Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
25 ноября 2019 11:28

"Баланың жынысын анықтай алған" - Қазақтың толғақ шақыру ғұрыптары

Камила Долаева Корреспондент

ПОДЕЛИТЬСЯ

Сүндет тойға жиналған әйелдер. Қазақстан, Павлодар облысы, ХХ ғасырдың бірінші жартысы Сүндет тойға жиналған әйелдер. Қазақстан, Павлодар облысы, ХХ ғасырдың бірінші жартысы

Бүгінгінің акушер гинеколог дәрігерінің рөлін ертеректе туыт аналар орындаған. Оларды қамқор ана, бағбан ана деп те атаған екен. Этнограф Болат Бопайұлы Tengrinews.kz тілшісіне толғақ шақыру рәсімі жайлы, қазақ бұрындары баланы қалай босандырғанын айтып берді.


Бүгінгінің акушер гинеколог дәрігерінің рөлін ертеректе туыт аналар орындаған. Оларды қамқор ана, бағбан ана деп те атаған екен. Этнограф Болат Бопайұлы Tengrinews.kz тілшісіне толғақ шақыру рәсімі жайлы, қазақ бұрындары баланы қалай босандырғанын айтып берді.

Туыт аналар деген кімдер?

 

Ауылда бір әйел толғатып, бебеу қағып жатқанда туыт аналар барған екен. Олар толғағы қысқан әйелді орнынан демеп тұрғызып, киіз үйдің керегесінің басынан ұстатқызады. Немесе жалпақ құры жіпті үйдің ана басынан мына басына тартып, әйелдің екі қолтығынан өтізіп, жіптің ырғағымен ақырындап әйелдің толғағына ілестіріп, босандырған.

"Туыт аналар қазақтың ырым-тыйымдары, жөн-жоралғылары мен салт-дәстүрі арқылы, өздерінің өмір тәжірибесіне сүйене отырып, дүниеге келетін сәбиді, босанған әйелді аман алып қалу үшін айла-тәсіл, ырымдар жасаған. Олар бірнеше немесе біреу де болуы мүмкін. Туыт ана жіпті ырғата отырып, әйелге керегенің басын санатады. Ол толғақты ұмыттыру үшін жасалады", - дейді этнограф.

Толғақ күзеткен әйелдер үйден шықпаған 

 

Болат Бопайұлының айтуынша, толғақ күзетіп отырған әйелдер сол үйден бала тумай шығып кете бермейді екен.

"Шығуға тура келсе, басындағы жаулығын, орамал мен қолжаулығын сол жерге қойып кетеді. Себебі ол әйел далаға шықса, онымен бірге толғақ бірге ілесіп кетеді деген. Ал жаулығын, орамалын қойып кетсе, толғатып отырған әйел оның қайтып келетінін біліп, алаңдамаған. Сондықтан толғатқан әйелдің бір аяғы көрде, бір аяғы жерде дейді", - дейді ол.

Тары, бидай қуырып жарысқан 

 

Әйел ұзақ толғатып босанбай қойса, екі әйелдің бірі тары, екіншісі бидайды қазанға қуырып, жарысқан.

"Қара қатын бұрын туама, қара қазандағы ас бірінші пісе ме" деп әйелдің назарын басқа жаққа аударып отырған. Сол арқылы ауруын ұмыттырып, жеңіл толғатуға шарт-жағдайлар әзірлеген. Бұл қазақтың бұрыннан келе жатқан ырым-жырымдары", - деді Болат Бопайұлы.

Толғақ ауыртпалықтарын ұмыттыру үшін не істеген?

 

Қазақ аналары әйелдің ащы толғағын ұмыттыру үшін түрлі тәсілдер қолданған.

"Мысалы, буулы тұрған қаптардың ауызын ашып тастайды. Жабулы тұрған ішкі есіктерді ашады. Жақсы-жақсы сөздер айтып, әйелдің көңіл-күйін аулап, қолтығынан демеп, ішін сипап, жауырынын уқалап жан-жақты қамқорлық жасай білген. Соның арқасында бала аман-есен дүниеге келген", - дейді этнограф.

Ал толғақ одан ары созылып, бала тіпті түспей жатса, әйелге түрлі сый-құрмет дайындық көрсетіп, қыран құстың, жүйрік аттың тұяғын, үкінің қауырсынын, бураның басы сияқты заттарды алып келген. Сондай-ақ, әйелге дем беру үшін "әне, қара күштер шығып кетті" дейді екен. Қазақ халқы әлі дүниеге келе қоймаған сәбидің алдынан жарқын жыр айтып, босандырған. Оны толғақ жыры, босану жыры, сәби шақыру жыры немесе өмір жыры деп те атайтын.

Қазақтың бала босандыру тәсілінің пайдасы ғылыми дәлелденген

 

Болат Бопайұлының айтуынша, қазір қазақтың осы босандыру дәстүрі Еуропада, Жопония, Америка, Қытай, Франция, Германия сияқты елдерде дамыған.

"Қазақ әйел жатып босанса, басына қан көп кететінін білген. Отырып, түрегеліп немесе суда босанса, құры жіп секілді қолтығынан сүйеп босандырса, қауіпсіз болатынын ғылым жағынан да дәлелденген. Қазақтың босанған әйелге жасаған қамқорлығы шексіз. Босанғаннан кейін де сәбидің кіндік анасы, туыт, жөргегінен көтеріп алған анасы болған және қалжа сою, оны тамақтандыру, күту халқымыздың бұрыннан келе жатқан үлкен дәстүрі", - дейді ол. 


Дудин С.М. Қазақстан, Семей облысы, 1899 жыл. © Кунсткамера

Ер адамдарды кіргізбеген

 

"Бір жағынан босанатын әйел ұялады, намыстанады, екінші жағынан ер адамдардың түсі суық, дауысы жоғары болғандықтан ол қорқып қалады деп ойлаған. Сондықтан болашақ анаға әйелдер ғана қамқорлық жасаған", - дейді этнограф. 

Болат Бопайұлы қазақ халқында әйелдерінің түрі үшеу болғанын айтады. 

"Бірі Адам атаның жолдасы Хауа ананы, екінші Мұхаммед пайғамбардың әйелі Хадиша мен үшінші пайғамбардың қызы Бәтимәні пір тұтқан. Босанатын әйелге Хауа ана қолдай гөр, Хадиша жебей бер, Бибәтимә пірім сеп бол деп айтатынын сондықтан", - дейді ол. 

Баланың жынысын қалай анықтаған? 

 

Кезінде жүктілік шайы, құрсақ томпию шайы берілген екен. Этнографтың айтуынша, туыт аналар баланың жынысын да анықтай алған. 

"Құрсағында үлкен жалпақ із тұрса қыз бала, ал жіңішке көк сызық тұрса ұл туады деген. Тоғыз ай тоғыз күнде қыз, тоғыз ай он екі күнде ұл бала дүниеге келеді. Сондықтан қыз бала тоғыз жаста, ал ұл бала он екі жаста балиғатқа толады дейтін", - дейді ол. 

Сол есептеулерді туыт аналар білген. Олардың айтқандары айнымай келген деседі. Бұл заманның бас дәрігерлері - бұрынғы туыт аналар.

"Әйелдің қан кетуіне де, басы айналуы, ішінің ауырып, толғағының жиіленуіне де істейтін өз тәсілдері болған. Ананың ыстығын түсіретін, толғағын жиілететені дәрі, шөптерді де қолдана білген. Міне, қазақ халқының ғасырлар бойы аман-есен өмір сүруі, ұрпағының бақытты болуы, тіпті кереметі салт пен дәстүрге байлап, әнмен, өлең-жырмен босандырып алуы, "Дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең" деп дүниеден өткен кезде жоқтық жырын айтатыны да қазақтың бүтін өмірі поэзиялық керемет дәстүрмен, салтпен өтетінін дәлелдейді", - деп қорытындылады Болат Бопайұлы. 

Мына өлең жолдарын туыт аналар әйелдің толғағын жеңілдету үшін және сәбидің дүниеге аман келуі үшін айтқан екен: 

Кел, кел, кел, сәби.
Қолда келіп, көп нәби.
Алла өзі оңғарса,
Аман келер бұл сәби.

Хауа-анадай пірім бар,
Қолдаса келіп бақ ұстар.
Хадишадай пірім бар,
Қолдаса мұнда өмір бар.

Ибраһим, Әли пірім бар,
Айта алмаған сырым бар
Бибі-Фатима пірім қолдаса,
Аман босанар түрі бар.

Аллам, сенен тілейін.
Бергеніңді білейін.
Аман берсең баламды,
Садағаң боп кетейін.

Қырмызы етіп қызды бер.
Ұлық етіп ұлды бер.
Қалай берсең олай бер,
Аман етіп тірі бер.

Тол, тол, толғағың
Толғағың толса босанған.
Кетіп те қалды кедергі,
Толғағыңды тосатын.

Енді сенің жолың бос,
Тірінің бәрі саған дос.
Аман-есен босансаң,
Көңіл күндей болар хош.

Кел, кел, кел, сәби.
Күтіп тұр сені, көп нәби.
Аймалатып, ақ жүзін,
қашан келер бұл сәби?!

Келе жатқан сәбиді,
Пайғамбар бітім нәбиді,
Көз айдын боп көрейік,
Көрімдігін берейік.

Шекесінен сүйейік,
Танауынан иіскейік,
Еркелетіп өсіріп,
Есейгенше тиіспейік.

Кел, кел, кел сәби.
Келсең сен де бір нәби.
Сақабаның алыбы, 
Боласың сен де бір Әли.

Алақан жайып тосайын,
жөргегіңнен алайын,
Шілде тойын өткізіп,
Ойна-күліп қалайын.

Толды-ау, жаным толғағың,
Толғағың толса босанғын.
Күтіп тұр сенде көп ана,
Кешікпей енді босанғын.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 444.22   490.7   4.76 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети