Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
23 мая 2019 18:29

"Ағайынды" 10 жылдан кейін: Телехикая көрерменін несімен баурап алған еді

ПОДЕЛИТЬСЯ

2009 жылы "Ағайынды" сериалы барша қазақстандықты көк экран алдына жинай алды. Бар болғаны алты сериядан тұрған туынды көптің көңілінен шықты. Биыл атақты сериалдың шыққанына 10 жыл болды. Тengrinews.kz тілшісі қазақстандықтардың бұл сериалды неге сүйіп көргенін және оған түскен актерлердің бүгінге дейінгі шығармашылығын баяндайды.


2009 жылы "Ағайынды" сериалы барша қазақстандықты көк экран алдына жинай алды. Бар болғаны алты сериядан тұрған туынды көптің көңілінен шықты. Биыл атақты сериалдың шыққанына 10 жыл болды. Тengrinews.kz тілшісі қазақстандықтардың бұл сериалды неге сүйіп көргенін және оған түскен актерлердің бүгінге дейінгі шығармашылығын баяндайды.

Сериал бір-бірінен алыс жанрларды тоғыстырған - криминал мен мелодрама. Ол 2009 жылы күзден бастап "Қазақстан" телеарнасынан көрсетілді.

Мұнда ауылда туып-өскен ағайынды үш жігіттің өмірі баяндалады. Үшеуінің өмірі үш түрлі. Оқиға 1996 жылдан басталады. Ағайындылардың үлкені Шыңғыс жоғары оқу орнын бітірген соң Алматыға кетіп, сонда өз кәсібін ашқан. Ал Қуаныш қылмыстық жолға түскен. Үйдің кенжесі Бақыт әскерден келген соң ата-анасының қасында қалады. Сериалда ағайындылар арасындағы жанжал, ауылдағы өмір, қаладағы қиындықтар анық көрсетілген.


Сериалдан кадр

"Ағайынды" Алматы маңындағы Еңбекшіқазақ ауылында түсірілген. Оның түсіріліміне дайындалуға бір жыл уақыт кетсе, түсірілімнің өзі 5-6 ай уақытты алған. Телесериалды Қазақстан ғана емес, Ресей, Қытай, Моңғолия және Өзбекстан тұрғындары да тамашалады.

Картинаның аса танымал болуына сюжеттегі оқиғалардың өмірден алынғаны себеп болған. Kinostan.kz сайтының жетекшісі Ернар Бекенов осындай пікір білдірді.


Сериалдан кадр

"Оны бәрі сүйіп көруінің себебі - оқиғаның қарапайымдығында. Көрерменге жақын, етене таныс құбылыстар болды сериалда. Бәрі түсінікті кино тілімен жеткізілді. Қазіргі сериалдарда, мысалы, фальш көп, шынайылықпен ұйқаспайтын диалогтар мен оқиғалар кездеседі, сосын бәрі бір-біріне ұқсас. Ал "Ағайынды" бұл тұрғыда оригинал болды деп ойлаймын және сол кезде көп сериал да шыққан жоқ қазіргідей. Сондықтан ол телевизия саласында жаңа леп болды", - дейді ол.

Бекеновтің пікірінше, сериалдың танымал болуына 2007 жылы шыққан "Рэкетир" фильмі де өз ықпалын тигізген.

"Екі туындыны да Ақан Сатаев түсірген, фильмдегі кейбір актерлер сериалда пайда болды. Тіпті, ортақ кейіпкерлер де болған сияқты. Атмосферасы да ұқсас болды. Сондықтан "Рэкетирдің" жалғасы немесе спин-оффы секілді әсер етті көпшілікке. Осы фактор оның өтімді болуына әсер етті деп ойлаймын", - деді ол.

Расында да, "Рэкетир" фильмінің басты жұлдыздары Мұрат Бисенбин (Руслан) мен Саят Исембаев (Саян) "Ағайындының" эпизодына түскен. Мұнда да банда мүшелерінің рөлінде, ал Жан Байжанбаев екі туындыда да айлакер кәсіпкердің рөлінде ойнайды.

Көрермендер екі картинадан да бірдей рөлдерді тапқанымен, режиссер Ақан Сатаев басқаша пікір айтты. Оның сөзінше, телесериал "Рэкетир" фильмінің жалғасы емес. Кей киносыншылардың айтуынша, фильмнің жоғары бағаға ие болуына актерлер құрамы зор үлесін қосқан. Фильмнің басты кейіпкерлерін Берік Айтжанов (Шыңғыс), Нұрлан Әлімжан (Қуаныш) мен Әнуар Нұрпейісов (Бақыт) сомдады.


Сериалдан кадр

"Ағайынды" сериалы актерлік дебюті болған Нұрпейісов бұған дейін берген сұхбаттарында үш актер бірін-бірі ағайындыдай сезінуі үшін Ақан Сатаевтың қулыққа барғанын айтқан.

"Режиссер тамаша шешім жасады: ол түсірілімге бір ай қалғанда үш "бауырды" түрлі спорттық жаттығуларға жаздырып қойды. Кейін белгілі болғандай, ол біздің бұлшықеттерімізді өсіруді емес, біздің шынайы өмірде жақын араласқанымызды қалаған. Себебі экранда туыстардың рөлін бір-біріне жат адамның ойнап жатқаны анық көрініп тұрады", - дейді Әнуар Нұрпейісов.

Режиссер Ақан Сатаев "Рэкетир" мен "Ағайындыдан" кейін де жоғары деңгейлі фильмдер түсірді. Олардың ішінде "Жаужүрек мың бала", "Анаға апарар жол", "Районы", "Бизнесмены" және "Елбасы жолы. Астана" фильмдерін ерекше атап өтуге болады. Одан бөлек, 2016 жылы америкалық компаниямен бірігіп "Хакер" фильмін түсірген. Бірақ Box Office Mojo порталының мәліметі бойынша, 2 миллион долларға түсірілген фильм өз бюджетін ақтай алмай, шығын келтірген. Ал биыл ел кинотеатрларында Сатаевтың тағы бір фильмі - "Томирис" көрсетіледі. Картинада сақ патшайымы Томиристің өмірі жайлы баяндалады.


Ақан Сатаев. © Шынар Оспанова

Берік Айтжанов болса, "Ағайындыдан" кейін 20-дан аса фильмге түскен. Оның ішінде Сатаев режиссер болған "Ликвидатор", "Жаужүрек мың бала" мен "Анаға апарар жол" бар. Одан бөлек, "Дала дауысы", "16 қыз", "Замуж в 30" фильмдерінде ойнады. 2013 жылы отандық телеарналарда көрсетілген тағы бір сериал - "Тракторшының махаббатына" түсті. Ал биыл Қазақстан мен Қытай бірлесіп түсірген "Композитор" фильмінде ойнады. Картина соғыс кезіндегі қытайлық композитор Сянь Синхай мен қазақ композиторы Бақытжан Байқадамовтың достығын көрсетеді. Айтжанов бұл фильмде Байқадамовты сомдайды.


Берік Айтжанов. ©  Роза Есенқұлова

Сатаевтың "Жаужүрек мың баласына" Нұрлан Әлімжанов та түскен. Бірақ актердің соңғы жылдардағы басты рөлі - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты сомдауы. Ол "Елбасы жолы" киноэпопеясында президенттің рөлінде ойнаған болатын. Қазір Әлімжанов өзін актер ғана емес, әнші әрі композитор ретінде де көрсетіп жүр.


Нұрлан Әлімжанов пен Нұрсұлтан Назарбаев. © Марат Әбілов

2010 жылы Әнуар Нұрпейісов түскен "Сказ о розовом зайце" фильмінен кейін актердің танымалдығы арта түсті.  Ол содан бері "Жерұйық" және "16 қыз" фильмдеріне түскен. Ал қазір көбіне шоумен әрі блогер ретінде көзге түсіп жүр.


Әнуар Нұрпейісов

2012 жылы Ақан Сатаев пен осы танымал актерлер "Ағайынды" сериалының жалғасын түсіреді деген ақпарат пайда болған. Сериалдың екінші маусымы үш бауырдың оқиғасын жалғастырады деген еді. Тіпті, түсірілім басталып та кеткен. Өкінішке қарай, қаражаттың жетіспеуіне байланысты сериал түсірілімі тоқтатылғаны белгілі болды.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 443.2   490.7   4.82 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети