Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
03 июня 2019 16:35

Қазақстандықтар велосипедке қашан ауысады - Голландия мен Данияның үлгісі

ПОДЕЛИТЬСЯ

© pixabay.com © pixabay.com

Соңғы жылдары Қазақстанда автокөліктен бас тартып, велосипедке ауысу идеясы жиі айтылып жүр. Әкімдер қала тұрғындары мен өз жұмысшыларын велосипедке отыруға шақырған болатын. Бүгінде Еуропаның кей елі велосипед мәдениетіне толықтай ауысқан. Тengrinews.kz тілшісі 3 маусым - Халықаралық велосипед күнінде көліктің бұл түріне ауысқан елдердің веломәдениеті жайлы баяндап, қазақстандық велосипедшімен тілдесті.


Соңғы жылдары Қазақстанда автокөліктен бас тартып, велосипедке ауысу идеясы жиі айтылып жүр. Әкімдер қала тұрғындары мен өз жұмысшыларын велосипедке отыруға шақырған болатын. Бүгінде Еуропаның кей елі велосипед мәдениетіне толықтай ауысқан. Тengrinews.kz тілшісі 3 маусым - Халықаралық велосипед күнінде көліктің бұл түріне ауысқан елдердің веломәдениеті жайлы баяндап, қазақстандық велосипедшімен тілдесті.

Голландия қалай велосипедке ауысты?

Велосипед елі десе көбінің есіне бірден Голландия түседі. Себебі бұл елде адам санына қарағанда велосипед саны көбірек. Әр голландиялық орташа есеппен бір күнде 2,5 шақырым жүріп өтеді.

Голландия веломәдениетті дамыту үрдісін өткен ғасырда бастап кеткен. Бірақ Екінші Дүниежүзілік соғыс, елдегі мұнай дағдарысы, нарықты автокөліктердің басып алуы бұл үрдісті кейінге шегеріп тастады. Бірақ автокөліктердің ауаны ластауы және жол апатынан қаза тапқан балалар санының көп болуы велосипед мәселесін қайта қарауға алып келді. Сөйтіп, өткен ғасырдың 70-жылдардың басында Голландия билігі тұрғындарды веломәдениетке баулуды бастайды. Алдымен, көшеде емін-еркін ойнағысы келетін балаларға кедергі келтірген автокөліктер жайлы деректі фильм көрсетіп, тұрғындардың назарын соған аударады. Кейін жексенбі сайын автокөлік пайдалануға тыйым салады. Осы тұста велосипедті қолдайтындар бірнеше акция өткізіп, митингтер ұйымдастырады.

Голландия билігі велосипедке отыруға шақырып қана қоймай, бұл жобаны қаржыландырып, толық инфрақұрылым жасай бастайды, арнайы жолдар салынады. Толық жағдай жасалған соң мемлекет артынша велосипед еліне айналды.


© oberweb.ru

Бүгінде Голландия көшелерінен қарапайым тұрғынмен қатар, жұмысына велосипедпен асығып бара жатқан министрді немесе депутатты да көріп қалуыңыз мүмкін. Мемлекет астанасы Амстердамда 400 шақырымнан тұратын велосипед жолы салынған. Велосипедшілердің өз жол белгілері, тұрақтары бар. Мысалы, Амстердамдағы Fietsflat велотұрағы үш қабаттан тұрады. Оған бір уақытта 25 мың велосипед сыйып кетеді.


© velomesto.com

Қалада велосипед жалға беретін орындар да жеткілікті. Бір күнге велосипедті орташа есеппен 10-15 еуроға жалға алуға болады.

Голландиялықтар қаланың ішінде ғана емес, алыс-жақын елді мекендерге де велосипедпен бара береді. Мысалы, Амстердамнан Гаагаға дейін 3,5 сағатта, Утрехтке дейін 2 сағатта жетуге болады.

Одан бөлек, велосипедшілерге заң бойынша да көмек қарастырылған. Автокөлік пен велосипед соқтығысқан кез келген жағдайда, машина жүргізушісі кінәлі болады. Билік осындай жағдай жасаған соң мемлекеттің 90 пайыздан астамы велосипед жолын таңдаған.


© oberweb.ru

Голландияда автокөлікті мүлде қолданбайтын қала бар. 1980-жылдардың басынан бері Хаутен қаласының тұрғындары автокөліктен ақырындап бас тартып, велосипедке ауысқан. Қазір қала көшелерінен автокөлік табу мүмкін емес.

10 жылда веломәдениет қалыптастырған мемлекет

Біріккен ұлттар ұйымы велосипед жобасы бойынша Данияны басқа елдерге үлгі қылып көрсетеді. Себебі Голландиямен салыстырғанда, Дания веложобаны жақында бастаған - 10 жыл бұрын. 2009 жылы Дания үкіметі елді велосипедке отырғызу мақсатында арнайы жобаларға 350 миллион еуро инвестиция құйған. Голландия секілді Данияда да велосипед жолдары, арнайы ережелер мен тұрақтар бар. Кез келген қонақүйден велосипед жалға алуға болады. Көшелер де велотұрақтарға толы.

Мысалы, мемлекет астанасы Копенгагенде әр тұрғында велосипедтен бар деуге болады. Оның жартысы велосипедті тұрақты түрде қолданады. Қалада 400 шақырымдық веложол бар. Жалпы алғанда, Дания үкіметі мемлекет ішінде 12000 шақырым велосипед жолын салып тастаған.

Сонымен қатар, Данияда велосипедшілерге арналған "жасыл толқын" бар. Яғни, қала орталығына дейін бір рет те тоқтамайсыз. Тіпті, қоқыстың өзін жәшікке велосипед айдап келе жатып лақтыруға болады.

Бүгінде әлемнің көптеген елі веломәдениетті дамытып жатыр. Қазірдің өзінде Германия, Швеция, Норвегия, Жапония, Қытай және Бельгия сынды мемлекеттер веломәдениетті бір жолға қойып үлгерді.

"Қазақстанда велосипед жолы жетіспейді"

Алматы тұрғыны Данияр Азнабаевтың велосипедті тұрақты пайдаланып жүргеніне 5 жылдан асқан. Бірақ ол елімізде велосипедке арналған инфрақұрылымның толық дамымағанын айтады.

"Бірінші мәселе - қаланың ішіндегі веложолдардың жетіспеуі. Орталықта ғана велосипед жолы бар. Бірақ қаланың шеті мен орталығын байланыстыратын жол жоқ. Одан бөлек, веложолдардың бәрі жиектастармен қоршалған. Кейде жол бітіп, алдыңыздан жиектас шыға қалуы мүмкін. Сол кезде секіріп өтуге не велосипедті қолмен көтеріп өтуге тура келеді", - дейді Данияр Азнабаев.

Оның сөзінше, елімізде инфрақұрылымнан бөлек, веломәдениет те әлі дамымаған. Автокөлік жүргізушілері оларға көп көңіл аудара бермейді екен.

"Автокөлік жүргізушілерінің мәдениеті де - үлкен мәселе. Көбі жол жүру ережесін бұзады.  Мысалы, автокөлік жолында келе жатқанда біз де қозғалыс бөлігінің бірі саналамыз. Яғни, велосипедші негізгі жолмен келе жатса, көліктер оны өткізуі тиіс. Одан бөлек, көлік жүргізушілері терезеден түкіру немесе темекі лақтыру секілді мәдениетсіздікке жол беріп жатады. Айнаға қарамайды, соның салдарынан артында келе жатқан велосипедті байқамайды. Аяқ астынан есік ашып қалатын кездер болады", - дейді велосипедші.   


© Tengrinews.kz

Данияр Азнабаевтың үйі мен жұмысы аралығы - 10 шақырым. Күніне жұмысқа барып қайтуына 20 шақырым кетеді. Бірақ екі аралықта велосипедшілер жолы жоқ екен, сондықтан оған кішкентай көшелермен жүріп өтуге тура келеді.

"Бірнеше жыл бұрын велосипедшілерге жаяу жүргіншілер жолымен жүруге тыйым салынды. Бізде кептеліс басталған кезде автокөлік жолымен жүру мүмкін емес. Себебі жолда жүккөліктері мен автобустар тұрады. Олардан шыққан қара түтін артында тұрған велосипедшіге зиян келтіреді", - дейді ол.

Осындай мәселелер болмауы үшін велосипедші тек инфрақұрылымды дамыту қажет екенін айтады.

"Кей шет елде велосипедке арналған жол айырықтары бар. Онда велосипед пен көлік жолдары бір-бірімен қиылыспайды. Инфрақұрылымға көп көңіл бөлген. Велосипед жолын жасауға көп қаражат кетеді деп ойламаймын. Бізге шағын ғана жол қажет. Оның үстіне, ауыр көліктер секілді жолды тоздырып тастамаймыз. Мысалы, Алматы мен Талғар немесе Қаскелең арасына велосипедпен қатынағысы келетін таныстарым бар. Бірақ мұнда жолдың бойымен жүру өте қауіпті. Кейде демалыс күндері Қапшағайға немесе Есікке барып тұрамын. Жол бойы іштей қорқыныш болады, артыма жиі қарайлап қоямын. Арнайы жолдар салынса, көп адам велосипедке ауысар еді деп ойлаймын", - деп ойын қорытындылады.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 447.35   490.7   4.75 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети