Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
27 декабря 2021 11:06

"Мазақ". Сәлем салған күйеу баланың видеосы этнографтардың шамына тиді

Камила Долаева Корреспондент

ПОДЕЛИТЬСЯ

Желіде тараған видео

Әлеуметтік желіде күйеу бала қайын жұртына сәлем беріп жатқаны түсірілген видео тарады. Кадрлардан ер адам сонау алыстан босағаға дейін өзін қолтықтап ұстаған "жеңгелерімен" бірге екі қадам сайын иіліп келе жатқанын көруге болады. Желі қолданушылары мұндай дәстүр қайдан шыққанын түсінбей аң-таң. Кейбіреуі керісінше ашуын білдіріп жатыр. Tengrinews.kz тілшісі этнограф Болат Бопайұлы мен Досымбек Қатранұлынан "Қазақта мұндай салт бар ма?" деп сұрады. 


Әлеуметтік желіде күйеу бала қайын жұртына сәлем беріп жатқаны түсірілген видео тарады. Кадрлардан ер адам сонау алыстан босағаға дейін өзін қолтықтап ұстаған "жеңгелерімен" бірге екі қадам сайын иіліп келе жатқанын көруге болады. Желі қолданушылары мұндай дәстүр қайдан шыққанын түсінбей аң-таң. Кейбіреуі керісінше ашуын білдіріп жатыр. Tengrinews.kz тілшісі этнограф Болат Бопайұлы мен Досымбек Қатранұлынан "Қазақта мұндай салт бар ма?" деп сұрады. 

Болат Бопайұлы қазақта атамзаманнан бері қарай жалғасып келе жатқан жақсы салттардың бірі және бірегейі - жаңа түскен келіннің бетін ашу дәстүрі екенін айтты. Келіннің бетін ашқанда ол қайын жұртындағы үлкендерге оң тізесін иіп сілем салу дәстүрі бар.

"Ал күйеу бала тізе бүгіп, басын иіп, бүгежектеп сәлем беру дәстүрі болған емес. Айдаладан, анадайдан қос жеңгесі екі қолтығынан алып белуардан бүктеле иіліп күйеудің сәлем салуы тіптен қазақ дәстүрінде де, салтында да, ырымында да, ғұрпында да, жол-жоралғысында да болған емес. Болмайды да", - дейді этнограф.

Күйеу әдетте қайын жұртына келгенде әдеп сақтап, мәдениетті түрде қалыпты басын иіп, төсін басып, не құшақтасып аман-сәлем жасайды. Болат Бопайұлы мұның жарасымды дәстүр екенін айтып отыр. Алайда келін салатын сәлемді күйеу жігіттің салған видеосын көріп, жұртқа қайран қалып отырғанын жасырмады. 

"Ер адамның тоңқалаң қағып, белден иіліп, басы жерге жеткенше сәлем салуын қазақ жаман ырымға, ерсі қылыққа жориды. Ел қорғайтын ердің басы мен тізесі иілмеуі керек. Рухты болып, денесін тік ұстап, ел алдында айбынды көрінуі тиіс. "Бүкірейген жігітті тікірейген қатын жеңеді" деген тәмсіл содан қалған", - дейді маман.

Этнограф Досымбек Қатранұлы да ер адамның сәлем салғанын естіген емеспін дейді. 

"Күйеу бала қайын жұртына қалыңдығын алуға келгенде шымылдық ішіне отыратыны бұрыннан бар салт. Ал мына тәрізді дарақылық, даурығушылықты естіген емеспін, информанттарым да айтқан емес.

Бұл әлгі орыстанған қазақтардың қойдың үйітіліп жуылып барып асылған басындағы тісті алуымен ұқсас болып тұр. "На меня зубы имеешь что-ли" дегеннен жұққан мінез екені белгілі. Сонда ішек, қарын-қажақ, өкпе-бауырды сүйсініп жейміз (қуырдағы да), олар әрі таза да, соның бәрін қорытқан тіс арам болғаны ма?! Әдеттің таралуы оңай ғой", - дейді этнограф.

Досымбек Қатранұлы ер адамның ілтипат білдіріп, басын изеуі бір басқа екенін де қосты. 

"Ер адам сәлем салмайды. Тізе бүгіп, үйленуге ұсыныс жасау да еуропадан келген дерт. Туған күн тойлау сияқты. Ілтипат көрсету бір басқа, бірақ ер адам еркек деген атын сақтауы тиіс. Қазақ салтында ер адам сәлем салмайды. Не жапон емес, не Еуропа емес, екіортадан шыққан бір нәрсе", - дейді тарихшы.

Болат Бопайұлы салтты, дәстүрді бұзбауымыз керегін баса айтты. 

"Дәстүрді қорлау - өз ұлтына құрметпен қарамау деген сөз. Ұлт дәстүрін әркім өз білгенімен жасай бермейді. Ол ғасырлар сүзгісінен өтіп, уақыт сынынан сараланып, халық талқысынан сыналып, ұзақ уақтта барып қалыптасады. Әр дәстүрдің тәрбиелік мәні, ырымдық жолы болады.

Бағы заманда дәстүрді бұзғандарға дүре соғып, малдан айып қойып, қатал сынға алатын болған. Қазіргі біздің діл деп жүрген ұғымымыз осы дәстүр тәрбиесі, ұлттық код деп жүргеніміз де осы ұлт дәстүрі. Оны кім көрінген мазаққа айналдырып келсе-келмес ойдан жасауына жол жоқ", - дейді ол.

Болат Бопайұлы дәстүрге жасалған шабыуылды - ұлтқа, ұлт рухына жасалған шабуылға теңеді.

"Бұл өз қолын - өзі кескенмен бірдей құбылыс. Ащы айтпай тәтті жоқ. Бал тамған тілден у да тамады. Балдай дәстүріміздің бағасын кетірмейік, ағайын", - деп үндеу жасады этнограф.

Алайда тарихи деректерде үш ересек әйелге қарама-қарсы тұрған екі ер адамның біреуі әйелдерге иіліп тұрғаны түсірілген сурет бар.

Қазақ мифологиясын зерттеуші, жазушы Зира Наурызбаеваның айтуынша, сурет "Түркістан альбомының" этнографиялық бөліміне кіреді. Бұл - үйлену тойының көрінісі. Альбом 1860 жылдары ресейлік Түркістанының бірінші генерал-губернаторының бұйрығымен жасалған.

Зира Наурызбаева бұл қазір ұмыт қалған ежелгі әдет-ғұрып екенін айтып отыр. Бұл туралы ол әлі жарық көрмеген "Женские архетипы в казахской мифологии" кітабында жазған екен. 

"Ыбырай Алтынсариннің 1868 жылғы "Орынбор ведомствосындағы қырғыздардың үйленуі мен құдаласу кезіндегі әдет-ғұрыптар очеркі" атты еңбегінде қазақтардың үйлену тойынан қызықты мәліметтер келтірілген. Бұл ретте автор мұның осы уақытта, XIX ғасырдың ортасында жойылып бара жатқан рәсімдер екенін айтады", - дейді ол. 

Күйеу жігіт қалыңдыққа ұрын барғанда жігіт өзінің бетін қалыңдықтың туыстарынан жасыруы керек, ал кездейсоқ көріп қалса, қашып кетеді екен. Сол үшін де басына суреттегідей малақай киген, себебі ол жегіттің келбетін жартылай жауып тұрады. 

"Күйеу жігіт қалыңдыққа барғанда мүмкіндігінше бай киініп, жақсы атқа мінуге міндетті", - дейді жазушы.

Зира Наурызбаева Facebook-те ұрын бару кезінде тағзым жасалатынын жазды.

"Күйеу жігітті қарсы алуға екі шақырымдай жерге шатыр тігіледі, онда жақын маңдағы ауылдардан шақырылған әйелдер алдын ала жиналады. Әйелдер шатырдан шыққанда, сол уақытта келген күйеу жігіт пен оның нөкерлері жақындап барып, күйеу жігіт қолын төмен түсіріп, тағзым етеді, бұл тәжім деп аталады. Содан кейін қалыңдықтың ең жақын туысы оны қолынан ұстап, шатырға апарады...

Киіз үйде күйеу жігіт қалыңдығының әр туысына тағзым етеді. Іштегі әр адам одам тағзым талап ете алады, жігіт рұқсат берілмейінше отырмайды. Ал тағзым жасаудан бас тартса, кім де болсын күйеу жігіттің бетінен шапалақпен ұрып немесе итеріп жіберуіне рұқсат етілген. Ал бұған көнбесе қайын атасы жігітті қуып жібере алады. Бұл дәстүр Мұхтар Әуезовтің "Абай жолы" эпопеясында да сипатталған", - дейді ол.

Қазақ мифологиясын зерттеуші "Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі" энциклопедиялық сөздігінде де күйеу көру дәстүрі жазылғанын айтты.

"Жігіт қалыңдықтың аулына күйеу бала ретінде келгенде, оны көру үшін қыздың сіңлілері мен жеңгелері тәттілерін көтеріп шығады, ал ол соларға үш рет қолы аяғына тигенше тағзым етеді. Беташарға ұқсас дәстүр", - дейді Зира Наурзбаева. 

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 446.44   490.7   4.77 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети