Бүгін, 8-қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына "Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу" атты жолдау жолдады. Онда жаңа министрлік құрудан бастап, парламент реформасына дейінгі стратегиялық бастамалар көтерілді. Жолдаудың негізгі бағыттарына Tengrinews.kz тілшісі шолу жасады.
Парламент реформасы
Биылғы Жолдаудың басты жаңалығы – парламентті бір палаталы ету бастамасы. Президент 30 жыл ішінде Сенат өз миссиясын орындап, тұрақтылықтың кепілі болғанын айтты. Бірақ жаңа жағдайда Мәжіліске толыққанды өкілеттік беріп, заң шығару процесін жеңілдету қажет деп санайды. Тоқаев 2027 жылы жалпыұлттық референдум өткізу арқылы бұл мәселені халық шешуі тиіс екенін мәлімдеді. Конституцияға тиісті өзгерістер сол кезде енгізіледі. Бұл қадам саяси жүйені демократияландырудағы маңызды белес ретінде ұсынылды.
Жасанды интеллект министрлігі
Тоқаевтың Жолдауындағы басты жаңалықтың бірі – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру. Президенттің айтуынша, әлемде жасанды интеллект еңбек нарығын, экономиканы және мемлекеттік басқаруды түбегейлі өзгертіп жатыр. Қазақстан да бұл трендтен қалып қоймауы тиіс. Жаңа министрлік цифрлық технологияларды барлық салаға енгізуді үйлестіреді, білім беру жүйесінен бастап өндіріс пен қаржыға дейін. Министрлікті Үкімет басшысының орынбасары деңгейіндегі маман басқаруы керек. Бұл Қазақстанды бәсекеге қабілетті ел ретінде дамытудағы негізгі шарт ретінде ұсынылды.
Инвестиция саясаты
Президент инвестиция тарту мәселесіне ерекше тоқталды. Қазіргі саясаттың басты кемшілігі – қаржының көбі шикізат секторына бағытталып отырғаны. Тоқаев енді басымдық өңдеу өнеркәсібіне, жоғары технологияларға берілетінін айтты. Инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасалып, мемлекеттік инвестиция мен жеке бастамаларға тең дәрежеде көңіл бөлінбек. Президент ірі ғана емес, орта және шағын инвесторлармен де жүйелі жұмыс жүргізуді тапсырды. Премьер-министр Әлихан Бектеновке он күн ішінде жаңа инвестициялық саясат бойынша нақты ұсыныстар беру міндеттелді.
Активтер комитеті
Бас прокуратура жанындағы "Заңсыз активтерді қайтару комитеті" қайта құрылып, енді "Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті" болады. Президент бұған дейінгі жұмыстың нәтижесінде қазынаға 850 млрд теңге қайтарылып, әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың құрылысына жұмсалды. Оның ішінде 10 мектеп, төрт спорт кешені, 235 денсаулық сақтау нысаны және 177 су инфрақұрылымы бар. Президент мұндай тәжірибені жалғастырып, бюджетке қосымша қаржы түсуін қамтамасыз ету қажет екенін атап өтті. Бұл шешім экономикалық тұрақтылықты сақтаумен қатар, қоғамға пайдалы жобалардың жүзеге асуына жол ашады.
Alatau City
Алатау қаласы – еліміздің болашақтағы инновациялық және цифрлық орталығы ретінде қарастырылуда. Президент бұл жобаға ерекше мәртебе беріп, оны Үкіметке тікелей бағынатын құрылым ретінде қалыптастыруды тапсырды. Алатау Сity-дің бастапқы инфрақұрылымы дайын, шетелдік компаниялармен келісімдер жасалды. Тоқаевтың айтуынша, қала қағаз жүзінде қалып қоймауы үшін нақты құқықтық негіз қажет. Осы мақсатта он күн ішінде Жарлық әзірленіп, жарты жылдан кейін арнайы заң қабылданбақ. Жаңа қалада Smart City технологиялары толық енгізіліп, тіпті криптовалюта арқылы төлем жасауға мүмкіндік беріледі.
Атом электр станциялары
Қазақстанда атом энергетикасын дамыту – Жолдаудағы тағы бір маңызды тақырып. Қазір Алматы облысында алғашқы атом электр станциясы құрылысы басталды. Алайда Президент бұл жеткіліксіз екенін, елдің энергетикалық дербестігін қамтамасыз ету үшін екінші, тіпті үшінші станцияны да жоспарлау қажет екенін айтты. Тоқаев Қытай Халық Республикасымен атом саласында стратегиялық серіктестікке қол жеткізілгенін атап өтті. Бұл Қазақстанның тұрақты әрі экологиялық таза энергия көздерін дамытуға бағытталған маңызды қадам. АЭС-тердің салынуы ел экономикасына ұзақ мерзімді серпін береді.
Су және экология
Экология мәселесі Жолдауда кеңінен қозғалды. Президент Солтүстік Аралды сақтау бойынша атқарылған жұмысты оң бағалады: теңіз айдыны 36%-ға ұлғайып, су тұздылығы азайған. Дегенмен, Аралды қалпына келтіру жұмыстары жалғаса береді. Ал Каспий теңізінің тартылуы – ерекше алаңдаушылық туғызатын мәселе. Тоқаев бұл аймақтық деңгейдегі экологиялық апатқа айналуы мүмкін екенін ескертті. Сондықтан Үкіметке Каспийдің су ресурстарын сақтау жөніндегі мемлекетаралық бағдарлама әзірлеу тапсырылды. Бұл бағдарлама көрші елдермен бірлесе жүзеге асырылады.
Астана халқы мен ішкі көші-қон
Соңғы жылдары елорда халқы қарқынды өсіп келеді. Соңғы үш жылдың өзінде қалаға 250 мың адам қосылды, оның ішінде өткен жылы 100 мыңнан астам жаңа тұрғын тіркелген. Астананың инфрақұрылымы ресми 1,5 млн адамға есептелсе де, күн сайын іс жүзінде 1,9 млн тұрғынға қызмет көрсетеді. Президент мұны "артық 400 мың адамға жоспарсыз қызмет көрсету" деп сипаттады. Мұндай демографиялық жүктеме жылу, су және көлік жүйесіне қауіп төндіріп отыр. Сондықтан өңірлік даму мен көші-қон саясатын қайта қарау қажеттігі айтылды.
Шетелдегі білікті кадрларды елге тарту
Президенттің айтуынша, елдегі кадр тапшылығын шешу үшін білікті мамандарды елге қайтару тетіктері әзірленеді. Бұл саясат ұлтына қарамай, Қазақстанды дамытуға үлес қосуға дайын мамандарға бағытталады. Әсіресе техникалық саладағы жоғары білікті кадрларға ерекше назар аударылады. Мемлекет оларға қажетті жағдай жасап, елде қалуға ынталандырады. Президент мұны "сапасы жоғары адами ресурстарды" қалыптастырудың басты жолы деп атады. Бұл бастама білім беру реформаларымен қатар жүрмек.
Футболды коммерцияландыру
Спорт саласында Президент футболға тоқталды. Қазір төрт қазақстандық клуб жеке кәсіпкерлерге берілді, бұл қадамға Тоқаев ризашылық білдірді. Дегенмен ол футболды одан әрі дамыту үшін коммерцияландыру процесін жалғастыру қажет екенін атап өтті.
"Футболды коммерцияландырмай, дамыту мүмкін емес. Әлемдік тәжірибе соны көрсетіп отыр", – деді Мемлекет басшысы.
Бұл бағыттағы жұмыстар клубтардың қаржылық тәуелсіздігін күшейтеді және жанкүйерлер үшін сапалы өнім ұсынуға жол ашады.