"Бізде көрші ауылға да саяхаттайды". Қазақстандық келіншек италиялық туризм жайлы

14 Мамыр, 15:47
0
Диана Эспозито. © instagram.com/italybydiana
Диана Эспозито. © instagram.com/italybydiana

Бұл елде жергілікті тұрғындар елінен асып ешқайда көп бара бермейді екен. Себебі Италияның өзі сыртқы ғана емес, ішкі туризмнің де қайнаркөзі. Мұндай жетістіктің сыры неде? Қазақстан бұл елден қандай үлгі ала алады? Қазақстандық Диана Эспозито отбасымен Италияда тұрып жатқанына 6 жыл болыпты. Өзі туризм саласында қызмет атқарады. Ол Tengrinews.kz тілшісіне Италиядағы нағыз дамыған туризмнің ерекшеліктерін айтып берді.

Қазақстандық келіншектің айтуынша, италиялықтар шынымен де еліне, жеріне, тарихына, мәдениеті мен ұлттық тағамдарына, табиғатына өлердей ғашық. Онда келушілер саны жыл санап артып бара жатқаны айтарлықтай байқалады екен. Десе де, ішкі туризмнің орны бөлек. 

"Мұнда адамдар гастрономиялық тур жасауға, шарап, сыр, зәйтүн майын шығаратын зауыттарға бару үшін, нағыз италиялық пицца, паста және басқа тағамдардан дәм татып, демалыстан ләззат алуға келеді. Өзім тур өткізгенде де келушілерді қазіргі таңда әлемге танымал сырлардың бірі - мацарелланы дайындайтын зауытқа апарамын, онда туристер сырды жасау технологиясын бастан аяқ көре алады. Неге Италияда туризм сонша дамып кеткен? Себебі мұнда қызмет көрсету жағы өте жоғары кәсіби деңгейде. Туроператор, гид болсын ісін шебер атқарады, олар барлық ақпаратты нақты, дұрыс жеткізе алады және маркетингтің дұрыс жолын қолданып, шетелдік туристерді баурап алады. Десе де Италияда басқа елден келетіндер көп болғанымен, мұндағы туризмнің ажырамас бөлігі - ішкі туризм. Себебі италиялықтар ел ішінде саяхаттауды өте жақсы көреді", - дейді ол. 

Диана Эспозитоның айтуынша, италиялықтардың көбі өз елінен басқа жерге көп шықпайды. "Өз жерімде барда, алыстан неге іздеймін" дейді екен олар.

"Қалайша, неге басқа жаққа саяхаттамасқа?" деген сұрақты олар түсінбеуі мүмкін. Себебі мұнда қалаған нәрсеңді таба аласың және барлығы жақын орналасқан. Фитнес тур, гострономиялық тур, жағалау десең де, туризмнің дамуына керектің барлығы бар. Италия әлем картасында шағын ғана мемлекет болғанымен, мұндағы жергілікті тұрғындар оны кең, байтақ деп санайды және өз елінің барлық көрікті жерін араламайынша, басқа жаққа барғанды жөн көрмейді. Шынында да, бұл елді толығымен зерттеп, көріп, тануға 10 реттен көп келуің керек. Себебі әр аудан, ауыл, провинция алуан түрлі", - дейді қазақстандық келіншек.

Диана алты жыл бұрын Италияға көшіп барған. Оның айтуынша, елдегі туризмнің дамуы халқының өз еліне деген махаббатының арқасы.

"Туризммен айналысып жүріп Италияның барлық жерін аралап шықтым деп ойлағанмын. Олай емес екен, шын мәнінде 30 пайызын ғана көріппін. Себебі әр провинцияда өзіндік ерекшеліктері бар 30-50 қалашық, ауыл орналасқан. Олардың біріне барсаң, басқа ауылдан кездестірмейтін тағамның мәзірін табуға болады. Әр қалашықтың тарихы, мәдениеті, ас мәзірі ерекше", - дейді ол.

Еңбек демалысы десе бірден шетелге шығу ойға келеді. Десе де Италияда мұндай түсінік атымен жоқ. Оларға тек ел ішіндегі саяхат бірінші орында. Мысалы, жазда Миланға келсең, ол жерден миландықтарды көрмейді екенсің.

"Жұбайымның туыстары мен мұндағы италиялық достарымның, жас отбасының қайсыбірін алса да, барлығының арманы - елдегі бір қалаға бару. Сондықтан олар алдын ала баратын жерін жоспарлайды. Олардың бірі Миланға, екіншісі Венецияға, Сицилияға, үшіншісі Римге аттануы мүмкін. Мысалы, тамызда Миланға барсаңыз, онда бірде-бір миландықты кездестірмейсіз. Себебі олардың көбі Италияның оңтүстігіне демалуға, суға шомылуға кетеді. Басқа қалалармен де солай. Ал рождество кезінде оңтүстіктегілер тауға шығып, шаңғы теуіп, нағыз мерекелік көңіл-күйді сезіну үшін солтүстік өңірлерге барады", - дейді келіншек.

Халық ұлттық өнімді қатты қолдайды екен. Олар үшін өнімде Made in Italy деген жазу болғаны маңызды. Киім, ыдыс, тағам, барлығы отандық өнім болу керек.

Италияда ішкі туризмнің дамуына мектеп бағдарламалары да септігін тигізеді екен. Себебі оқушы теория ғана емес, практика жүзінде қалаларды аралап, тарихқа үңіліп, елге деген қызығушылығы, махаббаты артады. 

"Ол бағдарлама бірінші сыныптан басталады. Қыркүйекте балаға мамыр-маусым айларына саяхаттау жоспарын береді. Сөйтіп балалар жазда мектеп автобусымен Италияның өңірлерін аралауға, тарихын оқуға барады. Қай бағдарламаны таңдайтынын оқушы өзі шешеді. Саяхатқа кететін қаражаттың жартысын ата-ана, жартысын мемлекет төлейді", - дейді ол. 


Суреттер Диана Эспозитоның жеке мұрағатынан

Италия түрлі дербес республика мен корольдіктердің бірігуінен пайда болған мемлекет. Сондықтан олардың оңтүстігі мен солтүстігінде тұратын халықтың түр-келбеті, мінезі бөлек екен. Мысалы, оңтүстіктегілер арабтарға ұқсас келеді, көздері үлкен, қасы қалың, кірпіктері ұзын, қара торы, эмоционалды болса, солтүстіктегілер көк көзді, бландиндер, сабырлы келеді. Бұл айырмашылық италиялықтардың өзінде қызығушылық тудыратын көрінеді. Сондықтан олар елінің, тұрғындардың шын мәнінде қандай екенін түсініп, зерттеу үшін басқа өңірлерге саяхаттайды.

Получить короткую ссылку

Автор :

  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікір қалдырыңыз
Читают
Обсуждают
Сегодня
Неделя
Месяц