1. Главная
  2. Узнай
  3. Новости
  4. Новости Казахстана

"Заң бар болса, жазалансын". Халықтан кешірім сұрау неге әдетке айналды?23 сентября 2020, 14:58

Қазір қоғамды дүрліктірген түрлі әрекетінен кейін халықтан кешірім сұрап жататындар көп. Пандемия кезінде желіде жалған ақпарат таратып, кейін кешірім сұрағандар аз болмады. Тұрғындарға дөрекі сөйлеген шенеуніктер де, төбелескен оқушылар да кешірім сұрап жатады. Tengrinews.kz тілшісі қазір неге кешірім сұрау әдетке айналғанын топшылап көрді.

"Кешірім сұраймын, әлі жылап жүрмін"

Желіде Ақтөбе облысында болған оқушы қыздардың төбелесі тарап жатыр. Видеодан үш қыздың бір қызға жабылғанын көруге болады. Кейін қыздардың кешірім сұраған видеосы тараған.

"Адам қатты ашуланғанда не істемейді, сондықтан мен оның шашынан сүйредім. Мен осы үшін кешірім сұраймын, бұл менің кінәм, бәріне жауап беремін, ешкім кінәлі емес, қыздар қасымда жай жүрді. Мен оны құшақтап, кешірім сұрадым, мені кешіріңіз, бұл ашуланғандықтан болды. Кешеден бері жылап жүрмін", - дейді қыз видеода.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от AKTOBE Zello - НОВОСТИ АКТОБЕ (@aktobe_zello_)

Тағы бір мысал, тамызда Алматы облысының бас мемлекеттік санитар дәрігері Ерғали Сыдымановтың кәсіпкерлер алдында дөрекі сөйлеген сәті қызу талқыға түскен. Бұдан кейін де санитар дәрігер халық алдында кешірім сұраған еді.

"Шынымен бір жерде шалыс бассам, тағы да кешірім сұраймын. Қалай болғанда да, мен халықтың ұлымын және өзімді әрқашан осы халықтың бір бөлігі ретінде санадым. Менің қатемнен кейін әріптестерім мен басқа мемлекеттік орган басшылары осы жағдайды назарға алып, сөйлер алдында ойланады деп ойлаймын", - деген еді Ерғали Сыдыманов.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Nur Kanatuly (@nur.kanatuly.kz)

"Кешірім сұрау - соңғы амал"

Абай атындағы ҚазҰПУ ректорының кеңесшісі, әлеуметтанушы Мақсат Жақау қазіргі уақытта кешірім сұрайтындар неге көбейгенін түсіндірді. Ол мұны әлеуметтік желінің дамуымен байланыстырды.

"Қазір бәрі әлеуметтік желіде тарап кетеді, халықтың наразылығы сонда білінеді. Жақсы, қате жасапты, артық сөйлеп қойыпты, ерсі қылық танытыпты, кешірім сұраудан басқа амал бар ма? Әрине, есін жиған соң кешірім сұрау ғана қалып тұр. Бұл қылмыс болсын, зиян әрекет болсын кешірім сұрау бұрын да болған, сотта тұрған адам да кешірім сұрап жатады. Ең құрығында өз ар-ұятының алдында тыныш болуы үшін. Сондықтан, егер тәрбиеге, табиғатқа, қоғамға кесірің тисе, әрине, халықтан кешірім өтінуің керек.

Бұл жерде бірнеше жағдай бар. Қоғамның өзі ақпараттық заманда рухани-психологиялық тұрғыда әлсіз, миы шаршаған күйде. Түрлі әлеуметтік проблемамен күреседі, жүйкесі тозған. Соның салдарынан да жансақ іс жасап қояды, аффект жағдайында, дегенмен, заң бәріне ортақ. Біреудің ар-намысына тисең де, жеке өміріне қол сұқсаң да, қоғамды азғырып не адастырсаң да жауап беру керек болады. Не жасаса да, кешірім сұрау құқығынан ешкімді де бізде айырмайды", - дейді ол.

Маманның айтуынша, қазақта бұрыннан бері халықтан кешірім сұрау үрдісі қалыптасқан.

"Бұл тәрбие, тәрбиелеу. "Кешірім сұрамағаннан без" дейді. Өйткені, ондай адам ар-ұяттан жұрдай болады. Халқымыздың кемеңгерлігі де сонда, кезінде қызды қырық үйден тыйып, тәрбиені мықты берген. Бұл жерде тәрбиенің қазір қанша берсе де, ол ақпараттық жүйеде жұтылып кетіп жатыр. Әлеуметтік желі бағымыз да, сорымыз да болып отыр. Қазақ түсінігі бойынша, кез келген әрекетте кешірім сұраудың сөкеттігі жоқ. Құнын төлеген, керек болса, ру болып, ел болып айыбын жуған", - дейді әлеуметтанушы.

Ол қазақ тарихында халықтан кешірім сұрау маңызды болғанын айтады. Мысалы, оның сөзінше, Жеті Жарғыда да халық кешірімі маңызды рөл атқарған.

"Кешірім сұраса, атаңның құнын кеш" деген дана халықтың ұрпағымыз. Сонау Жеті Жарғыда халықтың қандай жағдайда кешпейтіні жазылған, оған қатысты қатаң үкім қолданған. Мысалы, егер қазақтың ата-бабасына, әруғына, дініне тіл тигізіп, елді азғыратын болса, ондайды елден бөлек аластатып, таспен ұрып, бөлек жерлеген. Бұдан артық қандай ауыр жаза бар", - дейді Мақсат Жақау.

Оның сөзінше, бұрын әлеуметтік желі болмай тұрғанда газет арқылы кешірім сұрайтындар болған.

"Бұрын әлеуметтік желі дендемей тұрғанда, кейбір көпшілік оқитын атышулы газеттерден саяси қайраткерлердің, зиялы қауым өкілдерінің айтысып барып, кешірім сұрасып жататынын оқитынбыз. Бұл саяси мәдениеттің белгісі. Кейде артық кетіп эмоциямен айтқан дүниенің қоғамдық пікір туып кетпесін деген пиғылмын сөздерін түзеп кешірім өтініп жататын. Осының барлығы БАҚ бетінде редакцияланып, реттеліп жататын. Ал енді қазір әлеуметтік желі реттелмейтін дүние болған соң, алғашқы ақпарат тез тарап кетеді. Осы проблема ешқандай қоғамдық тәртіпке, тәрбиеге, этикаға сыймайды. Әлбетте, мұны сәннен гөрі, әлі де болса әлеуметтік желіні қолдану мәдениетінің жоғынан деп түсіну керек", - дейді әлеуметтанушы.

"Заң бар болса, жазалансын"

Ал блогер Аршат Ораз халықтан кешірім сұраудың екі жағы болатынын айтады. 

"Меніңше кешірімнің екі түрі болады немесе жасалған қате әрекеттің екі түрі.  Біріншісі - шынайы кешірім. Әдейі, қасақана емес жасалған қателіктің кешірімі. Екіншісі - мәжбүрлі кешірім. Мойындай отырып, мастық немесе басқа эмоциялық жағдайда жасалған, бірақ қасақана әрекеттің кешірімі. Оның шынайылық пайызы төмен болады деп ойлаймын. Соңғы кезде желіде қоғамның ашу-ызасын тудыратын видеолар және содан кейін кешірім видеолары көбейіп кетті. Тіпті алдын ала біліп отырасың, енді кешірім сұраған видеосы шығады деп. Сондай видеолардың не қажеті бар? Нақты заң бұзушылық болса, оның жазасы бар. Ал кейін видеосын шығару кері әсер беретіні туралы неге ойланбайды екен?", - деп жазды блогер Facebook желісіндегі парақшасында.

Ол мысал ретінде Ақтөбе облысындағы оқушы қыздардың төбелесін келтірген. 

"Қоғамға кешірім өте ме? Керісінше хиджап тағатындар туралы жаман ойлар қалыптаса бастайды, діндарларға деген өшпенділік өседі. Басқа ұлт өкілдеріне деген де теріс ой туады, нацистік арта бастайды. Сонда мақсат не? Қоғамның ашуын басу ма, әлде діндік, ұлттық антипатияны арттыру үшін әдейі жасалған әрекеттер ме? Саяси ойындар ма? Түсінбедім... Жаман нәрсені неге насихаттай береміз? Заң бар болса, жазалансын. Болмаса, күшейтілсін. Ал оны жарнамалай бергеннен не пайда?", - деп жазды Аршат Ораз.