Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
15 октября 2019 17:09

Қазақстандық боксшылар биыл қандай чемпиондық белбеу жеңіп алды?

ПОДЕЛИТЬСЯ

2019 жылы қазақстандық бірқатар боксшы чемпиондық белбеу иеленді. Бірі басты ұйымдардың әлем чемпионы титулын алса, кейбірі өңірлік және екінші дәрежелі белбеулер жеңіп алды. Тengrinews.kz тілшісі 2019 жылы чемпиондық белбеу иеленген боксшыларға шолу жасады.


2019 жылы қазақстандық бірқатар боксшы чемпиондық белбеу иеленді. Бірі басты ұйымдардың әлем чемпионы титулын алса, кейбірі өңірлік және екінші дәрежелі белбеулер жеңіп алды. Тengrinews.kz тілшісі 2019 жылы чемпиондық белбеу иеленген боксшыларға шолу жасады.

Геннадий Головкин


© instagram.com/gggboxing

Қазанның басында орта салмақта өнер көрсететін Геннадий Головкин өзіне әлем чемпионы атағын қайтарып алған. Нью-Йоркте украиналық Сергей Деревянченконы жеңген ол IBF және IBO титулдарын иеленген.

IBF (Халықаралық бокс федерациясы) 1983 жылы құрылған. Басында федерацияға басқа ұйымдарға ене алмаған боксшылар кірген. Бүгінде IBF бокстағы ең басты төрт ұйымның қатарына кіреді. Бұған дейін Головкин 2015-2018 жылдары осы ұйымның тұжырымы бойынша әлем чемпионы болып, белбеуін 5 рет қорғаған еді.

IBO (Халықаралық бокс федерациясы) болса, тарихын 1988 жылдан бастайды. Ол бокс әлемінде дәрежесі бойынша бесінші ұйым саналады. Головкин бұған дейін ұйым белбеуін жеті жыл бойы өз иелігінде ұстап, оны 17 рет қорғаған.

Батыр Жүкембаев

Головкиннен он шақты күн бұрын Батыр Жүкембаев та екі титулды қанжығасына байлаған. 26 қыркүйекте Канадада жартылай орта салмақ аясында Батыр мексикалық Мигель Васкесті төрешілер шешімімен жеңіп, бірден екі белбеуді беліне байлаған - WBA Continental және IBF Inter-Continental.

Бұған дейінгі титулды жекпе-жектерінде Жүкембаев IBO International және WBC Continental Americas белбеулерін жеңіп алған еді. Осылайша, қазақстандық боксшыда WBA, IBF, IBO және WBC титулдары бар. Бірақ оның бәрі екінші дәрежелі саналады - бірі өңірлік, бірі құрлықтық.

Нұрсұлтан Жаңабаев

17 тамызда бірінші орта салмақта сынға түсетін Нұрсұлтан Жаңабаев Сиднейде аустралиялық Стив Гагоны он раундтың қорытындысы бойынша жеңіп, өз титулына тағы екі белбеу қосқан.

Кәсіпқой бокста жеті жекпе-жек өткізген қазақстандық спортшыда кездесу алдында WBA Inter-Continental титулы болған. Гагоны жеңгеннен кейін Жаңабаевтың беліне WBO Oriental және IBF Pan Pacific белбеулері тағылды.

Oriental мен Pan Pacific де интерконтинентал секілді өңірлік белбеу саналады. Тек Oriental көбіне шығыстан шыққан боксшыларға беріледі. Ал Pan Pacific титулы Жаңабаевқа Тынық мұхия ауданының чемпионы атағын берді.

Қанат Ислам

5 шілдеде Алматыда Қанат Ислам бірінші орта салмақ аясында Доминикан Республикасының өкілі Хулио де Хесусті нокаутпен жеңіп, WBO Inter-Continental белбеуін иеленген.

Бұл WBO ұйымының екінші дәрежелі саналатын 12 белбеуінің бірі. Қанат Исламда WBO ұйымының одан бөлек тағы бір белбеуі бар. WBO NABO белбеуі Солтүстік Америка бокс ұйымының чемпионына беріледі. Бұл белбеуді Қанат 2017 жылы қазанда жеңіп алған еді.

Сонымен қатар, қазақстандық боксшыда WBA ұйымының да интерконтинентал белбеуі бар. Әзірше, боксшының үш белбеуі де екінші дәрежелі саналады.

Жанқош Тұраров


© Тұрар Қазанғапов

Ислам жаңа белбеу жеңіп алғаннан кейін келесі күні Жанқош Тұраров Нұр-Сұлтанда титул иеленген. Ол аргентиналық Мауро Максимилиано Годойды үшінші раундта нокаутқа түсіріп, бірінші орта салмақта WBO Inter-Continental белбеуіп жеңіп алған.

Қанат Ислам мен Жанқош Тұраровтың жеңіп алған белбеулері бірдей - WBO ұйымының екінші дәрежелі интерконтинентал титулы. Дегенмен, бұл титул Тұраровқа рейтингте көмектесті. Ол сол жеңісінен соң BoxRec рейтингінде 204 орыннан бірден 67-орынға көтерілген.

Тұраровтың өзі жекпе-жектен кейінгі сұхбаттарының бірінде WBO Inter-Continental белбеуін үлкен жетістік деп санамайтынын айтқан. Ол WBO ұйымының толыққанды чемпионы болуды көздеп отырғанын мәлімдеген еді.

Жәнібек Әлімханұлы


© instagram.com/janibek_alimkhanuly

Сәуірде орта салмақта жұдырықтасып жүрген Жәнібек Әлімханұлы мексикалық Кристиан Оливасты жеңіп, WBC мен WBO-ға тиесілі екі белбеуді иеленген.

WBC Continental Americas титулы Америка құрлығының чемпионына беріледі. Бұл өңірлік белбеу саналады.

Сонымен қатар, бұл жекпе-жекте алғаш рет WBO Global титулы сарапқа салынған. Бұл белбеу былтыр желтоқсанда ғана беріле бастады. Бірақ ұйым бұл белбеудің қандай қағида бойынша берілетінін әлі толық түсіндірген жоқ.

Садриддин Ахмедов

Биыл бірінші орта салмақта өнер көрсететін Садриддин Ахмедов екі титул жеңіп алды. Алдымен қаңтарда ол мексикалық Абрахам Хуаресті жеңіп, WBC Youth World белбеуін беліне таққан. WBC ұйымы бұл белбеуді жас боксшылар арасында сарапқа салады. Оған 23 жас, 11 айдан аспаған боксшылар ғана иелік етеді. Осылайша, 20 жастағы Ахмедов ұйымның жастар арасында әлем чемпионы атанған.

Араға екі ай салып, Садриддин Алматыда индонезиялық Джон Рубамен жұдырықтасып, төрешілер шешімімен жеңген. Кездесуден соң ол WBC-дің тағы бір белбеуін қанжығасына байлады. Бұл жолы ол WBC Asia титулын иеленді. Ол ұйымға қарасты Азия бокс кеңесінің чемпионына беріледі.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 444.26   490.7   4.83 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети