Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
07 февраля 2020 15:30

Адам шығыны көп болған Созақ көтерілісі туралы не белгілі?

ПОДЕЛИТЬСЯ

© kazakh-tv.kz © kazakh-tv.kz

Созақ көтерілісі - 1930 жылдардың басындағы адам шығыны көп болған ірі қозғалыстардың бірі. Созақ ауданындағы адамдардың ереуілге шығуына мал-мүлкінен айырылғандар мен олардың туыстары үшін тұтқындар лагерінің ашылуы мен Ораза айында діни әдет-ғүрыптарды орындағандарға үкіметтің айып тағуы себеп болған. Көтеріліс 1930 жылдың 7-16 ақпан аралығында болған. Көтеріліске қатысқан адамдар кімдер және ереуіл нәтижесі қандай болды? Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі материалында.


Созақ көтерілісі - 1930 жылдардың басындағы адам шығыны көп болған ірі қозғалыстардың бірі. Созақ ауданындағы адамдардың ереуілге шығуына мал-мүлкінен айырылғандар мен олардың туыстары үшін тұтқындар лагерінің ашылуы мен Ораза айында діни әдет-ғүрыптарды орындағандарға үкіметтің айып тағуы себеп болған. Көтеріліс 1930 жылдың 7-16 ақпан аралығында болған. Көтеріліске қатысқан адамдар кімдер және ереуіл нәтижесі қандай болды? Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі материалында.

Көтерілістің туындау себебі

Жазушылар одағының мүшесi Өтеш Қырғызбаевтың еңбегіндегі мәлімет бойынша, 1928 жылы 3 қыркүйекте Қазақ Халық комиссарлар кеңесiнiң "Қазақстанда көшпелi, жартылай көшпелi және отырықшы аудандарды белгiлеу туралы" қаулысымен Созақ ауданы құрылған. Тарихи деректер бойынша, бұрын Сырдария губерниясының Түркiстан уезiнiң құрамында болған алты болыс елде сол жылы үйдің саны 12 мыңнан асқан, халықтың қолында бiр миллионға жуық мал болған.

1928 жылы қарашада БКП(б) Орталық комитетiнiң пленумында күн тәртiбiне шаруаларды ерiксiз ұжымдастыру мәселесi қойылып, бұл туралы арнайы қаулы да қабылданады. Қазақ өлкелiк партия комитетiне 1925-1931 жылдары жетекшiлiк еткен Голощекин елдi мейлiнше кысқа мерзiмде отырықшылыққа көшiрудi бұйырады.


© rgmedia.kz

Жаппай ұжымдастыру iсiндегі бұрмалау Созаққа да жетеді. "Асыра сiлтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын!" деп ұрандатқандар ұжымдастырудың принципiн бұзып, халықтың сауын және ұсақ малын жинап алып, ортақтастыруға салған. Сөйтіп Созақ аудандық партия комитетiнiң пленумы шақырылып, колхоздастыру мiндетi талқыланады.

Ұжымдастыру бейбіт елді кедейлікке ұшыратады. Ауыл шаруашылығына байланысты салықты төлей алмаған халықтың мал-мүлкі тәркіленіп, түрмеге қамала бастайды. Жазықсыз қамалғандарды босату туралы халықтың өтініші билік тарапынан қараусыз қалады. Одан бөлек, мал-мүлкі жоқ кедейлерге жүн және астық салығы салынады.

Көтеріліске барлығы 5 мыңдай адам қатысқан

Созақ көтерілісіне 1930 жылы барлығы 5 мыңдай адам қатысқан. Сол уақыттағы деректер бойынша, бұл окиғалар "Кеңес өкіметіне қарсы контрреволюциялық қарулы көтеріліс" ретінде сипатталған екен. Кейінірек Тұрар Рысқұловтың Сталинге жазған хатында мынадай жайт атап көрсетіледі: күштеп ұжымдастыру дәстүрлі көшпелі коғамның бірқатар ережесін бұзумен қатар жүргізілген. Өмір салтын қорлау коғамдық наразылық пен қарсылықтың өсуіне әсер еткен.

1930 жылдың ақпанында 400-дей адам Сарт Сау­ран­бай деген жерде жиналып, совет өкіметіне қарсы күресуге ше­шім қабылдайды. Жиналған жұрт "Совет өкіметі жойылсын!", "Хан билігі жасасын!", "Қазақ үкіметі жасасын!" деп ұрандатады. Халық болыс қызметін атқарушы ретінде Сұлтанбек Шолақұлын таңдайды. Оны ақ киізге көтеріп, хан сайлайды. Сөйтіп хан өз басшылығымен көтерілісшілердің алғашқы жасақтарын құрады.

© abai.kz

Көтеріліс Сырдың бойындағы Түркістаннан Жаңақорғанға дейінгі аумақты қамтыған. Көтерілісті басу үшін Ташкенттен жалпы саны 225 адам, бірнеше әскериленген топ жіберіледі. Жазалаушы жасақтың қатары жуырдағы елді мекендердегі коммунарлар отрядымен толыққан.

Көтерілісшілер мен Біріккен мемлекеттік саяси әкімшілік отрядтарының арасындағы алғашқы қақтығыс 1930 жылы 12 ақпанда Созақ маңында болған. Шайқас екі жаққа да жеңіс әкелмейді. Себебі көтерілісшілер қару-жарағының нашарлығына байланысты шегінуге мәжбүр болды. Бірнеше топқа бөлінген көтерілісшілердің бір тобы Ташкент бағытына, басқасы Шолаққорған арқылы Шуға беттейді.

Ұрыс көтерілісшілердің жеңілуімен аяқталды

Көтерілісшілер Шолаққорғанға қарай шегінгеннен кейін №6 ауылда Никитенконың жасағы оларды тоқтатты. 15-16 ақпанда көтерілісшілер ауданына Журавлев пен Логачев жасағы келіп жетті. Ұрыс көтерілісшілердің жеңілуімен аяқталды. Сұлтанбек хан өлтіріліп, 200-ге жуық адам тұтқынға алынып, 400-ге жуық шаруа қаза болған.

Ал Өтеш Қырғызбаевтың еңбегіндегі мәлімет бойынша, шешушi шайқас Созақтың "Жаңа базар" төңiрегiнде өткен. Мұздай қаруланған қызыл отрядтың соңғы тобын жан-жақтан қоршап алып, көзiн жоя­ды. Осы қырғын шайқаста көтерiлiс басшыларының барлығы оққа ұшады. Басшысынан айырылған жасақ қарсы тұра алмай, тізе бүгеді.

© qazdauiri.kz

Созақ ауданында болған көтерілісте 126 көтерілісші, 16 ақпандағы Созақ қыстағы үшiн шайқаста 200 белсендi атылып, 389 адам тұтқындалды. Шайқас барысында хан және оның ұйытқысы болған орталығы талқандалды. Тарихи дерек бойынша, Созақ операциясының нәтижесiнде 290 ат, 20 түйе, 150-дей оқ-дәрiмен атылатын қару, 100 шақты қару қолға түскен.

Жазалау операцияларын Қазақстан Біріккен мемлекеттік саяси әкімшілік басшысы Ольшанский басқарған екен. Оның нұскауы бойынша коммунарлар отряды Созақ көтерілісіне қатысы жөнінде сол күдік тудырған жазықсыз адамдарды сотсыз және еш тергеусіз атқан. Көтерілісшілер сол жылдың көктемінде талқандалып, ал көтеріліске қатысушыларды құғындау 1938 жылға шейін жалғасқан.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 443.77   490.7   4.81 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети