Бүгін 7 арнадағы "Өз ойым" бағдарламасында "Ене мен келін неге керіседі?" тақырыбы талқыланды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бүгін 7 арнадағы "Өз ойым" бағдарламасында "Ене мен келін неге керіседі?" тақырыбы талқыланды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Шекер Тергембаева Шығыс Қазақстан облысының тумасы, Жаркенттен келін түсірген. Ол өз келінінің жақсы қасиеттерін айтты. Алайда "келін қызыңдай болмайды" дейді. Жалғыз баласы бола тұра келінмен бірге тұруға қарсы.
"Келін деген келген адам, қызыңдай болып кетуі мүмкін емес. Солай. Кейін бәлкім қызым болып сіңіп кетер, бірақ келін түсіргеніме төрт-ақ жыл болды. Ақылы бар болса сіңіп кетеді. Ол қазір мені көріп отырған болса да, ренжімейді. Өзі де біледі. Үйде генералмын. Біздің де отбасында ыдыс-аяқ сылдырылған сәттер болды. Өмір дегенді өзен деп алар болсақ, ене деген ескек болуы керек. Баланың бақыты үшін, отбасының бұзылмауы үшін ескекті дұрыс ұстаған жөн деп ойлаймын. Мен бірақ бөлмеймін. Келінім Жетісайдың қызы. Жетісайдың қыздары жаман деп айта алмаймын, жақсы. Әлі күнге дейін сәлем салады, кісі сыйлайды", - дейді Шекер Тергембаева.
Сондай-ақ бағдарламаға келген үш баланың анасы Наргиз Мəлікова отбасын құра сала бөлек шыққандарын жеткізді. Ол келін мен ене арасында ара-қашықтық болуы керектігін айтады. Отбасының ішкі мәселесіне ешкімнің араласуға құқығы жоқ, енеге де қарсы.
"Жолдасым әскери адам болғандықтан, үйленген соң бірден кеттік. Үлкен әжеміз қайтыс болған уақытта мен ауылда қырқына дейін енемнің жанында болдым. Енеме көмектестім. Үйдегі тәрбиеге сай, мен еш уақытта жолдасымның анасын бөліп-жарғаным жоқ. Бұл менің ұстанымым. Бірақ ерлі-зайыпты арасында қандай жағдай болса да, енесі араласпағаны дұрыс деп есептеймін, себебі екі жастың арасында болған ұрыс-керістің мән-жайын білмеген ене түсінбестік салдарынан жағдайды ушықтырып жіберуі мүмкін", - дейді Наргиз Мəлікова.
Данияр болса, анасы мен әкесінің өмірін мысалға ала отырып, қыз бала ененің сөзін бұлжытпай орындауы керектігін, отбасында қандай қызметтерді атқару керектігін тізіп берді.
"Көпке топырақ шашпаймын. Әулетте ең үлкені менің әкем. Өзімнің анамды мысалға алатын болсам - біздің үйге түскен үш келін де анамды жақсы көреді, қатты құрметтейді. Неге десеңіз менің ата-анам көршілер мен таныстардың барлығына үлгі. Олар еш уақытта менің көзімше ұрысқан емес. Әлі күнге дейін бір-біріне сыпайы сөйлеп, "жаным", "күнім" деп еркелетіп жатады. Анам сәл ренжитін болса, әкем жұбатудың жолын біледі. Көптеген қыз маған Instagram желісіндегі парақшада "анамның мықтылығы жайлы" жазып жатады", - дейді Данияр Әлкей.
81 жастағы кейуана Күлпан Қапи қазақы киім киген бірнеше келіні, ұлы және немерелерімен келіп, келіннің қандай болуы керектігін айтты. Ол бала тәрбиесі, ене мен келін арасындағы қарым-қатынас жайлы көпшілікке үлгі боларлықтай ой қалдырды.
"Қолымда бір келін бар, тағы бес келінімді бөлек шығарғанмын. Барлық келінді өз колымнан өткіздім, барлығы да үлкен үйде тұрды. Келіндерімді мақтағаным емес, бірақ ешқайсы алдымнан көлденең өтіп көрген емес. Мен оларға еш уақытта "сен бүйтесің, сен сөйтесің" деп қорқытқан емеспін. Босағадан аттағаннан бастап, иіліп сәлемін беріп, келген қонақты төрге шығарып отырады. Кез келген келінім ол да біреудің әлпештеген баласы. Ешкім жаман аттыға қыймайды. Ене деген сол жас келінді өзіне тартып, жанына тартып алуы керек. Тәрбиелеу керек!", - деді Күлпан әже.
Айта кетейік, "Өз ойым" бағдарламасы 2019 жылы 21 қаңтардан жаңа санын бастады. Бағдарламаның ең басты жаңалығы ток-шоу дүйсенбі-бейсенбі аралығында көрсетілетін болды.