Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
02 мая 2019 13:16

24 жасында халық әртісі атанған "чудо" - Күләш Байсейітова

ПОДЕЛИТЬСЯ

Бүгін қазақтың әйгілі әншісі, қазақ опера өнерінің негізін салушылардың бірі, КСРО халық әртісі, Шығыс бұлбұлы атанған Күләш Байсейітованың туғанына 107 жыл толып отыр. 45 жыл ғұмырында ол жұлдыздай жарқырап, халық сүйіспеншілігіне бөленді. Tengrinews.kz тілшісі 24 жасында КСРО халық әртісі атанған, аты аңызға айналған қазақ әншісінің шығармашылық жолын еске түсіреді.


Бүгін қазақтың әйгілі әншісі, қазақ опера өнерінің негізін салушылардың бірі, КСРО халық әртісі, Шығыс бұлбұлы атанған Күләш Байсейітованың туғанына 107 жыл толып отыр. 45 жыл ғұмырында ол жұлдыздай жарқырап, халық сүйіспеншілігіне бөленді. Tengrinews.kz тілшісі 24 жасында КСРО халық әртісі атанған, аты аңызға айналған қазақ әншісінің шығармашылық жолын еске түсіреді.

Өнер жолында

Күләш Байсейітова 1912 жылы Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында дүниеге келген. Қыз кезіндегі тегі - Гүлбахрам Бейісова. Кейін актер, режиссер, Қазақ музыка театрының негізін салушылардың бірі Қанабек Байсейітовке тұрмысқа шығып, тегін алады. 

Жеті жылдық мектеп бітірген соң ол Қазақ педагогикалық институтына түседі. Сол кезден бастап ондағы барлық байқауға қатысып, өзін жан-жақты көрсете білген. Содан 1930 жылы Қазақтың тұңғыш драма театрына қабылданады.


© "Хабар" телеарнасының сюжетінен алынған

Осылайша әнші еңбек жолын Мәскеуде бастайды. Онда 1934 жылы бірінші рет әндерін пластинкаға жаздыруға барған. Онымен бірге Қанабек Байсейітов, Манарбек Ержанов, Жүсіпбек Елебеков болған. Бірақ пластинкалар 1935 жылы ғана шыққан екен. Ол аз уақыттың ішінде Бейімбет Майлиннің "Майдан" пьесасында Пүліштің, Николай Гогольдің "Үйлену тойындағы" Агафия Тихонованың, Марк Тригердің "Сүңгуір қайығындағы" Клавдияның, Мұхтар Әуезовтің "Еңлік- Кебегіндегі" Еңліктің рольдерінде ойнаған.

Сондай-ақ, Күләш Байсейітова сол кезде өзін мықты актриса ретінде көрсете білді. 1934 жылғы маусым "Айман-Шолпан" музыкалық комедиясымен ашылғанда Күләш басты рөлде ойнап, Айман бейнесі арқылы қазақ қыздарының парасатын көрсетті.

Кейінірек ол "Шұғаның белгісі" повесіндегі Шұға, "Қыз Жібек" операсындағы Жібек образдарын сомдаған. 

"Опера - бұл музыка мен драманың синтезі, біз оны сахнада аша білуіміз керек" деген Күләш Байсейітова арқылы қазақ халқы алғаш рет классикалық операдағы әйелдерді таныды.


1943-55 жылдар, ҚР "Орталық мемлекеттік кинофотоқұжаттар және дыбыстық жазба мұрағаты".

Ұзақ жылдар бойы депутаттық қызметте болған

Күләш Жасынқызы қайраткерлігімен және іскерлігімен де көзге түскен. Өнермен қатар, ол ұзақ жылдар бойы ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Мемлекеттік сыйлық тағайындау, Дүниежүзілік Бейбітшілікті сақтау комитеттерінің мүшесі болып, қоғамдық жұмыстар атқарған.

Ұлы Отан соғысы жылдарында қазақ бұлбұлының барша халықты, оның ішінде сарбаздарды рухтандырар әндері радио торабынан, ел аузынан жиі естіліп, есімі баспа беттерінде көптеп жарияланды. Соғыс біткен соң Одақтық республикалардың басына түскен тауқыметті жоюға, халықтың әл-ауқатын көтеруге белсене араласқан. 


© unikaz.asia

Сондай-ақ, Күләш Байсейітова халықтың өмірін жақсарту, мәдениетін көтеру, жаңа оқу орындарын ашу, жастарды оқыту, жас отбасыларына көмек көрсету, соғыс мүгедектеріне ерекше назар аударған. 

Армянның халық әні "Қарлығаш" Күләш Байсейітованың орындауында:

Қазақ бұлбұлы жайлы не дейді?

Жазушы Ғабит Мүсірепов "Чудо" атты мақаласында Күләш Байсейітованы 1936 жылы Мәскеуде көргенін, онда оған "Чудо" деген баға берілгенін былай деп сипаттап жазады:  

"Енді ойлап қарасам, атақты әнші Күләшқа ең дұрыс, ең дәл келер баға берген екен. Музыкалық мектептің есігін ашпаған, дауысы қырналмаған, сыланбаған әнші өзіміздің әндермен қатар, классикалық музыканы қалай оп-оңай меңгеріп кетті? Театр мектебін көрмеген, үлкен режиссураға кездеспеген адам бейне жасаудың ең нәзік жолдарын өз бетімен қалай тауып келетін еді? 

Маған мұның бәрінің жауабы біреу-ақ сияқты сезіледі: соның бәрі Күләштің өзімен бірге туған, Күләштің өзі ән еді, өнер еді. Қайнатары жоқ, қоспасы жоқ, таза талант. Қысқасы - "Чудо!".

Қазақстанның халық әртісі Бибігүл Төлегенова:

"Күләш апамыз сахнаға шыққанда жарқырап кететін. Ол кісі әдемі күлетін. Әншінің киім киісі де ерекше еді. Күләш апай сахнаға аққу сияқты құлпырып, ақ көйлекпен ғана шығатын...".

Әйгілі композитор Ахмет Жұбанов "Өскен өнер" атты кітабында да Күләш жайлы жазған:

"Қазақ драма театрының күндізгі репетициясынан кейін фойеде тұрған маған үстінде қара жібек көйлегі бар, бойы ортадан жоғары, шашы тілерсегінен түскен жас келіншек келіп амандасты. Жүріс-тұрысы, киім киісі, бет-пішіні адамды өзіне еріксіз қаратқандай" деп суреттей келе: "Айман-Шолпан" спектаклінде Күләш меццо-сопрано дауыспен айтты. Күләштің дауысының басқалардан бір ерекшелігі диапазоны үлкен болатын. Тыңдаушыға жақсы әсер ететін. Егер де бұл рөлді Күләштан басқа әнші орындаса, ондай шықпаған болар еді. Күләштің даусының барлық  регистрі бірдей әсем шығатын. (...)".

Күләштің ізбасарлары кім?

Ұлы актрисаның би үйірмесіне өзі жетектеп апарып, үміт күткен нағыз ізбасары - Раушан Қаныбекқызы Байсейітова. Ол КСРО Үлкен театры жанындағы Мәскеу академиялық хореография училищесін бітірген. Абай атындағы опера және балет театрының биші-солисі болған танымал балерина. Қазақстанның халық әртісі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор. Бүкілодақтық балет әртістері байқауының лауреаты. Әлемнің көптеген елдерінде - Польшада, Венгрияда, Германияда, Анголада, Жапонияда, Португалияда, Швейцарияда, Филиппинде өнер көрсеткен танымал тұлға.

Аты аңызға айналған әшінің ізбасарлары өте көп. Өзінің туған жерінен өнер саласын дамытуға, әншіге ұқсауға ұмтылған ұрпақтары да жеткілікті. Олар - Гүлдана Сапарғалиева, Рымкеш Жұмаділова, Дариға Ақатаева, Ғалия Сатенова, Төлеу Аяғанова, Күліш Төлеуханова, Тұрған Түсіпбеков, Оралтай Сүлейменов, Асылмұрат Аханов, Садық Таласбаев, Қуат Қожамбаев, Алтын Балтабаева және тағы басқалары.


© kino-teatr.ru

Қазақстандықтар ұлы әншіні қашанда ардақтап, есіне мәңгі сақтайды. Оның құрметіне Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ССР мемлекеттік сыйлығы тағайындалды. Күләш Байсейітованың есімі Алматының бір көшесіне және арнайы музыкалық мектепке берілді. Жыл сайын Қазақстанда Күләш Байсейітова атындағы вокалистердің байқауы өткізіліп тұрады. "Қазақ бұлбұлы" атанған әншінің есімі елордадағы опера театрына да берілген.


2011 жылы аңыз әншіге Алматыда қойылған ескерткіші 

Күләш Байсейітова атындағы ұлттық опера және балет театры 2000 жылы салынған. Бүгінде ол театр әлемдік музыка мәдениетін қалыптастырған ең жас музыкалық театр деуге болады.


2015 жылы шыққан пошта маркасы


© mir-teatra.com

Қазірге дейін халық жадында Күләш сомдаған Қыз Жібек, Хадиша, Ақжүніс, Ажар, Сара бейнелері қалды. Күләш Байсейітова арқылы қазақ халқы алғаш рет классикалық операдағы әйелдер бейнелерін танып, сүйіспеншілікпен қабылдады. 

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 448.12   483   4.85 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети