Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
09 января 2020 14:35

"Біздегідей қалың мал төленеді" - Африкада тұратын қазақ отбасының өмірі

ПОДЕЛИТЬСЯ

© instagram.com/gaukhargb © instagram.com/gaukhargb

Гауһар мен Алмат Гана республикасының Аккра қаласында тұрып жатқан қазақ отбасы. Африкаға жарының қызметіне байланысты көшіп барған. Биыл бұл елде тұрып жатқандарына үш жыл болады. Гауһар отбасымен бұған дейін де шет елде тұрған екен. Кейіпкеріміздің айтуынша, африкалықтар мен қазақтардың ұқсастықтары да жоқ емес. Tengrinews.kz тілшісі Гауһар Гумаровамен сөйлесті.


Гауһар мен Алмат Гана республикасының Аккра қаласында тұрып жатқан қазақ отбасы. Африкаға жарының қызметіне байланысты көшіп барған. Биыл бұл елде тұрып жатқандарына үш жыл болады. Гауһар отбасымен бұған дейін де шет елде тұрған екен. Кейіпкеріміздің айтуынша, африкалықтар мен қазақтардың ұқсастықтары да жоқ емес. Tengrinews.kz тілшісі Гауһар Гумаровамен сөйлесті.

Африкаға көшерде қорқыныш болды

Гауһар мен Алмат 2012 жылы шаңырақ көтерген. Бір жылдан кейін, яғни, 2013 жылы шетелге көшіп кеткен. Бұрын мұнай саласында жұмыс істеген Гауһардың жары да осы саланың білікті маманы. Бүгінде Гауһар мансабын бала тәрбиесіне ауыстырған. 

"Ганада жұмыс істемеймін. Бұрын Қазақстан мен Дубайда мұнай саласында, қаржы бөлімінде қызмет еткенмін. Менің қазіргі жұмысым - екі баламыз: оларды мектепке апарып, алып келіп, қосымша үйірмелерге апарамын. Өзім бос уақытымда сабақ оқимын, Instagram желісіндегі жеке парақшамды жүргіземін", - дейді Гауһар. 


Гауһар Гумарова © instagram.com/gaukhargb

"Мансап жолымды тоқтатып, саяхаттау мен бала тәрбиесін таңдағаныма еш өкінбеймін. Кейде өмірімде болып жатқан тұрақсыздық ұнайды. Ол біздің өмірімізді әсерлі етіп, мүмкіндіктердің шексіз екенін көрсетеді" 

Гауһар жары Алматпен бұған дейін Дубайда тұрған. Кейіннен 2015 жылы Сингапурға көшіп келген. Жары Гауһарға Африкаға көшетіндерін бұрыннан айтып жүрген. Алғашында бұл хабарды естіген Гауһарда іштей қорқыныш та болған көрінеді. 

"Жолдасымның басты жобасы осы жақта болғасын, түбінде Сингапурдан кейін Африкаға көшетініміз белгілі болды. Бірақ, әрине менде қорқыныш болды. Себебі, екі кішкентай баламен Африкаға, жалпы шетелге көшу оңай емес. Африка дамымаған елдер қатарында болғасын, кішкене елдің, жердің  тұрмыс жағдайы нашар, қиындау. Бірақ, біздерге шетелдіктерге компания бар жағдайды жақсы деңгейде жасап отыр. 

Ганаға келіп, алғаш ұшақтан түскен кезде, маған бұл жер Қазақстандағы 1990 жылдарды еске салды. Көкейімде болған бірінші сұрақ - бұл адамдар неге жерде жатыр? Балалар неге далада қаңғырып, ақша сұрап жүр деген ойлар мазалады. Ганаға келгенде, басқаша сезімде болдым, өмірде барлығы жылтыраған алтын емесін түсіндім. Өмір қанша қатыгез болғанымен, ганалықтардың өте ашық, ақ көңіл, әрдайым көңілді жүретін халық екеніне таң қалдым", - дейді кейіпкеріміз.


Ганалықтар © instagram.com/gaukhargb

Балалардың шетелге үйренуі, жергілікті баға

Кішкентай балалармен шетелге көшіп кету оңай іс емес екені белгілі. Бірақ бүгінде екі бала тәрбиелеп отырған Гауһардың ұлы мен қызының шетелге, оның ішінде Африкаға бейімделуі аса қиын болған жоқ екен. 

"Балаларымыз халықаралық мектепке барады. Арнайы Монтессори бағдарламасы бойынша оқиды. Мектебіміз білім жағынан өте жақсы. Әр оқушыға деген қарым-қатынасы, ата-анамен байланыс жоғары деңгейде. Балаларымызбен үйде қазақша, орысша сөйлесеміз. Екеуі де ағылшын тілінде еркін сөйлейді. Балаларда ортаға бейімделу үлкендерге қарағанда жеңілдеу болады. Сондықтан ұлымыз бен қызымыз шет елге тез үйренісіп кетті", - дейді Гауһар. 


Ганадаға "Харматтан" құрғақ маусымы. © instagram.com/gaukhargb

Гауһардың айтуынша, Ганадағы бағалар Қазақстанмен салыстырғанда қымбат. Сән салондарындағы сапа болса біздің елмен салыстырғанда нашарлау екен. 

"Мұндағы бағалар Қазақстанмен салыстырғанда қай жағынан алып қарасаңыз да жалпы қымбат. Азық түлікті көбісі сырттан алып келеді. Бәлкім, содан да болар азық-түлік өнімдері қымбат. Аккрада сән салондары бар. Бірақ қызмет көрсету сапасы бойынша Қазақстан әлдеқайда алда деп ойлаймын. Шаш, бет күтімін үйде жасаймын. Шетелде жеті жыл тұрған соң бәріне үйренеді екенсің. Жалпы Қазақстандағы сапа шетелде жоқ десем болады", - дейді Гауһар. 


Жергілікті тұрғындар © instagram.com/gaukhargb

Гауһар отбасымен қанша жыл шетелде тұрғанымен қазақтың ұлттың мейрамдарын қалыс қалдырмайды екен. Әрдайым шетелдегі қазақ диаспорасымен, елшіліктермен бірігіп ұлттық мейрамдарды тойлап жүреді. 

"Жалпы шетелде тұрсақ та қазақтың ұлттық мейрамдарын тойлауға тырысамыз. Дубай мен Сингапурда тұрған кезімізде қазақ диаспарасымен, Қазақстанның елшілігімен бірлесіп жыл сайын Наурыз, Тәуелсіздік күні тағы басқа мейрамдарды атап өтеміз. Бірақ, өкінішке қарай Ганада қазақ отбасылары аз.

Тек 1-2 отбасы шамамыз келгенше, үйде балаларымызбен бірге, бауырсақ пісіріп, Қазақстаннан алып келген қазы, етпен бешбармақ жасап тойлаймыз. Өзімізбен бірге қазақтың ұлттық киімдерін, киіз үй, домбыраны үнемі алып жүреміз", - дейді ол. 

Ганадағы медицина: Ауырмауға тырысамыз

Гауһардың айтуынша, елдегі білім мен медицина саласы төмен деңгейде. Медицина қызметтері жергілікті тұрғындарға тегін болғанымен, қосымша анализ тапсыру, дәрі-дәрмектер ақылы. 

"Жалпы Ганадағы медицина нашар болғандықтан бұл жердегі ауруханалар техникамен жабдықталмаған. Дәрігерлер жетіспейді, болған күннің өзінде олардың білім деңгейі төмендеу. Өз басымыз арнайы шетелдік клиникаға барамыз. Ол жер күшті деп айта алмаймын, бірақ жаман емес. 

Ауырмауға тырысамыз. Ауырып қалған жағдайда үйде емделеміз. Мұнда денсаулық жағынан өте сақ болу керек. Себебі малерия ауруына шалдығу әбден мүмкін. Ол көбіне маса арқылы беріледі. Ал білім деңгейі орташа деп айтсам болады. Халықаралық, жергілікті және шіркеу жанындағы мектептер бар. Бағалары әртүрлі, 50 доллардан басталады. Ал біздің балалар баратын халықаралық мектептер қымбаттау", - дейді кейіпкер. 


© instagram.com/gaukhargb

Гауһар Ганадағы медицина мен білім Қазақстанға қарағанда төмен екенін атап өтті. 

"Негізі Дубай, Сингапур және Ганадан кейін Қазақстанның медицинасы жаман емес екеніне көзім жетті. Бірақ Қазақстанға да әлі жұмыс істеу керек. Еліміздегі дәрігерлердің емдеу методикасы жақсы десем болады. Себебі Дубай мен Сингапурдағы ауруханалар техникамен жақсы жабдықталғанымен, дәрігерлер күшті деп айта алмаймын. Жақсылары да бар, бірақ Қазақстанға жетпейді", - дейді Гауһар. 

Африкалықтар мен қазақтардың ұқсастығы көп

Кейіпкеріміздің айтуынша, ганалықтар мен қазақтардың біраз ұқсастығы бар. Мәселен, Африка материгіндегі тұрғындарда қазақтың "Құда түсу" рәсіміне ұқсас дәстүрі бар екен. 

"Шыны керек, екі ел арасындағы ұқсастық көп. Мәселен, қазақтар мен ганалықтардың тойы ұқсас келеді. Олар арнайы күнді белгілеп, қалыңдықтың үйіне құда түсуге келеді. Біздегідей қалың мал төленеді. Екі жақ келісіп арнайы күнді белгілейді. Той күні не тойдан бір күн бұрын қалыңдықтың жүгі және сый сияпат, біздегідей киіт әкеледі. Ол екі жаққа таратылады", - дейді Гауһар. 


Ганалықтардың үйлену тойы © instagram.com/gaukhargb

Ганалықтарда қазақтың Жұмабай, Сәрсенбайларын да кездестіруге болады. 

"Тағы бір мысал, сәби дүниеге келгенде ол аптаның қай күнінде туса, сол күнді есім етіп қояды. Біздегі Дүйсенгүл, Жексенбай, Сейсенбайлар секілді. Ганалықтар қазақтар сияқты барған жеріне кешігіп барады. Егер мерекеге кешке сағат 18:00-ге шақырса, олар асықпай 20:00-ге келеді.

Ганалықтардың ұлттық ойындарының бірі - Oware (Оуаре), біздің тоғыз құмалаққа ұқсайды. Африкалықтар қазақтар секілді үйді сатып алғаннан гөрі, өз қолымен салғанды жөн көреді. Сонымен қатар, "буркина" атты сусындары қазақтың Наурыз көжесіне ұқсайды", - дейді ганалық тұрғын. 

Ганалықтардың "буркина" атты сусындары © instagram.com/gaukhargb

Кейіпкеріміз шетелде тұруды армандайтын, алайда іштей үрей-қорқынышы бар адамдарға айтары - ешқашан еш нәрседен қорықпау керек. Гауһардың айтуынша, алғашында қиын болғанымен кейіннен бәріне үйренісіп кетесің. 

"Ол өмір болғандықтан барлығына төтеп бере білу керек. Шет ел тұрмақ өз еліңде бір ауданнан екінші ауданға көшу қиын. Тәуекелге барудан қорықпау керек. Әрдайым жаңа нәрсені, қызық дүниелерді бастан кешіре білген дұрыс. Шетелге көшу және үйренісу - ұзақ процесс. Басында қорқыныш та болады, тіп өзіңізді адасып кеткендей сезінуіңіз мүмкін. Бірақ артынан жаңа әлемге, жаңа ортаға үйренісіп кетесіз. 

Күш-қуатыңыз бен мүмкіндіктеріңізді бағалай біліңіз. Эмоцияға ерік бермеңіз. Отбасыңыздың алдындағы жауапкершілікті сезіне білген жөн. Көшіп келген елдің заңдары мен дәстүрін сыйлап, құрметтей біліңіз", - дейді Гауһар. 

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 443.77   490.7   4.81 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети