ОЦЕНИТЕ РАБОТУ АКИМА
21 апреля 2019 | 12:00

Шетелде жасырынып жүрген атышулы қазақстандықтар. 2-бөлім

ПОДЕЛИТЬСЯ

Мемлекет қаржысын қалтаға басып, шетел асқан шенеуніктердің қарасы қалың. Бүгінге дейін кейбірі елге экстрадицияланған. Ал қалғандары миллиардтарды қолды қылып, шетел көшелерінде сескенбей жүр. Өткен аптада желіде Атырау қаласының экс-әкімі Бергей Рысқалиевтің Лондон көшелерінде жайбарақат жүргені түсірілген видео жарияланған еді. 


Иконка комментария блок соц сети

Мемлекет қаржысын қалтаға басып, шетел асқан шенеуніктердің қарасы қалың. Бүгінге дейін кейбірі елге экстрадицияланған. Ал қалғандары миллиардтарды қолды қылып, шетел көшелерінде сескенбей жүр. Өткен аптада желіде Атырау қаласының экс-әкімі Бергей Рысқалиевтің Лондон көшелерінде жайбарақат жүргені түсірілген видео жарияланған еді. 

Сол кезде Tengrinews.kz тілшісі халықаралық іздеуде жүрген қазақстандық бес шенеунік туралы баяндаған болатын. Бүгін әлі ұсталмай жүрген тағы бес қазақстандықтың тізімін ұсынамыз.  

Мұхтар Әблязов

"Шетелдегі қашқындар" деген тіркесті естісе, халық бірден Мұхтар Әблязовті еске түсіретін шығар. Негізі Әблязовтің кәсіпкер әрі шенеунік ретінде карьерасы табысты болған еді. 1998 жылдың сәуірінен бастап бір жарым жыл бойы Қазақстанның энергетика, индустрия және сауда министрі, 2005- 2009 жылдар арасында БТА банкі директорлары кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарған.

Бірақ оған тағылған айып та аз емес. ҚР Бас прокуратурасы оған үлкен көлемде алаяқтық жасады, жалған компаниялар арқылы ақша жымқырды, қылмыстық топ құрды деп айыптаған болатын. Экс-министрдің мемлекет бюджетінен нақты қанша ақша ұрлағаны туралы ресми ақпарат жоқ. Кей дереккөздер бойынша, Әблязов өз жақтастарымен бірге оффшор арқылы 10 миллиард долларға дейін қаражатты қалтаға басқан.

2009 жылы кәсіпкер Қазақстаннан қашып, содан бері түрлі елде анда-санда қара көрсетіп жүр. Басында Ұлыбританияда тұрған, кейін автобус арқылы Францияға қашқан. Артынша француз түрмесіне қамалған. Бірақ Франция соты оны экстрадациялаудан бас тартып, ол бостандыққа шықты. Қазақстаннан бөлек, кәсіпкерге Ресей мен Украина да іздеу жариялаған.

Бүгінге дейін елімізде бірнеше сот оны сырттай соттап тастаған. 2017 жылы Әблязов сырттай 20 жылға сотталған еді. Ал былтыр сот Ержан Тәтішевтің өліміне тапсырыс берді деген айыппен экс-шенеунікті өмір бойына бас бостандығынан айырған болатын. Бүгінде Мұхтар Әблязовке қатысты 160-тан аса эпизод пен екі мыңға жуық томнан тұратын қылмыстық іс қозғалған.

Рүстем Тұрсынбаев

Рүстем Тұрсынбаев он жылдан бері елден жырақта жүр. 2009 жылы "Қазатомөнеркәсіп" АҚ вице-президенті оффшор арқылы ақша ұрлап, Канадаға қашып кеткен. Ол ұйымдастырылған қылмыстық топ ашу және оны басқару, басқаның ірі көлемдегі мүлкін талан-таражға салу, заңсыз жолмен тапқан қаражатты заңдастыру, салықтан жалтару және жалған құжат дайындау бойынша айыпталды. Қазақстан бас прокуратурасының мәліметінше, ол 70 миллион долларды қолды қылған.

Тhestar.com ақпараты бойынша, Тұрсынбаев өз отбасымен бірге 2009 жылы Канадада төрт жатын бөлме, жеті ванна бөлмесі және бассейні бар пәтерді 3,6 миллион долларға сатып алған. Бір ай өтпей жатып Рүстем Тұрсынбаев сол зәулім үйін әйеліне бар болғаны екі долларға сатып жіберген.


Рүстем Тұрсынбаевтың Facebook парақшасынан

Бірақ кәсіпкердің шалқыған өмірі ұзаққа созылмады. 2012 жылы Торонто полициясы мен Канада шекара қызметінің агенттігі Тұрсынбаевты иммиграция ордері бойынша тұтқындаған. Себебі кәсіпкер Канадаға көшер алдында 41 000 доллары ғана бар екенін айтып, 11 күннен соң швейцариялық банк арқылы бірнеше миллион доллар аударған. Бұдан кейін Тұрсынбаев Сент-Китс және Невис Федерациясының құжатын алып, Канададан сол жаққа қашуды жоспарлаған.

Қазір ол Канадада үй қамауында. Аптасына үш күн ғана үйінен шыға алады. Қаладан алысырақ кетсе, есеп беруге міндетті.

Мағзұм Абдралиев

Мағзұм Абдралиев - "Қорғас ісі" бойынша қылмыстық топтағы басты фигуранттардың бірі. Ол бұрынғы мемлекеттік қызметкерлер Талғат Жақаев, Ерлан Әбдірахманов пен Бақытбек Құрманалиевке шет елде қаражатты заңдастыруға көмектесті деген күдікке ілінген. Абдралиев - 2012 жылдан бері халықаралық іздеуде.

2011 жылы жоғарыда аталған мемқызметкерлердің контрабанда және кедендік алаяқтықпен айналысқаны анықталып, ол "Қорғас ісі" деп аталып кеткен болатын. Абдралиевтің "ТАТ Кредит" компаниясы заңсыз жолмен келген сол қаражатты заңдастырумен айналысқан.


"Қорғас ісі" бойынша сотталғандар

Былтыр швейцариялық Rothschild Bank Zurich банкінен Мағзұм Абдралиевке тиесілі 1,3 миллион доллар табылған болатын. Кейін Абдралиев басқарған "ТАТ Кредит" компаниясының кеңсесін тінту барысында 762 мың доллар мен 915 мың теңге табылған. ҚР Бас прокуратурасының мәліметінше, Абралиевтің есепшоты мен кеңсесіндегі ақшаны тәркілеудің арқасында елдің қазынасына 2 миллион доллардан астам қаражат түскен.

Кей дереккөздер бойынша, 2011 жылы тергеу басталған кезде Абдралиев Түркияға қарай қашқан. Қазір ол туралы ешқандай ақпарат жоқ.

Әли Исмаилов

17 жыл бойы алдыңғы қатарда болған "Гульнар Тур" туристік компаниясы осыдан бес жыл бұрын дауға қалған еді. Компания директоры Әли Исмаилов ірі көлемде алаяқтық жасады деп айыпталды.

2014 жылы туроператордың кесірінен жүздеген қазақстандық Түркиядан елге орала алмай қалған еді. Көбі жоспарлаған демалысына да ұша алмаған болатын. Сол жылы Әли Исмаилов бұл мәселені өз күшімен шешуге уәде берген. Бірақ бірнеше айдан соң Исмаилов өз отбасымен бірге елден қашып кеткен.

Бүгінге дейін он мыңдаған турист Исмаиловтың компаниясынан зардап шеккен. Сақтандырушылар компания келтірген залалды 609 миллион теңгеге бағалады.

Қазір Әли Исмаиловтың қайда тұрып жатқаны белгісіз. Ал балалары Лондонда оқып, сол жақта тұрып жатыр. Қазақстанның құқық қорғау органдары кәсіпкердің қайда екенін әлі анықтай алмай отыр, оған халықаралық іздеу жарияланған.

Талапкер Иманбаев

Қазақстанда міндетті медициналық сақтандыру жүйесінің күйреуіне Талапкер Иманбаев кінәлі деп саналады. ММСҚ бұрынғы басшысының іздеуде жүргеніне жиырма жылдан асқан. 1998 жылы ол үйренуші визасы арқылы елден кетіп, АҚШ-қа қоныстанған. Оған Міндетті медициналық сақтандыру қорының қаржысын ұрлады деген айып тағылған болатын.

2001 жылы қазақстандық сот оны сырттай 9 жылға бас бостандығынан айырған еді. Сол кезде сот оны ұйымдастырылған қылмыстық топ құрды және оны басқарды, мемлекет сеніп тапсырған қаржыны жымқырды деген айып бойынша кінәлі деп таныған.

АҚШ 1998 жылы Талапкер Иманбаевқа саяси баспана берген. 2014 жылы Иманбаев Forbes.kz сайтына берген сұқбатында осылай деді.

"АҚШ мен көрсеткен құжаттардың негізімен маған саяси баспана берді. Америкадағы мекен-жайымды қазақстандық органдар 2000 жылдан бері біледі. Отбасым жанымда. Әйеліммен бірге үш ұлымызды тәрбиелеп отырмыз. (...) Қазір бір компанияда инженер болып жұмыс істеймін", - деген еді экс-шенеунік.

Талапкер Иманбаевтың мемлекетке келтірген залалы 900 миллион теңгеден асады.

Читайте также
Join Telegram
Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная Иконка меню мобильная
Иконка закрытия мобильного меню

Курс валют

 494.98   521.17   4.92 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети