Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
02 сентября 2021 13:58

"Қол алысып амандаспаған" - этнограф қазақтың амандық сұрау дәстүрі туралы айтып берді

Камила Долаева Корреспондент

ПОДЕЛИТЬСЯ

Қазақстан, Қарағанды обл., Қарқаралы ауданы (Қалытай Куржунов ауылы). 1929 жыл Қазақстан, Қарағанды обл., Қарқаралы ауданы (Қалытай Куржунов ауылы). 1929 жыл

Ақ сақалды ата мен ақ жаулықты ананың, жасы үлкеннің алдынан кесіп өтпейтін қазақ халқы сәлемдесуге аса мән берген. Амандасу, хал сұрау әдептіліктің, ізгі ниеттің белгісі саналады. Содан болар, "Сәлем - сөздің атасы" дейміз. Дегенмен, тарих ғылымдарының кандидаты, этнограф Бабақұмар Хинаяттың айтуынша, қазір сәлемдесудің де, сөздің де, сәлем айтудың да қадірі кеткен. Tengrinews.kz тілшісі маманнан бұрын қазақтар қалай амандасқанын сұрады. 


Ақ сақалды ата мен ақ жаулықты ананың, жасы үлкеннің алдынан кесіп өтпейтін қазақ халқы сәлемдесуге аса мән берген. Амандасу, хал сұрау әдептіліктің, ізгі ниеттің белгісі саналады. Содан болар, "Сәлем - сөздің атасы" дейміз. Дегенмен, тарих ғылымдарының кандидаты, этнограф Бабақұмар Хинаяттың айтуынша, қазір сәлемдесудің де, сөздің де, сәлем айтудың да қадірі кеткен. Tengrinews.kz тілшісі маманнан бұрын қазақтар қалай амандасқанын сұрады. 

Сәлемдесу - коммуникативтік мәдениеттегі ең үлкен басты критерий. Моральдық этикалық норма, қалыптасқан үрдіс, дейді Бабақұмар Хинаят. 

"Төл амандасуымызға келсек, мұнда дау көп. Қазіргі этнографтардың, әсіресе марқұм фольклорист Ақселеу Сейдімбектің айтуынша, қазақтың ең көне амандасуы - кішілер үлкендерге "Армысыз?", үлкендер кішіге "Ар ма?", "арлы бол" дейді.  

"Сәлем" сөзі мұсылмандықпен бірге келді. Кейінгі дүниежүзілік коммунистік система күйрегеннен кейін, жаңа жүйеге көшкенде, глобализация дәуірінде Исламның күшеюіне байланысты "Ассалаумағалейкүм" кең тарап жатыр. Тіпті әйелдер де солай амандаса бастаған. Алайда, бұрын қазақта әйелдер олай айтпаған.

Жасы үлкенге амандасқанда "ассалаумағалейкум, армысыз, сілеметсіз бе, амансыз ба, күйлі-қуаттысыз ба?" деу арқылы өзінің амандық-саулық ілтипатын білдіреді. Бұл - этика. Оған ниеттес, тілеулес екенін көрсетеді", - дейді этнограф. 

"Қол алысып амандасу болмаған"

Қазақта еркек адамның қолын қысып амандасу да жоқ болған екен. Амандасудың да өзінің этикет нормалары бар. Бабақұмар Хинаяттың айтуынша, үлкен адам қолын беріп, ишара танытпаса, жас адам барып оның қолын алмайды. Қолын ұстау деген таза коммунистер мен большевиктерден жұққан қатер, дейді маман.

"Алғаш Алматыға келгенде таңғалғанмын. Тебітіп келе жатқанда сүзетін бұқа құсап жас балалар, студенттер жүгіріп келіп қолыңды алады. Таңғаласың. Шетелде ұстаз бен шәкірт қол алыспайды немесе бір асханада тамақ ішпейді. Неге? Бұл қалыптасқан этикет нормасы, қалыптасқан үрдіс. Әр халықтың әртүрлі санаты. Бірі шәкірт, бірі ұстаз. Өте жақын адам болмаса, біреудің қолын ұстауға болмайды", - дейді ол. 

Ал ілтипат танытқың келсе, қолыңды қусырып, оң қолыңды жүрекке қойып, сәл ишара білдіру керек. Этнографтың сөзінше, қазіргі пандемия байырғы амандасу этикет нормаларын қалпына келтіріп жатыр.

"Адамның қолын алғанда оның бұған дейін не ұстағанын білмейсің, қаншама вирус, тері ауруы бар шығар. Энергиясы, аурасы қандай екенін білмейсің. Бұл өте үлкен қасиетсіз нәрсе, құл-құтанға тән нәрсе. Сондықтан осыдан өте сақ болуымыз керек. Қазір әлемде тараған эпидемия осыны реттеп жатыр. Байырғы амандасу этикет нормаларын қалпына келтіріп жатыр деп айтуға болады", - деді Бабақұмар Хинаят. 

Қазақстан, Павлодар обл. (Семей обл., Павлодар уезі), ХХ ғасырдың бірінші жартысы

Қазақ қандай жағдайда қол алысып, төс қағыстырады?  

Көп уақыт көріспеген, ұшырасып-қауышқан адамдар, үлкен мейрамдарда, айталық наурызда, айдан аман жылдан есен шықтық деп бір-бірімен құшақтасып, төс соғыстырып амандасады. 

"Әйтпесе күнде көрген адаммен қол алысып, шекесін тигізіп, төсін соғыстыру деген бізге жат. Ол мәдениетсіздіктің белгісі. Көрмеген, қауышпаған адамдар ғана жамырап бір-бірімен құшақтасып, қауышып амандасады. Бұл жердегі үлкен мәселе "Ассалаумагалейкум - Уа алейкум ас-салямда" емес. Оның этикеттік нормаларында жатыр. Сондықтан осыған мән беру керек", - дейді этнограф. 

Қазақтар. Өзбекстан, Навои облысы, Тамды ауданы, Тамдыбұлақ кенті (Қарақалпақ АССР). 1929 жыл

Маман адам ишара танытып қолын ұсынатындай жағдай болса, қолын алуға болатынын айтты. Көп уақыт көріспеген адам құшағын ашып жатса, қолын қусырып, төс түйістіріп, сағынғанын, құрметін, ілтипатын, сыйластығын білдіруге болады екен. Әйелдер де көп уақыт көріспегенде қол алысып, қолдарын уқалап, құшақтасады. Алыс сапарға кетіп бара жатқан адамдарды да дәл солай шығарып салады.

"Сонымен қатар, қоштасқанда адам ұзақ сапарға кетіп бара жатса, біраз уақыт көріспейтін болсаңыздар құшақтасуға болады. Әйтпесе күнде көрісетін адаммен олай істеуге себеп жоқ. Себебі адами ізгілікке ешқандай саймайтын, тұрпайы көрініс", - деді Бабақұмар Хинаят. 

 Үлкен кісілермен қалай амандасады?

Этнографтың сөзінше, үлкендерге "Күйлі, қуаттысыз ба?" дейді. Бұл күш-қуатыңыз қалай дегені. Оған арабша "Шүкір", "Шүкір Аллаға" деп жауап береді. Халқымыз өте шүкіршіл, дейді Бабақұмар Хинаят. 

"Үлкен ақсақалдарға жастар бірінші сәлем береді. Қазір байқасаңыз, "Ассалаумағалейкүм" деп бірінші айтпайды. Жастар ишара тартады. Үлкен кісі "Амансың" деп айтуы мүмкін. Оған қарамастан екінші, үшіншісіне де "Ассалаумағалейкүм" деу керек. Сізге Алланың нұры жаусын. Оған тиісінше "Әлейкім салам" деп жауап береді. Немесе Мұхтар Мағауин ағамызша "Әлексалам". Ол кісіден біреулер "Неге қысқаша амандасасыз?" дегенде, ол "Амандасатын адам көп қой, қалай созып тұрамын?" дейді екен. Мұнда екіншіден тілдің үнемдеу заңдылығы да бар", - деп түсіндірді ол. 

Қазақ сұлтандары орыс шенеуніктерінің өкілдерімен. Санкт-Петербург, XIX ғасырдың екінші жартысы. Б. Л. Модзалевский жинағынан

Шаңыраққа сәлем беру

Қазақ адамға ғана емес, шаңыраққа да сәлем береді. Сырттан кіріп келген адам бір дегенде Ассалаумағалейкүм деп шаңыраққа сәлем береді. 

"Үйде жөн білмейтін әйел отырса керек, ақсақал сырттан кіріп келіп, шаңыраққа сәлем берсе, келін "Алейкім салам" деп ұятқа қалған екен. Әр рудың, әулеттің, атаның қара шаңырағы болады, сол үйге келіп, біздің атамыздың атасы шыққан үй деп шаңыраққа сәлем беріп тұрады. Себебі әулеттің құты шаңырақта, екінші босағада болады дейді. Адам босаға аттайды, босағада дүниеге келеді, босағада о дүниеге аттанады", - дейді этнограф.

Бабақұмар Хинаят сөзінше, жаңа үйге көшкенде жасайтын қоныстойды қазақ "босаға майлау" дейді. Үйдің құт-берекесі асып, несібесі тасысын, келген ырыс еселене берсін деген ниетпен есіктің жақтауына, босағасына май жағады.

Де-Лазари Константин Николаевич. Сәукеле мен үйлену костюмі киген қазақ қызы. Жетісу ерні. (Жетісу обл., Лепсі уезі). 1898 жыл

Қоштасарда сәлемді дұрыс айтып жүрміз бе?

Қоштасарда біреуге сәлем айтқанда, "үш қайтара сәлем де" дейді. Этнографтың айтуынша, қазір "сәлем айт" деген жеңіл сөзге айналып кеткен.

"Олай айтпайды. Қазақ бәленбайға менің атымнан "үш қайтара сәлем айт" дейді", - дейді тарихшы.

Сәлемдесу ақын-жазушыларымыздың өлеңдерінде, эпистолярлық мұраларында көп кездеседі. Мысалы ұлы Абай Құнанбаевтың Күйісбайға өлеңі: 

Дұғай сәлем жазамын Күйісбайға,
Бермек болған айғырдың көзі қайда?
Көзді көрсең бересің, тайсаң танып,
Алдамшы атанғанның несі пайда?

Круковский М. А. Дәстүрлі киімде базарда отырған тұрмыстағы әйелдер. Қазақстан. 1914 жыл

Іскерлік қарым-қатынастағы амандасу

Маманның сөзінше, бұл жағдайда қазақ аманнан кейін іс-кәсібіне қатысты сауал қойған немесе тілекке көшкен.  

"Армысыздар, сәлеметсіздер дейді. Кейін малдың жайын сұрайды. "Жайлауларыңыз жайлы ма?", "Жайлы қыстап жатырсыздар ма?", "Мал-жан аман ба?", "Мал-жаныңыз аман ба?", "Ауыл-аймақ аман ба?" дейді. 

Қазақстан, Қарағанды обл., Қарқаралы ауданы (Қалытай Куржунов ауылы). 1929 жыл

Ал кәсіпте қой қырқып жатқандардың үстіне келсе "Қырқар көбейсін", шөп шауып жатқанда "Шабар көбейсін", киіз басып жатса "Басар көбейсін" дейді. Жарысқа ат қосып жатса, "Ат бәйгелі болсын", келін түсірсе, "Келін берекелі болсын", "Қуаныш ұзағынан болсын" дейді. 

Сурет: Лидия Полторацкая (1870 жылдар)

Қайырым үстіне келсе, "Алды иманды, арты қайырлы болсын", үлкен адамдарға "Алды пейіш, арты кеніш" болсын дейді. Жаңа ғана жерленген адамға "Иманы жолдас болсын, топырағы торқа (Жібек, мата. - ескерту.) болсын" дейді. 

Православтарда "Жатқан жері жарық, жайлы болсын дейді. Ол бізге де енген. Бірақ жатқан жері жарық бола ма, жайлы бола ма, өлген адамға бәрібір ғой?! Оны ұмыту керек. Ол жерде тәні ғана. Сондықтан "Жаны жәннатта болсын" деп айтады", - дейді этнограф. 

Ұлттық келбетімізді қалай қалпына келтіреміз? 

Бабақұмар Хинаят амандасуға келгенде лексикамызда азайып, аса қолданылмай кеткен сөздерді қайта жаңғырту керегін айтты. Сонда, оның сөзінше, біздің ұлттық келбетіміз қайта жаңғырады. Пассив лексикаға айналған сөздерге "бармысыз, армысыз, арлы бол, бар бол, нар бол" дегендерді жатқызуға болады.  

Сурет: Лидия Полторацкая (Сұлтан отбасы)

Кейін этикет нормаларын түзеу керек, дейді этнограф. Әліппе білімнің анасы болса, сәлем - сөздің атасы.

"Мұнда мәселе "ассалауда" емес, кім адаммен коммуникациялық қатынас мәдениетінде өзін қалай алып жүреді, қандай норманы ұстанады, ілтипат, ізгілікте. Жапондар, корейлердің деңгейіне жетуіміз керек. Әйтпесе қазір сәлемдесудің де, сөздің де, сәлем айтудың да қадірін қашырып біттік. Бұл ешқандай мәдени, ұлттық жаңғыруға жатпайтын дүниелер. Бұл заңды да талап епейді, сондықтан қарым-қатынас мәдениетінімізді, коммуникативік мәдениетті, өзімізді алып жүруді, ілтипатымызды жақсы арнаға салсақ деймін. Осыны ұстансақ өзіміздің ұлттық қалпымызға, бет-бейнемізге оралар ма едік?" - деп түйіндеді ол.

Суреттер: Tengrinews.kz мұрағатынан

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 448.81   483   4.85 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети