ОЦЕНИТЕ ДЕПУТАТОВ МАЖИЛИСА
16 января 2020 | 10:42

"Балабақшаға 337 мың төлейді". Қазақ қызы Калифорниядағы өмірі туралы әңгімеледі

viewings icon comments icon

ПОДЕЛИТЬСЯ

whatsapp button telegram button facebook button
Instagram.com/arailym.bagauova Instagram.com/arailym.bagauova

Шағын ғана ауылда туып, бой жеткен қыздың арманындағы алып Америка қол жетпейтін жай ғана қиял болып көрінуі мүмкін. Десе де 28 жастағы Арайлым Багауова - бүгінде АҚШ-тың ең қымбат штаттарының бірі Калифорниядағы серфинг отаны Санта-Круз қаласының тұрғыны, Жазбаша және ауызша аударма саласындағы өнер магистрі және аяулы жар, екі баланың сүйікті анасы. 

whatsapp button telegram button facebook button copyLink button
Иконка комментария блок соц сети

Шағын ғана ауылда туып, бой жеткен қыздың арманындағы алып Америка қол жетпейтін жай ғана қиял болып көрінуі мүмкін. Десе де 28 жастағы Арайлым Багауова - бүгінде АҚШ-тың ең қымбат штаттарының бірі Калифорниядағы серфинг отаны Санта-Круз қаласының тұрғыны, Жазбаша және ауызша аударма саласындағы өнер магистрі және аяулы жар, екі баланың сүйікті анасы. 

Ол Ақтөбе облысында Ресеймен шекаралас орналасқан, небәрі 300 адамдай тұратын украиналық ауылда дүниеге келген. Арайлым Багауова Tengrinews.kz тілшісіне АҚШ-қа қалай кеткенін, ондағы өзінің және отбасының өмірі, Қазақстанда жоқ нәрселер мен жалған стереотиптер туралы айтып берді. 

"Менің қызым Майамиден бір шығады" деген әке сөзі қазір жүзеге асқандай. Қазақстандық келіншектің айтуынша, ол әзірге Майамиге бармаса да, басқа бес штатта болып көрген.  

"Бала кезімде әкем оқудағы және спорттағы жетістіктерімді көргенде, мені құшақтап, осылай дейтін. Балалардың көбі Америкаға баруды армандайтын шығар. Мен алдымен ағылшын тіліне қызықтым, мектепте немісше оқытатын, мен 6 сыныпқа көшкенде ғана ағылшын тілінің мұғалімі келді. Ол кезде ауылда Интернет жоқ. Тек бір компьютерде қосылған. Ұялы байланыс та жоқ еді, қазір де солай! Ағылшын тілінде оқулық, сөздік және Evanescence тобының кассетасы ғана болған. Мен ағылшынша дұрыс білмесем де ән айтып жүретінмін", - дейді ол. 

АҚШ-қа "Болашақ" бағдарламасымен барған

Арайлым Багауованың айтуынша, көбі мектептен кейін "Болашақ" бағдарламасына құжат тапсыруға кеңес берген, бірақ ауылдағы үйді кепілге қою мүмкін емес болған.

"Кейін Алматыға келіп Сүлеймен Демерел атындағы университетке аудармашы мамандығына түстім. Оқу аяқтайтын жылы сол "Болашақ" бойынша ауыл квотасы пайда болды. Бағдарлама талаптарына сай, емтиханнан сәтті өткеннен кейін ауылдағы үйді кепілге қалдырып, Америкаға оқуға баруға мүмкіндік берілді", - дейді келіншек.

Жұбайы мен баласынан алшақ болған бір жылдық қиын өмір 

Шәкіртақыға ие болғаннан кейін Арайлым Багауова тұрмысқа шығып, күйеуімен бірге АҚШ-қа жол тартпақ болған. Өзі магистратураға, ал күйеуі доктарантураға тапсырғанда бір универститке түсеміз деп ойлаған екен. Алайда барлығы қалауындағыдай шықпаған. Айтуынша, өзге елдегі алғашқы жылы өміріндегі қиын кездердің бірі болған. 

"Тіл курстарынан өтіп, АҚШ-тың әр түрлі оқу орындарына магистратураға құжаттар тапсырдым. Иллинойс Урбана-Шампейн штатының университетіне түстім. Ал Күйеуім Калифорниядағы Санта-Круз университетінде докторантураға түсті. Оқу басталар алдында бір ай бұрын үлкен ұлыма жүкті екенімді білдім. Сөйтіп "Болашақтан" академиялық демалыс алып, оқуды бір жылға тоқтатып, елде қалдым. Наурызда босанып, баламды 5 айлығында ата-енеме қалдырдым. Отбасымызбен ойлана келе осындай шешімге келдік. Бұл өміріміздегі қиын кезең болды. Тек мен үшін емес, бір жасқа толмаған баланы қарап қалған енем үшін де. Ол кісіге алғысым шексіз", - дейді келіншек.

АҚШ-ға барғанымен Арайлым мен жолдасы әр түрлі қалада тұрған. Олар үш жылдан кейін ғана бір жерге көшіп келген. 

"Екінші жылы ұлымды өзіммен алып кеттім, себебі магистратурада бір жылымды оқып, қалаға үйреністім, енді оңайырақ болды. Сол кезде үшеуіміз ең болмағанда әр түрлі қала, елде емес, бір мемлекетте жүргенімізге қуандым. Мен магистратураны тәмамдағаннан кейін жолдасымның қасына ұлыммен Санта-Крузға көштік. Күйеуім әлі де PhD in Computer Architecture бағдарламасында оқиды. Бұл сирек кездесетін, бірақ өте қажетті сала. Қазір болған барлық жайтқа өкінбейміз. Себебі мен UIUC-де бағалы білім алдым, ал жұбайым үздік бағдаламалардың бірімен оқып жатыр, оның үстіне жанымызда Кремний алқабы тұр, онда тағылымдамадан өтуге мүмкіндік бар", - дейді Арайлым Багауова.

Санта-Круз - балалар үшін нағыз жұмақ қала. Неге?

Қазақстандық келіншектің айтуынша, Санта-Круз Тынық мұхитының жағасындағы, табиғаты алуан түрлі курорттық ғажап қала, серфинг отаны, мұнда Монарх көбелектері қыстауға келеді екен. Оның адамдары мейірімді және бұл балалар үшін нағыз жұмақ қала, дейді ол. Арайлым Багауова қазір отбасымен университет кампусында тұрып жатыр. Ол балаларының балабақшаға баратынын және Қазақстанмен салыстырғанда басқашалау екенін айтты.   

"Мұнда 18 айдан бастап қабылдайтын балабақша бар. Ұлым preschool (3-5 жас аралығында), ал қызым қазан айынан бастап toddler (18 ай - 3 жас) бағдарламасына барады. Бұл балабақша университет студенттерінің балаларын ғана қабылдайды. Монтессори жүйесі бойынша бағдарлама жүргізеді. Әр апта сайын экскурсиялар өткізіледі. Әр семестрдің басында өрт сөндіру жаттығулары болады. Барлығы өмірдегідей, дабыл қосылып, балалар ғимараттан сап түзеп шығады. Жақында ата-аналарға арналған "Raising a reader" бағдарламасы енгізілді. Әр апта сайын бізге кітаптар салынған сөмке береді, оны баламен үйде оқу керек", - дейді ол. 

Калифорниядағы өмір: Отбасы бюджеті қанша болуы керек? 

 

Калифорния штатында 4 адамнан тұратын (2 ересек + 2 бала) отбасының айлық бюджеті орташа есеппен 6719 доллар немесе бүгінгі курс бойынша шамамен 2,5 миллион теңге болуы тиіс екен.

"Біз Калифорнияға 2017 жылдың жазында ұлым Хамза және ішімде Сара қызым болғанда көшіп бардық, шотымызда 5 мың доллардан аса қаражат болған. Бұл сома визаға құжаттарды алу үшін шотта жатуы керек болды. Мен оқуымды тәмамдағандықтан, енді студент ретінде емес, қамтамасыз етілу керек отбасы мүшесі ретінде бардым. Бюрократиялық тілде мені және Хамзаны Dependent (тәуелді) деп атайды. Біз J2 визасын алдық, ол бойынша мен қаласам жұмыс істей аламын. Тек ол үшін жұмыс маған отбасын асырау үшін емес, үйде "ішім пысқан соң" бір нәрсемен айналысқым кетенінін дәлелдеуім керек", - дейді ол.

Балабақша айына 200-300 мың теңге

 

Хамза мен Сараның балабақшасында да әр отбасының айлық бюджеті ескеріледі екен. Құжаттарды тапсырғанда 4 адамнан тұратын отбасының айлық бюджеті 6719 долларға жетпесе, онда балабақша бір жылға тегін болады. Арайлым Багауованың айтуынша, бір жылдан кейін балабақша отбасының қаржылық жағдайына қайта қызығушылық танытады және осылай жалғаса береді. Ал жалақы ай сайын әр түрлі болса, жылдық орта есеп қарастырылады. 

"Сара баратын Toddler’s program - айына 895 доллар немесе 337 000 теңге тұрады, ал Хамзанікі Preschool program - 522 доллар немесе 196 000 теңге", - дейді келіншек. 


Суреттер: Instagram.com/arailym.bagauova

"АҚШ-тағыдай кітап оқитын адамдарды Қазақстаннан көрген жоқпын"

 

Арайлым Багауоваға Санта-Крузда балаларға арналған кітаптары бар кітапханалар мен демонстрациялық залдары бар музейлер өте ұнайды екен.

"Мен АҚШ-қа келгенге дейін америкалықтар ақымақ дегенді көп естідім. Бірақ бұл мүлде олай емес! Иә, олар біздің ел географиялық картада қайда орналасқанын білмеуі мүмкін, бірақ олар мұны білуге міндетті емес. Олар тек өзіне ұнайтын салаларға зейін салады. Олар артық біліммен миын қатырмайды. Есесіне, мен Қазақстанда еш жерде Америкадағыдай кітап оқитын көп адамды көрген жоқпын. Мұнда кітаптарға деген махаббатты бала кезден оятады", - дейді Арайлым Багауоваға.



Санта-Круздың көшелері мен саябақтарынан осындай жәшіктерді кездестіруге болады. Онда кез келген адам тегін кітап алып, өзінің оқығандарын қалдырып кете алады.

Ол балаларға арналған кітапханалардың бары өте жақсы екенін айтты. 

"Мысалы, біздің кітапхананың екінші қабаты балалар кітаптарына арналған. Онда да жасы бойынша секцияларға бөлінген. Ең кішкентай оқырмандар үшін әр түрлі тақырыптарға арналған кітаптар қойылған кішкентай сөрелер болады: онда феминизм, мұқабасында Мишель Обаманың суреті бар кітаптардан бастап, космонавтикаға дейін арналған оқулықтар бар. Үстел мен кішкентай орындықтар, басқа ойыншықтары бар кілем, аквариум, сурет салуға арналған қағаз бен қарындаштар - кез келген кітапханада бар", - дейді ол.


Келіншек ересек балалардың да кітіпханасы қандай болатынын айтып берді.  

"Үлкенірек балалар үшін компьютерлер мен үстелдер қарастырылған. Кітапхана үй тапсырмаларын орындауға да көмектеседі. Мұнда оқырман клубы бар, онда аптасына бірнеше рет балаларға арналған әртүрлі үйірмелер мен сабақтар өткізіледі. Сонымен қатар кітапхана мұражайлар мен океанариумдарға тегін билеттер ұсынады", - дейді Арайлым Багауова. 

"Музейлері мүлде басқа"

 

Музейлердің жағдайы тіптен бөлек, дейді Арайлым Багауова. 

"Былтыр Сан-Хосе қаласындағы балалар мұражайының мүшесі болғанбыз. Отбасымызға абонемент шамамен 180 долларға шықты. Ол жер бізге қатты ұнағандықтан әр екінші демалыс күнін музейде өткізетінбіз. Бірден жылдық кіру билеттерін алдық, себебі осылай тиімді болды. Бұл мұражайдың басты демеушісі - Apple негізін қалаушылардың бірі Стив Возняк. Екі қабатты ғимарат көлемі жағынан Қазақстандағы сауда орталығын еске салады және ол қазақстандықтар үшін үйреншікті мұражайлардан қатты ерекшеленеді. Мысалы, мұражайға кіре берісте нағыз өрт сөндіру көлігі тұр, оған кіруге, барлығын қолмен ұстап көруге болады. Өртсөндірушінің киімін де киюге рұқсат. Одан бөлек те қызықты дүниелер өте көп", - дейді ол.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Санта-Круз, Калифорния (@arailym.bagauova)

Арайлым Багауова Америкада өз жобаларымен, аударма, балаларға арналған қазақша кітап шығару және "Инстаграмымен" айналысады. Барлық үй шаруасы оның мойнында. Айтуынша, Санта-Крузда өмір бойына қалмайды, елге оралып, жаңа бір іспен айналысу жоспарда бар екен. 

Читайте также
Join Telegram Последние новости
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная Лого TengriAuto мобильная Иконка меню мобильная
Иконка закрытия мобильного меню
Открыть TengriNews Открыть TengriLife Открыть TengriSport Открыть TengriTravel Открыть TengriGuide Открыть TengriEdu Открыть TengriAuto

Курс валют

 523.95  course up  543.16  course up  5.1  course up

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети
Иконка Instagram footer Иконка Telegram footer Иконка Vkontakte footer Иконка Facebook footer Иконка Twitter footer Иконка Youtube footer Иконка TikTok footer Иконка WhatsApp footer