Биыл пандемияға байланысты Жаңа жылда түрлі шектеу бар. Отандық шоу-бизнес өкілдері де биыл жылдағыдай концерт көп емес екенін айтады. Сондықтан көбі Жаңа жылды отбасымен қарсы алмақ. Tengrinews.kz тілшісі шоу-бизнес өкілдеріне хабарласып, Жаңа жылды қалай қарсы алатынын сұрап білді.
Биыл пандемияға байланысты Жаңа жылда түрлі шектеу бар. Отандық шоу-бизнес өкілдері де биыл жылдағыдай концерт көп емес екенін айтады. Сондықтан көбі Жаңа жылды отбасымен қарсы алмақ. Tengrinews.kz тілшісі шоу-бизнес өкілдеріне хабарласып, Жаңа жылды қалай қарсы алатынын сұрап білді.
Жаңажылдық мереке алдында қолы тимеді ме, көп әртіспен байланыса алмадық. Кейбірі тұтқаны көтермесе, кейбірі қолы бос емес екенін айтты.
Рамазан Стамғазиев
Фото: instagram.com/ramazan_stamgaziyev
Әнші Рамазан Стамғазиев Жаңа жылды отбасымен қарсы алмақ. Оның айтуынша, биыл карантин шектеулеріне байланысты жаңажылдық концерттер азайған.
"Жаңа жыл күні анама барамыз. Ол тау жақта тұрады. Биыл жаңажылдық үлкен іс-шаралар жоқ. Былтыр түрлі концертке, корпоративке баратынбыз. Сөйтіп, түнде отбасымызға оралуға тырысып жүретінбіз. Ал биыл бірнеше жылдан бері Жаңа жылды құдаларыммен бірге қарсы алып жүрмін. Бір жылдары бір құдам, кейінгі жылы екінші құдам шақырды, артынша біздің үйімізде қарсы алғанбыз. Ал биыл Жаңа жылды анаммен бірге қарашаңырақта қарсы алмақпыз. Анама көйлегін кигізіп, сыйлығымызды табыстап дегендей. Биылғы жоспарым осы", - дейді әнші.
Маржан Арапбаева
Фото: instagram.com/arapbayevamarzhan
Ал Маржан Арапбаева пандемияға қарамастан әртістік қызметі тоқтамағанын айтады. Биыл да 31 желтоқсанда концертке қатысады екен.
"31 желтоқсанда таңертең тұрып, үй жинап, салат, тамақ дайындап, үй жұмыстарымен жүремін. Кейін кешке қарай алаңға барып, сол жақта ән айтамын. Сосын үйіме жылдам оралып, дастархан жайып, Жаңа жылды отбасыммен қарсы аламын.
Биыл пандемия болса да, іс-шара азайған жоқ. Бірнеше күннен бері жұмыс істеп жатырмын. Биыл 30-31 желтоқсанда демаламын, балаларыма сыйлық алып, көңіл бөлетін болдым ғой деп жүр едім. Соның өзінде мені іс-шараға шақырып жатқандар көп. Кеше де өнер көрсеттім, бүгін де шығамын. Бірақ дастархан да жайып, әнімді де айтып үлгеремін", - дейді Арапбаева.
Ол Жаңа жылда алған ең бағалы сыйлығын да айтып берді.
"Материалдық тұрғыда айтсам, бүгінге дейін ешкім Жаңа жылда қымбат сыйлық бермепті. Гауһар тас, көлік немесе тон-ішік алып бермепті ешкім (күліп). Енді мен үшін ең құнды сыйлық - әрине, балаларым өз қолымен жасаған сыйлықтары", - дейді әнші.
Қуандық Шәкіржанов
Кино мен театрдағы рольдерімен танылған актер Қуандық Шәкіржанов та биыл заңға бағынып, үйде болатынын айтады.
"Жаңа жылды отбасыммен қарсы аламын. Етімізді асып, теледидар қосып, заңға бағынып, үйде тып-тыныш отырамыз. Бұрын осы бір күн үшін бар ақшамызды шашып, дайындалатын едік. Қазір жағдай өзгеріп келе жатқан сияқты. Біздің Жаңа жылымыз Наурыз деп жатамыз. Солай дегенмен бұл күн - күнтізбелік жылдың басы. Отбасымызбен теледидар қарап, дұға оқып, қарсы аламыз. Былайша айтқанда, бұл күнді басқа отбасылар секілді өткіземіз", - дейді актер.
Жеңіс Ысқақова
Фото: instagram.com/zhenisiskakova
Әнші Жеңіс Ысқақова болса 31 желтоқсанда ешқандай мерекелік концертке бармай, Жаңа жылды үйінде қарсы алады екен.
"Мен Жаңа жылды міндетті түрде отбасыммен қарсы аламын. Қанша жерден жаңажылдық корпоративке шақырса да, миллион береміз десе де, маған жақындарым маңызды. Жаңа жылды тек отбасыммен өткіземін. Оның үстіне биыл іс-шаралар да аз. Елдегі карантин шараларына байланысты бұқаралық іс-шара өткізуге тыйым салынған. Сондықтан заңға бағынатын адам ретінде отбасымызбен үйде отырамыз", - дейді әнші.
Ысқақованың айтуынша, биыл бір мерекелік фильмге түскен. Соның үзіндісі желіде тарап кеткен еді.
"Бір телеарнының фильміне түскенмін. Бұл комедияның үзіндісі, яғни, жаппай төбелестің видеосы желіде тарап кеткен еді, оның ішінде мен де бармын. Сондағы жігіттердің бірі қызық көріп, желіге жариялап жіберген", - дейді ол.
Әнші өзіне берілген сыйлықтардың бағасына қарамайтынын айтады. Тек көңілмен берілсе болды дейді.
"Жаңа жылда алған ең бағалы сыйлығым ба? Бұл қиындау сұрақ. Әрине, күн сайын сыйлық жасағанға не жетсін? Жаңа жылда қымбат сыйлық алдым деп айта алмаймын. Бірақ оның құны маңызды да емес. Себебі сыйлықтың бағасы емес, көңілдің бағасы биік болуы керек", - дейді Жеңіс Ысқақова.
Сәкен Майғазиев
Фото: instagram.com/saken_maigaziyev
Таяуда Шымкенттегі мәдениет сарайының директоры болып тағайындалған Сәкен Майғазиев қазір іссапарда жүр екен.
"Қазір іссапарда Шымкентте жүрмін. Отбасымды, қыздарымды сағындым. 31 желтоқсанда үйге ораламын. Жаңа жылда ешқандай жоспарым жоқ. Отбасымның қасында үйде отырамын. Үш-төрт күн демалыста ешқайда бармай, қыздарыммен бірге уақыт өткізгім келеді", - дейді ол.
Әнші қазір әр мерекені үйінде отбасымен бірге өткізуге тырысатынын айтады.
"Бұрын "МузАРТ" тобына сұраныс өте көп кезде тапсырыс та өте көп болатын. Түрлі концертке, басқа жаққа көп баратын едік. Кейіннен ақыл тоқтатып, 40 жастан кейін отбасымызбен қарсы алатын болдық", - дейді Майғазиев.
Сондай-ақ, әнші Жаңа жылда алған сыйлықтары туралы да айтып берді.
"Жаңа жылдың өзі мен үшін құнды сыйлық. Себебі 1 қаңтарда дүниеге келгенмін. Сол үшін анама хабарласып, ақ батасын аламын. Мен үшін сол батадан құнды сыйлық жоқ. Ал материалдық жағынан, көңілмен берілген сыйлықтың бәрін қабылдаймын. Біреу пәтер сыйлады, көлік мінгізді деген болған емес. Сыйлыққа Құран кітаптар, ұялы телефон алғаным бар", - дейді ол.
Зируза
Фото: instagram.com/ziruza
Q-pop жанрындағы өнерімен танылған Зируза биыл Жаңа жылды отбасымен қарсы ала алмайтынын айтады.
"Биыл отбасыма баруға үлгермедiм, бiрақ жақын досымның отбасымен бiрге жылы атмосферада қарсы алайын деп отырмын. Әзірше жоспарым - осы. Биыл карантинге байланысты мерекелік іс-шара, концерт аз болды. Дегенмен ештеңе етпейді, келер жылы елдегі жағдай жақсарады деп үміттенемін", - дейді жас әнші.
Ол Жаңа жылда қандай сыйлық алғаны маңызды емес екенін айтады.
"Мен үшін ешқандай материалдық сыйлық маңызды емес. Маған ұмытылмас, ерекше естелiктер қажет", - дейді Зируза.
Марат Оралғазин
Фото: instagram.com/oralgazin
Шоумен Марат Оралғазиннің сөзінше, Жаңа жыл жақындағанда оның жұмысы да артады екен. Биыл да 31 желтоқсанды жұмыста өткіземін дейді.
"Жаңа жылды қалай қарсы алсаң, солай өткізесің дейді ғой. Биыл біз оны жұмыста қарсы аламыз. Жылды қорытындылайтын "Қызық Премия" өткіземіз, соның монтажы жүріп жатыр. Түнге дейін сол жұмыста болып, сағат 12-ге жақындаған кезде үйге барамыз да, Жаңа жылды қарсы аламыз. Бұл енді сүйікті ісіміз болған соң, көрерменге қызық дүние ұсынғымыз келеді.
Жаңа жылда халыққа көңілді бағдарламаларды тарту етуді қалаймыз. Ал өзім алған ерекше сыйлықтар есіме түсіп тұрған жоқ. Дегенмен, балаларым қолдан жасап сыйлықтар береді. Мен соны құнды деп айтар едім", - дейді ол.