Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
14 мая 2018 08:46

Елбасына үш домбыра сыйлаған алматылық шебер: Өнер үшін тәрбие керек

ПОДЕЛИТЬСЯ

Қазақ қолөнерінің қазіргі жағдайы туралы тағы бір сөз етсек. Tengrinews.kz тілшісі ұлттық өнерімізді ұмыт қалдырмауға тырысып, осы салада еңбектеніп келе жатқан бүгінгі кейіпкеріміз музыкалық аспап шебері - Нарбек Оханов жайлы әңгімелейді.


Қазақ қолөнерінің қазіргі жағдайы туралы тағы бір сөз етсек. Tengrinews.kz тілшісі ұлттық өнерімізді ұмыт қалдырмауға тырысып, осы салада еңбектеніп келе жатқан бүгінгі кейіпкеріміз музыкалық аспап шебері - Нарбек Оханов жайлы әңгімелейді.

Нарбек Оханов Алматы маңындағы қазақ ұлттық саз аспаптарын жасау компаниясында аға шебер болып қызмет етеді. Жеткен жетістіктері де бір адамның басына жетерлік. Нарбек Оханов 1998 жылы атырауда өткен Құрманғазы Сағырбайұылының 135 жылдығына арналған "Үкілі домбыра" байқауының бас жүлдегері. 2016 жылы Алматы қаласы әкімдігі, Алматы қаласының мәдениет басқармасы Ықылас Дүкенұлы атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің ұйымдастыруымен қолөнер шеберлерінің арасындағы І республикалық "Аңыз домбыра" байқауында бірінші орынға ие болған.


Шебер Нарбек Оханов

Шебер қала шетінде орналасқан цехте қызмет етеді. Цех есігін ашқан бетте көзге жасалып бітпеген аспаптар мен кесілген ағаштың иісі аңқиды. Қоңыр үнді домбыра, қазақ ерекше қадірлейтін қобыз және өзге де 50-ден астам аспап түрі жасалатын орын халқымыздың бай қолөнер сырын сақтап тұрғандай. 

Шебер осы салада қанша жылдан бері еңбек етіп келе жатқанын әңгімеледі. 

"Әкемнің аздаған ұсталығы болды. 1982 жылы әуесқой әнші-композиторлар конкурсына қатысып, лауреат атандым. Осыдан кейін де түрлі байқауларға қатыстым. Сол кезде өз аспабымды жөндеуім керек болды. Жалпы бала кезде де қолдан келетін жерлерін жөндеп жүретінмін. Ал 1983 жылдан бері домбыра жасай бастадым. Мен жасаған үш домбыра Елбасына сыйға тартылды", - дейді шебер.

 

"Сіз енді жеке шеберханада емес, үлкен бір цехте қызмет етесіз. Соған қарағанда бүгінде аспап жасау өнерінің тасы өрге домалап жатқан сияқты?", - деген сұрағымызға ол шеберханада 50-ден аса аспап түрі жасалатынын айтып жауап берді. 

"Музейлер, музыканттар және жеке адамдар да тапсырыс береді. Осы күнге дейін музейде сақталған қырықтан аса аспапты жөндеп, қалпына келтірдік. "Мерей" атты комбинат жабылғаннан кейін алғашқы ашылған цех осы болды. 1992 жылы. Ал қазір көптеп ашылып жатыр ғой", - дейді Нарбек аға. 

Сондай-ақ, шебер қазіргі таңда жасап шығаратын туындыларына сұраныстың қандай екенін әңгімеледі.

"Тапсырыстар түсіп тұрады, сондай бір керемет дей алмаймын. Кейде шетелден де тапсырыс түсіп жтады. Аспаптан бөлек, басқа да заттар жасауын сұрайды. Төсек, сандық, ыдыс-аяқ сияқты, оны да жасап береміз. Ал аспаптардың үрмелісі де, шектісі де, соқпалысы да қолдан келеді. Мәселен былтыр өткен ЭКСПО көрмесіне 100 дауылпаз жасадық". 

"Біз көбіне тапсырыс бергеннің қалауын орындаймыз. Бірақ музейдегі көне аспаптарды көшіріп жасағанымыз да болды. Бізде зейнеткер қариялар да еңбек етеді, ол кісілердің түйгені көп қой. Жан-жақтан бәріміз білгенімізбен бөлісеміз, ал тәжірибемізде жоқ болса, әрине музейдегілердің көмегіне жүгінеміз", - дейді шебер.

Нарбек Оханұлының айтуынша, бұл өнерге көп жас келеді, алайда олардың бірен-сараны ғана қалады. 

"Келетіндер көп. Кәсіптік-техникалық колледж түлектері келеді көбіне. Бір-екі күн жүріп кететіндер бар. Аспап жасауға қызыққандары қалады. Олардың ішінен икемі барын іріктеп аламыз. Осында жұмысқа да қабылдаймыз. Алдымен 10 күндей сынап көреміз әрине. Біздің тәрбиемізден өтеді, мен мұнда аға шеберімін". 

"Жұмыс ауыр дейтіндей, ауыр емес. Сырт көзге басқаша болып көрінетін шығар, бізге бұл күнделікті тіршілік. Әрине, кешкісін шаршайсың, бірақ, ауыр көтеріп қиналғаннан емес, мұнда басыңды істету керек. Қолыңның икемі мен шеберлік қажет", - дейді Оханұлы.

"Болашағы бар деген үміттеміз. Қазақтың төл өнері. Астана қаласының шеберлер ауылында жұмыс істегенмін. Елордамыздың бас жобасы президентке таныстырлған күні менің жасаған домбырам сол кісіге сыйға тартылған еді. Жалпы президентке арнап үш домбыра жасадым. Этноауыл ашылады деп қуандық. Кейін бұл жоба іске аспады. Дегенмен мемлекет тарапынан үлкен қолдау жасалатын болар. Осы күнге жеткен өнер өле қоймас", - деп әңгімесін тәмамдады шебер.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 443.77   490.7   4.81 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети