ОЦЕНИТЕ РАБОТУ АКИМА
13 января 2020 | 13:01

"Жұма - демалыс, жексенбі - оқу". Дубай мектебінде оқитын қазақ қызы

ПОДЕЛИТЬСЯ

Сабина Сақтағанова  © instagram.com/sabi_notes Сабина Сақтағанова © instagram.com/sabi_notes

Сабина Сақтағанова - Дубайда отбасымен тұратын қазақ қызы. 16 жастағы Сабина бүгінде Біріккен Араб Әмірліктеріндегі мектепте білім алып жатыр. Шетелге ол ата-анасының қызмет барысына байланысты көшкен. Бұған дейін Грузияда тұрып, білім алған Сабина Tengrinews.kz тілшісіне Дубай мектептерінің өзгешілігі жайлы айтып берді.


Иконка комментария блок соц сети

Сабина Сақтағанова - Дубайда отбасымен тұратын қазақ қызы. 16 жастағы Сабина бүгінде Біріккен Араб Әмірліктеріндегі мектепте білім алып жатыр. Шетелге ол ата-анасының қызмет барысына байланысты көшкен. Бұған дейін Грузияда тұрып, білім алған Сабина Tengrinews.kz тілшісіне Дубай мектептерінің өзгешілігі жайлы айтып берді.

Сабина Дубай мектебінде 10-сыныпта оқиды. Оның айтуынша, ата-анасы алғашында Грузияға көшетінін айтқан кезде 11 жасында қуанышында шек болмаған. 

"Шетелге қоныстанбай тұрып отбасым Қазақстанда да бірнеше рет өзге өңірлерге көшкен. Қазақстанда көбіне Алматы, Нұр-Сұлтан және Ақтау қалаларында тұрып, сонда білім алдым. Ал Грузияда Батуми қаласында төрт жылдай тұрдық. Оның екі жылында грузин-орыс, қалған екі жылында грузин-америкалық мектебінде оқыдым. Ал Дубайға биыл көштік, бұл жерде таза америкалық мектепте оқимын", - дейді Сабина. 

Грузияға қоныс аударған кезде Сабина тек қазақ және орыс тілдерін білген. Ал ол жердегі мектептерде грузин және неміс тілдері негізгі тіл екен. 

"Мен астанада № 17 гимназияда оқыдым. Ол жерде ағылшын және француз тілдері міндетті болды. Кейінірек  француз тілін меңгеруімді тоқтата тұруым керек болды. Себебі Грузиядағы мектептерде неміс және грузин тілдері негізгі тіл болды", - дейді кейіпкер. 


© instagram.com/sabi_notes

Отбасымен шетелдерге жиі қоныс аударатын Сабина бала кезінде өзге елге еті қалай үйреніп кеткені білінбей де кеткен. Оны уайымдауға уақыты да болмаған екен. 

"Тек бір нәрсе есімде: отбасым 11 жасымда Грузияға көшетінімізді хабарлаған кезде төбем көкке жетті. Бірақ Дубайға үйрену сәл қиындау болды. Себебі ол жерде Грузиядағыдай орыс мектебінде емес, нағыз америкалық мектепке бардым. Мұндағы мұғалімдер АҚШ және Ұлыбританиядағы әлемдік оқу орындарын бітірген білікті мамандар. Сондықтан мен оқитын мектепте жақсы баға үшін кәдімгідей күш жұмсап, тырысу керек. Мен жоғары сынып кезінде келгендіктен де мұндағы білім жүйесіне үйрену қиындау болды. Себебі мектеп бағдарламасында айтарлықтай айырмашылық бар.

Бірақ бұған қарамастан маған мектебім ұнайды. Бұл жерде әлемнің түкпір-түкпірінен келген оқушылар білім алады. Дубай экспаттар қаласы болғандықтан бұл жерде мультимәдени ортада өмір сүріп жатырмын десем болады. Шыны керек, өз Отанымды сағынамын. Алған білімімді болашақта елімнің өркендеуі үшін қолданғым келеді", - дейді Сабина. 

Сабинаның айтуынша, Қазақстан мен Дубайдағы оқу күндерінде біраз айырмашылық бар. 

"Дубайдағы бір күнім Грузия, Қазақстанмен салыстырғанда өзгеше. Ең үлкен айырмашылықтың бірі - оқу күндері. Бұл жерде оқу күні Қазақстандағыдай дүйсенбі-жұма емес, жексенбі-бейсенбі аралығы болып есептеледі. Демалыс күні бұл жер мұсылман мемлекеті болғандықтан жұмаға және сенбіге түседі.

Дубай мектептерінде сабақ 07:40-та басталады. Сондықтан сағат 06:00 шамасында тұрып, жетіге таман мектепке шығамын. Күн сайын бізде бір жарым сағаттан төрт сабақ болады. Демалыс уақыты - 30 минут, ал түскі асқа 45 минут беріледі. Сабақ сағат 15:00-де аяқталады. Үйге келген бетте үш сағаттай үй жұмыстарын орындаймын. Ал емтихан күндері үйге берілген тапсырманы одан да ұзақ отырып дайындауым мүмкін. Одан бөлек спорт пен салауатты өмір салтына көңіл бөлемін. Таңертең ерте тұратындықтан кешке сағат 22:00-де ұйықтауға тырысамын", - дейді ол. 


© instagram.com/sabi_notes

Кейіпкеріміздің сөзінше, бір қызығы - Дубай мектептерінде оқушылар кітаптың орнына компьютер алып жүреді екен. 

"Қазақстан мектептерінде соңғы уақыттары болып жатқан оқиғалардан хабарым бар. Сондықтан ондай жағдайлар болмауы үшін балалардың қауіпсіздігі бірінші орында тұрғаны дұрыс деп есептеймін. Ал менің мектебімде оқушыларға жақсы жағдай жасалған. Барлығы таза әрі ыңғайлы. Кабинеттер жақсы жабдықталған. Көбіне электрон тақталар қолданамыз. Ал кітаптың орнына компьютер алып жүреміз", - дейді Сабина. 


Сабина білім алатын Дубай мектебі

Дубай мектептерінің тағы бір ерекшелігі - мұнда әр оқушы міндетті сабақтардан бөлек электив пән таңдауға мүмкіндігі бар. Сабинаның айтуынша, мұндай әдіс оқушының болашақта мамандық таңдауына оң әсер тигізеді. 

"Оқушылар математика, ағылшын, әлем тарихы, ғылым мен дене шынықтыру секілді міндетті сабақтардан бөлек қызығушылығына қарай үш пәнді электив түрінде таңдай алады. Олардың қатарына журналистика, computer science, бизнес, психология, театр өнері жатады. Өзім болашақта журналист болғым келеді. Сондықтан видео түсіру және оны монтаждауға арналған  қосымша сабаққа барамын. Ол үшін мектепте де жақсы жағдай жасалған: микрофон, камера және арнайы жарық құралдары бар. Осындай таңдау пәндерінің арқасында оқушылар неге қызығатынын түсініп, болашақта мамандық таңдауда қателікке бой алдырмайды", - дейді кейіпкер. 


Сабина білім алатын Дубай мектебі 

Сабина мектептен тыс уақытта мен Instagram желісіндегі парақшасын және YouTube-арнасын  жүргізеді. Парақшасында көбіне шетелдегі өмірі, тілдерді меңгеру жалпы қызық тақырыптар жайлы өз ойын бөлісіп отырады. 

"Одан бөлек тіл меңгеруге көп уақыт бөлемін. Қазір неміс тілін еркін сөйлеу деңгейіне жеткізуге тырысып жатырмын. Болашақта журналистика мамандығы бойынша Нью-Йорктегі Колумбия университетіне түскім келеді. Сол үшін SAT емтиханына дайындалып жатырмын", - дейді Сабина. 


© instagram.com/sabi_notes

Кейіпкеріміз жалпы бес: қазақ, орыс, ағылшын, неміс және грузин тілдерін біледі. Алайда, оның айтуынша, тіл меңгеру үшін арнайы методика қолданбаған. 

"Бұл тілдерді мектепте меңгергендіктен тіл үйренуде айтарлықтай ерекше әдісім жоқ. Мен үшін бастысы - үнемі сөздік қорды дамытып отыру керек. Ол үшін мен қағаздардан арнайы карточка жасаймын. Яғни, бір шетіне туған тілімдегі сөзді жазсам, екінші жағына оның шет тілдегі аудармасын белгілеп қоямын. Тіл меңгерудегі негізгі тәсілім осы. Ол карточкаларды ешқашан тастамаймын. Уақыт өткен сайын көзіммен бір шолып өтіп, ұмытқан-ұмытпағанымды тексеріп отырамын.

Бірнеше тіл білетін адам әртүрлі адамдармен танысып-білісуге мүмкіндік алып, жаңа мәдениетпен танысады. Себебі адам тіл меңгерген сайын оның мүмкіндігі де шексіз деп есептеймін", - дейді Сабина. 

Читайте также
Join Telegram
Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная Иконка меню мобильная
Иконка закрытия мобильного меню

Курс валют

 497.18   525.54   4.97 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети