ОЦЕНИТЕ ДЕПУТАТОВ МАЖИЛИСА
12 сентября 2019 | 17:24

"Юаньмен инвестиция құю". Тоқаевтың Қытайға сапары қалай өтті

viewings icon comments icon

ПОДЕЛИТЬСЯ

whatsapp button telegram button facebook button
© akorda.kz © akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға екікүндік сапармен барып қайтты. Tengrinews.kz тілшісі Президенттің сапар барысындағы кездесулері мен келіссөздеріне шолу жасайды. 

whatsapp button telegram button facebook button copyLink button
Иконка комментария блок соц сети

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға екікүндік сапармен барып қайтты. Tengrinews.kz тілшісі Президенттің сапар барысындағы кездесулері мен келіссөздеріне шолу жасайды. 

Қытайға мемлекеттік сапары барысында жоспарланған кездесулердің бәрінде Президент баяндамасын қазақ тілінде оқыды.

"Қазақстан бұл сапарға үлкен мән береді"

Ал оның мемлекеттік сапары ҚКП ОК Саяси бюросының мүшесі, ҚКП Сыртқы істер жөніндегі басқарушы топ Канцеляриясының бастығы Ян Цзечимен кездесуден басталды.


© akorda.kz

"Біз Қытайды көршілес әрі достық қарым-қатынастағы мемлекет деп есептейміз. Сондай-ақ, әлемдегі экономикасы дамыған екінші ел екенін де негізге аламыз. Қазақстан бұл сапарға үлкен мән береді. Біз Қазақстанның Азиядағы іс-қимыл және өзара сенім шаралары жөніндегі кеңес пен халықаралық аренадағы басқа да бастамаларын қолдағаны үшін Қытай мемлекетіне ризашылық білдіреміз", – деді Мемлекет басшысы кездесу барысында.

"Инновациялық кәсіпорындар мен ІТ-орталықтар құру" 

Кейін Мемлекет басшысы Қазақстан-Қытай Іскерлік кеңесінің 6-шы отырысына қатысты

Президент өз сөзінде екі ел арасындағы сауда айналымы былтыр 11,4 пайызға артып, 12 миллиард долларға жеткенін айтты.

"Біз қытай компанияларымен бірлескен инновациялық кәсіпорындар мен ІТ-орталықтар құруға мүдделіміз. Елордамыз Нұр-Сұлтанда "Астана Хаб" ІТ-стартаптарының халықаралық технопаркі ашылды. Мұнда Big DATA, интернет заттар, жасанды интеллект, бұлтты технологиялар және суперкомпьютерлер бағыттары бойынша әзірлемелер қарқынды дамуда. Бұл технопарктің жұмысына қатысушылар үшін жеңілдетілген визалық, еңбек және салық режимдері қарастырылған", - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен бірге, Мемлекет басшысы туризм саласындағы екіжақты ынтымақтастық мәселесін қозғады. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның осы саланы дамытуға ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтіп, қытайлық инвесторларды серіктес болуға шақырды.

"Юаньмен инвестициялар құю" 

Кейін Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР іскерлік орта өкілдерімен кездесті.

Мұнда Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Қытай арасындағы қаржы саласындағы қарым-қатынастың мүмкіндігі зор екеніне тоқталды. Бұл мәселеде "Астана" халықаралық қаржы орталығының маңызды рөл атқаратынын еске салды. Президент "Астана" ХҚО базасында RMB Connect механизмі құрылатынын жеткізді.

"RMB Connect жобасы юаньмен инвестициялар салуға мүмкіндік береді. Жаңа экожүйе Қытай юанінің әлемге таралуына елеулі үлес қосатынына және Қазақстан кәсіпорындары мен өңірдегі өзге елдер үшін юаньмен операция жасау бойынша жаңа есеп айырысу-клиринг орталығына айналатынына сенімдімін", - деді Мемлекет басшысы.


© akorda.kz

"Қытай - бізге ең жақын мемлекеттердің бірі"

Артынша Қазақстан Президенті Қытай қоғамдық ғылымдар академиясында лекция оқыды.

Оның сөзінше, Қазақстан Республикасы халықаралық аренада көршілес мемлекеттермен қатар, ізгі ниетін қолдайтын басқа да елдермен достық қарым-қатынастарды кеңейтуге, өзара тиімді ынтымақтастықты арттыруға мүдделі.

"Қытай - бізге ең жақын әрі Қазақстанның тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын алғашқылардың бірі болып мойындаған мемлекеттердің бірі. Сондай-ақ, ядролық держава ретінде Қазақстанға ешқандай талап қоймастан, қауіпсіздік кепілдігін берген де Қытай елі болды. Діни экстремизмге, сепаратизм мен терроризмге, яғни "Үш зұлымдық күшіне" қарсы күрестегі ортақ ұстанымдарымыз Қазақстан-Қытай диалогының одан әрі кеңеюіне ықпал етті", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тоқаев Қытайда қандай көлікпен жүрді?

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қытайға сапары барысында Бейжіңде қозғалысы үшін лимузин берілген.


© Тengrinews.kz

ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьерімен кездесу

Ғылымдар академиясында лекция оқыған соң, Қазақстан Президенті ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Кэцянмен кездесті.

Қазақстан Президенті екі ел арасындағы қарым-қатынас қарқынды дамып келе жатқанын, екіжақты әріптестік барысында сауда-экономикалық, көліктік-логистикалық әлеуетте көптеген нәтижелерге қол жеткенін айтты. Мемлекет басшысы Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың дамуына оң баға берді.

Өз кезегінде Ли Кэцян Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚХР-ға сапары Қазақстан-Қытай байланыстарын одан әрі нығайтуға зор септігін тигізетінін атап өтті.

Қол қойылған 10 құжат 

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөздер жүргізді.


© akorda.kz

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы жүргізген келіссөздер қорытындысы бойынша мынадай құжаттарға қол қойылды:​ 

1. Мемлекеттер басшыларының бірлескен мәлімдемесі:
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасы Үкіметінің арасындағы авиациялық іздеу және азаматтық әуе кемелерін құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;
3. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасы Үкіметінің арасындағы "Нұрлы жол" жаңа экономикалық саясаты (НЖ ЖЭС) мен "Жібек жолының экономикалық белдеуі" (ЖЖЭБ) құрылысын ұштастыру жөніндегі ынтымақтастық жоспарын жүзеге асыруға байланысты өзара көмек туралы меморандум;
4. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасы Үкіметінің арасындағы ҚХР Үкіметінің Қазақстан тарапына суперкомпьютер беру жобасы жөніндегі ынтымақтастық туралы келісім;
5. Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Коммерция министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
6. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Бас кеден басқармасы арасындағы Қытай Халық Республикасына Қазақстан Республикасынан экспортталатын сүт өнімдеріне қойылатын инспекциялық, карантиндік және ветеринарлық-санитарлық талаптар жөніндегі хаттама;
7. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Бас кеден басқармасы арасындағы Қытай Халық Республикасына Қазақстан Республикасынан экспортталатын жүн шикізатына қойылатын инспекциялық, карантиндік және ветеринарлық-санитарлық талаптар жөніндегі хаттама;
8. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Бас кеден басқармасы арасындағы зияткерлік меншік құқығын шекара маңы қорғау саласындағы ынтымақтастықты нығайту жөніндегі меморандум;
9. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Бас кеден басқармасы арасындағы Қытай Халық Республикасына Қазақстан Республикасынан экспортталатын зығырға қойылатын инспекциялық, карантиндік және ветеринарлық-санитарлық талаптар жөніндегі хаттама;
10. Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы кеден шекарасы арқылы тауарлар мен көлік құралдарын алып өту туралы алдын ала ақпарат алмасу жөніндегі техникалық спецификация. 

"Сапарымның қорытындыларына қанағаттануға барлық негіз бар"

Мемлекет басшысы ҚХР Бүкілқытайлық халық өкілдері жиыны тұрақты комитетінің Төрағасы Ли Чжаньшумен кездесті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ли Чжаньшуды ҚХР-дың 70 жылдық мерекесімен құттықтап, Қытайға мемлекеттік сапары барысында жасалған өзара тиімді уағдаластықтар жөнінде айтты.


© akorda.kz

Сондай-ақ Мемлекет басшысы екі күнге созылған сапарын қорытындылады.

"Кешегі келіссөздер сәтті өтті. Қытай Қазақстанның үлкен көршісі. Сондықтан біз екі ел арасындағы жан-жақты ынтымақтастығымызды ескере отырып, Төраға Си Цзиньпинмен Бірлескен мәлімдемеге қол қойдық. Онда біздің әріптестігіміз стратегиялық және ұзақ мерзімді мәнге ие екені көрсетілген. Бұл сапарымның қорытындыларына қанағаттануға барлық негіз бар", - деді Президент.

Читайте также
Join Telegram Последние новости
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная Лого TengriAuto мобильная Иконка меню мобильная
Иконка закрытия мобильного меню
Открыть TengriNews Открыть TengriLife Открыть TengriSport Открыть TengriTravel Открыть TengriGuide Открыть TengriEdu Открыть TengriAuto

Курс валют

 523.95  course up  543.16  course up  5.1  course up

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети
Иконка Instagram footer Иконка Telegram footer Иконка Vkontakte footer Иконка Facebook footer Иконка Twitter footer Иконка Youtube footer Иконка TikTok footer Иконка WhatsApp footer