9-сыныптан сабақ беріп, 19 жасында мектеп ашқан мұғалім

25 Қыркүйек, 15:28
2
9-сыныптан сабақ беріп, 19 жасында мектеп ашқан мұғалім -

Ұстаз - ұлы тұлға. Бүгінде өмірін бала тәрбиесіне, мұғалімдік қызметке арнаған ұстаздар жетерлік. Сол мұғалімдерді бүкіл елге таныту мақсатында Tengrinews.kz редакциясы "Қазақстанның ұлағатты ұстаздары" жобасын қолға алған еді. Бұл жолы қосымша білім беру мектебінің негізін қалаған жас маман Асан Жолдасов жайлы материал ұсынамыз.

Асан Жолдасов - Алматы қаласының тумасы. Ол еліміздегі "Пифагор" қосымша білім беру мектебінің директоры. Бір қызығы, мұғалімдер отбасында дүниеге келген ол болашақта білім саласында жүремін деп ойламапты.

"Анам да, әкем де білім саласында қызмет еткен. Анам 40 жылдай мұғалім болған. Қарындасым бар, егізім. Екеуміз де білім саласындамыз. Бірақ бала кезімнен білім саласына жоламаймын, мұғалім болмаймын деп ойлайтынмын. Себебі кішкентай кезімнен бастап анамның түні бойы дәптер тексеріп қиналып отырғанын көретінмін. Негізі ата-анасы мұғалім бала өскенде ұстаздық жолға түспеймін деп ойлайтын қағида бар. Мен де сондай ойда болдым", - дейді Асан. 

Білім беру саласына қалай келді?

Уақыт өте келе оның ойы өзгерген екен. 

"Уақыт өткен сайын өмірде болып жатқан дүниелер адамды өзгертеді дейді ғой. 5-сыныпта анам, мен, қарындасым үшеуміз жер үйге көшкен болатынбыз. Мен 8-сынып оқыған кезде үй саламыз деп шештік. Себебі оған дейін шағын пәтерде тұрғанбыз. Анамның айлығына қарап қаламыз ба деген оймен математиканы жақсы меңгергендіктен 9-сыныптан бастап қосымша сабақ бере бастадым. Сөйтіп қосымша сабақ беріп, анама көмектестім", - дейді ол. 


Асан Жолдасов © Оспан Әли

Асан Жолдасовтың айтуынша, ол 1-курстан бастап мектеп қабырғасында ресми түрде сабақ бере бастаған. 

"Мен 1-курстан бастап Республикалық физика-математика мектебінде ресми түрде сабақ бере бастадым. Кейіннен 2-курста 2008 жылы өз мектебімді аштым. Басында үш адам болып бастағанбыз. Кейін ол екі адам кетіп, өзім ғана қалдым. Алғашында ол іспен тек хобби ретінде айналысқанмын. Ондағы ойым - қарапайым мектепте оқитын талантты балаларға математиканы терең зерттеуге мүмкіндік беру. Себебі математиканы тереңдетіп оқуға арнайы мектептердің ғана мүмкіндігі болатын. Қарапайым мектептерде пәнді терең оқуға мүмкіндіктер болмады. Мұғалім жетіспейтін. Жақсы мұғалімдер болса да бір сыныпта 30-40 оқушы отырады. Оларға қосымша білім беру қиынға соғады", - дейді Асан. 

Өзі ашқан мектепке алғаш оқушыларды жоғарғы оқу орнының қабырғасында қабылдаған екен. 

"Ол кезде бізге ҚБТУ ректоры көмектесті. Бізге көрсеткен ең үлкен көмегі - оқу орнының бос кабинеттерін берді. Сөйтіп біз төрт жылдай сол оқу орнында оқушыларға қосымша сабақ бердік. Ол кезде жертөледе, бос кабинеттерде сабақ өткіздік. Жалпы өзіміз секілді балаларға мектеп кезіміздегі қателіктерімізді қайталауға жол бермеуге, жақсы білім беріп, математиканы терең үйреткіміз келді. Біз кез келген баланың математикалық дарынын дамытуға тырыстық. Себебі ондай балалар Қазақстанда көп. Сонымен қатар біз еліміздегі білім беру жүйесіндегі үлгілерді "сындырдық" деп айтсам болады. Өйткені көбісі математика - тек ұл балалар оқитын сала деп ойлайды. Біз математикадан үш дүркін әлем чемпионын, ең алғаш Қазақстан құрамасына кірген физик қыздарды шығардық. Қазір Еуропаның өзі Азия елдерінің жүйесіне қарап жұмыс істейді. Соған қарап біз де орта буынды математикаға баули бастадық. Біздің жүйені қазір өзбек елі де қайталап жатыр", - дейді Жолдасов.


Асан Жолдасов © Оспан Әли

Әлем бойынша математика саласын зерделей келе, өзі ашқан мектептің жүйесін анықтаған. Қазіргі таңда Асан Жолдасовтың мектебі оқушыларды екінші сыныптан бастап қабылдайды екен. 

"Сөйтіп бастауыш сыныпты да қолға алдық. Әрине, бірінші сыныпқа тиіскен жоқпыз. Екінші сыныптан бастап қазақша-орысша толықтай математиканы мектептік деңгейде дұрыс түсіндіруге және оны терең логикалық есептер қызықтырып үйретіп, баланың шамасын анықтауға үйретеміз. Кез келген баланы өзінің барар максимуна жеткізуге тырысамыз. Әр баланың деңгейі әртүрлі болады", - дейді Асан. 

"Математикадағы олимпиадалық жүйе дұрыс емес"

Дәл осындай ойға Асан Жолдасов балаларды біраз жыл бойы зерттегеннен кейін келген. 

"Математикадағы олимпиадалық жүйенің баланың қалыптасуына қалай әсер ететінін түсіндік. Жалпы математиканың қателігі жоқ. Математиканы терең білген сайын адам терең ойлана бастайды. Бірақ математикада "эго" деген үлкен мәселе бар. Оқушыларда эго тым өзімшіл болып кеткен кезде, халық тарапынан асыра мақтаулар көп болып кеткен кезде пайда болады. Жалпы айтқанда бала белгілі бір жетістікке жеткен кезде "жұлдыз ауруына" шалдыға бастайды. Ондай кезде тәрбие жағын кішкене ысырып қояды. Сөйтіп тәрбиесіз-ақылды бала болып шығатындар көп. Ондай адамдар ақыр аяғы өздерімен өздері қалып қояды. Тағы бір мәселе - өте ақылды адамдар ойымен алысқа кетіп қалады. Яғни ойымен бүкіл әлемді өзгертіп тастаған, ал іске келгенде түк жоқ. Себебі оған күші жетпейді. Ал күші жетпеуінің себебі ол басқа адамдардан көмек сұрауға менмендігі жібермейді. Яғни жаңағы айтып отырған эго пайда болады. Ондай адамдарда қарым-қатынас, коммуникация жүйесі дамымағандықтан эмоционалдық интеллекттері өкінішке қарай төмен болады", - дейді Жолдасов. 

"Белгілі бір жетістікке жеткен оқушыларымды керемет деп санамаймын"

Асан Жолдасовтың мектебі тарихында көптеген медаль алып, бірнеше дүркін әлем чемпоны болған балалар жетерлік. Алайда ол медаль бірінші орындағы мәселе емес екенін атап өтті.

"Бұрын мен оқушыларым 50, 100 алтын медаль алып келсе, болмаса әлемдік деңгейдегі атақ алып келсе керемет санайтынмын. Кейіннен, соңғы бес жылда, мен оларды ең мықты түлектерім деп санамаймын. Мен үшін ең мықты оқушы - ол өз өзін жеңе біліп, 11 жыл ішінде мүлде өзгеріп шығып, үлкен өмірге айқын мақсат қоя білген адам. Егер жалпы көпшілікке таныс жетістіктер туралы айтатын болсақ, менде бес рет республикалық олимпиаданы, үш рет әлемдік олимпиаданы жеңіп келген балалар болды. Қазір олардың бәрі әлем бойынша жүр. Мен үшін адамгершілігін, тәрбиесін сақтай білген адам ғана жеңімпаз. Оны кезінде бізге апайларымыз да айтатын. Біз де "иә, иә" деп жүре беретінбіз. Бірақ оны өзің көзбен көргеннен кейін ғана түсіне бастайсың", - дейді Асан.

Елбасымен кездесу

Жас маман 2019 жылдың "Қазақстанның 100 жаңа есімі" ұлттық жобасына қатысып, екінші орын иеленген. 

"Бұл жобаға өтінішті өзім бермегенмін. Менің бір оқушымның ата-атанасы менің өмірбаянымды жақсы білетін болуы керек. Әрі ол кісі жақсы жазатын адам екен. Сол кісі менің атымнан өтініш жазып, тізімге қосып жіберген екен. Артынша біраз турдан кейін маған "Асан, сен өтіпсің, енді дауыс жинау керек" деп айтты. Сөйтіп өзім де қызығып, сілтемесін тарата бастадым. Бірақ көп таратқан жоқпын. Ары қарай өтпейтін шығармын деп ойладым. Адамдардың өзі өмірбаянымды оқып, қызыққан болуы керек. Бір кезде қарағанда біраз дауыс жинаған екенмін. Сөйтіп екінші орын алдым. Мүлде күтпедім. Себебі шыны керек әділетсіз жоба шығар деп ойладым. Барлығы шынайы болды. Кейіннен барлығымыз жиналып, Елбасымен кездестік. Елбасының өзі біздің білім беру жүйемізге қызығып бірнеше сұрақ қойды. Елбасының алдында сөз сөйлеп шыққаннан кейін қатты қобалжығанымен, 10 жылдық еңбегіміздің еленгеніне іштей қуанып тұрдым", - дейді Асан. 

Сонымен қатар Жолдасов еліміздегі математика пәнінің деңгейі туралы ойын бөлісті. 

"Елдегі математика деңгейін айту өте қиын. Себебі математика - үлкен ғылым. Оның бірнеше саласы бар. Жалпы еліміздегі математика деңгейі жаман емес. Себебі біз жүздіктерде 20-25-орындарға, кейде тіпті 6-орынға шыққан кездеріміз де бар", - дейді Асан Жолдасов. 

Баланың данышпан болуы әрине, қанға да байланысты. Бірақ нәтиженің 90 пайызы еңбек екенін ұмытпау керек. Еңбек етсе, кез келген баланы биіктен көруге болады. Бірақ ақылды, данышпан болып тұрған баланы еріншектік қасиеті артқа тартады. Адам күн сайын қарқынды дамыған заманда баланың эмоциялық жүйесі мен тәрбиесіне аса мән беру қажет. Кез келген баланы өзінің максимумына жеткізіп, үнемі дамып отыруына үлес қосу аса маңызды.

Қазақстанның ұлағаты ұстаздары" жобасы ERG компаниясының қолдауымен өтіп жатыр. Сондай-ақ, ERG компаниясымен бірлесіп "Батырлар арамызда", "Жеңімпаздар", "Қазақстанның дарынды балалары" арнайы жобалары қолға алынған.

Получить короткую ссылку


  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікірлерді көру (2)
Читают
Обсуждают
Сегодня
Неделя
Месяц