Қазақстан бір палаталы парламентке көшуі мүмкін. Бұл бастаманы Мемлекет басшысы Жолдауында жариялады. Үкімет үйінде жүрген Tengrinews.kz тілшісі депутаттардың реформаға қатысты пікірлерін білді.
Жалпы байқағанымыз, бір палаталы Парламент идеясын барша депутат бір ауыздан қолдайтындай. Себебі қарсы пікір білдірген бірде бір халық қалаулысы болмады. Тіпті кей депутаттар түбі осылай болуы тиіс еді деп отыр. Сенат депутаттарының ғана көңіл-күйлерінің құбылғаны байқалды.
Сенаттың миссиясы аяқталды
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Сенаттың тарихи миссиясы аяқталғанын, уақыттың жаңа шешімдерді талап ететінін алға тартты.
"Сенат өзінің тарихи миссиясын абыроймен атқарды. Уақыт өзгереді, күн тәртібі өзгереді. Егер бір палаталы парламентке көшер болсақ, сенаторлар белсенді сайлау құқығы арқылы бәрібір қайтадан сайлана алады. Өкілеттіктің азаюы мен құрылымдық өзгерістердің бәрі бір-бірімен үндесіп тұр", - деді ол.
Ал, Азат Перуашев бұл ұсынысты "Ақ жол" патриясы 2017 жылдан бері көтеріп келе жатқанын еске салды. Тіпті Назарбаев билігі кезінде де бұл мәселені Президент әкімшілігі мен Сенаторлар тартысқа салған көрінеді.

" "Ақ жол" партиясы бір палаталы парламентке көшу туралы ресми ұсынысты 2017 жылдан бері ұсынып келеді. Бұл ұсынысты Назарбаев кезінде де енгіздік және ол кезде сенаторлар, Президент әкімшілігі арасында үлкен талқыға түскен. Унитарлы мемлекет жағдайында біздің жүйеде Сенат басқа рөл атқарды. Ол аймақтардан қалыптасқанымен, бәрібір билік партиясының өкілдері болды, биліктің өзі тағайындаған адамдар – бұрынғы әкімдер, шенеуніктер. Олар көппартиялық жүйенің қызметін сүзгіден өткізіп, бақылап отырды. Парламенттік партиялар билік партиясымен тартысып, кейбір нормаларды өткізіп алуға қол жеткізген кездің өзінде, Сенат оларды кері қайтарып, келіспей, қайта қарауға жіберетін. Осылайша басқа партиялардың ықпал ету мүмкіндігін шектейтін. Ал бүгінгі күні экономика мен саяси жүйені либерализациялау аясында мұндай сүзгінің қажеті жоқ. Президент Тоқаев осыны ашық аңғартты", - деді Перуашев.
"Депуттар санын арттыру керек"
Мәжіліске келгелі аталған өзгеріс туралы "күн құрғатпай естиміз" деген Еділ Жаңбыршин депутаттар санын арттыру қажет дейді.
"Бұл бұрыннан талқыланып келе жатқан мәселе. 2021 жылы Мәжіліске келгелі осы туралы естіп келемін. Меніңше, бәрі елу де елу болуы қажет. Елу пайыз саяси партия және елу пайыз бір мандатты үміткерлер. Мұндай өзгеріс елімізге қажет және депутаттар санын да арттыру керек. Себебі жұмыс өте көлемді. Талқылауға түсетін заңдар өте көп және бір депутат бірнеше заңмен айналысатын кездер болады. Сапалы заң болуы үшін заң және адами ресурс қажет. Бір адам бірнеше заң жобасын жүргізе алмайды. Сенаторлар саяси партиялардың қатарына қосылып, бір палаталы парламент қатарына қосыла алады", - деді Жаңбыршин.
Ермұрат Бәпи өткен апта Парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін Үкіметтегі өзгеріс 2027 жылы орын алатынын айтқан еді.
"Енді елде партиялық жүйені қалыптастыруға басымдық беріледі. Қазірдің өзінде сайлау туралы заң жобасы қаралып жатыр, алдағы уақытта тағы да саяси реформаларға байланысты жаңа жобалар түседі", - деді Бәпи.
Елнұр Бейсембаев бұл өзгерісті демократиялық қадам деп бағалады.
"Бұл реформа парламентті жаңа институт ретінде қалыптастыруға бағытталған. Жауапкершілік артады. Бір палаталы парламент партиялық тізім арқылы жасақталады, ал өңірлік мәселелерді көтергісі келетіндер бір мандатты округтерден сайлана алады. Бір қуантарлық жағдай, бір палаталы парламент тікелей тізіммен жасалады. Дамыған еуропа елдерінің барлығы саяси партияларға арнайы бір институт ретінде қарайды және саяси партиялардың мүмкіндіктері артады деген ойдамын", - деді ол.
Сенат немен айналысты?
Қазақстанда қос палаталы парламент институты 1995 жылғы Конституция реформасы кезінде енгізілді. Сол кезде заң шығарушы органның тұрақтылығын күшейтіп, Мәжілісте қабылданған шешімдерді қосымша сүзгіден өткізу үшін Сенат құрылды.

Сенаттың басты рөлі – заң жобаларын қайта қарап, қажет болған жағдайда түзетулер енгізу немесе кері қайтару еді. Бұл палатаның құрамына аймақтардан сайланған депутаттармен қатар Президент тағайындаған өкілдер кірді. Осылайша, Сенат ұзақ жылдар бойы Мәжіліс шешімдерін "екінші бақылау сатысынан" өткізіп, билік тармақтарының тепе-теңдігін сақтауға бағытталған құрылым ретінде жұмыс істеп келді.
Қазір Мәжілісте 98 депутат жұмыс істейді, ал Сенат құрамында 50 мүше бар. Егер бір палаталы парламент қалыптасса, бүкіл заң шығару міндеті осы Мәжілістің құзырына өтеді.