Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
15 февраля 2021 16:42

Шөмішбай Сариев сөзін жазған "Ғашықтар жыры" мен "Бозжорға" әндерінің шығу тарихы қандай?

ПОДЕЛИТЬСЯ

Шөмішбай Сариев Шөмішбай Сариев

Бүгін ақын Шөмішбай Сариевтің 75 жасқа қараған шағында дүниеден озғаны туралы қаралы хабар жетті. Ақынның сөзіне жазылған "Бозжорға" және ғашықтардың махаббат ұранына айналған "Ғашықтар әнінің" шығу тарихы қандай? Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі материалында. 


Бүгін ақын Шөмішбай Сариевтің 75 жасқа қараған шағында дүниеден озғаны туралы қаралы хабар жетті. Ақынның сөзіне жазылған "Бозжорға" және ғашықтардың махаббат ұранына айналған "Ғашықтар әнінің" шығу тарихы қандай? Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі материалында. 

Шөмішбай Сариев - 1946 жылы 15 сәуірде Қызылорда облысы, Арал ауданы, Шөміш стансасында дүниеге келген. Қамбаш орта мектебін бітірісімен, Қазалы аудандық "Ленин туы" және Арал аудандық "Толқын" газеттерінде қызмет атқарған. 1971 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірген.

1970-1974 жылдары "Қазақстан" баспасында редактор, "Жұлдыз" журналында бөлім меңгерушісі, Қазақстан Республикасы ҰҒА-ның Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер болған. 1996 жылы "Қазіргі қазақ лирикасының ізденістері" атты тақырыпта ғылым кандидаты дәрежесін иеленді. "XX ғасырдың жиырмасыншы жылдардағы поэзиясы" атты монография жазған.

Шөмішбай Сариев Фото: qazaqadebieti.kz

Алғашқы жыр жинағы 1974 жылы "Балдәурен" деген атпен жарық көрген. Содан бергі аралықта қазақ, орыс тілдерінде он бес шақты кітабы шықты. 1994 жылы "Жазушы" баспасынан таңдамалы өлеңдер томдығы, 1992 жылы "Сүйінші" деген атпен ән өлеңдері жеке жинақ боп басылған. Франц Кафка атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты (2003). "Тарлан" сыйлығының иегері (2004). Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

"Ғашықтар әні"

Талай ғашықтың махаббат ұранына айналған "Ғашықтар жыры" белгілі әншілер Мақпал Жүнісова мен Сембек Жұмағалиевтің бойтұмар әніне айналған. Бұл әнді ақын Шөмішбай Сариев пен композитор Кеңес Дүйсекеев бірлесіп жазған. Қос өнер иесінің ұлы одағынан туған ән осыдан отыз тоғыз жыл бұрын жарыққа шыққан.

Бірде әйгілі "Гүлдер" ансамблінің сол кездегі директоры Қабиден Тұяқаев Кеңес Дүйсекеевті шақырып: "Кеңес, қос дауыста айтатын дуэт ән жазшы", - деп қолқа салған. Бұл сөзден кейін сазгер "Ғашықтар жыры" әнін жазып, кейін Шөмішбай Сариев сөз жазып берген.

"Массагет" порталының мәліметінше, ән сазгерді өзіне ғашық еткен аяулы жары Баянға арналған екен. Ән жарыққа шыққан бойда елге кеңінен таралып, бірден танымал әнге айналады. "Ғашықтар жыры" әні талай тыңдарманның жүрегінің төрінен орын ала білді. Біраз уақытқа дейін бұл сөздер халық арасында тарап жүрді.

1983-1984 жылдары "Гүлдер" ансамблінде әнші Сембек Жұмағалиев жұмыс істеп жүрген кезде оған Кеңес Дүйсекеев жолығып: "Менің әндерімді бар әнші орындап жүр. Сен менің әндерімді қашан орындайсың?", - деп, "Ғашықтар жыры" әнін Нағима Есқалиевамен бірге айтуды ұсынады. Сембек "Қасың қандай, қарақат көзің қандай" деп басталатын ән мәтінін қарап: "Нағимамен айтсам, сөздерін "Бойың қандай" деп өзгертуге тура келеді", - деп әзілдейді. Сол сәтте ол сазгерге ансамбльге жаңадан келген жас әнші Мақпал Жүнісова туралы айтады. Осылай қос дауыста "Ғашықтар жыры" әні жазылған екен. 

"Бозжорға" әні

"Бозжорға" әнін алғаш "На-на" тобы орындаған. Кейіннен бұл шығарманы әнші Төреғали Төреәлі мен Әли Оқапов та орындап шыққан. "Бозжорғаның" әуенін жазған Бейбіт Оралұлының сөзінше, ән бірнеше ай бойы жазылған.

"Жалпы, мен ақын болмағандықтан қашан да өмiрге бiрiншi əн келедi. Ал əр əннiң дүниеге оңай келе салмасы тағы анық. Əрбiр ана өмiрге ұрпақ əкелерде нəтижесiн тоғыз ай, тоғыз күн көтерiп, босанар алдында қатты толғатады. Өмiрге адам əкелу оңай емес. Сол сияқты, сазгер де əн жазар кезде қатты толқиды. Оның санасында, жүрегiнде ерекше толғаныс пайда болады. Өзiн қоярға жер таппай, дегбiрсiз күй кешедi.

Өзiнен-өзi ыңылдайды, сөз iздейдi. Қысқасы, iштегi шұбар жылан сыртқа шықпай, тыным таппайды. Сол сықылды, "Бозжорға" əнi дүниеге келерде де мен сондай күй кештiм. Оның "толғағы" да ұзаққа созылды. Ай бойы əуен iздеп, ыңылдаумен болдым. Күндiз күлмедiм, түнде ұйқы көрмедiм. Тiлiмнiң ұшына "Жорға, жорға, жорғалашы жорға, жорғалар" деген тiркес келдi. Мен мұны əннiң қайырмасы болар деп ұйғардым. Содан кейiн əннiң сұлбасы көрiне бастады. Дереу оларды аспапқа салып, нотаға түсiрiп, тiптi аранжировкасын да жасап қойдым. Кейде жаңа əнiме белгiлi халық əндерiнiң сөздерiн де пайдаланып көрдiм. Сөйтiп жүрiп бұл əнiмдi белгiлi ақын Шөмiшбай Сариевке тыңдатып көрдiм. Əн оған қатты ұнады. Өйткенi бұл əнде өзге əндерiме қарағанда ерекше əуен, əуез бар едi. Құлаққа бiр дүбiр келетiн. Сосын Шөмiшбай ағама осы əнге сөз жазып беруiн сұрадым. Ол кiсi бiрден келiстi", - деген екен композитор el.kz порталына берген сұхбатында.

Бейбіт Оралұлының сөзінше, ол Шөмішбай Сариевпен шығармашылық тығыз байланыста болған.

"Менi Шөмiшбай Сариевпен Роза Рымбаева мен Тасқын Оқапов таныстырған болатын. Сол кезден бастап Шөмiшбай ағамызбен тығыз шығармашылық байланыстамыз. Ол кiсi менiң бiрнеше әніме мəтiн жазды. Ал дəл осы əннiң мəтiнiне келсек, ретi солай болды. Əйтпесе мен көптеген ақынмен бiрге жұмыс iстедiм. Олардың iшiнде ағаларым да, апаларым да, iнi-қарындастарым да бар.

Ол кiсi де менен аз толғанып, кем қиналған жоқ. Айға жуық уақыт бойы екеумiз телефонда сағаттап кеңескен, талқылаған кездерiмiз болды. Құдай сəтiн салып, əн туған соң оны өзiм орындап, таспаға түсiрiп қойдым", - деген екен композитор.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 448.73   490.7   4.76 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети