Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
03 июля 2019 12:55

"Балалар оның партасына отыруға таласады" - ҰБТ-дан тұңғыш 120 балл иегерінің ұстазы шәкірті жайлы

ПОДЕЛИТЬСЯ

Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестілеу алғаш рет 2004 жылы өткен. Сол жылы Қазақстан бойынша бір ғана түлек барлық сұраққа қатесіз жауап берген болатын - шымкенттік Мақсат Пернебаев ең алғаш болып 120 балл жинаған. Тengrinews.kz тілшісі Мақсат Пернебаевтың сынып жетекшісі Күләйхан Күмісбековамен әңгімелесіп, ең алғашқы ҰБТ туралы естеліктерін білді.


Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестілеу алғаш рет 2004 жылы өткен. Сол жылы Қазақстан бойынша бір ғана түлек барлық сұраққа қатесіз жауап берген болатын - шымкенттік Мақсат Пернебаев ең алғаш болып 120 балл жинаған. Тengrinews.kz тілшісі Мақсат Пернебаевтың сынып жетекшісі Күләйхан Күмісбековамен әңгімелесіп, ең алғашқы ҰБТ туралы естеліктерін білді.

"Оқушылар жаңа емтиханды жақсы қабылдады"

Күләйхан Күмісбекованың жұмыс өтілі - 25 жыл. 1992 жылы Мұхтар Әуезов атындағы Шымкент педагогикалық институтын аяқтаған. Төрт жылдан соң жолдасымен Шымкенттегі Қазығұрт мөлтек ауданына көшіп келген екен. Айтуынша, ол кезде кейін елдің ең үздік түлегі атанатын оқушыға сабақ беремін деп ойламапты.

"Қазығұрт" жалпы орта мектебіне орналасқанымда Мақсат оқитын 5 "Г" сыныбына жетекші болдым. Ол жылдары мектепте 3 мыңға жуық оқушы бар еді. Әр жылда сегіз-тоғыз сынып болған. Ұмытпасам, Мақсатпен бірге тоғыз сынып бітірді. Мен жетекші болған сынып сол кездегі ең үздік сыныптардың бірі болатын. Сыныптағы 27 баламның 7-8-і оқу озаты еді, ішінде Мақсат та бар. Сыныптың білім сапасы өте жоғары болған", - деп еске алды ұстаз.


Күләйхан Күмісбекованың оқушылары

Мұғалімнің айтуынша, ол кезде оқушылар жаңа емтихан болатынын жақсы қабылдаған.

"Ұмытпасам, ҰБТ деген жаңа емтихан болатынын бізге 2003 жылы қазанда айтты. Оған дейін мектепте дәстүрлі емтихан, кейін университетте кешенді емтихан тапсыратын. Ал дәл менің түлектерім бітіретін кезде екі емтихан қосылғаны хабарланды. Содан бәріміз ҰБТ-ға дайындала бастадық. Оқушылар жаңа емтиханды жақсы қабылдады. Себебі олар кейін университетке барғанда кешенді емтихан тапсыратын. Сондықтан жаңа емтиханды тапсыруға толық дайын болды. Ол кезде 30 сұрақтан 4 пән болатын", - дейді Күләйхан Күмісбекова.

"Ешкім телефонға емтиханға көмекші құрал ретінде қарамады"

Ол жаңа емтиханның мұғалімдерге де жаңа сынақ болғанын айтады.

"ҰБТ енгізілген кезде мұғалімдердің бәрі дайындықты бастады. Өйткені мектептің, аудан, қаланың көрсеткіші - бәрі есептелетін. Сол төрт пән бойынша оқушыларды сабақтан кейін дайындадық. Мен түлектерге қазақ тілін оқыттым", - дейді ол.

Айтуынша, ол кезде оқушылар ҰБТ-ны түрлі шпаргалардың көмегімен емес, өз білімімен тапсырған.

"Ол алғашқы ҰБТ болғандықтан оқушыларда ешқандай қулық болмады. Барлығы тек өз білімімен дайындалды. Қазіргідей шпаргалка немесе ұялы телефон қолдану деген ұғым болған жоқ. Сыныптағы барлық оқуышымыз ҰБТ-да өз білімдерін көрсете алды. ҰБТ бойынша шпаргалкалар шықпаған, телефондар да жоқтың қасы. 1-2 оқушыда ғана бар болуы мүмкін, тіпті, мұғалімдерде де болмады. Сондықтан, ешкім ол кезде телефонға емтиханға көмекші құрал ретінде қарамады", - дейді ол.

Күләйхан Күмісбекова оқушыларының маңызды емтиханға қалай дайындалғанын айтып берді.

"Оқушыларымыз мұғалімнің дайындағанына ғана қарап отырмады. Ол кезде сабақ уақытынан бөлек, 5 минуттық үзілісте де оқушылар дайындалып отыратын. Бәрі бір партаға жиналып, сөзжұмбақтар шешіп, кітаптар ақтаратын. Қосымшадан шыққан соң, төрт-төрттен бөлініп, бір үйде дайындалатын. Нәтижесінде 27 оқушымның жартысынан көбі грант иегері атанды. Оның ішінде, Мақсат 120 балл жинады", - дейді 2004 жылғы түлектердің сынып жетекшісі.


Шәкірті Мақсат Пернебаевтың "Алтын белгі" алған сәті

"Мақсаттың партасына ырымдап премьер-министрдің орынбасары отырды"

Мақсат Пернебаев Қазақстан бойынша ҰБТ-да 120 балл жинаған алғашқы оқушы ретінде тарихта қалса, "Қазығұрт" мектебінде тұңғыш "Алтын белгі" иегері атануымен де есте қалған екен. Мектеп 1992 жылы ашылған. Оған дейін ешкім "Алтын белгі" алып көрмепті.

Ең алғашқы 120 балл иегерінің ұстазы әлі күнге дейін шәкіртімен мақтанатынын айтады.

"Ол кезде Қазығұрт мөлтек ауданындағы кішкентай ғана сары мектебімізді көбі білмейтін. Мақсаттың арқасында оқу ордамыз Шымкентке ғана емес, бүкіл Қазақстанға әйгілі болды. Газеттерге, телевизияға шыға бастадық. Бірде мектебімізге сол кездегі премьер-министрдің орынбасары Бірғаным Әйтімова келген. Сол кезде ол ырымдап Мақсаттың партасына отырып, "Бізге де жұғысты болсын. Біздің де балаларымыз бар" дегені есімде. Мақсат отырған партаға кейінгі оқушылар да таласатын болды", - дейді ол.


"Қазығұрт" орта мектебінің директоры Ерхан Нұрсейітовпен

Күләйхан Күмісбекова әлі де сол мектепте қызмет етіп келеді. Оқушыларға қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқытады. Мұғалім қазіргі түлектерге жасалып жатқан жағдайды дұрыс пайдалана білуге кеңес берді.

"ҰБТ-ны алғаш тапсырған кезде қалай дайындаларын білмей абдырап қалған оқушылар болды. Ал қазіргі балаларға көп жағдай жасалған. Білім беретін курстар көп. Сабақтан кейін сонда дайындалуға болады. Ғаламтордан да көп мәлімет алуға болады. Менің оқушыларым секілді, топ-топқа бөлініп бірге дайындалғанның пайдасы зор. Сондықтан қазір дайындаламын деген балаға барлық жағдай бар. Тек соны орынды пайдалана білу ғана қажет", - дейді ұстаз.

Мектеп кезіңізді еске түсіре отырып, сүйікті мұғалімдеріңіз немесе балаларыңыздың ұстаздары жайлы айтарыңыз болса, news@tn.kz поштасына хабарлама жіберсеңіздер болғаны. Осы жоба арқылы алғыс айтылуы тиіс мұғалімдерімізді бүкіл елге танытқымыз келеді.

"Қазақстанның ұлағаты ұстаздары" жобасы ERG компаниясының қолдауымен өтіп жатыр. Сондай-ақ, ERG компаниясымен бірлесіп "Батырлар арамызда", "Жеңімпаздар", "Қазақстанның дарынды балалары" арнайы жобалары қолға алынған.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 447.35   490.7   4.75 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети