Кеше танымал тележүргізуші Дана Нұржігіт Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты болып тағайындалған болатын. Ол қазақстандықтарға 20 жылдан аса уақыт бойы телебағдарламаларды жүргізуімен танылған. Тengrinews.kz тілшісі жаңа сенатор туралы мәліметтер жинап шықты.
Кеше танымал тележүргізуші Дана Нұржігіт Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты болып тағайындалған болатын. Ол қазақстандықтарға 20 жылдан аса уақыт бойы телебағдарламаларды жүргізуімен танылған. Тengrinews.kz тілшісі жаңа сенатор туралы мәліметтер жинап шықты.
Дана Нұржігіт 1972 жылы 22 наурызда Қызылорда облысында дүниеге келген. Бірақ құжат бойынша оның туған күні - 18 шілде.
1979 жылы Қызылорда қаласындағы №198 мектепке 1-сыныпқа қадам басып, одан әрі отбасының Есік қаласына көшіп келуіне байланысты Алматы қаласындағы Ахмет Жұбанов атындағы музыка мектебінде оқуын жалғастырады.
Дана Нұржігіт отбасындағы үш баланың тұңғышы, өзінен кейінгі сіңлісі Элиза, інісі Рүстем. Ата-анасы музыкант адамдар болған. Сондықтан олардың үш баласы да Ахмет Жұбанов атындағы музыка мектебінен білім алған.
Бірақ болашақ журналист музыкант болғысы келмеген. Ол әкесіне мұғалім, филолог не журналист болғысы келгенін айтыпты. Бұл туралы ол өз сұхбаттарында сөз етіп жүр.
Музыкант дипломын алып шыққан ол түптің түбінде журналистикаға келген. Ең алғаш тікелей эфирге 1997 жылдың 18 ақпаны күні шыққан. 17 жыл бойы "Хабар" телеарнасында қызмет еткен. Кейін Алматыдан Нұр-Сұлтанға қоныс аударуына байланысты бұл телеарнамен де қоштасқан.
"17 жыл еңбек етіп, 24 жасымда кіріп, 41 жасымда сол "Хабар" арнасының есігін жапқан 2013 жылдан бері мен далада жүрдім. Ешкімге керексіз болмадым деп айтпаймын. Өйткені мен фрилансер ретінде жұмыс істедім. Ешқандай корпорация, ешқандай арнаға тәуелді болған жоқпын", - дейді ол "Қазақ радиосына" берген сұхбатында.
Дана Нұржігіт "Хабар" телеарнасында "ХХІ ғасыр көшбасшысы" бағдарламасын жүргізуімен танылған. Ал соңғы жылдары Qazaqstаn телеарнасында Dara jol бағдарламасы мен Balapan телеарнасындағы Dara Bala бағдарламасын жүргізеді.
Қазір ол ALMA University-де бизнес-басқару мамандығында білім алып жатыр.
Тележүргізуші екі рет отау құрған. Алғашқы отбасынан Әлім есімді ұлы бар. 2017 жылы екінші рет тұрмысқа шыққан.
Су жаңа сенатор әлеуметтік желіде белсенді. Бүгінде Instagram желісіндегі парақшасына 559 мың адам жазылған. Бұл көрсеткіш бойынша ол ең көп жазылушысы бар шенеуніктер қатарында. Instagram-парақшасында Дана Нұржігіт жеке өміріндегі жаңалықтармен қатар, қоғамдағы мәселелерге қатысты ойын жазып отырады.