Әртістер қашанда халық назарында. Концерттерден бөлек, әншілер той-томалақтарға жиі барады. Жаңажылдық кештерде тіпті әншілерге сұраныс көп. Отандық әншілерге ұйымдастырушылардан сұраныс барда әншілердің де талабы арта бермек. Отандық жұлдыздардың райдерін Tengrinews.kz тілшісі анықтап көрді.
Әртістер қашанда халық назарында. Концерттерден бөлек, әншілер той-томалақтарға жиі барады. Жаңажылдық кештерде тіпті әншілерге сұраныс көп. Отандық әншілерге ұйымдастырушылардан сұраныс барда әншілердің де талабы арта бермек. Отандық жұлдыздардың райдерін Tengrinews.kz тілшісі анықтап көрді.
Қазақстандық "Кеш You" тобының бұрынғы құрамының экс-солисі Айдана Меденованың өкілінің сөзінше, әншінің талаптарын қанағаттандырғыңыз келсе, әртістің тобына Air Astana әуе компаниясынан ұшаққа эконом кластан 3 орын, егер ол бағытқа әуе компаниясы болмаған жағдайда әншінің көмекшісімен келісуге болады.
"Соңғы үлгідегі көлік, жаздың уақытында көлікте салқындатқыш болуы керек. Сонымен қатар, перде немесе көрінбейтін әйнек болуы тиіс. Әртіске люкс нөмір қарастырылуы міндетті. Әнші тұрақтайтын нөмірде газдалмаған су, шай, кофе, қант, қаймақ болуы керек. Сонымен бірге бұл тізімде ыстық су, теледидар, тоңазытқыш, электр шәйнегі бар. Ауа температурасы 23 градустан төмен болған жағдайда жылытқыш, жаздың уақытында салқындатқыш керек. Топтағы барлық адам асханадағы тамақпен қамтамасыз етілуі тиіс. Өнер көрсететін алаңда грим бөлмесі болуы керек. Бұл бөлмеде газдалмаған су, шырынның 3 түрі (алма, өрік, апельсин) сақталуы тиіс. Жеміс жидектің 4-5 түрі болуы керек", - дейді әншінің өкілі.
Меденова сахнаға шықпас бұрын дыбыс операторлары, сахна қызметкерлері концерттен 5 сағат алдында бәрін дайындап қоюы тиіс. Талаптардың бірі орындалмаған жағдайда әншінің концертке қатыспай қоюына толық құқығы бар екен.
Ал "Жүрегімнің иесі" деп пәк махаббатты әндететін жас әнші Альбина Шардарованың өзге әншілермен салыстырып қарасақ, райдерсіз жұмыс істейді екен.
"Альбина Шардарованың нақты райдері жоқ. Талаптар да қоймаймыз", - дейді директоры.
Тыңдарманы көп, қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Қайрат Нұртастың райдері көшті бастап тұр. Әнші мейрамдардан бөлек, тойларға жиі шақыру алады. Сахнада да, тойда да ойып тұрып орын алатын хитменнің әр қаладағы сапарына ұйымдастырушылар қызу дайындалады.
"Қайрат Нұртасқа жетекші әуе компаниясынан бизнесс-кластан бір билет, көмекшісіне 1 эконом-класқа билет алуыңыз керек. Өнер көрсететін жерге әншінің өзі мен оның тобына өтетін арнайы жер жасалуы тиіс. Жеке кештерде 2 рет шығып, 3 немесе 4 ән орындайды. Жеке концерттерде 3 рет шығып, 5 немесе 6 ән орындайды. Мерекелерде хедлайнер ретінде 30-40 минут өнер көрсетеді. Әртістің ұжымын 3 мезгіл тамақпен қамтамасыз етуіңіз керек", - дейді әншінің өкілі.
Бұл аз десеңіз, Қайрат Нұртастың концерті кезінде күзетші саны 5-10 болуы керек екен. Әншіге элиталық қонақүй мен люкс нөмір жалдануы керек.
"Әртіс пен оның тобы газдалмаған минерал су, 4-5 түрлі шырын, шыны бөтелкедегі газдалған сусын, энергетикалық сусын, дымқыл майлықтар және жемістер болуы керек. Кір жуу және өзге де шығындарды тапсырыс беруші мойнына алады. Әнші Алматыда өнер көрсетсе жетекші қонақүйлерде қонады, Нұр-Сұлтан қаласында да алдыңғы қатардағы қонақүйді таңдайды, басқа қалалар да әнші тек элиталық қонақүйлерде тоқтайды. Ұйымдастырушылар әншіні қаланың ішінде көлікпен қамтамасыз етуі керек: гастрольдік сапарларда жоғары санаттағы 2 шетелдік көлік болуы керек", - дейді хитменнің өкілдері.
Ал әртісті әуежайдан Toyota Land Cruiser 200, Lexus 570, Mercedes S class, 2015 жылдан бергі қолданыстағы Bently көліктерімен қарсы алып, шығарып салуыңыз керек екен. KN-нің техникалық талаптарына дыбысы 10-15 кВт Dinaccord, Shure микрофоны, энейр кіреді. Сонымен қатар, дыбыс күшейтетін аппаратура, сахналық жарық, LED экран, бишілер болуы керек", - дейді әншінің көмекшісі.
"Сенің бейнең", "Екеуміз", әндерін орындайтын белгілі әнші Дастан Оразбековтың райдеріне келетін болсақ, әншінің көмекшісінің сөзінше, Дастан Оразбеков 5 жұлдыз қонақүй міндетті деп шарт қоймайды екен, бірақ жұлдыздардың бәрінде қарастырылған еліміздегі жетекші әуе компаниясымен ұшу міндетті екен. Әнші тек жанды дауыста айтқандықтан, микрофонға үлкен мән береді. Сонымен қатар, әртісті жоғары санаттағы көлік қарсы алуы керек.
"Дастан Оразбеков техникалық райдері FOH микшер пульті: 8 line (микро джек). Микрофон SENNHEISER немесе SHURE фирмаларынан болуы керек. Құлаққап маниторлары In-Ear-Monitor және дыбыстық ALESIS MIDIVERV процессоры болуы керек. Дыбыстық тексеру алдында ұйымдастырушылар тарапынан: дыбыс режиссері, сахна қызметкерлері өз міндетін атқаруы керек", - дейді әншінің директоры Руслан Рысболат.
Тоқтар Серіковтың шәкірті, "Мазаламайын" деп ән шырқайтын, эстраданың лирик әншісі Қайрат Үмбетов ұйымдастырушыларға аранайы микрофон немесе аппарат алғызбайды екен.
"Техникалық райдер болғанда, концертте монитор, микрофон болуы керек. Бізде жұрттың мазасын алатындай, райдер жоқ. Нұр-Сұлтан қаласына барсақ, ең жоғары санаттағы қонақүйді талап етпейміз. Яғни орта есептегі қонақүйде түнейміз. Көлік талғамаймыз. Жүріп тұрған көлікпен жүре береміз. Ұйымдастырушылар өздері күтіп алады. Той иелеріне арнайы микрофонды немесе аппаратты алғызу бізде жоқ. Тойханада қандай микрофон бар, сол микрофонмен айтады", - дейді көмекшісі.
Материалды дайындаған: Гүлбақыт Жанұзақ