Ақын Мұқағали Мақатаевтың 380 өлеңін жатқа білетін Дәурен Сағынғалиев осымен алтыншы жыл мұғалімдік қызметте. Бүгінге дейін талай талапкерге ҰБТ-да жоғары нәтижеге жетуге себепкер болған жас мұғалім "Білім беру саласының үздігі" атанған. 2017 жылы ҰБТ-да еліміз бойынша ең жоғары балл жинаған Саят Тасан Дәуреннің төл шәкірті. Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында кейіпкеріміз мұғалімдік жолды неге таңдағанын, педагогтар әулетінен шыққаны, Қазақстанда ҰБТ-дан бәйгенің алдын бермей келе жатқан өзі білім алған мектебі туралы әңгімелеп, тестілеуге кіретін талапкерлерге ақыл-кеңесін аямады.
Ақын Мұқағали Мақатаевтың 380 өлеңін жатқа білетін Дәурен Сағынғалиев осымен алтыншы жыл мұғалімдік қызметте. Бүгінге дейін талай талапкерге ҰБТ-да жоғары нәтижеге жетуге себепкер болған жас мұғалім "Білім беру саласының үздігі" атанған. 2017 жылы ҰБТ-да еліміз бойынша ең жоғары балл жинаған Саят Тасан Дәуреннің төл шәкірті. Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында кейіпкеріміз мұғалімдік жолды неге таңдағанын, педагогтар әулетінен шыққаны, Қазақстанда ҰБТ-дан бәйгенің алдын бермей келе жатқан өзі білім алған мектебі туралы әңгімелеп, тестілеуге кіретін талапкерлерге ақыл-кеңесін аямады.
26 жастағы Дәурен - Орал қаласының тумасы. Дарынды балаларға арналған мектеп-интернатын "Алтын белгіге" тәмамдаған. Кейін Алматыға келіп, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқып жүріп, М.Мақатаев атындағы №140 гимназияға жұмысқа қабылданған. Қазіргі таңда - Абай атындағы Қазақ ұлттық университетінің (PhD) докторанты.
Алматы әкімі Бауыржан Байбекпен
Дәуреннің айтуынша, өзі сабақ беретін мектеп 2015 жылдан бастап бүгінге дейін тарих пәнінен ҰБТ-да қала деңгейінде көш басында келеді. Ал 2017 жылы бұл мектеп республикада ең жоғары нәтижелердің біріне жеткен. Қазақстан тарихы пәнінен барлық оқушының орташа балы 20 балдық жүйеде 19,7-ні көрсеткен. Ал 25 балдық жүйеде Мұқағали мектебінің орташа балл көрсеткіші 24,2 болған.
"ҰБТ-да жекелеген пәндер емес, оқушының барлық пәндер бойынша жинаған балы айтылады. Ол түсінікті жағдай. Бірақ, Қазақстан тарихы пәнінен 19,7 деген орташа баллды бүкіл мектеп бітіруші көрсетуі үшін, мұғалім тарапынан тынымсыз еңбектің болғандығы ақиқат", - дейді мұғалім.
Мұндай жоғары көрсеткішке өз шәкірттерін баптай білген мұғалім, жетістікке жетуімнің құпиясы деп өзі білім алған мектептегі білім дәрежесін атап отыр.
"Бұл мектеп - Батыс Қазақстан облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернат. 2004 жылдан бастап ҰБТ басталса, күні бүгінге дейін республикада тұғырынан түспей келе жатқан мектеп. Тек университет қана емес, баланың іргетасы қаланатын мектеп мықты болса, оның жетістікке жетуге деген мүмкіндігі өте зор. Мәселен, біздің мектепте бір сабақ 80 минутқа созылатын. Басқа мектептердегі сабақтың ұзақтығы 40 минут. Яғни, үй тапсырмасын пысықтауға, жаңа тақырыпты түсіндіруге уақыт жеткілікті.Тағы бір ерекшелігі, сыныпта оқитын бала саны 10-нан аспайтын. Міне, аталған жағдайлар баламен жан-жақты, толыққанды жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Бұл мектепте 9, 10, 11-сыныптар ғана оқиды", - дейді Дәурен.
Сондай-ақ, жас мұғалім неге педагог мамандығын таңдағанын түсіндірді.
"Қазіргі таңда Педагогика және психология мамандығы бойынша докторантурада оқып жатырмын, Ұстаздарымының өмірге, қоғамға, қызметке деген көзқарасы сүйіспеншіліктен тұрғаннан кейін шығар, мен де мұғалімдікке бет бұрып, бала оқытуға "аш қасқырдай" кірісіп кеттім. Өйткені қоғамда әлденені сынай бергенше, әсіресе мектеп туралы жағымсыз пікір айтып, ол жердегі мұғалімнің дәрежесі жайлы сөз қозғағанша, бірінші адам сол мектептің ортасына барып, қайнап көруі керек. Мектептің ауласын көрмеген ата-ана, мектептің "аурасын" қайтіп сезінсін", - дейді ол.
Оның айтуынша, қоғамда мектепте жалақы аз, сондықтан ол салаға барудың қажеті жоқ деген ұғым қалыптасып, сондықтан басқа салаға барып кәсібімді дөңгелетсем дейтіндер бар. Бұған, оның пікірінше, қаржылық жағдай себеп.
"Өйткені бұл заман - "Сананы тұрмыс билейтін заман". Менің жағдайымда қаражат өзгеден бай-қуатты, асып-тасып өмір сүру үшін емес, күнделікті қажетімді қанағаттандыратын заттарға жұмсалатын ақша мөлшері. Мұғалім боламын дейтін адамның бойында бірінші кезекте баланы сүйетін қасиет болуы керек деп ойлаймын. Баланы сүймеген адам ешуақытта мұғалім бола алмайды. Адам не нәрсені сүйсе, соның құлы болуы тиіс. Менің ұстаздыққа бет бұруыма мұғалімдер әулетінен шыққаным себеп деп ойлаймын. Байқасаңыз мұғалімдіктің шыңында жүрген, ұстаздықты кәсіп еткен қайбір адамның тегіне қарасаңыз, ата-тегінде мұғалімдік, ұстаздық жолда жүрген адамдарды кезіктіруге болады. Анамыз тоғыз ағайынды болса, оның жетеуі мұғалімдік қызметте. Әкем жағы әскери адамдар. Мұғалімдік мәдениет пен әкемнің қатал тәртібін көргеннен кейін мұғалімдікке келуім тосын құбылыс деуге болмас", - дейді ол.
Осыдан кейін Дәурен мұғалімнен ҰБТ-ға дайындалу барысында назар аударуға тиісті жағдайлар мен оқушыларға арнап шығарған оқулығының ерекшеліктеріне тоқталып өтуін сұрадық.
"Қытайдың мынадай бір даналығы бар - "Мектепте қанша мұғалім болса, сонша әдіс бар". Бірінші кезекте айтарым, егер мұғалім өз пәнін бүге-шүгесіне дейін білмесе, одан жоғары балл жинайтын шәкірт күтуге болмайды. Біз мұнда мұғалімнің жеке білігі жайлы әңгіме қозғап отырмыз. Мәселен ЖОО бітірген маман мектепке барып, міндетті түрде ҰБТ-ға керемет дайындайтын мұғалім болып кетеді деп айта алмаймыз. Өйткені, ЖОО-да оқытатын тарих пен мектепте оқытатын тарихтың арасында айырмашылық бар. Университет қабырғасында әрбір елдің тарихы кезең-кезеңмен қарастырылып, әр түрлі көзқарастар мен пайымдауларға жол берілетін болса, мектепте ҰБТ-ға дайындайтын мұғалім балаға нақты фактіні көрсетіп, оны дұрыс жеткізе алуы тиіс. Мектептегі білімнің проблемасы - әрбір төрт жыл сайын мектеп оқулықтары ауысып отырады, яғни жаңартылып, қайта басылады. Көп мұғалім осыған назар аудармай жатады. Ал онда кейбір тарихи деректер толықтырылып, өзгеруі мүмкін. Өзім шығарған қосымша оқу құралында бұл мәселеге аса назар аударылған. ҰБТ-ға дайындайтын мұғалім мұны назарға алу керек", - дейді ол.
Екіншіден, оның пікірінше, оқушылармен қарастырған параграфтың көлеміне қарай оларға сұрақтар қойып, жабық тест алып отыру керек. Бақылау нәтижесіне қарай, міндетті түрде қатемен жұмыс істеу тиіс. Мектеп оқулығының тиісті параграфынан сұрақтың дұрыс жауабын қарастырып, талдау жұмыстарын жүргізу қажет. Мұғалімнің сөзімен айтқанда, "11-сыныпқа келгенде "сақтарды" білмеген баладан, сақ болу керек".
"Одан кейін, мен көп қолданатын әдістің бірі - карта. Кезінде математика былай үйрететін еді: егер сен геометрияда есептің суретін дұрыс сала білсең, онда сен есептің жартысын дұрыс шығарғаның. Тарих та сол секілді, оқушы картаны жақсы білетін болса, оның сұраққа дұрыс жауап беру ықтималдығы зор. Бүкіл ҰБТ сұрағы картамен байланысты деп тұрғаным жоқ, жалпы басым бөлігін карта арқылы анықтауға болады. Мәселен, Шыңғыс ханның ұлдары жайлы сұрақ келді делік - "Қазақстан жерін қамтыған Шыңғыс хан ұлыстары". Бір бала "Жошы, Шағатай, Үгедей" деп жаттап алуы мүмкін. Ол көбіне ұмытылады. Ал карталық әдісте Жошы ұлысының қай жер екенін көрсетсең, оның Шығыс Дешті Қыпшақты қамти отырып, бүкіл монғолдың ат тұяғы жеткен жерге дейін барғанын айтсаң оқушыда ұлыс туралы нақты түсінік қалыптасады. Одан бөлек Үгедей ұлысын қарастырсақ, ол дегенің Алтай, Тарбағатай, батыс Моңғолия жері, одан кейін Шағатайдың жерін қарастырамыз, ол біздің мына Жетісу, Оңтүстік-Шығыс Қазақстан, Шығыс Түркістан деп білуге болады. Ақпаратты осылай жеткізетін болсаң, баланың жадында бұл білім ұзақ уақытқа сақталады", - деп әңгімеледі ол әдістемесінің ерекшелігін.
Әдістемесінің тағы бір ерекшелігі сұрақ мәтініндегі мәліметтердің әрқилы болып өзгеріп келуіне назар аудару екен. Мәселен, "1797 жылы Сырым Датұлы хан ордасына шабуыл жасап, Есім ханды өлтіргеннен кейін қалыптасқан жағдай. Жауабы - патша үкіметі қазақ даласына жазалаушы отряд жіберді". Мысалы осы сұрақты оқыған бала жауапқа ғана көңіл бөлуі мүмкін. Бірақ бұл тесттің өзінен тестке енгізуге болатын 5 сұрақ шығара аламыз: Сырым Датұлы Хан ордасына шабуылды қашан жасады? Жауабы - 1797 жылы. 1797 жылы Хан ордасына шабуыл жасаған кім? Жауабы - Сырым Датұлы. Осылай жалғастыра беруге болады. Яғни, мұғалім бұл сұрақты оқытқанда осы оқиғаның маңызына көңіл бөлуі керек. Балалардың жиі жіберетін тағы бір қателігін айтайын, Исатай мен Махамбет бастаған көтеріліс қай жылдары болды десең, көбісі 36-38-жылдары дейді. Ал осы сұрақ ғасырмен сұралса не болады? Сондықтан, жылды толық айтуды міндеттеу керек. Мысалы, 1836-1838 деп. Яғни, сұрақтың мәнін түсініп, көтеріліс туралы жан-жақты білімі болғанын қадағалау керек", - дейді Дәурен.
Оның айтуынша, көп мұғалім нақты сандарды жаттауды ғана талап етеді. Ал бұл дұрыс емес, "Есім ханның заманы" деп сұрақ қойғанда, бала "1598-1628 жж" деп жауап береді. Осы кезде мұғалім дереу баланы тоқтатып, оның тұсындағы тарихи оқиғаларды нақтылауы тиіс. Әріден айтқанда, ол қазақтың ханы, қазақ қоғамына өлшеусіз еңбек сіңірген, бұхарлықтармен соғыста жеңіске жетіп, заңдар жинағын жасап шығарған Есім хан екенін ұлықтауымыз керек. Тарихты дәріптегенде құр балл үшін ғана оқытпауымыз керек. Ол бөтеннің емес, біздің тарих, нақтылықты, дәлдікті, шынайылықты талап ету керек", - дейді ол.
Жас мұғалім ҰБТ-ға кіргелі отырған талапкерлерге мынадай кеңесін береді:
"Қай уақытта да еңбекке көбірек көңіл бөлу керек. Өйткені құр жанайқаймен жетістікке жетемін деген бос сөз. Құр бағыңа сеніп қана ҰБТ-ға кіруге болмайды. Жетістікке адал еңбекпен, маңдай термен жету керек. Содан кейін, тест жақындағанда бүкіл әулие-әмбиенің басын түгендеп кететін әдет бар. Тест мұрынның ұшына тақалғанда бұндай қадамға барудың қажеті жоқ. "Еңбек - ер атандырады" деген сөзді бабалар бекер айтпаған. Соған сеніп, өзіңе деген талабыңды күшейту керек. Білімге келгенде қазақтың әр баласы қанағатсыз болса екен деймін. Өмірде қанағаттың не екенін білген дұрыс, бірақ білімде қай қазақ баласы да қанағатсыз болса екен деген ойдамын.
ҰБТ-ға кіретін түлектің бес қателігі
- Біріншіден, ҰБТ-ның алдында, ұйқы режимін бұзбау керек. Түнімен шаршаған баланың балы жоғары болып кетпейді. ҰБТ алдында баланың психологиялық дайындығы қалпында болуы керек.
- Екіншіден, мәселе 140 балл алуда емес, грантқа түсуге мүмкіндік беретін көрсеткішке ұмтылуың керек. Көп талапкерлер алдына мақсат қойғанда, 140 балл алуды міндет санайды. Қалаған мамандыққа түссең, одан артық армандаудың қажеті жоқ секілді.
- Үшіншіден, ҰБТ кезінде қасыңда отырған оқушының көмегіне жүгінбе. Өзі білмей, өзгеге ақыл айту біздің сүйікті ісіміз боп кеткен. Сенің нәтиже үшін сен ғана жауаптысың.
- Төртіншіден, қандай нәтиже көрсетсең де, оған бола еңсеңді түсірме. Біреулер сен жинаған балды да көрсете алмады. Үміттің құлан иек құла таңы сен үшін атпай қоймайды. Сен бағындыратын жетістіктер әлі алда.
- Бесіншіден, ниетің оң, білімің терең, көзқарасың дұрыс болса, мақсатыңа жетпей қоймайсың. Баяғыда бір жас жігіт данышпанды сынамақ болып барады екен. "Қолыма көбелек ұстап барамын, тірі десе, қысып өлтіремін, өлі десе, тірі күйінде көрсетемін" деп қулығын асырмақ болыпты. Сөйтсе, данагөй оған "Барлығы өз қолыңда" депті. Сол секілді бәрі де әрбір түлектің өз қолында".