Футзалдан Қазақстан құрамасы тарихында алғаш рет әлем чемпионатының жартылай финалына жолдама алды. Бүгінде құрамамыз Бразилия, Аргентина, Португалия секілді футзал грандтарымен бір қатарда тұр.
Футзалдан Қазақстан құрамасы тарихында алғаш рет әлем чемпионатының жартылай финалына жолдама алды. Бүгінде құрамамыз Бразилия, Аргентина, Португалия секілді футзал грандтарымен бір қатарда тұр.
Бірақ бұл тұста қазақстандық жанкүйерлердің пікірі екіге жарылды. Бірі құраманың бұл жетістігіне қуанып жатса, екіншісі ұлттық командада Қазақстан азаматтығын алған шетелдіктер барын сынап жатыр. Дәлірек айтқанда, қазір құрамада бразилиялық үш футзалшы ойнап жатыр - капитан әрі қақпашы Игита, ойыншылар Дуглас пен Тайнан.
Tengrinews.kz тілшісі футзалдан ұлттық құрамадағы шетелдіктер қаншалықты пайда әкелді деген сұрақтың жауабын іздеді.
Бразилиялықтар жоқ кезде қандай едік?
Алдымен Қазақстан құрамасының өткеніне тоқталайық. Бұрын ел футзалын жанкүйер жіті бақыламайтын, себебі үлкен жарыстарға қатыспайды. 2000 жылы әлем чемпионатына қатысып, топтан шыға алмай қалған. Оның алдында деңгейі сәл төмендеу Азия чемпионатында екі мәрте жүлдегер атанған.
Қазақстан футболы УЕФА-ға ауысқалы жағдай өзгерді. Әлем чемпионаты да, Еуропа біріншілігі де жоқ, іріктеутен өте алмай қаламыз. 2000 жылдан бастап он алты жыл бойы біздің құрама әлемдік жарыста да, құрлықтық додада да өнер көрсеткен жоқ.
Құрамаға бразилиялықтар алына бастады
Футзалда үстемдік құрып тұрған бір ел бар - Бразилия. Бұл елде талай талант құрамаға іліге алмай қалған, сондықтан футзалға ден қойып жатқан басқа елдерді аралап кетеді.
Бүгінде біздің құрамада төрт бразилиялық бар. Біз жоғарыда айтқан Игита, Дуглас пен Тайнаннан бөлек, Лео Қазақстан намысын қорғайды. Бірақ жарақатына байланысты биылғы әлем чемпионатына бара алмады.
Игита. ©instagram.com/leohiguita2
Игита мен Лео Қазақстан азаматтығын 2013 жылы алған. Дуглас 2015 жылы қазақстандық атанды. Тайнан болса, Қазақстан құрамасы сапында 2018 жылдан бастап ойнайды.
Дуглас. Фото: ФИФА
Негізі бұл әлемде бар үрдіс. Мысалы, биылғы әлем чемпионатында ширек финалға жеткен Ресей құрамасында Робиньо, Ромуло мен Эдер Лима секілді бразилиялықтар ойнайды.
1/8 финалда Бразилияға күш көрсеткен Жапония құрамасы да толығымен жапондардан жасақталмаған. Бұл құрамада Хигор Пирес пен Артур Оливейра секілді бразилиялықтар өнер көрсетеді.
Артур Оливейра. Фото futsalua.org сайтынан
Құрамаларымызда АҚШ, Канада, Ресей спортшылары бар
Негізі Қазақстанда көптеген спортта шеттен келген спортшылар бар. Биыл Олимпиадада қола медаль алған ауыратлет Зүлфия Чиншанло елге Қытайдан келген, 2016 жылғы Рио Олимпиадасының чемпионы Нижат Рахимовті құрама Әзербайжаннан алдыртқан.
Зүлфия Чиншанло. ©REUTERS
Сол Риода "қола" алған дзюдошы Галбадрах Отгонцецег Моңғолияда туған. Ал балуан Нұрислам Санаев Ресейде дүниеге келген. Жалпы, теннисті қарасаңыз, Қазақстан атынан шығып жүргендердің көбі - Ресейден келгендер.
Нұрислам Санаев. Фото: olympic.kz
Баскетболдан Қазақстан құрамасы сапында ойнайтын Энтони Клеммонс АҚШ-та туған. Ал хоккейден ұлттық командада канадалықтар Джесси Блэкер, Кёртис Волк, Даррен Диц, швед Виктор Сведберг өнер көрсетеді.
Даррен Диц. Фото: olympic.kz
Футболдан Қазақстан құрамасында да Ресей, Украинада туған ойыншылар бар.
Бразилиялықтардан пайда бар ма?
Басқа спорттағы легионерлердің нәтижесін кейін талқылай жатармыз. Бүгін футзалдағы бразилиялықтардың нәтижесіне тоқталайық. Олардан қандай пайда бар?
Бүгінде құраманы Игитасыз елестету мүмкін емес. Құраманың капитанына айналды. Futsalplanet Awards нұсқасы бойынша, бес рет әлемнің үздік қақпашысы атанды. Иә, Қазақстан сапында әлемнің үздік қақпашысы тұрады. Оның алаң ортасына шығып, шабуылға араласуын да көп сарапшы жоғары бағалаған. Бүгінде Қазақстан құрамасы сапында оннан аса гол соқты. Кейінгісін таяуда Таиланд қақпасына салған еді.
Тайнан мен Дуглас та құрама ойнына жауапты. Дуглас - құраманың үздік сұрмергені. Алаңға шықса, голсыз кетпейді. Өте ақылды және өте сабырлы, эмоциясын көп шығара бермейтін Дугласты құрамадағылар "Терминатор" деп атап кеткен. Қорғаныста өте сақ ойнап, қарсылас шабуылшыларын тұсап ұстайды.
Ал Тайнаннан пайдасын осы әлем чемпионатында да анық көріп жатырмыз. Литвада бес гол соғып үлгерді. Кейінгі голы ширек финалдағы Иранға қарсы матчта Қазақстанға жеңіс сыйлаған болатын.
Кейінгі бес жылдағы көрсеткіш
Бразилиялықтармен бірге Қазақстанның көрсеткіштері қандай деген сұраққа жауап берейік. 2016 жылы Қазақстан құрамасы Еуропаны шулатқан. Ұлттық құрамамыз алғаш Еуропа чемпионатына шығып, қола медальға қол жеткізген. Ширек финалда Италияны қапы қалдырып, жартылай финалда испандарға ғана жол берген еді.
Қазақстан құрамасы 2016 жылғы Еуропа чемпионатында. Фото: УЕФА
Сол жылы құрама араға 16 жыл салып, әлем чемпионатында өнер көрсетті. Өкінішке қарай, 1/8 финалда азулы испандар пенальти сериясында жеңіске жеткен болатын.
2018 жылы да біздің құрама Еуропа чемпионатында жартылай финалға дейін жеткен.
Байқасаңыздар, бүгінде Қазақстан футзалда әлем санасатын елге айналды. Құраманы сүйреп жүрген сол бразилиялықтар ғана деуге келмейді. Бұл ойыншыларға қарап, талай талантты қазақстандық өсіп шықты. Бүгінде олармен бірге ел намысын Дәурен Тұрсағұлов, Біржан Оразов, Дәурен Нұрғожин, Альберт Ақбалықов сынды футзалшылар қорғап жүр.
Фото: ҚФФ
Серік Жаманқұлов 2016 жылғы Еуропа чемпионатында алты гол салып, үздік сұрмергендер тізімінде болған. Ал биылғы әлемдік додада Дәурен Тұрсағұлов үш рет қанжығасын майлады.
Міне, елдегі білдей бір спорттың дамуына үлесін тигізе алатын шетелдік спортшыларды құрамаға шақырудың айыбы жоқ секілді. Есесіне, әлемдік аренада Қазақстан футзалы өз орнын тапты, көптеген бала футзал үйірмесіне барып жүр. Қазақстан туын сүйіп жүрген осындай спортшыларды шетелдік деп шеттеткеніміз жөн бе?