Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
10 августа 2018 11:58

Ажырасқаннан кейінгі өмір: Қазақ балеринасының Америкадағы тұрмысы

ПОДЕЛИТЬСЯ

Статистикаға сүйенсек, біздің елде әр үшінші отбасы ажырасқан екен. Ажырасқандарға суыққанды қарап, "Ол ажырасқан, күйеуін тастап кеткен" деген сөзді жиі еститін әйел қоғамда өзгемен терезесі тең жағдайда өмір сүре ала ма? Ажырасқаннан кейін де өмір бар деген тұжырымды ұстанатын Снежана Беляева ерте жасында тұрмыс құрып, ажырасқанына қарамастан арман қуып АҚШ-тың Нью Йорк қаласына кеткен. Тengrinews.kz тілшісі екі баланы асырап отырған Снежананың оқиғасын баяндайды.


Статистикаға сүйенсек, біздің елде әр үшінші отбасы ажырасқан екен. Ажырасқандарға суыққанды қарап, "Ол ажырасқан, күйеуін тастап кеткен" деген сөзді жиі еститін әйел қоғамда өзгемен терезесі тең жағдайда өмір сүре ала ма? Ажырасқаннан кейін де өмір бар деген тұжырымды ұстанатын Снежана Беляева ерте жасында тұрмыс құрып, ажырасқанына қарамастан арман қуып АҚШ-тың Нью Йорк қаласына кеткен. Тengrinews.kz тілшісі екі баланы асырап отырған Снежананың оқиғасын баяндайды.

Қайда асықтым екен?

"Мен 18 жасымда тұрмысқа шықтым. Өзім бишімін, дәлірек айтсам балет әртісі. Күйеуіммен достарым таныстырды. Бірден неке құрдық. "Асыққан жолаушы атына теріс мінеді" демекші, қайда асықтым екен? Жұмыс істеуге бала кезімнен бейімделіп, қол қусырып отыра алмаймын. Соған қарамастан отбасы құрғаннан кейін күйеуім мені ешқайда жібермей, қоғамнан алшақтата бастады. Тіпті достарыммен де серуендеуге рұқсат алатын болдым. Оқуға түскім келді. Бірақ ол арманымды орындау үшін жасырын түрде құжат тапсыруға тура келді", - деп бастады әңгімесін кейіпкеріміз.

Снежананың айтуынша, баласы дүниеге келгенде күйеуімен арасы түзеле бастайтын шығар деп үміттенген. Алайда бәрі керісінше болып шықты. 

"Ұлым Эмиль дүниге келген соң, бәрі түзелетіндей көрінді. Амал не, күйеуімнен ешқандай өзгеріс байқамадым. Орта білім алғандықтан, ұнайтын ЖОО-ға түсу бала кезімдегі арманым еді. Алайда күйеуім білім алуымды құптамады. Бірақ ол қаламады деп, арманымнан бас тарта алмадым. Күйеуім жұмысымен іссапарға кеткенде, Т.Жүргенов атындағы академияға хореограф-режиссер факультетіне құжаттарымды тапсыруды ұйғардым. Кейін оны біліп қойған күйеуім шу шығарды. Бірден айтқаны - "Сенің оқуың үшін мен төлемеймін". Өз кезегімде оған "Грантқа түстім, ол жайлы уайымдамасаң да болады" дедім. Өнерімді түсінбей, маған билеуге тыйым салды. Күннен күнге арамыз суып, бұрынғы ыммен-ақ түсінісуіміз кенеттен ғайып болды. Оның қылықтарына бұдан ары төзе алмағандықтан киімімді жинап, баламмен бірге біржола кетіп қалдым", - дейді ол.

Снежананың айтуынша, осыдан кейін діттеген мақсатына жетіп, сүйген өнер академиясына түскен. Алайда бәрі бірден ойлағандай бола қоймапты. 

"Үйіме оралдым. Т.Жүргенов атындағы оқу орнына грантқа түсіп, таңдаған мамандығым бойынша оқыдым. Кәмелет жасқа толғаннан бастап жұмыс істегендіктен, қалаға келе салып, шоу-балетке, оған қоса ансамбльдерге жұмысқа тұрдым. Алайда бәрі бірден реттеліп кеткен жоқ. Психика жағынан қатты күйзеліске ұшырадым. Өзім бала бола тұра, бала тәрбиелеу қиын болды. Келген жерім осы болып көрінді. Мен үшін ер адамның барлығы алаяқ сияқты еді", - деді ол.

Ең қиыны - қоғамға қайта оралу

Оның айтуынша, сол кезде отбасы жылағанда жұбанышы, құлағанда сүйеніші бола біліпті.

"Ажырасқаныма анам да, әпкем де сын айтып, ұрысқан жоқ. Олар үшін ең бастысы менің бақытты болғаным еді. Күйеуіммен бақытсыз бола тұра, маған ешкім қал деп айта алмады. Баламды бағуға анам көмектесті. Айналамдағылар артымнан сөз сөйлеп, сын айтты. Адам кітап секілді емес пе? Бірі кітаптың мазмұнын түсінсе, бірі түсінбес. Ең қиыны мен үшін қоғамға қайта оралу болды. Себебі өзіме отырсам опақ, тұрсам сопақ болып көріндім. Жұмысыма, достар арасына қайта оралу қатты қиынға соқты", - деп налыды кейіпкеріміз.

Жалғызбасты ананың айтуынша, басынан кешірген сонша күйзелістен кейін де, екінші рет тұрмыс құруға мүлдем қорықпаған.

Екінші тұрмыс - екінші өмір

"Екінші тұрмысымды азаматтық некеде құрдым. Өзімді тағы бір күйзелістен қорғау мақсатында азаматтық некеде болған шығармын, білмеймін. Өмірге қайта екінші рет ораламын деп ойламаппын. Екінші рет бақыт құсы басыма қонбайды-ау дегенімде отау құрдым. Екеуміз Жүргенов атындағы академияда оқып жүргенде таныстық. Көп жыл тек дос ретінде араластық. Сөйте келе отбасы құрып, арамызда ұлымыз дүниеге келді. Алайда оның әке-шешесі мен туыстары арасында "Ажырасқан әйелмен не үшін неке құруға бел будың? Бөтен баланы қалай асырайсың?" деген дау шықты. Кейіннен айырылысып кеттік. Оған еш өкінбеймін. Себебі, бұл некеден дүниеге тағы бір керемет ұлым келді", - дейді Снежана Беляева.

Екі неке, екінші рет ажырасу Снежананы әлсіретпей, керісінше жетістікке шыңдап, мотивациясы ретінде ұлдарын көретінін айтты.  

Америка - арманым

"Шешем "Ана болғанда өміріңнің мәнін түсінесің" деуші еді. Екі ұлым менің тіреуіме айналды. Ұлдарымды нағыз ер болуға, айтқан сөзін іске асыруға, батыл болуға үйретемін. Өздері сондай сезімтал. Қас-қабағымнан көңіл-күйімді айтпасаң да біліп отырады. Екеуі де саналы, бауырмал, мейірімді. Ең бастысы мен оларды дос ретінде түсінуге тырысамын. Балаларым кішкене ер жеткен соң әжесіне қалдырып, шетелге жұмыс істеуге кетіп қалдым. Бір жыл сол жерде жұмыс істеп, нан мен суға еркін жететіндей ақша тауып кері қайттым", - дейді кейіпкер.

Оның айтуынша, АҚШ-ғы қазақтардың психологиясы мүлдем басқа.

"Қазақстанда маған "Отбасыңның ажырасуына кінәлі сен, қалуың керек еді" десе, бұл жерде "Қалай сендей алтын қызды бағаламаған, ештеңе етпес, өмірің әлі алда" деп, кәдімгідей ары қарай өсуіңе үлкен стимул береді. Білесіз бе, отандастарымыз не үшін орта санатта қалып бара жатқанын? Себебі "Ұят болады" деген сөз бар. Ұят болады екен деп, бақытсыз күй кешкім келмейді. Нәтижесінде арманыма жетіп, үлкен белестерді бағындырудамын", - деді ол.

Сүйген ісімен айналысатын Снежана Алматыда замануи модерн биінен хореограф болып сабақ берген.

"Өнер мен үшін қасиетті сөз, сахна киелі жер. Болашақ балет әртістеріне заманауи модерн биінен сабақ бере бастадым. Өте керемет жұмыс. Сол жұмысқа түгелдей беріліп, өз проблемамды бір сәтке ұмытатынмын. Залда таңнан, кешке дейін жаттығып, өзімді максимал шаршатуға тырысатынмын. Студенттерім менен, мен олардан шабыт алатынмын. Сол кездегі жұмысымды еш нәрсемен салыстыруға келмейді", - дейді Снежана Беляева.

"Бақыт әлде бостандық?"

"Әрине, бақытты таңдаймын. Әйел бақытын қалаймын. Ол кез де таяп қалған шығар. Қоғам бір нәрсені түсінсе деймін. Әйел адам екінші, үшінші я төртінші рет тұрмыс құрса да, ол оның арсыз, беті ашылған, тәрбиесіз екенін білдірмейді. Көбісі маған "Сен ажырасқан, екі балаңмен кімге керексің?" дейді. Оларға мені тіпті бес баламмен де сүйетін біреу табылар деп жауап беремін", - деп күлді кейіпкеріміз. 

Кейіпкеріміз отау құруға бұрындары батыл болса, қазір қорқатынын жасырмады. 

"Маған ер адамдардың тарапынан үйленуге әлі күнге дейін ұсыныстар айтылады. Әрине әрбір қыз бала секілді мен де таңдаған жарыммен бірге мәңгілікке болғым келді. Амал не... өмірден алған сабақтарым мені керісінше шыңдап, аяққа нық тұруға үйретті. Балаларыма жаңа ортасы ұнап, жұмысым да жақсарып, бәрі қалпына келгендей. Әзірше үш айлық демалыс болғандықтан балаларымды сынап көрмекшімін. Ұнап жатса қаламыз. Балаларым осы жерде білім алғанын қалаймын", - дейді Снежана.

Снежана отбасы құрған немесе құрайын деп жатқан қыз-келіншектерге өзінің жіберген қателігін қайталамауы үшін кеңес те беріп қалды:

"Мен - бақыттымын. Ол бақыт деген сөзді ажырасқаным үшін айтып отырған жоқпын, өмірдің сынағына еш мойынсұнбағаным үшін айтып отырмын. Адам өзін ешқашан құрметсіз қалдырмауы керек. Мен үшін бақыт -ойымның тазалығы мен жүрегімнің тыныштығы. Тек жүрек пен мидың қалауын тепе-теңдікте ұстасаңыз болғаны. Әйелдер үйлене салысымен күтінуді мүлдем ұмытып кетеді. Керісінше, қызықты болыңыз, қызықтырыңыз. Өмірден жалықпаңыз. Себебі әйел болып жаралудың өзі бақыт емес пе?! Сондықтан мен бақыттымын".

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 474.5   490.7   5.52 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети