Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
04 сентября 2019 15:30

Қазақ құда күткенде неге өлген туыстарын еске алған?

ПОДЕЛИТЬСЯ

Дудин С.М. Қазақстан. 1899 жыл Дудин С.М. Қазақстан. 1899 жыл

Қазақ мәдениетіндегі ерекше дәстүрлердің бірі - өлтірі беру рәсімі. Құдаласу кезіндегі өлтірі рәсімі туралы этнограф Болат Бопайұлы Tengrinews.kz тілшісіне айтып берді. 


Қазақ мәдениетіндегі ерекше дәстүрлердің бірі - өлтірі беру рәсімі. Құдаласу кезіндегі өлтірі рәсімі туралы этнограф Болат Бопайұлы Tengrinews.kz тілшісіне айтып берді. 

Этнографтың айтуынша, қазақтың байырғы тарихынан бері келе жатқан құда түсу салтында көптеген кәде атқарылады. 

"Қазақтың құда түсу салтында өлтірі деген дәстүр бар. Жалпы құда түсуде көңіл құда, белқұда, бесік құда, құда түсу, егізқұда, қарсы құда, үкі тағу, қалыңмал, өлтірі жүргізу, құда тарту, құда сілкіндіру, құдағи тінту, құдағи торы, құдаша арашалау, құда арбау, неке қию, құда қайтару, отау сыбағасы, келін тілі деген сияқты құдалыққа қатысты толып жатқан салт-жоралғылар бар", - дейді Болат Бопайұлы.


Дудин С.М. Қазақстан, Семей обл. 1899 жыл

Болат Бопайұлының айтуынша, өлтірі - құдалықтың ерекше бір дәстүрі, үлкен сыбаға. Яғни қалыңдықтың үйіне күйеу жағы ең алғашқы дәстүрлі кәдесін алып келеді. 

"Құдайы мал, өлтірі береді. Осыны құдайын тартты, құдай тамақ берді деп атайды. Құда түскен кезде жігіт жақтан апарылатын бір малды өліге, бір малды тіріге арнап апарады. Қазақта "өлі разы болмай, тірі байымайды" деген сөз бар. Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз қыз болмайды. Сондықтан, әр жағдайда өлтірі жүрмей, қызды ұзатпайды", - дейді этнограф. 

Болат Бопайұлының сөзінше, өлтірі жүрмей тұрып, құдалық та бекімейді екен. Өлтірі - әруақты сыйлау, ата-бабаға құрмет ету. Олардың орнын өгейсітпей, солардың атын атап той малымен бірге барған бір малды, тіпті дәулеті жетіп жатса ірі қара малды атау.

"Өлтіріге берілген өлі малдың мүйізіне ақ байлап, ал тірі малға қызыл шүберек байлау керек. Ал жылқы берілген болса жалына қызыл шүберек тағып, тойға арнайы алып барады. Көбіне өліге арналған мал үлкендерге ұсынылады", - дейді ғалым.


Дудин С.М. Қазақстан, Семей обл., Ақкелін шатқалы. 1899 жыл

Этнограф ұзатылатын қызға ырымдап, құттықтау айтып, той малының етінен берілетінін айтты. Ғұмыры ұзақ, бақытты болсын, балалары қуанышты өмір сүрсін деген ниетпен өліге арналған малдан дәм татқызбаған. 

"Қазақ тірісін ғана емес, өлісін де құрметтеген. Тірісіне бата беріп, өлісіне дұға оқыған халық. Қыз ұзатқан кезде де осы салтты құдалық дәстүрге сіңіре отырып орындаған. Құдалық қазақтың заңы деп айтуға болады. Күні бүгінге дейін өлтірі беру дәстүрі сақталып отыр. Бұл - дәстүрдің ұмытылмағанының, көнермегенінің белгісі", - дейді ол. 

Болат Бопайұлы өлтірі беру құдалықтың алтыншы кезі, алтын тұтқасы, темір қазығы деп аталатынын айтып өтті. Сондықтан ата-бабаларын сыйлау, құрмет жасауға арналған бұл салт күні бүгінге дейін ұмыт болмай, жалғасып келе жатыр.  

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 444.22   490.7   4.76 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети