1. Главная
  2. Узнай
  3. Жизнь
  4. Фрагменты

Мұғалімді "апай" не "ағай" деп атаған дұрыс па? Тіл маманы мен мұғалімнің пікірі24 декабря 2019, 17:06

Соңғы кездері педагог мәртебесі жиі талқыланып жүр. Жақында Facebook әлеуметтік желісінде ұстаздарды "апай" не "ағай" деп атауды алып тастап, шектеу қоюға ұсыныс жасалды. Оның орнына желі қолданушылары педагогтарды "мырза", "ханым" деп атау керек деген ой тастаған. Tengrinews.kz тілшісі осы мәселе бойынша ұстаздардың пікірін білді. 

Facebook желісіндегі жазба авторының айтуынша, педагогтарды "мырза", "ханым" деп айтатын болсақ, олар сәйкесінше өзінің мәртебесін сезінеді екен. 

"Мырза", "ханым" деп айтқаннан мәртебе көтерілмейді

Филология ғылымдарының кандидаты, ассоциациялық профессор Ақмаржан Ақыжанованың айтуынша, ұстазға "мырза" не "ханым" деп айту қисынға келмейді.

"Апай", "ағай" деген сөздер қазақшаға жақын. Бірақ мұғалімге "мырза", "ханым" деп айту келіспейді. Одан педагогтың мәртебесі көтерілмейді. Мысалы маған студенттерім "Ақмаржан ханым" деп жүрсе ұнамайды. Ал Ақмаржан Тасыбекқызы деп айтса әрине ресми түрде болады. Енді қазақ тіпті көшеде жүрген адамға "бауырым" деп айтады ғой. Оның несі әбес екен?", - дейді Ақмаржан Тасыбекқызы. 

Педагогтың сөзінше, қазақ ертеде де мұғалімге "апай", "ағай" деп айтып келген. 

"Ертеректе "апай", "ағай" дегеннен ол ұстаздардың статусы төмендеп қалған жоқ қой. Мұғалімдердің мәртебесін төмендетіп отырған ата-аналар мен органдардың өзі. "Апай", "ағай" дегеннен педагогтың статусы төмендеп, ал аты-жөнін атап, "ханым", "мырза" дегеннен мәртебесі өсіп кетпейді", - Ақмаржан Тасыбекқызы. 

"Ұстазды тегімен атаған дұрыс"
 

ҚР білім беру ісінің үздігі, "Құрмет" орденінің иегері, ұстаз Сафура Темурбаеваның пікірінше, ұстазды аты-жөнімен атаған дұрыс. 

"Ұстазға құрмет әрқашан ерекше болуы тиіс деп есептеймін. Жалпы өзім ұстаздар отбасынан шыққан соң шығар, ұстаздарға әр уақытта ерекше көңіл бөліп, көзі тірісінде құрметтеуге тырысамын. Өмір жолымда да сондай ұстаздар кездескеніне қатты қуанамын. Бізде де "Сафура апай" деп айтып жататын кездер болады. Десе де, шәкірттерімнің Сафура Сәлімбайқызы деп айтатын кездері де болады.

Бірақ ұстазды тегімен атаған дұрыс шығар деп есептеймін. Егер сыныпқа жаңадан келген оқушы болса не ұстаздың есімін еске түсіре алмай қалған жағдайлар болса "ұстазым" деп айтқан ғанибет болар еді. Сафура ханым не Бақытжан мырза деп атаса да болатын шығар. Бірақ өзім құптайтыным - ұстазды атымен және тегімен атаған дұрыс", - дейді Сафура Сәлімбайқызы. 

"Мырза", "ханым" деп айтқан сауатсыздық деп есептеймін"

Ал білім саласында жүргеніне 20 жылдай уақыт болған ұстаз Хасен Масғұтұлы да "ханым", "мырза" деп айтқанды қолдамайтынын жеткізді. Бірақ ол мұғалімдерді әкесінің атымен айтқанға қарсы емес екен. 

"Енді "ханым", "мырза" деп айтқанға келіспеймін. Аты-жөнімен айтқан дұрысырақ. Өйткені бұрындары да қазақтар, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Абай болсын, ұлылардың барлығы ең алдымен медреседен сауат ашты ғой. Бізде тәжірибесі аз жас қыздарды да, үлкен депутатты да "ханым" дейді. Не бір "шық бермес шығайбайларды" да "мырза" дейді. Оның қандай мырзалығы бар? "Мырза" деген сөз тек атымтай жомарттарға берілетін атау. Мырза, ханым деп айтқан сауатсыздық деп есептеймін", - дейді Хасен Масғұтұлы. 

Ұстаздың айтуынша, ханым, мырза сөздерін қолданудағы қазақтың өзінің таным-түйсігі бар.

"Үлкенді-кішілі мұғалімдердің барлығын солай атай берсе не болады сонда? Ол сөздің қадір-қасиеті кетпей ме? Жалпы мұғалімнің аты-жөнін атап айтқан дұрыс деп есептеймін. Сол дұрыс сияқты. Бірақ біз халықтың алдында пікір айтатын адам емеспіз. Бұл тек өз ойым. Тегімен айтқан дұрыс шығар. Отыз адам отыз түрлі пікір айтады. Біз түркі халқымыз. Мысалы, түріктерде әкесі мен өзін айтады. Бір жағы тегімен айту түркі салтына да, қазақ салтына да келіп тұр", - дейді Хасен Масғұтұлы.