Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
13 августа 2019 11:58

"Анашым, біз өртеніп жатырмыз" - Бес баласынан айырылған ана ағыл-тегіл жылап, сұхбат берді

ПОДЕЛИТЬСЯ

Бес баласы қаза тапқан астаналық жұп. © Видеодан скриншот Бес баласы қаза тапқан астаналық жұп. © Видеодан скриншот

Биыл 4 ақпанда астанада жекеменшік үйден шыққан өрт салдарынан бес бала қаза тапқан. Қаза болған бес баланың ата-анасы Жанымгүл және Евгений Ситерлер жарты жылдан кейін блогер Тәңірберген Бердоңғаровқа сұхбат берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.


Биыл 4 ақпанда астанада жекеменшік үйден шыққан өрт салдарынан бес бала қаза тапқан. Қаза болған бес баланың ата-анасы Жанымгүл және Евгений Ситерлер жарты жылдан кейін блогер Тәңірберген Бердоңғаровқа сұхбат берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Сұхбат блогердің YouTube арнасында жарық көрген. Евгений мен Жанымгүлдің айтуынша, қазір олар халық жинап берген қаражатқа алынған екі бөлмелі пәтерде тұрып жатыр. 

"Халық көмек ретінде мешітке ақша жинап берген. Мешіт өкілдері жиналған қаражатқа бізге пәтер алып берді", - дейді Жанымгүл. 

Жанымгүлдің айтуынша, оқиға болған күні екеуі де жұмыста болған. Өрт сағат 02:32 шамасында болғандықтан көршілері көмектесе алмаған. Себебі барлығы түнгі уақыт болғандықтан ұйықтап жатқан.

"Маған үлкен қызым хабарласып, "Анашым біз өртеніп жатырмыз" деді. Мен не істерімді білмей бірден туыстарыма хабарластым", - дейді Жанымгүл Ситер. 

Үйге келген Жанымгүлдің әпкесі балалардың өртеніп жатқанын хабарлаған. Үй өртеніп жатқан кезде қыздардың даусы да естілмеген. Басында тек түтін болған. Жанымгүлдің туыстары терезені сындырып, үйге кіре бастаған кезде ғана өрт басталған. 

"Егер бірден өрт басталғанда көршілер байқайтын еді", - дейді Жанымгүл.

Сондай-ақ сұхбат барысында қыздардың ата-анасы қыздарын еске алып, әрқайсын сипаттап берді. Үлкен қыздары Альбина 2006 жылы туылған. Ол төрт сіңлісіне ата-анасы жұмысқа кеткен кезде басы-көз болып, қарайласып жүрген екен.

"Альбина - менің көмекшім болатын. Балаларды да қарап, сабақтарына көмектесіп, маған қолғабыс жасайтын. Ол аспаз болғысы келген. Себебі Альбина ас әзірлеуді жақсы көретін. Қолынан келмейтін ісі жоқ еді", - дейді Жанымгүл.

Жанымгүлдің сөзінше, 2008 жылғы Алина есімді қыздарында эпилепсия болған. 

"Алина ерке қыз еді. Өзінің барлық жұмысын әпкесіне сілтеп қоятын", - дейді аналары. 

Жанымгүл Ситердің айтуынша, үшінші қыздары Сабина ең сүйікті қызы болған. 

"Ол өз-өзімен жүретін қыз еді. Ойнасаң - ойнайды, ойнамасаң - ренжімейді. Жанына келген адамның ешқашан бетінен қақпайтын. Сонымен қатар, ол сурет салуды өте жақсы көретін", - дейді Жанымгүл.

Төртінші қыздарын есіне алған кезде Жанымгүл көзіне жас алды. Себебі ол өте ерекше бала болған екен. 

"Төртінші қызымыз өте сұлу болатын. Ол Сабинаға тиісіп, ойнағанды жақсы көретін. Сабина балабақшаға кеткен кезде үнемі іздеп отыратын", - дейді қыздардың анасы.

Евгенийдің айтуынша, олар отбасымен өртеніп кеткен жалдамалы пәтерде тұрған кезде айына шамамен 50-60 мың теңге жұмсайтын.

"Оған киім-кешек, мектепке керекті заттар, азық-түлік алатынбыз. Біз ешқашан мектептен көмек сұраған емеспіз", - дейді Жанымгүл.


Өртенген үй. © Видео кадры

Сондай-ақ, Ситерлер отбасы әлеуметтік желілерде қазіргі күнге дейін әртүрлі пікірлер оқитынын айтқан. "Оқиға болған күні неліктен балаларды қараусыз қалдырып кетті?" деген секілді сауалдарға жауап берді. 

"Қазірдің өзінде бізге әртүрлі пікірлер оқимыз. Менің сол күні жұмысқа шығып кеткен себебім - мені сол күні түнде жұмысқа шақырып алды. Шұғыл түрде көлік жөндеу керек болды. Оның алдында ол көліктің қосалқы бөлшектерін дұрыс қоймаған екенмін. Себебі маған басқа бөлшектерді беріп жіберген", - дейді Евгений.

Жанымгүлдің сөзінше, ол балалардың қаза болғанын бірден білмеген. Оны патрульдік полицейлердің көлігінде ұстап, күте тұруын сұраған. Балалардың қаза болғанын келесі күні бірақ білген. 

"Мен балалар аман деп ойладым. Таңға дейін қазір балаларымды көремін ғой деген оймен отырдым. Бірақ күйеуім балалардың қаза болғанын айтты", - дейді Жанымгүл.

Жанымгүл оқиғадан кейін алаяқтардың пайда болғанын айтты. Оның сөзінше, әлдекімдер әлеуметтік желіде қаза болған балаларға арнап жасалып жатқан ескерткішке ақша жинаған. 


Видео кадры

"Мен туралы желіде "қайтыс болды" деп не жындыханаға түсіпті деген неше түрлі жалған ақпараттар жүрді. Оның барлығын біздің жағдайымызда оқу өте қиын болды", - дейді қыздардың анасы.

Жанымгүлдің айтуынша, олар алдағы таңда балалар үйінен бала асырап алмақшы ниетте екен. 

"Баланың жасы бізге маңызды емес. Балалар үйінен бала асырап алғымыз келеді. Өзіміз де балалы болғымыз келеді", - дейді олар.

Сондай-ақ Ситерлер отбасы халық тарапынан жиналған қаражатқа қазір шағын техникалық жөндеу орталығын ашқан екен. 

Айта кетейік, қайғылы оқиға Нұр-Сұлтан қаласындағы Сарыарқа ауданы Шыңғыстау көшесінде  4 ақпанда сағат 02:34-те болған. От сөндіру барысында 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылдары дүниеге келген бес баланың мәйіті табылған.

Астанада өрттен қаза тапқан қыздар ақтық сапарға аттанды

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 448.12   483   4.85 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети