Қазақстандағы кедейлердің 60 пайыздан астамын әйелдер құрайды. Бұған еңбекақы айырмашылығы, экономикалық белсенділіктің төмендігі және ақысыз күтім жүктемесінің көптігі себеп.
Осы ретте Tengrinews.kz тілшісі үй шаруасындағы әйел еңбегінің нарықтағы құны қандай және ол қазір қоғамда қаншалықты бағаланып жүргенін білу үшін белсенді қазақ әйелдерінің пікірін білді.
Гендерлік теңсіздік және "аналық үшін жаза"
Қазақстандағы БҰҰ "UNFPA" қорының Құрметті Елшісі, Алматы қаласы әкімінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясының мүшесі Ақмаржан Көшербаева экономикалық тәуелділіктің басты себебін елдегі гендерлік теңсіздікпен байланыстырады.
"Зерттеулерге қарасақ, тамыр жайған әлеуметтік кемсітушілік, стереотиптер мен қалыптасқан нормалардан туындайтын үйдегі міндеттердің теңсіз бөлінуі бар. Әйелдер ерлерге қарағанда күн сайын үй шаруасына үш сағат артық уақыт жұмсайды. Сондай-ақ, "әйел үйде отыруы керек, бала тәрбиесімен айналысуы тиіс" деген түсінік олардың еңбек нарығындағы мүмкіндіктерін шектеп, мансапта өсуіне де кедергі келтіреді. Бұл кәсіпкерлікке қатысуға да бөгет жасайды", – деді Ақмаржан.
Оның айтуынша, баласы бар әйелдердің мансапта өсу мүмкіндігі, баласы жоқ әйелдер мен ер адамдарға қарағанда, әлдеқайда шектеулі, әрі олардың жалақысы төмен болатыны зерттеулерде анық көрсетілген.
"Аналық үшін жаза" деген термин бар. Бұл – бүкіл әлемдегі әйелдердің жұмыс орындарында кездесетін проблема. Ол төмен жалақыдан, қызметтегі бәсекеге қабілеттіліктің аздығынан, өсуге қатысты кемсітушіліктерден байқалады", – деді сарапшы.
Саясаттағы "шынылы төбе"
Елші қоғамның стеротипті үміті мен дәстүрлі көзқарастар әйелдерге ересек өмірде де кері ықпалын тигізеді дейді.
"БҰҰ Халық қорының (UNFPA) 2024 жылы Қазақстанда жүргізген зерттеуінде қазақстандық ерлердің 68%-ы "әйелдің басты рөлі – бала тәрбиесімен айналысу" деп есептесе, өкінішке қарай, әйелдердің 50%-ы осы пікірді қолдаған. Мұндай патриархалды түсінік әйелдердің барлық салада өсуін шектеп, нәтижесінде "шыны төбеге" тірелуге алып келеді. Яғни стратегиялық шешім қабылдау, кәсіби өсу немесе мансапта ілгерілеу мүмкіндігінен айырылады. Орталық Азиядағы басқа мемлекеттермен салыстырғанда, биліктегі әйелдердің үлесі Қазақстанда ең аз – небәрі 17%. Парламентте де, министрлік деңгейінде де, басшылық қызметтерде де әйелдер саны аз. Мұндай жағдай әсіресе Қазақстан мен Ресейде қатты байқалады", - деді ол.
"Бір елдің жалпы ішкі өніміне тең"
Әйелдердің үй шаруасында атқарып жүрген еңбегі кейде тұтас бір мемлекеттің жалпы ішкі өніміне тең деп бағаланғанын зерттеулер көрсеткен.
"Адам капиталы – ел экономикасының өсуінің басты негіздерінің бірі. Бірақ Қазақстан мұны әлі жеткілікті деңгейде пайдалана алмай отыр. Ал демография мен білім деңгейі бойынша әйелдердің үлесі басым екені белгілі. Тағы бір қызықты зерттеуде Қазақстандағы ерлер мен әйелдердің зейнетақы жинағында айтарлықтай айырмашылық бары айтылған. Ерлердің зейнетақы қоры әйелдердікінен жоғары. Ал өмір бойы толыққанды жұмыс істемеген әйелдердің өмір сүру ұзақтығы көбірек. Қазір елдегі әйелдердің орташа өмір жасы – 80 жыл, ал ерлердікі – 70 жыл. Бұл қарт жастағы кедейліктің "феминизациясына" әкеліп отыр, әрі бұл да шешілуі тиіс мәселе", – деді ол.
"Ажырасқанда баспана әйелде қалсын"
Жиһанкез-жазушы, екі баланың анасы Динара Болат үй шаруасындағы әйелдің еңбегін әмбебап қызметкердің еңбегімен теңестіреді.
"Үй шаруасындағы әйелді әмбебап қызметкер деуге болады. Оның мойнында сан түрлі шаруа мен қызмет бар. Егер осыны нарық бағасымен есептесек, жалғызбасты әке бір өзі бала тәрбиелеп, үйді ұстап тұру үшін кемінде 150 мыңнан 300 мың теңгеге дейін ақша жұмсар еді. Сондықтан мемлекет тарапынан үй шаруасындағы әйелдерге жәрдемақы төленсе, оның мөлшері осы деңгейден төмен болмауы керек", – деді ол.
Динара Болаттың пікірінше, қоғамдық қатынаста үйде отырған әйелді қызметтегі әйелден төмен санатқа жатқызуға болмайды.
"Қазіргі таңда үйде отырып та өзін дамытып, табыс көзін тауып, балаларын түрлі үйірмелерге апарып жүрген әйелдер аз емес. Олар "көлеңкеде қалған" немесе "артқы қатардағы" емес, қоғам алдында жарқырап жүрген белсенділермен тең. Ең бастысы – көзқарас пен мойындау. Үйде отырса да, жасап жүрген еңбектерін, жетістіктерін бағалау маңызды", – деді жазушы.
Сонымен бірге ол әйелдердің әлеуметтік қорғалуын күшейтуді ұсынады:
"Бала босанғаннан кейін әйелдің денсаулығында түрлі өзгерістер орын алып, ол қосымша салмақ түсіреді. Сол себепті медициналық сақтандыру толыққанды спектр бойынша жұмыс істеуі керек. Ал күйеуі "үйде отыр" деп талап қойған әйелдер ажырасқан кезде көбіне далада қалады. Сондықтан баспанаға қатысты даулар әйелдің пайдасына шешілетіндей заңдық өзгерістер енгізілуі қажет", – деді Динара Болат.
Кімнен үлгі аламыз?
Әлемнің көптеген елдерін аралап жүрген жазушы, жиһанкезден "қай елді үлгі тұтсақ болады?" деп сұрағанда, ол бірнеше мысал келтірді.
"Мен тұрып жатқан Малайзияны мысалға алсам, бұл мұсылман мемлекеті. Мұнда әйелдер белсенді қызмет атқармайды, көбіне үйде отырады. Дегенмен, бір қалыптасқан жағдай бар – отбасылық кірісті түгел әйел адам ұстайды. Әйел ақшаны отбасылық қажеттіліктерге және жеке қажетіне еркін жұмсайды. Біздегідей жолдасынан ақша сұрай беру жоқ, керісінше, жолдасы табысын үй шаруасындағы әйеліне тапсырады. Бұл маған ұнайды. Сондай-ақ, тағы бір жақсы тәжірибе – Оңтүстік Кореяда. Мұнда жаңа босанған келіншектерге мемлекет тарапынан арнайы жағдай жасалады. Арнайы санаторийлер бар. Жалпы ұрпақ тәрбиелеп отырған әйелдерге жағдай жасау тәжірибесі Корея мен Жапонияда жақсы дамыған. Себебі ол жақта қарт адамдар көп, ал туу көрсеткіші төмен. Сол үшін бала тууға ынталандыру мақсатында әйелдерге жан-жақты қолдау көрсетіледі", – деді ол.
"Айлығы жоқ менеджер"
Кәсіпкер, екі баланың анасы Орынгүл Алмат үй шаруасындағы әйелдің рөлін бірнеше мамандықтың синтезі ретінде бағалайды.
"Үй шаруасындағы әйел – бір ғана рөлді емес, бірнеше мамандықты қатар алып жүретін адам. Ол – аспаз да, бала күтуші де, мұғалім де, психолог та, тіпті отбасылық менеджер де. Егер осы еңбекті нарық бағасымен есептесек, айына кем дегенде 500–900 мың теңге шамасында еңбекақы алар еді. Бұл тек ақша өлшемімен қарағанда. Ал шын мәнінде оның еңбегінің құнын өлшеу мүмкін емес", – деді кәсіпкер.
Орынгүл Алматтың сөзінше, үй шаруасындағы әйел еңбегі ресми статистикаға кірмегендіктен, қоғамда ол табиғи "әйелдің міндеті" ретінде қабылданады.
"Бірақ шын мәнінде ол – отбасын ұстап тұрған негізгі тірек. Сондықтан "көрінбейтін жұмыс" деп аталса да, қоғамның тұрақтылығы үшін аса маңызды", – деді ол.
Кәсіпкердің ойынша, нақты қадамдар жасалуы қажет:
"Біріншіден, үйде отырған әйелдерге зейнетақы жарналары аударылуы тиіс. Бұл олардың болашақтағы әлеуметтік қорғанысын қамтамасыз етеді. Екіншіден, "үй шаруасындағы әйел" мәртебесі заң жүзінде мойындалса, оған деген көзқарас өзгереді. Үшіншіден, аналарға арналған әлеуметтік пакет қажет: медициналық сақтандыру, қайта оқып мамандық алу мүмкіндігі, жеңілдіктер. Бұл шаралар әйелдің еңбегін мойындау ғана емес, бүкіл отбасы мен қоғамға жасалған инвестиция болады", – деді Орынгүл Алмат.
Әйел - кедейліктің келбеті
Жуырда шыққан ресми статистика әйел - қоғамдағы кедейліктің келбеті екенін көрсетті. Қазақстанда еңбекке қабілетті жастағы 1,68 миллион әйел мүлде жұмыс істемейді. Бұл - барлық әйелдің 37,1 пайызы, ал ерлер арасында бұл көрсеткіш 27 пайыз. Яғни, әрбір үшінші қазақстандық әйел үйде отырады, ол оны өзі қалағаннан емес, жұмыс табу мүмкіндігі болмағандықтан немесе оны отбасылық міндеттерімен ұштастыра алмағандықтан.
9,4 миллион еңбекке қабілетті қазақстандықтың ішінде әйелдер сәл аздау - 4,5 миллион, ерлер 4,9 миллион. Тек 59 пайыз әйелдің ғана жұмысы бар, ал ерлерде - 70 пайыз. Айырмашылық - 11 пайыздық. Бұл дегеніміз елдегі әйелдердің жартысына жуығы экономикалық тұрғыда ерлерге немесе мемлекетке тәуелді деген сөз.
Ешқашан жұмыс істемегендер статистикасы тіпті алаңдатарлық: 81 852 әйелге қарсы 58 078 ер адам. Бұл - жеке таңдау емес, қыздарды бала кезінен кәсіби мамандыққа емес, үй шаруасындағы әйел рөліне дайындайтын жүйенің нәтижесі.