Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
09 июля 2020 17:58

"Жан әке", "Қарағым-ай", "Сәлем саған, туған ел". Кеңес Дүйсекеевтің танымал үш әні қалай шыққан?

ПОДЕЛИТЬСЯ

Бүгін Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, композитор Кеңес Дүйсекеев дүниеден озды. Қаралы хабарды өнер адамдары жеткізді. Tengrinews.kz тілшісі композитордың өмірі мен шығармашылығын баяндайды.


Бүгін Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, композитор Кеңес Дүйсекеев дүниеден озды. Қаралы хабарды өнер адамдары жеткізді. Tengrinews.kz тілшісі композитордың өмірі мен шығармашылығын баяндайды.

Кеңес Дүйсекеев 1946 жылы 10 ақпанда Қызылорда облысында дүниеге келген. Композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері. Алматы консерваториясын бітірген. 1974-1976 жылдары "Гүлдер" ансамблінің бас дирижері және музыка жетекшісі, 1976-1979 жылдары "Қазақконцерт" гастрольдік-концерт бірлестігінің музыка жетекшісі, 1975-1984 жылдары Қазақ теледидары музыка редакциясының бас редакторы болып қызмет атқарған. Дүйсекеевтің жетекшілігімен "Тамаша", "Халық - талант қайнары", "Шабыт", "Жастарға арналған музыкалық кештер", "Музыка әлемінде" тағы басқа теледидарлық бағдарламалар шығарылды.

1984-1997 жылдары Қазақстан мемлекеттік телерадио комитеті эстрадалық-симфония оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері болды. 1997 жылдан "Қазақконцерт" гастрольдік-концерт бірлестігінің көркемдік жетекшісі. Ол - "Толғау" симфониясының, "Жалаңтөс батыр" симфония поэма-картинасының, "О, дүние" кантатасының, "Жыл мезгілдері" романстар циклінің, "Мәди", "Аққу Жібек" мюзиклінің, "Алдар көсе" опереттасының, симфония-концерттер, аспаптарға арналған концерттер, камералық оркестрге шығармалар, соната, рапсодия, вариациялар және 200-ден аса әннің авторы.

Музыкалық училищеге түсуіне Ахмет Жұбанов пен Нұрғиса Тілендиев мұрындық болған

Композитор 8 сыныптан бастап домбыра үйірмесіне қатыса бастаған. Арасында домбыра ансамблін басқарған. Дүйсекеев гитарадан басқа көптеген аспаптың құлағында ойнаған екен. Мектепті үздік бітірген композиторды әкесіндей болып кеткен ағасы әйгілі композитор, дирижер Ахмет Жұбановқа апарады. Сөйтіп Жұбановтың ақылымен музыкалық училищенің дайындық курсына түскен. "18 жасымда До мен Рені таныдым" деп айтқан екен композитор.

Кеңес Дүйсекеев домбыра үйренгеннен кейін бір-екі күй мен ән шығарып, Жұбановқа көрсеткен кезінде: "Баланың таланты бар екен. Бірақ менің ақылымды тыңдасаңдар, білімі терең болсын десеңдер, музыкалық училищеден бастасын" деген екен. Бір жыл дайындық курсынан өткеннен кейін, төрт жыл училищеде білім алған.

Кеңес Дүйсекеев жас кезінде © "Сағыныш сазы" бағдарламасы

Бірде Кеңес Дүйсекеев опералық театрға барған кезде Тілендиевтің дирижер екенін көрген. Мектеп жасында композитор болуды армандаған Дүйсекеев, артынша "Неліктен дирижер болмасқа?" деп ойлаған екен. 

"Сосын домбырамды құшақтап, Нұрағаның үйіне бардым. Шығарған дүниелерімді алып барып едім, "Сенің қабілетің, талантың бар екен. Музыкалық училищеде оқығаның дұрыс" деп ақылын айтты. Сөйтіп екі ағам да солай айтқаннан кейін, "Дұрыс шығар" деп дайындық курсына түскенмін", - деген екен композитор "Сағыныш сазы" бағдарламасында.

"Жан әке" әнінің тарихы

Сазгер бес жасында әкесінен айырылған. Көп уақыт бойы әкесі туралы ән жаза алмай жүрген екен. Қанша тырысқанымен ән тумаған. Қызылордада Кеңес Дүйсекеевтің атында екі жылда бір болатын музыкалық конкурс болған. Туған жеріндегі сол бір байқаудан қайтып келе жатқан сазгердің ойына тосыннан әуен келеді. Ертеңіне ақын Тұманбай Молдағалиевке барып, әнді орындап береді де, әке туралы ән болуы керегін айтып, сөз жазып беруін өтінеді.

Сол кезде ақын "Мен де әке туралы жазғалы жүр едім. Сен әкеңнен бес жасыңда қалсаң, мен бес айлығымда қалғанмын. Сен ойнай бер. Мен қазір жарты сағатта жазып беремін" деп қуана келіседі. Расында да, жарты сағатта жазылып бітеді. Дегенмен, қайырмасындағы "Сенсің менің күйігім" деген сөз композиторға ұнамай, өзгертуін өтінеді. Ал Тұманбай ақын келіспейді. Содан екеуі ұзақ айтысып бір шешімге келе алмаған. Сол күні кешке Тұманбай Молдағалиев композитордың үйіне телефон соғып, әйеліне: "Кеңеске айтшы, "Күйігім" дегеннің орнына "сүюім" дей салсын" депті. Оны естіп тұрған сазгер телефонға жабысып, "Сүюім" дегені күйігімнен де жаман ғой" деп ашуланады.

Видео: "Хабар" телеарнасы

Ертеңіне сазгер ақынға те­лефон соқса, "Сен бала әнді то­лы­ғымен өзің әкелдің. Ақыры өзің ақын екенсің, сол жерін өзің жаза салшы" депті. Композитор амалсыз ән қайырмасын қайта өзгертіп, "Сенсің менің тірегім, Лүпілдеген жүрегім. Аман-есен бол балам, - деген әке ті­ле­гің" деген жолдарды жазған екен.

"Қарағым-ай" әні қалай шықты?

Кеңес Дүйсекеев көп балалы отбасында тәрбиеленген. Ұл балалардың ішінде жалғыз өскен Күлшат әпкесі ұстаз болу мақсатымен педагогикалық жоғары оқу орнында оқыған. Өкінішке қарай, он тоғыз жасқа қараған шағында ол кенеттен қайтыс болады. Артынан о дүниеге әкесі аттанады. Кейін Кеңес Дүйсекеев ер жетіп, өнерге бет бұрған тұста ол әпкесінің рухына тағзым жасау ниетімен ән шығаруға бел буады. Ән ұзатылып бара жатқан қызға арналған ән болуы тиіс деген ой келеді. "Егер де әкем мен әпкем тірі болғанда, әпкем өз серігін тауып, өз босағасынан ұзатылып бара жатқанда, әкем ақ батасын беріп, қызына осы әнді айтар еді" деген ойда болады. 

"Мен сол "Қарағым-айды" жазған кезде елдің бәрі "о, Дүйсекеев қайтадан ғашық болыпты" деп ойлапты", - деген екен сазгер "Бенефис" бағдарламасында әннің тарихын айта келе. Ал негізі бұл туынды әкенің қызын тұрмысқа беріп жатқан кезде айтатын әні екен. Қызымен қоштасу ретінде орындалатын шығарма. 

"Осы әнмен талай менің достарым қыздарын ұзатқан кезде еңіреп жылағандарын көрдім. Кейбір кезде бұл әнді қазақтың халық әні деп айтып жатады. Ол композитор үшін үлкен бақыт шығар", - деген екен композитор. 

Әнші Нұрлан Өнербаевтың орындауындағы бұл әннің сөзін Шөмішбай Сариев жазған. 

"Сәлем саған, туған ел"

Білімін музыкалық училищеде бастаған Кеңес Дүйсекеев 1974 жылы Алматы консерваториясын аяқтайды. Ал "Сәлем саған, туған ел" әнін 1976 жылы жазады. Әйгілі әннің алғашқы орындаушысы - Роза Рымбаева. Шығарма қазақ өнерпаздары өзге елдерге гастрольдік сапарларға барғанда ұлтты таныстыру және сәлем ретінде орындау мақсатымен өмірге келеді. Роза Рымбаева көптеген мемлекетте концерттерін осы әнмен ашып жүрген. 

"Бізде Қызылордада "Мақтау-мадақтау" деген терме бар. "Сәлем саған, туған ел" соның интонациялық байлықтарын, образын пайдалана отырып жазылған" - деген екен Кеңес Дүйсекеев.

1979 жылы Түркияның Ыстамбул қаласында өткен "Алтын микрофон" байқауына Роза Рымбаева қатысып, лауреат атанған еді. Фестивальда ол "Домбыра туралы балладаны" түрікше шырқап, артынша "Сәлем саған, туған ел" әнін қазақша айтады. Музыкасы да түріктікіне ұқсас әннің көңілді ырғағына елтіген түріктер орындарынан тұрып билеп кеткен екен. 

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 443.57   490.7   4.88 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети