қарағанды облысы - 140 / 56
Қостанай облысы - 54 / 20
Қызылорда облысы - 85 / 26
Маңғыстау облысы - 75 / 36
Павлодар облысы - 61 / 11
Солтүстік Қазақстан облысы - 89 / 6
Түркістан облысы - 20 / 7.
Осылайша, Қазақстан бойынша коронавирус жұқтырғандар саны 78 486-ға жетті. Оның ішінде 49 488 адам аурудан жазылса, 610 адам қайтыс болған.
© Тұрар Қазанғапов
Сәтбаевтағы тәртіпсіздік
Бүгін қазақстандықтар Қарағанды облысы Сәтбаев қаласындағы тәртіпсіздікті қызу талқылап жатыр. Себебі тұрғындар 5 жасар қызды зорлады деген күдіктіні өздері жазаламақ болған.
Оқиға былай басталған. 23 шілдеде кешке қалада бес жасар қыз жоғалып кеткен. Оны іздеуге барлық тұрғын жиналған. Сөйтіп, қыз пәтерлердің бірінен табылған. Пәтерде онымен бірге ер адам болған. Жергілікті тұрғындар кішкентай қыз табылған үйдің алдына жинала бастаған. Олар күдіктіні жазалау үшін бірнеше рет күдіктінің үйіне басып кірмек болған.
Видео кадрларынан
Артынша ашуланған тұрғындар полиция ғимараты маңындағы көліктерді өртегені хабарланды.
Кейін Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарына күдіктіге қатысты тергеу жұмыстарын жан-жақты жүргізіп, оның қорытындысы туралы жұртшылыққа нақты ақпарат беру туралы тапсырма берді.
Желіде қаладағы тәртіпсіздіктің фотосы мен видеолары жарияланып жатыр.
Шорнақ аулындағы қақтығыс
Соңғы кездері Түркістан облысы Шорнақ аулындағы қақтығыс та желідегілердің қызу талқысына түскен. Тәртіп сақшылары қақтығыстың тууына 21 шілде Шорнақ аулындағы тұрғындарының жанжалдасуы себеп болғанын айтты.
Полиция мәліметінше, қақтығыстан кейін белгісіз біреулер жанжалға қатысқандардың бірінің үйіне және туыстарына тас лақтыра бастаған. Сол кезде оқиға орнына Кентау қаласының учаскелік полицейі келген. Ол жарақат алған. Айта кетейік, әлеуметтік желіде оқиға орнынан видео тараған. Полицей беті және киімі қан болған.
Мемлекет басшысы бүгін тұрақтылықты бұзуға талпынған арандатушылардың алдын алып, құқық бұзушыларды заң аясында жауапқа тартуды тапсырды.
Кейін ауылға жақын жерде 80-нен аса адам ұсталғаны белгілі болды. Аймақ әкімінің орынбасары Сәкен Қалқамановтың жазуынша, олар мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде тараған жалған шақыртулардан соң келген.
Заңсыз жасалған 100 тонна дәрі табылды
Сондай-ақ, бүгін Алматы маңында дәрі-дәрмекті қолдан жасайтын жасырын ірі цех анықталды.
Қалалық прокуратураның мәліметінше, құқық қорғау органдары заңсыз жасалған 100 тонна дәріні тәркілеген. Күдіктілер бұл дәрі-дәрмекті "Ротацеф", "Солкосерил", "Регидрон оптим", "Кальций-Д3 Никомед", "Цефамед", "Цераксон", "Цефтазидим" деген атаумен сатпақшы болған.
"Осылайша, құқық қорғау органдары елдегі көтерме және бөлшек сауда желісі арқылы сапасы күмән тудыратын дәрі-дәрмекті сату әрекетін тоқтатты. Бұл факті бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, тиісті сараптама тағайындалды", - делінген хабарламада.
Мың қорап дәрі-дәрмек пен 8,5 миллион дана медициналық маска тәркіленіп, олар қалалық денсаулық сақтау мекемелеріне берілген.
Қазақстанда қандай әкімдер отставкаға өтініш берген?
Бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қандай әкімдер отставкаға өтініш бергенін жариялады.
Агенттік өткен жылдың соңында қабылданған басшылардың отставкаға кетуі және бағыныштылардың сыбайлас жемқорлық әрекеті үшін басшылардың тәртіптік жауапкершілігі туралы заңнамалық норманың орындалуына мониторинг жүргізуді жалғастырып жатқаны хабарланған.
Отставкаға өтініш бергендер ішінде Жамбыл облысы Шу ауданының әкімі, БҚО Шыңғырлау ауданының әкімі, Қарағанды облысы Сәтбаев қаласы әкімі, Қостанай облысы Рудный қаласы аппаратының басшысы бар.
Сондай-ақ ведомствоның хабарлауына қарағанда, бүгінде сотқа дейінгі тергеу және сот талқылауы кезеңінде бірқатар мемлекеттік қызметкерлерге қатысты қылмыстық істер бар. Олар қылмыстық жауапкершілікке тартылған жағдайда отставкаға саяси мемлекеттік лауазымды атқаратын 16 басшы беруі тиіс.