Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
13 августа 2019 11:00

Джиу-джитсудан әлем чемпионы Алматыдағы балалар үйінде қалай тәрбиеленіп жатыр?

ПОДЕЛИТЬСЯ

Бексұлтан Талдыбаев. © instagram.com/detdom_baganashyl Бексұлтан Талдыбаев. © instagram.com/detdom_baganashyl

Бексұлтан Талдыбаев - балалар үйінің тәрбиеленушісі. Биыл жаз мезгілінде оның өмірінде ірі оқиға болды. Небәрі 11 жастағы бала Мәскеуде джиу-джитсудан өткен әлем чемпионатында бірінші орынды. 35 келіге дейінгі спортшылар арасында Бексұлтанға төтеп берер қарсылас болмады. Аталған жарыста Бексұлтан төрт рет белдесіп, екі қарсыласын мерзімінен бұрын, екеуін ұпаймен жеңген. Қазір ол ACB JIU-JITSU тұжырымдамасы бойынша әлем чемпионы. Tengrinews.kz тілшісі балалар үйінде болып, Бексұлтан Талдыбаевпен әңгімелесіп қайтты.


Бексұлтан Талдыбаев - балалар үйінің тәрбиеленушісі. Биыл жаз мезгілінде оның өмірінде ірі оқиға болды. Небәрі 11 жастағы бала Мәскеуде джиу-джитсудан өткен әлем чемпионатында бірінші орынды. 35 келіге дейінгі спортшылар арасында Бексұлтанға төтеп берер қарсылас болмады. Аталған жарыста Бексұлтан төрт рет белдесіп, екі қарсыласын мерзімінен бұрын, екеуін ұпаймен жеңген. Қазір ол ACB JIU-JITSU тұжырымдамасы бойынша әлем чемпионы. Tengrinews.kz тілшісі балалар үйінде болып, Бексұлтан Талдыбаевпен әңгімелесіп қайтты.

Бексұлтанның арманы - Олимпиада чемпионы болу.

"Мен джиу-джитсуға өзім қызығып бардым. Бізде аптасына үш күн, үш сағаттан дайындық болады. Альберт, Рустам және Рафаэль деген ағайларымыз жаттықтырады", - дейді Бексұлтан. 


Бексұлтан ағасы Нұрдәулетпен. © Tengrinews.kz

Бексұлтан болашақта осы спорт саласын дамытқысы келеді екен. Сонымен қатар, ол джиу-джитсудан әлем чемпиондарын дайындасам деген ойы бар. 

"Мен джиу-джитсудан жаттықтырушы болғым келеді. Спорт академиясына түсіп, өзім сияқты балаларды жаттықтырып, тәрбиелегім келеді. Атақты чемпион болып, өзге елде Қазақстанның туын желбіретсем деймін", - дейді ол.

Жәмилә Мырзахметова осы балалар үйінде 28 жылдан бері тәрбиеші болып қызмет етіп келеді. Оның айтуынша, Бексұлтан Жәмилә апайының тобында 2015 жылдан бері тәрбиленіп келеді.

"Бірінші сыныптан бастап келе жатыр. Биыл бесінші сыныпқа көшті. Мінезі ауырлау. Сабақ үлгерімі жақсы. Тапсырылған жұмысты әр уақытта соңына дейін жеткізіп, аяқтап отырады. Өте еңбекқор, бауырмал, үлкендерді сыйлай білетін бала. Мен Бексұлтанға ризамын. Ешқашан ерсі қылықтарын көрмеппін. Өзі бір доға бала", - дейді Жәмилә апай. 


Бексұлтан, ағасы Нұрдәулет және Жәмилә Мырзахметова.

Тәрбиешінің сөзінше, балалар қалааралық жарыстарда да жүлделі орындар алған.

"Бексұлтан өзінің төзімі мен сенімінің арқасында осындай нәтижеге қол жеткізіп отыр. Мен Бексұлтаннан зор үміт күтемін", - дейді Жәмилә Мырзахметова. 

Жәмилә Мырзахметованың айтуынша, Бексұлтан ата-анасының қарауынсыз қалған төрт баланың бірі. Бексұлтанның Арай есімді әпкесі, Нұрдаулет есімді ағасы және Нұрай есімді қарындасы бар.

Бексұлтанның ағасы Нұрдәулет биыл жетінші сыныпта оқиды. Ол да джиу-джитсуға қызығады. Бірнеше жарысқа қатысып, жүлделі орындар алған.

"Мен футбол, джиу-джитсу, қазақша күрес және қолөнерге жақынмын. Сонымен қатар, математикаға да қызығамын. Өзімнің қазір 11 медалім бар. Шынымды айтсам, маған спорт жақын. Болашақта осы салаға кеткім келеді", - дейді Нұрдәулет.

Бексұлтанның Нұрай есімді қарындасы биыл төртінші сыныпты бітірген. Нұрай өнерге жақын. Қазір ол балалар үйінің би тобының мүшесі. Бос уақытында қолөнермен айналысады.

Бексұлтанның қарындасы Нұрай. © Tengrinews.kz

"Мен көбіне ән мен биге қызығамын. Біздің топ 2018 жылы астанада өткен жарыста бірінші орын алды. Мен болашақта қолөнер шебері болғым келеді", - дейді Нұрай.

Бексұлтанның Арай есімді әпкесі биыл 9-сыныпты бітіріп, қазір колледджде білім алып жатыр. 

Айта кетейік, балалар үйінің оқу ісінің меңгерушісі Роза Жақанқызының айтуынша, мекеме 1943 жылы ашылған. Қазір балалар үйінде 110 бала тәрбиеленіп жатыр. Оның айтуынша, балалардың спортқа деген қызығушылығын оятуға жергілікті мекемелер көмектескен. 

"Бәрі сенің қолыңда" деген қоғамдық бірлестік бар. Сол ұйым біздің мекемеге келіп ұсыныс жасаған. Қоғамдық бірлестік "Самурай" спорт мектебінде балалардың жаттығуына мүмкіндік жасап беріп отыр. Қазір киім-кешектері, жолын, тамағын сол ұйым төлеп отыр", - дейді балалар үйінің оқу ісінің меңгерушісі Роза Жақанқызы. 

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 443.2   490.7   4.82 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети