"Жұлдыз FM" ертең, 7 желтоқсанда 7 жылдығын атап өтеді. Радио ұйымдастыратын 16 сағаттық марафонға шоу-бизнес өкілдері қатысады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Жұлдыз FM" ертең, 7 желтоқсанда 7 жылдығын атап өтеді. Радио ұйымдастыратын 16 сағаттық марафонға шоу-бизнес өкілдері қатысады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Радиостанция туған күніне арнап жыл сайын ұйымдастыратын радиомарафон бүгінде еліміздің түкпір-түкпіріндегі тыңдармандары асыға күтетін іс-шараға айналып үлгерген. Радио ұжымы биыл да талғамы жоғары тыңдармандарына ерекше тосынсый әзірлеп жатыр.
7 желтоқсанда таңғы сағат 8-ден түнгі 12-ге дейін радио жүргізушілері Жандәурен Мәди, Анар Мыңбаева, Наргиз Ибрагим, Ақбибі Қамидолла мен Нұрбек Қасым нон-стоп режимінде тікелей эфир жүргізеді. 16 сағаттық мерекелік эфир қонақтары - Жұлдыз FM радиосының шоу-бизнес әлеміндегі ең жақын достары. Олардың арасында Айқын Төлепберген, Ғаділбек Жаңай, Нұржан Керменбаев, Нұрболат Абдуллин, Айкерім Қалаубаева, Ернар Айдар, Серік Ибрагимов, Ғазизхан Шекербеков, AYREE, Жігер Ауыпбаев, Серікбол Сайлаубек, Әли Оқапов, Әділет Жауғашар, Мұхтар Ханзада, "Жігіттер", "Меломен", "ДиетаKZ", "Музартлайф", "Заман", "Алашұлы", "КешYOU" топтары мен басқа да эстрада жұлдыздары бар.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Биылғы радиомарафонның басты ерекшелігі - эфир радиоконцерт түрінде өтеді. Радионың музыкалық студиясында шағын сахна жасалып, ұжымды туған күнімен құттықтап келген өнер иелері жанды дауыста ән шырқайды. Одан бөлек, жүргізушілер мен қонақтар сағат сайын тыңдармандармен ойын ойнап, бағалы сыйлықтар сыйлайды.
"Жұлдыз FM бастапқыда жастарға арнап ашылған радио болғанымен, осы 7 жыл ішінде тек жастар емес, алдыңғы буынның да сүйіп тыңдайтын радиосына айналды. Жүргізушілеріміз эфирде үнемі "радио мен тыңдарман - бәріміз үлкен бір отбасымыз" деп айтып отырады. Бұл - жай сөз емес. "Жұлдыз FM" арқылы танысып, көңілдері жарасып, шаңырақ көтерген 10 шақты жұп бар. Сол жас жанұялардың бірінде дүниеге келіп, ата-анасы радионың құрметіне Айжұлдыз деп ат қойған кішкентай бүлдіршініміз де бар. Алдағы уақытта да сүйікті тыңдармандарымызбен арадағы байланысты күшейтіп, әр жастағы тыңдармандарымыздың талғамынан шығып, сапалы қазақ әндерін, сапалы контент ұсыну үшін еңбектенеміз", - дейді "Жұлдыз FM" бас редакторы Анар Мыңбаева.
Оның айтуынша, радиомарафонға арнап, студияға кішігірім өзгерістер енгізіліп отыр.
"7 жылдығымызға орай, логотипті жаңарттық. Мерекелік радиомарафонда туған күнімізді өнердегі ең жақын достарымызбен, ең адал тыңдармандарымызбен бірге тойлаймыз. 16 сағат бойы жанды дауыста ән айтылады, сыйлықтар ойнатылады, баршаға жақсы көңіл-күй сыйлауға тырысамыз. Сондықтан қатарымызға қосылып, қуанышымызды бөлісуге шақырамыз!
Жалпы, 7 саны - қазақ халқы үшін киелі сан. Сондықтан радионың жетінші жылы жетістіктерге, жағымды жаңалықтарға, жақсылыққа толы жемісті жыл болады деп сенеміз", - деді Анар Мыңбаева.
16 сағаттық радиомарафон алғаш рет 2015 жылы Жұлдыз FM радиосының 1 жылдығына орай ұйымдастырылып, содан бері дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіліп келеді.
"Жұлдыз FM радиостанциясының басты мақсаты - тыңдармандарға сапалы музыкалық контент ұсынып, пайдалы, әрі өзекті ақпаратпен қамтамасыз ету, тәрбиесі мен тағылымы мол бағдарламалар жасау", - дейді радио өкілдері.
Айта кетейік, Жұлдыз FM радиосы 2014 жылдың қарашасынан хабар тарата бастады. Аз ғана уақыт ішінде еліміздің түкпір-түкпірінен тыңдармандарын тауып, талғамынан шыға білді. Еліміздің 15 қаласына тарайды.
Жеті жыл ішінде "Жұлдыз FM" радиосы түрлі жүлде иеленіп үлгерген. Оның ішінде "Жылдың үздік радиосы" номинациясында "Халықтың сүйіктісі" (2016 жыл), "Толқын" (2018 жыл), "Үркер" сыйлығы (2018) бар.