Қыз алып қашу жайлы тек постфактум естиміз. Ал енді ғана бұл қылмысқа баратын жігітті журналист болсаң да табу мүмкін емес. Алдын алудың жолын ұл балаларға беретін тәрбиеден іздеу керек. Ал біз проблемамызды құшақтап, жалғыз қаламыз. Үңіліп қарасақ, бұл проблеманың бастауы баланың о бастағы тәрбие көзінде жатыр екен. Қыз баласына, әйелге деген көзқарасы, одан қалды құндылығы дұрыс қалыптаспаған. Оған нәзік жанды - екінші сорт. Әйтпесе қызды қойдай маңыратып, көлігімен жөйткімес еді...
Қыз алып қашу жайлы тек постфактум естиміз. Ал енді ғана бұл қылмысқа баратын жігітті журналист болсаң да табу мүмкін емес. Алдын алудың жолын ұл балаларға беретін тәрбиеден іздеу керек. Ал біз проблемамызды құшақтап, жалғыз қаламыз. Үңіліп қарасақ, бұл проблеманың бастауы баланың о бастағы тәрбие көзінде жатыр екен. Қыз баласына, әйелге деген көзқарасы, одан қалды құндылығы дұрыс қалыптаспаған. Оған нәзік жанды - екінші сорт. Әйтпесе қызды қойдай маңыратып, көлігімен жөйткімес еді...
Редакцияның WhatsApp нөміріне (+7 771 507 29 89) келген хаттарды оқып түйгеніміз осы. Хаттардың кейбірінде ер мінезді, көзі ашық, көңірегі ояу оқырмандарымыз өз оқиғасын айта келе, алып қашатын жігіттен қалай қорғанғанын, көліктен үйіне жеткізген сәтте қандай әрекет жасағанын бүге-шігесіне дейін түсіндіріпті. Бұл лайфхактар оқырманға да пайдалы болар деген оймен алдарыңызға қойып отырмыз.
***
"Кішкентайдан бірге өскен, бір сыныпта оқыған, бірге көрші тұрған Әлия деген жан құрбым болды, - деп бастады әңгімесін біз нөмірін әрең тапқан Кәмшат - Соған күнде кешке жігіті қасына досын ертіп келетін, шығып бәріміз әңгіме айтып отыратынбыз. Ол жігіт момын болған, бір күні зорға дегенде көңілін білдіріп сөз салды. Мен ойым жоқ екенін айттым. Бірақ ол досына еріп келуін қоймайтын, біз барған жерлерге үнемі келетін, мен оны ойнап мазақ қылып, достары "Дастан сені алайын деп жатыр" десе, "иә, мен шығамын ғой саған тұрмысқа, қашан аласың" деп өзімше ойнап мазақ қылып жүретінмін".
"Давайте, апарып тастайық"
Ойыннан от шығатынын кім білген, бір күні сол жігіт алып қашып кеткен.
"Бір күні бір құрбымыздың Алматыдан группаласы келді, менің Шымкенттен сіңлім келді, 8 қыз болып театрға бардық, одан шығып кәуап жеуге бардық. Сол кафеде отырғанда бағанағы жан құрбымның жігітінің достары топырлап келді, Астана, Алматы ұзақ қаладағылардың барлығы келіп қыдырып жүр екен. Бірге отырып қайтатын кезде "давайте үйлеріңе апарып тастайық" деді. "Әлия, Кәмшат, сендер машинаға бірінші отырыңдар" деп отырғызып алды, қасымда менің мектеп оқитын сіңлім де бар", - деп жалғады ол әңгімесін.
Осы кезде арам пиғылды жігіт оны туысының үйіне кіріп-шығатынын айтып, ал бірде бензин құйып аламыз деген сылтаулармен қаланың басқа жағына алып кете барған.
"Танитын адамдар болған соң ешнәрседен күдіктенбедік. Бір көшеге бұрылып музыканы қатты қойып, сигнал бере бастады, онда да көшеде қыздар тұр екен десе, қарап отырмын мән бермей. Бір кезде ашық тұрған қақпаға кіріп кетті, есіктің алдында музыка, шарлар. Адамдар топырлаған, шашу шашып жатыр. Қасымдағы құрбым Әлияға "Әлия, Мараттың үйі ме? Неге айтпаған? Білесің бе?" десем, "Жоқ, досы Дастанның үйі" деді. Машинада бізбен бірге келген екі жігіт түсіп кетіп қалды, әйелдер орамал алып машинаға келе жатқанда тез қимылдап, ішінен жауып алдық, есігін барлығын құлыптап алдық", - дейді ол.
"Бұдан кейін машинада біраз сөздер айтып, "қалмаймын", "соттатамын" деп айғайлап тамағым бітіп қалды. Машинаның төбесі ашық қалған екен, бір еркек су іш деп баклажка тастайды, оны төбеге қайта лақтырып, сонымен бір кезде үйленемін деп отырған жігіттің досы келді де "жарайды, болды, апарып тастаймыз" деп келіп, рульге отырды, екінші досы келіп артына отырып көндіруге тырысты, онысынан түк шықпаған соң қайта түсіп кетіп еді, үлкен ер кісілер мені қолымнан жұлып көтеріп шығарды да үйге қарай кіргізді. Көйлегім төбеге көтеріліп кеткен, аяғыммен есіктерді тепкілеп жатырмын. Бәрібір түк шықпады", - дейді Кәмшат.
"Бәріміз осылай келгенбіз"
Оны үйдегі әйелдер шымылдықтың ішіне кіргізіп, ортаға тұрғызып қойыпты. Енді жылап отыра берген оған топырлаған әйелдер басу айтып, "бәріміз осылай келгенбіз" деп орамал салуға оқталыпты.
"Орнымнан атып тұрып орамалды лақтырып, барлығын итеріп, ұрып-тепкілеп жақындатпауға тырыстым. Аузымнан өзім таң қалдым, небір сөздер айтылып жатты, "әкем бұлай қалдырып қоймайды, бәрің ертең жауап бересіңдер" деген сияқты. Әйелдер шығып кетіп, енді жолдас жігіттері келді топырлап, бәрі көндіруге тырысты. Түк шықпаған соң мені сыртымнан құлыптап шығып кетті", - дейді ол.
Бұдан кейін қызды жігіттермен бірге алып қашқанда жанында болған құрбысы көндіруге тырысыпты. Алайда оның босап шығуына сол құрбысының көмегі тиіпті.
Босағада жатып, қарғап-сіледі
"Құрбым кірді де, "қал, сені жақсы көреді ғой" деп, ол да өз ақылын айтуға тырысты. "Қалмаймын бәрібір, өзінің өмірін де, менің өмірімді де құртады босқа, одан да мені осы жерден алып шығасың" дедім. Не керек соңында жарайды, егер шынымен қалмаймын десең деп қолымнан ертіп сол бөлмеден, үйден алып шықты. Жолда әжелер босағаға да жатты, қарғап-сілеп те жатты, бір пысық әйелдер қағазға ешкімге ешқандай арызданбаймын деп жазғызып та алды", - деп аяқтады кейіпкеріміз әңгімесін.
Ары қарай, бір сарын. Үйіне жеткен. Ертесі арасы бұлданып, арыз жазбақ болған. Әкесіне тіпті естіртпеген. Жабулы қазан күйінде қалды.
"Бастығым беделді адам"
Редакцияға хабарласқан тағы бір оқырман Шымкенттен екенін, қазір 35 жаста екенін, өзінің 12 жыл бұрын алып қашу құрбаны бола жаздағаны жайлы оқиғасын әңгімеледі.
"Оқу бітірген бір жігіт алып қашпақшы болған. Мені сыртымнан жұмыста көрген, содан бір күні алып қашты, жақсы ұйымдастырыпты, бірақ бастығым беделді адам, соны айтып едім жарты жолдан кері бұрылып қайта әкеп тастады, ойланып жатсаң хабарлас деп телефон нөмірімді қалдырдым", - деп қысқаша ғана әңгімеледі ол оқиғасын.
Табыс - 1 миллион 400 мың
Тағы бір жағдай Шымкентте болған. Бұл жолы қыздың әке-шешесі қулығын асырған.
"Екі-үш жыл бұрын көршімнің 1994 жылғы баласы, Астанаға жұмыс істеуге әлде оқуға кетіп бара жатқан қызды жолдан алып қашқан. Ол қызбен жақсы араласпаған да. Хабаршылармен анасы, ағалары келіп, сотқа береміз деп, бір сағаттың ішінде 1 миллион тауып бересіңдер деп талап қойған. Үйінің жалғыз баласы еді. Жігіттің әке-шешесі бәлесінен аулақ деді ме, қарыз алып, жан-жақтан жинап берді. Миллионды қосып, қалың малға апарған 400 мыңды және қызын алып кетіп қалған. Жігіт көп ұзамай басқа қызға үйленді. Қазір балалары бар", - деп жазады оқырман өз хатында.