ОЦЕНИТЕ РАБОТУ АКИМА
18 февраля 2020 | 17:31

Ажырасу өте сирек болған. Ертеде қазақ қоғамында неке бұзу мәселесі қалай шешілген?

ПОДЕЛИТЬСЯ

Мелков А. Л. Отбасылық портрет. Қазақстан, Семей обл. 1927 жыл Мелков А. Л. Отбасылық портрет. Қазақстан, Семей обл. 1927 жыл

Қазақстан ажырасу көрсеткіші бойынша ТМД-да көш бастап тұр. Мұндай статистиканы "Бақытты отбасы" ресурстық қолдау орталығының мамандары келтірген. Мәселен былтыр қаңтар-наурызда 17 422 неке тіркелсе, оның 8 884-і ажырасумен аяқталған. Осы ретте "Қазақ қоғамында ерте заманда жастардың екі жаққа кетуі мәселесі қандай болған?" деген сұрақ туындайды. Жалпы бұрынғы заманда ажырасу мәселесі болған ба? Бұл туралы этнограф Досымбек Қатран Tengrinews.kz тілшісіне айтып берді. 


Иконка комментария блок соц сети

Қазақстан ажырасу көрсеткіші бойынша ТМД-да көш бастап тұр. Мұндай статистиканы "Бақытты отбасы" ресурстық қолдау орталығының мамандары келтірген. Мәселен былтыр қаңтар-наурызда 17 422 неке тіркелсе, оның 8 884-і ажырасумен аяқталған. Осы ретте "Қазақ қоғамында ерте заманда жастардың екі жаққа кетуі мәселесі қандай болған?" деген сұрақ туындайды. Жалпы бұрынғы заманда ажырасу мәселесі болған ба? Бұл туралы этнограф Досымбек Қатран Tengrinews.kz тілшісіне айтып берді. 

Досымбек Қатранның айтуынша, дәстүрлі қазақ қоғамында ажырасу өте сирек кездескен. Тіпті ажырасу жоқтың қасы болған. 

"Жалпы "талақ" деген сөз құқық нормаларында айтылып, көрсетілгені болмаса, XVII және XX ғасырдың бас кезеңіне дейін талақ айта салып, ажырасып кете салу болмаған. Яғни, дәстүрлі ортада ажырасу болмаған. Қазірден айырмашылығымыз сол. Ол кезде қазіргідей "сүйіп қосылды" деген әңгіме болмаған.

Ертеден атастырып, айттырып, үйлендіріп, құдаласқан екі рудың арасындағы бітімгерлікпен келген дүние болғандықтан ажырасу мүмкін емес. Қалың мал төлеп, соның есесіне асып түсетін дүние әкелгеннің өзі некенің берік болуына төленетін материалдық кепілдік болған. Ондай кездері ажырасуды кім бастайды, сол материалдық жауапкершілікті қайтарып, төлейтін болған. Бірақ үш рет талақ айтып, ажыра салды деген әңгіме болған емес", - дейді этнограф.


Дудин С.М. Ерлі-зайыптылар. Қазақстан, Семей облысы. 1899 жыл

Деректерге сүйенсек, әмеңгерліктің болуы да некенің бұзылуына, жетім-жесірлердің көбеюіне жол бермеген екен.

Қазақы ортада әдет-ғұрыпқа сай ажырасуға себеп болатын жағдайлар көбіне күйеуіне қатысты жағдайдан туындаған:

- Күйеуі қылмыс жасап, ұзақ уақытқа қамалса;
- Басқа дінді қабылдаса;
- Ұзақ уақыт (3-4 ай) бойы хабар-ошарсыз жоқ болып кеткен кезде әйелдің ажырасу талабын қоя алатын құқығы болған.

Одан бөлек, этнографтың айтуынша, ертеде неке тағы бірнеше себепке қатысты бұзылған. 

"Неке көбіне әйел адам балалы болмай жатса, ұрыс керіс болғанда, ақыл-есі кем болса, бір-біріне зақым тигізсе ақсақалдар ақылдаса отырып кәдімгідей ажырастырады. Бірақ ажырасу тіпті болмаған, өте сирек нәрсе. Балалы бола алмай жатқан күннің өзінде ажыраспайтын жағдайлар болған", - дейді этнограф. 

Дудин С.М. Қазақтар. Қазақстан, Семей облысы. 1899 жыл

Ертедегі қоғамда екі жас екі жаққа кету мәселесі туындағанда ауыл ақсақалдары мен билер де маңызды рөл атқарған.

"Әрине, неке бұзудың шарты көп. Талақты үш рет айту - діндегі талап қой. Егер күйеуі тарапынан бірге тұра алмайтындай жағдай болып, әйелі шағымданса билер жағдайды қарап, талақ айтқызып барып ажырататын болған. Талақ айтып, ажырасу ықтиярын күйеуі береді. "Ажырасыңдар" деп күйеуіне талақ айтқызғаннан кейін барып екі жаққа кете алады. Әйтпесе әйел адам талақ айта алмайды екен", - дейді Досымбек Қатран. 

Деректерге сүйенсек, негізінде, ажырасу әйелдің төркіні тарапынан жасалған талаптарға байланысты немесе әйел ауыл ақсақалдары мен ықпалды адамдарға немесе билерге шағымданған кезде қаралған. Егер әйелдің күйеуіне шағымы болса, көп жағдайда бұл мәселе қаралуға үш ай уақыт берілген. Егер ажырасу туралы шағымына әйелдің мінезі себеп болса, ол шағымды қарастырушылар тарапынан көбіне қабылданбайды, дәлірегі әйелдің мінезі ажырасуға себеп бола алмаған екен.

Дудин С.М. Қазақстан, Семей облысы, Ақкелін шатқалы. 1899 жыл

Ішінара әйелдердің ерлерінен қашып кетуі аз болса да, кездескен. Қалыптасқан үрдіс бойынша, ажырасу үшін алдымен әйелі күйеуінен үш рет қашып шығуы керек болған. Үшінші рет қашып шыққаннан кейін ел-жұрт әйелдің күйеуінен жәбір көргенін растайтын болса немесе ері әйелін үйден қуып жібергенін куәгерлер растаса, бірнеше жыл қарамағанын дәлелдейтін болса ғана ажырасуға рұқсат берілген.

Этнографтың айтуынша, ажырасуға ниетті бірінші болып білдірген адам айып төлеген екен. 

"Негізі екі жастың екіге кетуін біздің қоғамда өте тамаша шешкен. Қазіргі заманда ата-анасының қалауымен қосылмағаннан кейін ажырасты ма, болды, кетті. Ал ертеде ажырасуды билер мен ақсақалдарға айттырып, әулеттің талқысына салып бірақ шешкен. Тек талақ айтты екен деп екі жаққа жібере қоймайтын. Ажырасқанның өзінде кім бірінші бас көтерсе соған айып төлеттіреді", - дейді этнограф. 

Қазақы түсінік бойынша, әйел кінәсіз болған жағдайда, оның пайдасына ортақ мал мүлкінен арнайы үлес беретін. Оған қоса әйелдің күнделікті өмірде пайдаланған тұрмыстық заттары қоса берілген. Неке бұзылған кезде кінәсіз деп танылған әйелге тиетін мұндай үлесті "ақымар" деп атаған. "Ақымар" малдай, жылжымайтын мүліктей немесе ақшалай да берілген.


Дудин С.М. Қазақстан, Семей облысы, Ақкелін шатқалы. 1899 жыл

Сонымен қатар, Досымбек Қатран қазақ халқы некелесуге аса жауапкершілікпен қарағанын айта кетті.

"Айта кетейін, талақ айту қазақ қоғамында сондай бір дүркіреп тұрған мәселе болған емес. Дәстүрлі ортада некеге отыру, үйленіп, шаңырақ көтеруге үлкен жауапкершілікпен қараған. Ажырасуға қатысты талақ айту жауапты мәселе болғандықтан оны тіпті айтпайтын да. Ол серт беру деңгейіндегі шаруа болған. Өз басым "талақ айтып, кетіп қалыпты" деген дерек кездестірген емеспін", - дейді этнограф.

Психолог қазақстандықтардың жиі ажырасатын 5 себебін атады

Читайте также
Join Telegram
Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная Иконка меню мобильная
Иконка закрытия мобильного меню

Курс валют

 494.98   521.17   4.92 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети