Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
05 февраля 2019 16:55

Қазақстандық танымал жұлдыздардың атышулы сот істері

Сандуғаш Сұлтан Корреспондент

ПОДЕЛИТЬСЯ

Күні кеше әнші Гауһар Әлімбекованың алаяқтық үшін 6 жылға сотталғаны жұрттың көңілін күпті етті. Сот ісі жайлы бірде-бір басылым жазбады, тек үкім шыққанда ғана бұл оқиға елге тарады. Tengrinews.kz тілшісі өнер жолындағы танымал қазақстандықтардың атышулы сот істерін еске түсірді.


Күні кеше әнші Гауһар Әлімбекованың алаяқтық үшін 6 жылға сотталғаны жұрттың көңілін күпті етті. Сот ісі жайлы бірде-бір басылым жазбады, тек үкім шыққанда ғана бұл оқиға елге тарады. Tengrinews.kz тілшісі өнер жолындағы танымал қазақстандықтардың атышулы сот істерін еске түсірді.

Гауһар Әлімбекованың ісі 

Әнші, композитор Гауһар Әлімбекова алаяқтық қылмысы үшін істі болып, 6 жылға бас бостандығынан айырылды деген хабар тарай салып, жұрт елеңдеп қалды. Тіпті өнердегі әріптестері бұл жайға таңғалып жатты. Мұндай үкімді Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының судьясы шығарды. 

Әнші ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 4-бөлігінің 2-тармағында ("Алаяқтық") көрсетілген қылмысты жасады деп танылған.

Кейін оның адвокаты Жұмағали Зинелов Tengrinews.kz тілшісіне істің жай-жапсарын және сот үкіміне шағым түсіретінін мәлімдеген. Оның айтуынша, бұл 2013 жылы болған іс. Алматы қаласындағы Райымбек даңғылының бойындағы "Ақкент" тұрғын үй кешенінде түрік компаниясы үй салған. Оны істің фигуранты Феруза Ордабаева әкімдікте істеймін әрі мемлекеттік бағдарламамен 3 бөлмелі пәтерлерді 40 мың долларға алып беремін деп, 35 адамды алдаған.

Солардың ішінде әнші Гауһар Әлімбекова да бар. Ордабаева Әлімбекованың талай концерттеріне барып, сүйіп тыңдайтын жанкүйері болған, соңы таныстыққа ұласқан. Сөйтіп, екеуі құрбы болған. Әлімбекова сол алаяқ құрбысының ұсынысынан кейін үш туысының атынан үш бөлмелі 3 пәтер алған. Кейін Әлімбекованың құрбысы Бақыт Назарова да осы жолмен баспаналы болғысы келіп, 40 мың доллар ақша берген. Бір айдың ішінде пәтерлі болған олар екі жылдан кейін үйсіз-күйсіз қалған. Сөйтсе, бұл бөліп төлеу арқылы сатып алынатын үйлер болып шыққан. Артынша, Бақыт Назарова әншінің үстінен сотқа арыз берген. 

Бүгінде, мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан бас прокурор Қайрат Қожамжаровтан істің ақ-қарасын анықтауды және жазаны жеңілдету мәселесін қарастыруды сұраған еді. Ал өз кезегінде өнердегі әріптестері әншіге арнайы шот ашып, ақша жинап жатыр.

Тұңғышбай Жаманқұловтың ісі

"Феникс" атты қазақстандық фильмге бөлінген қаражатты жымқыру ісі 2017 жылы болған еді. Сол уақытта түсірілім тобына 69 миллион теңге қаражатты жымқырды деген айып тағылған. Бұл істегі фигуранттардың бірі Қазақстанның халық әртісі, актер, сценарист әрі режиссер Тұңғышбай Жаманқұлов болды. 

Ол 1 маусымда сот үкімімен 7 жылға шартты түрде сотталып, алдағы бес жылға жетекші қызметтерге тұру құқығынан айырылды. Рақымшылық заңына байланысты Жаманқұловтың жарты мерзімі қысқарып, танымал актер 3,5 жылға шартты түрде сотталған. Бұл үкімді Судья Тәкен Шәкіров шығарды.

Актердің өзі кінәсін ішінара мойындаған еді. Алайда оның жоғалған қаражаттың 5,3 миллион теңгесін қайтарғаны хабарланған. 

Ерлан Біләлдің ісі

Тура бір жыл бұрын, 2018 жылдың ақпанында актер Ерлан Біләлдің ісі жалпы жұртқа мәлім болды. Мұхтар Әуезов атындағы драма театрының директоры қызметінде болған ол пара алды деп айыпталды. Сотқа дейінгі тергеу органының мәліметі бойынша, Біләл "Сезам" қоғамдық қайырымдылық шығармашылық қорының президенті Қайрат Баяновтан Әуезов театрының қабырғасында жаңажылдық қойылымдар қою үшін 1,5 миллион теңге пара алмақ болған. 

"Сот Ерлан Біләлді ҚР Қылмыстық кодексінің 24-бабының 3-бөлігі және 366-бабы бойынша айыпты деп танып, 52 500 000 теңге көлемінде айыппұл салу туралы үкім шығарады", - деп оқыған еді үкімді судья Қуаныш Әріпов. 

Сондай-ақ, ол мемлекеттік мекемелерде жетекші қызметтерге тұру құқығынан айырылған болатын. Қылмыс үстінде ұсталған актердің өзі кейін сотта кінәсін мойындап, мемлекеттік сыйлықтардан айырмауды өтінген.

Сол жылдың наурызында актердің Мұхтар Әуезовтің "Абай" трагедиясында басты рөлде ойнайтыны хабарланған еді.

Қайрат Түнтековтің ісі

2013 жылдың ақпанында қазақстандық танымал әнші Қайрат Түнтеков қамауға алынды деген хабар тарады. Сол уақытта әншіге жол апатына кінәлі болды, жүргізуші куәлігінсіз көлік тізгіндеді, көлікке сенімхаты болмаған және қолдан жасалған сақтандыру полисімен жүрді деген айып тағылған еді. 


Қайрат Түнтеков сотта

Қайрат Түнтеков Алматыда Toyota Camry көлігімен соқтығысқан. Салдарынан жол талғамайтын көлік бағанаға соғылып, бір жағына аударылып, арыққа түсіп кеткен. Көлік тізгінінде болған әйелдің миы шайқалып, түрлі дене жарақатымен ауруханаға түскен. 

Сот оны 2 жыл 9 айға жүргізуші куәлігінен айырып, 40 тәулікке қамауға алу туралы жаза тағайындаған еді.  


40 тәулік қамаудан босатылған күн

Оның үстіне Түнтеков жәбірленуші тарапқа 30 мың доллар сомасында өтемақы төлеп беруге міндеттелген. Сол уақытта өнердегі әріптестері әншіге ақша жинаған болатын. Кейін әнші Ләйлә Сұлтанқызы жүргізетін "The Эфир" бағдарламасына келіп, атышулы жол-көлік оқиғасы туралы баяндап берген еді. 

Нұржан Тойлыбаевтың ісі

2017 жылдың ақпанында қазақстандық сериалдардың актері Нұржан Тойлыбаев адам өлтіру ісі бойынша 11 жылға бас бостандығынан айырылды. 

Нұржан Тойлыбаев "Мәңгі ел", "Зәуре" жобаларына қатысқан, сонымен қатар "Айман-Шолпан" және "Өгей жүрек" сериалдарына түскен. Әрдайым бұзақыны сомдаған, оның Instagram желісіндегі парақшасында қазақстандық шоу-бизнес жұлдыздарымен түскен және де кино түсірілімдері болып жатқан суреттері жарияланған. Сол жерде осы қайғылы оқиға болған. Актер Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында сот үкімімен келіспейтінін, апелляциялық шағым түсірмекші екенін мәлімдеген. Ер адам оны өлтірмегенін, тек өзін қорғағанын айтқан еді.

Оқиға 2016 жылы 10 қыркүйекте Фабричный ауылында болған. Актер досымен бір жобаның аяқталуын жумақшы болып, кәуапханаға кірген. Көрші үстелде бір топ адам отырған, олардың біреуі актерге қайта-қайта тиісіп, "жұлдыз болма, Ди Каприо емессің" деп, екеудің дастарханына жақындған. Осы кезде актер кәуапхананың көсеуін алып, оның басынан ұрған. Соққыдан ер адам қайтыс болып, артынша актер төрт ай құқық қорғау органдарынан жасырынып жүрген.

Желтоқсанда полиция қызметкерлері оны жалдамалы пәтерден ұстаған. Басында оған "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру" бабы бойынша айып тағылған, содан кейін "Адам өлтіру" бабына ауыстырылған. 

Кейін Тойлыбаев ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігі ("Адам өлтіру") бойынша 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қатаң режимдегі колонияда өтеп жатыр. 

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 446.44   490.7   4.77 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети