11 қазан күні Ақтау қаласындағы «Достық үйінде» Халық жазушысы, ҚР Еңбек Ері Ә.Кекілбайұлының 80-жылдығына арналған әдебиет және өнер қайраткерлерінің Халықаралық конгресі өтті. Маңғыстау облысының әкімдігі мен Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті мұрындық болғаншарағаәлемнің әр түкпірінен келген әдебиеттану, тіл білімі, тарих, философия, педагогика, психология, әлеуметтану, саясаттану секілді гуманитарлық сала мамандары, мемлекет және қоғам қайраткерлері мен ғалым-зерттеушілер қатысты.
Алғашқы болып сөз алған ҚР премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев Ә. Кекілбаевтың ғарыштық ойлау жүйесінің, дариядай шексіз білімді болуының, есте сақтау қабілетінің кереметтік құпиясын ашу үшін бүгінгі күннің қарымды зерттеушілері жабыла кірісу керек екенін айтты.
Халықаралық Конгреске жиналған қоғам қайраткерлері, журналист, жазушылар болса«Ә.Кекілбаев және қазіргі қазақ әдебиеті»тақырыптарында баяндама жасады. Шығармалары әлемнің көптеген тілдеріне аударылып, ерекше талантымен дүниежүзі ғалымдары мен талғампаз оқырмандарының құрметіне бөленген, халқымыздың рухани өміріне өзінің құнды шығармаларымен із қалдырған сөз зергерінің әдеби мұрасы көптеген ғалымдардың тарапынан түрлі гуманитарлық ғылымдар салалары бойынша зерттелуде. Жазушының әдеби-көркем және танымдық-публицистикалық еңбектерін жан-жақты зерделеп, тақырыптық-идеялық сипатын, көркемдік ерекшеліктері мен концептуалдық маңызын саралау арқылы ұлттық сөз өнерін дамытудағы ролі мен әлемдік ой-сана дамуына қосқан үлесін пайымдау маңызды болмақ.
76 жасында өмірден өткен Әбіш Кекілбаевтың артында өшпес мұра болып қалған «Үркер», «Елең-алаң», «Аңыздың ақыры» тарихи романдары мен «Күй», «Шыңырау», «Ханша дария хикаясы», «Құс қанаты» және тағы басқа әдеби шығармалары бар. Енді Әбіш Кекілбаевтың жаңа, өзінен кейінгі ғұмырын жастардың арасында, жалпы мәдениет және өнер қайтаркерлерінің арасында дәріптеудің жаңа ғұмыры басталды десек болғандай. Абыз жазушы өмірден өтсе де, оның артында қалған мол мұрасы еш уақытта өшпек емес. Осы тұрғыда Маңғыстаудан бастау алған шаралар легі 6 қарашада Нұр-Сұлтан қаласында жалғаспақ.