Отбасылық мерекенің бірінде ән айтып тұрған адам ерекше даусымен Желі қолданушыларын тәнті етті. Әлеуметтік желіде тараған видеода ән айтып тұрған ер адам Шығыс Қазақстан облысындағы Қатонқарағай ауданының тумасы екені және мал бағатыны айтылған. Алайда әншінің сөзінше, ол ешқандай да мал бағушы емес. Tengrinews.kz тілшісі әншінің өзімен сұхбаттасты.
Отбасылық мерекенің бірінде ән айтып тұрған адам ерекше даусымен Желі қолданушыларын тәнті етті. Әлеуметтік желіде тараған видеода ән айтып тұрған ер адам Шығыс Қазақстан облысындағы Қатонқарағай ауданының тумасы екені және мал бағатыны айтылған. Алайда әншінің сөзінше, ол ешқандай да мал бағушы емес. Tengrinews.kz тілшісі әншінің өзімен сұхбаттасты.
"Мына дауысты мал қайыруға ғана қолдану - қиянат қой", "Даусы қандай керемет, кең, сайын даланың еркін желіндей есіп тұр! Тума талант! 1000 жылда бір туатын шығар!", "Бұл әнді қанша тыңдап жүрсем де дәл бұлай жүрегімнен өтпепті. Мағынасын енді түсынім тұрғандай болып көзге жас келді", - дейді Желі қолданушылары.
Видеодағы ер адам - "Қазақконцерттің" Халық қазына бөлімінің солисі Дінислам Жайлаубайтегі. Үйленген, бес баласы бар. Оның айтуынша, әйелінің өнер саласына еш қатысы жоқ.
"Ол - медицина маманы. Бүгінде үйде. Бір ұлым мектепте ән айтып жүретін. Бірақ кейіннен түрік лицейіне түсіп, қазір оған қолы тимейді. Кіші ұлым жоғары ноталарды ала алады. Әнші болса, сол балам болатын шығар деп ойлаймын. Бірақ бәрі Алланың қалауымен", - дейді Дінислам Жайлаубайтегі.
Әншінің сөзінше, оның музыкаға деген қызығушылы бала күнінен ашылған.
"Желіде мен туралы тараған ақпарат жалған. Мен Қатонқарағайда болған да емеспін. Мен 1982 жылы Моңғолия республикасы, Қобда аймағында дүниеге келгенмін. Кейіннен 10 жасымда, 1992 жылы Семей қаласына көшіп келдім. Ол жерде 2 жылдай тұрдық. Одан кейін Жарма ауданындағы Бірлік совхозында 8 жылдай тұрдық. Әншілікке 8-сыныптан бастап қызыға бастадым. Ол кездері Бекболат ағамыздың әндері кеңінен тарап жүрді. Сол кісіге еліктеп, әндерін жаттап, сол арқылы домбыраны үйрене бастадым", - дейді ол.
Дінислам Жайлаубайтегі 10-сыныпты бітіргенде Теміртауға көшіп келген.
"Мектепті бітіргеннен кейін атам қолымнан жетектеп Тәттімбет атындағы өнер колледжіне апарып, әншілікке түсіремін деп ойлаған. Бірақ атамызбен ақылдасып, актер болып жүріп те әнші болуға болады деп ойладық. Сөйтіп 2000 жылы актер мамандығы бойынша оқуға түстім. 2004 жылы оқуымды бітіргеннен кейін режиссер жұмыс ұсынғаннан кейін Сәкен Сейфуллин атындағы драма театрында 2011 жылға дейін жұмыс істедім. Арасында ән байқауларына қатысып, лауреат атанып жүрдім. Көңілім әнді қалап тұрды. Кейбір жерлерде ән айтып жүргенім кезде "оқымаған әнші" деп жүрді. Сондай сөздер тарай бастағаннан кейін диплом үшін 2011 жылы астанадағы өнер университетіне түстім", - дейді әнші.
Әнішінің сөзінше, жоғары оқу орнына түсуіне Арман Қырықбаев себепші болған.
"Ол кісі менің бір отырыста өнер көрсеткенімді көріп, "Бауырым, мынандай өнеріңмен оқымай не істеп жүрсің?" деді. Мен оқығым келетінін, бірақ ол үшін қайтадан 4 жыл колледжде, содан кейін ғана 4 жыл жоғары оқу орнына түсуім керек екенін айттым. "Мен бірден жоғары оқу орнына түскім келеді" дедім. Ол жылдары Арман Қырықбаев Қарағанды облысы әкімінің орынбасары болатын. Бірінші Алланың қалауы, екінші Арман ағамыздың арқасында жоғары оқу орнына дәстүрлі ән бөліміне түстім", - дейді ол.
Артынша Дінислам Жайлаубайтегі 2015 жылы оқуын бітіргеннен кейін 2018 жылға дейін саудамен айналысқан.
"Кейіннен 2018 жылы Нұрлыбек деген досым "Мынандай даусыңмен құры жүрме" деді. Сөйтіп ол мен туралы Дәурен деген танысына айтып, артынша "Қазақконцерт" тыңдалымынан өтіп жұмысқа кірдім, - дейді ол.
Әншінің әкесі де, анасы да өнерлі адам болған екен.
"Бірде атамның әкесі Ахметжан деген кісі Шыңжаң, Үрімшіге нағашы жұртына қыдырып барған екен. Сол кезде бір бай: "Қызымды кім де кім айтысып жеңіп алса, сол қызымды алады. Егер жеңілетін болса, онда маған құл болады" деп жарлық жасаған екен. Менің атама қолқа салып, айтыстырып, сол кісі бір күн, бір түн айтысып, жеңіп алған екен. Атамыз да, апамыз да ақын, әнші. Ол кісілер осылайша қосылған екен. Қаракерей Қабанбайдың ұрпағымыз", - дейді әнші.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!